Тұрсынхан Әбдірахманова, ақын (1921-2004 ж.ж.)


Тұрсынхан Әбдірахманова, ақын (1921-2004 ж.ж.)

 

Тұрсынхан Әбдірахманова 1921 жылы 5 қарашада бұрынғы Семей облысының Жарма ауданына қарасты Бөке деген рудникте туған. Әке шешесі ерте өліп, өз ағасының қолында тәрбиеленіп оқыған.

Т.Әбдірахманованың еңбек жолы 1941 жылдан басталады. Ұлы Отан соғысы жылдарында мұғалім, мектеп директоры, Абай, Аякөз аудандық комсомол комитеттерінде бірінші хатшы, Шар аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болған.

1947-1949 жылдары Алматы жоғарғы партия мектебінде нұсқаушы болған.

1950-1954 жылдары «Қазақстан әйелдері» журналының бөлім меңгерушісі қызметін атқарған.

1954-1959 жылдары КАЗГУ де, 1959-1963 жылдары аспирантурада оқыған.

Бұдан кейін 1966 жылға дейін Қазақ ССР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетте аға редактор, Қазақ ССР ғылым академиясында 1967-1969 ғылыми хатшы болып істеген. 1969 жылдан 1986 жылға дейін Қазақ ССР ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды.

1964 жылы «Ілияс Жансүгіровтың лирикасы» деген тақырыпта кандидаттық, 1981 жылы «Қасым Аманжоловтың поэтикасы және оның бүгінгі қазақ лирикасымен дәстүрлік ұласуы»,- деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1950 жылдан бастап Т.Әбдірахманованың өлеңдері журналдар мен газеттерде жариялана бастады. 1959 жылы Ән деген атпен тұңғыш жинағы жарық көрді. Содан бері бірнеше жинағы оқырманға ұсынылды.

Ақын көркем аудармаға да араласып келеді. Ол Е.Юнгоның «Даңқы өшпес кеме повесін», М.Стельмахтың «Адам қаны су емес» романын, А.Маяковскаяның «Владимир Маяковскийдің балалық және жастық шағы» атты әңгімесін, т.бшығармаларды қазақ тіліне аударды.

Т.Әбдірахманова көптеген орден, медальдармен марапатталған. 1984 жылы Қазақ ССР халық жазушысы атағына ие болды. Ғылым саласындағы еңбегі үшін 1985 жылы Қазақ ССР ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді.

Әдебиеттер :

Бердібай Р. Ақын мерейі // Қазақ әдебиеті.-1992.-27қараша.-Б.4-5.

Досанов С. Азаматтық әуен (Т. Әбдірахманованың жинағы туралы) // Семей таңы .-1991.-31қаңтар

Досанов С. Сегіз қырлы бір сырлы // Қазақстан әйелдері .-1991.-N11.-Б.17-18.

Жағанова А. Арман жырдың асулары:( Т.Әбдірахманова 70 жаста) // Егемен Қазақстан .-1992.-11желтоқсан .

МайтановБ. Өлеңнің сырлы өрнегі: (Ақын Т.Әбдірахманова туралы) // Жұлдыз .-1993.-N7.-Б.176-180.

Өмірбек Ж. Ерке қызы елімнің // Мәдениет .-1992.-22 желтоқсан.-8б.

 


Скачать