СӨЙЛЕМНІҢ ТҰРЛАУСЫЗ МҮШЕСІ-АНЫҚТАУЫШ


СӨЙЛЕМНІҢ ТҰРЛАУСЫЗ МҮШЕСІ-АНЫҚТАУЫШ

 

Бастауыштың көрінісін тура көрсететін баяндауыш болса, сол баяндауыштың да, бастауыштың да кемтігін толтыратын: анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш. Бұлар субъектінің тура сәулесін емес, қосымша сәулесін көрсетеді. Бұл көріністі бұрма, абстракт көрініс дейміз. Бұларды осы жағынан қарап, тұрлаусыз мүше деген дұрыс. Бастауыштан басқа барлық сөйлем мүшесі субъектінің болмысын көрсетеді. Бірақ, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш субъектінің болмыстық қасиетін негізінде көлденеңнен көрсетеді.

Анықтауыш болатынның негізгісі – сын есім, ол өзі абстрактқа айналып кеткендіктен, оның объект екенін табу өте қиын болады. Тек зат есімнен жалғау арқылы, жұрнақ арқылы болған анықтауыштың объект екендігін табу оңай.

Анықтауыш болатын сөз таптары мен сөз тұлғалары:

1)            Сын есімнің атау түрі, қандай? деген сұрауға жауап беретіндері түгел-ақ анықтауыш болады. Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш, Қара шаш, Қызыл жүзді жасырғанда.

2)            Сан есімнің атау, туынды түрі де анықтауыш болады. Сұрауы: қанша? неше? нешінші? т.б. Қырқаның басында төрт жерде үйілген кенді тастар өртеніп жатыр. Әуелі үйге екі жігіт кірді.

3)            Зат есім де анықтауыш болады. Оның сұрауы: қай, қандай. Екі зат қатар келсе, оның бұрын айтылғаны анықтауыш болады. Мысалы: Садық мұғалім. Мұғалім Садық. Қонақ үйде сәулесі бар, тас шам жанып тұр.

4)            Есімдіктер де анықтауыш болады. Бұлардың ішінде атау тұдғада тұрып жиі анықтауыш болатындары – сілтеу есімдігі. Сұрауы: қайсы? Ал, өздік, жалпылау, белгісіздік есімдіктер де атау тұдғада анықтауыш бола алады. Бұл жақта күн қандай салқын. Осы балшық үйде екі ағаш шебері бар.

5)            Есімше мен етістік есімдіктер де анықтауыш болады. Сұрауы: қай, қандай, неткен, не қылған. Жаңа үйге ұсталған кілемдерді де Омар алғызды. Жастар болса, ішерлік сусын да жоқ. Ондағы Құнанбайдың айтқаны барыс-қайтыс жол жайы болатын.

6)            Еліктеуіш сөздер де анықтауыш болады. Шаң-шұң дауыстар естіледі. Гуу-гу әңгімемен отырып тамақ жеуге кірістік.

7)            Ілік жалғауында тұрып сөз табының бәрі де анықтауыш бола береді: Мұны жазған кісінің атын білме, сөзін біл. Біреудің сөзі әдемі, біреудің өзі әдемі.

Анықтауыштар құрамы жағынан дара, күрделі болып келеді.

Дара анықтауыштар. Ердің сыншысы – елі. Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бишарасы.

Күрделі анықтауыштар кемі екі сөздің қосыла бір сұрауға жауап беруі арқылы жасалады:

1) Күрделі сын есімдер: Қолаң қара шашы бар жібек талды. Көк торғындай аспан көк.

2) Зат есім мен сын есімнің тіркесі: Қарлығаш қанатының ұшындай боп самайға қарай тартылған қас.

3) Ілік септікті зат есім тіркесі: Арманы жоқ жігіттің пәрмені жоқ.

4) Бір ұғымды білдіретін зат есім мен көмекші есім сөз: Абай жеңгендей боп, ел ішіндегі оның атағы қатты дабырайды.

5) Зат есім мен ілік септікті есімше: Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды.

6) Есімдік пен ілік септікті зат есім: Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын.

7) Күрделі сан есім: Сонда бір гектардан жүз жиырма бес центнер түседі.

8) Сан есім мен сын есім: Құсы да, иесі де қоразданар, Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.

 


Скачать