СӨЙЛЕМ МҮШЕЛЕРІ ЖӘНЕ БАСТАУЫШ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК


СӨЙЛЕМ МҮШЕЛЕРІ ЖӘНЕ БАСТАУЫШ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

 

Мағына жағынан қарағанда, сөйлем мүшелерін тұрлаулы, тұрлаусыз деу өте ұшқары айтылған нәрсе. Себебі, бастауыш, баяндауышы жоқ сөйлем де белгілі мағына береді. Өйткені, бір сөйлемді бір сөйлем толықтырады. Байланыссыз еш нәрсе жоқ. Олай болса, сөйлем мүшесін тұрақты, тұрақсыз деп бөлу дұрыс емес. Сөйлемнің барлығы да тиянақты. Сөйлемдегі сөздің барлығының да белгілі орны бар, белгілі мағынада қолданылады. Бірінен бірі бөлек, жеке алып қарағанда ғана, олардың тиянағы жоқ болады. Бұлай байланыссыз қарау диалектика жолы емес.

Сөйлем мүшелерінің ішінен ең негіздің негізі – бастауыш. Баяндауыш – бастауыштың тура көрінісі. Бастауыш – сөйлемнің ең негізгі қазығы, өйткені, сөйлемнің нақтылы иесі, субъекті. Ескі грамматикаларда сөйлемнің түп қазығы – бастауыш, баяндауыш тең емес, баяндауыш бастауыштың қимылын, қозғалысын көрсетіп, бастауыштың ықпалымен жүреді. Баяндауышқа бастауыш ықпалын тигізеді. Бастауыштың негізгі сұрауы: кім? не? кімі? несі? кімдер? нелер? кімнің? нең?

Тұлға жағынан алған бастауышымыздың барлығы грамматикалық бастауыш. Бұлардан басқа логикалық бастауыш та бар.

Кейбір бастауыш дегеніміз тұлға жағынан бастауыш бола алмайды, тек мағына жағынан бастауыш бола алады. Өйткені, олар, бірінші, жоғарғы сұрауға жауап бермейді, екінші, олардың тұлғасы да кәдімгі бастауыштардыкі сияқты емес. Мысалы: Менің оған осы кітапты беруіме болмайды. Менің арзан сөзді айтқым келмейді.

Бұл сөйлемдерде барлық сөйлемнің логикалық бастауыш болып тұрған «менің», себебі: барлық сөйлемнің түйіні «менің» деген сөзде. «Менің» деген сөзді барыс жалғауға қойып айтуға да болады. Мысалы: Бұл кітапты оған беруіме болмайды.

Бастауыштың баяндауышты ықпалына алатындығын баяндауыштың бастауышқа келіп қиысуын, баяндауыштың бастауышқа бағынып отырғандығын есепке алып, баяндауыш бастауыштың көрінісі дейміз.

Қиысу екі түрлі: 1. Жақ жағынан қиысады – бұлай     қиысу бастауыш есімдіктен болғанда көрінеді. Мысалы: мен күндіз екі кітап алған едім. 2. Жалғаулардың бірегейлігі жағынан қиысады, бұл тұлғалық жағынан қиысатындығы. Бірақ мұнда да мағына жағынан түк қиысу жоқ деуге болмайды.

 


Скачать