Сапарғали Әлімбетов (1888-1956ж.ж.)
Сапарғали Әлімбетов (1888-1956ж.ж.)Қазақ ССР-нің халық ақыны, суырып салма сөз шебері, айтыс жүлдегері Сапарғали Әлімбетов Жамбыл бастаған халық поэзиясы шеруінде ерекше көзге түсетін тұлғалы ақындардың бірі. Өзінің отты да өтімді, мазмұнды өлең-жырларымен, толғау-дастандарымен, айтыстарымен соңына мол мұра қалдырған талант иесі. Сапарғали Әлімбетов 1888 жылы сәуір айында Семей облысы Жарма ауданына қарасты Егіндібұлақ деген жердің Қарақойтас бұйратында дүниеге келді. Ақындық сапары 14-15 жасында басталады. Әкесі -Әлімбет кереге, уық басып, қайың шауып, ер қосып, қол өнерімен күн көретін кедей шаруа. Әңгіме-кеңесті жақсы көретін, өзі де ескі әңгіме аңызды көп білетін, ашық жарқын мінезді, зерделі-зерек адам болған екен. Ақын талантының ерте оянуына да кәрі құлақ, әңгімешіл,өткір тілді шешен әке тәрбиесінің игі әсері де болғаны анық. Шешесінің ағасы Айтжан, інісі Әділ өлеңші болады. Олар тойда өлең айтатын, шығарып та айтатыны болатын. Бірақ Сапарғали ата — ана тәрбиесін аз көрді. Шешесі сәби шағында, әкесі 11-12 жасында қайтыс болып, немере ағасы Жақыпжанның қолында жетімдік пен кедейлік зарын тартып өмір тәлкегін көп көріп өседі. Алайда, көкірегі ояу, өр де асқақ сезім иесі тағдырдың қатаң сыбағасына мойымай, қасқая қарсы тұрады. Әкесі тірі кезінде алған ескіше білімін өз бетінше жетілдірген алғыр бала, ел аузындағы қисса-дастандарды тез ұғып алып, жатқа айтып жүрген. Әсіресе талантты жастың қаршадайынан өлең -жырға, шешендік сөзге әуестенуіне Әлімбеттің ауылдас досы етікші Жайсаңбайдың тигізген әсері де мол. Әнші, домбырашы, әңгіме, қисса айтудың шебері осынау өнер иесін бала кезінен тыңдап өскен Сапарғали, келе-келе өзі де ауыл жастарының ұйытқысы болады. Ол жастайынан жазып, ақын бала атанады. Жас ақын өмірінің жастық шағын аса ауыр азаппен өткізген. Ауыр тұрмыс, бай-жуандардың қорлығы оның жүрегіне үлкен дақ түсіріп, кейбір ойын-тойлардан жүдеп қайтатын кездері де аз болмаған. Сондықтан да ол «пәленшенің өлеңшісі дегізіп, жетектеген тазы құсап, біреудің жанына еріп, оның салтанаты болып жүру жаныма қатты батушы еді»,- деп есіне алатын. Ақындық ар ожданын таза сақтау азаматтық -адамгершілік борышым деп біледі. Жүрегі халқым деп соққан ақынның бұл қылықтары ел жуандарына жайсыз тиіп, оның соңына шырақ алып түседі. Тіпті бір жылдары қолдарын да тигізгеннен соң, қоныс аударып, Ақсуаттағы нағашыларына барып паналауына мәжбүр болады. Алайда халық қалаулысы болған ақын үнін өшіруге бай-шонжарлардың күші жетпейді. Ақын көп ізденіп, өзінің ой-өрісін кеңейтіп, кітаптарды көп оқып, ақындық шеберлігін шыңдай түседі. Бертін келе сауатын ашқаннан кейін, Абайдың бірнеше өлеңдерін жаттап алып, ел арасындағы ойын-сауықта айтатын болған. «Балалық шағымнан менің сүйіп оқитыным Абай шығармалары болды. Мен оны әрдайым өзіме ұстаз санадым. Онан соң ақындық өнеріне төселуіме себепкер болған ақын Әріп Тәңірбергенов те мені осы жолда ұқыпты тәрбиеледі. «Біржан-Сара», «Мәлике-Хасен», «Ләйлі-Мәжнүн», «Татьяна» сияқты ғашықтық жырларын неше күндей астан да, ұйқыдан да қалып жаттадым. Менің мектебім осылар еді»,-деп өзінің Абайдың ақындық мектебінен нәр алған шәкіріттерінің бірі екенін айтып өтеді. Кейінірек Абай үлгісімен «Татьяна» поэмасын және байларға арналған бірнеше өлеңдерін жазады. Белгілі Абайтанушы әдебиет білгірі Қайым Мұхаметханов өз еңбектерінде: «Абайдың ерекше әсерімен, Абай мектебінің өнегесімен жазба әдебиет үлгісінде көптеген өлең, дастандар тудырған сауатты, дарынды, ақындарының бір легі бар. Солардың бірі — халық ақыны Сапарғали Әлімбетов. Бұл ақынды да Абай мектебінің шәкірті деп есептеу ләзім»,- деп тұжырым жасапты. Ақын өмірінің елеулі кезеңіне жататын тұс, ол «Мыңбұлақ» шаруашылығында жұмыс істеп жүргенде Ілияс Жансүгіров іздеп барып тауып алады, әңгімелесіп ақындығын таниды. “Ел ішіндегі ақындарға қамқорлық жасаймыз, шығармашылық жолға, жаңа заманды жырлауға бағыт-бағдар береміз”,- деп Алматыға шақырады. Сондықтан Сапарғали «Ілияс сынды адам менің ой-өрісімді кеңейтті, қоқыр-соқырдан бойымды тазартты, арнамды кеңейтті»,- деп ризашылығын білдіреді. Осы жылдардан бастап ақын Қазақстан жұртшылығына танымал бола бастайды. Қазақстан Ғылым академиясына тілші, Қазақстан Жазушылар одағына мүше болады. 1936 жылдан бастап ақынның өлеңдері республикалық, облыстық, аудандық газет, журналдарға үзбей басылып, бірнеше өлеңдері де орыс тіліне аударылып, жарияланады. Халық шығармашылығының республикалық олимпиадасына қатысып, 1937 жылы Сапарғали ақын республика бойынша жүлделі екінші орынға ие болады.1939 жылы бірінші рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы қадірменді қарт ақынның зор еңбегін бағалап Құрмет грамотасымен марапаттаған. Ал 1945 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Сапарғалидың еңбегін жоғары бағалап, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттайды. Отан соғысы жылдары ақын қаламын қайрап, ақындық ойы өрлеп, халықты еңбекке, адалдыққа үндеп, жауға қарсы жойқын күрес жүргізуге шақырады. Оның «Өлім жауға», «Жауынгерлердің жан жолдасы», «Ызалы шер толқыны», «Сағынды жүрек жалғызды», «Рас болса бұл өлім», «Келін мұңы», «Шынымен сынғаны ма жалғыз қазақ», «Тоғызыншы май» т/б өлеңдері осы кезде жазылған. Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан Жазушылар Одағының жанынан халық ақындарының бөлімшесі ашылып, оны жазушы Қалмақан Әбдіқадыров басқарады.Сапарғали Әлімбетов талай-талай айтыстарда Жарма ауданының намысын қорғап алда жүрді. Сапарғали өмірін, жігерін, ақындық шеберлігін өз еліне, өз жеріне, өз ауылына, Жарма ауданына арнайды. 1954 жылдың орта шенінен бастап денсаулығы нашарлап, күн өткен сайын төмендей бастайды. Семей емханаcында 1956 жылдың 10- қазанында қайтыс болады. Сүйегі бұрынғы «Михайловка» кеңшарында, «Еңбекшіге» жерленді. Георгиевка селосының бір көшесі ақын есімімен аталады. Есімі қазақ Совет энциклопедиясына, «Ақын жыраулар» «Қазақстан ақындары» кітаптарына енгізілді. Сапарғали Әлімбетов туралы: Жармұхаметов С. Халық ақыны Сапарғали Әлімбетов [Мәтін] / С. Жармухамбетов// Дидар.- 2008. — 23 тамыз. — Б. 2. Мұрат Иман — Жапар. Анадан шыншыл туған Сапарғали//Семей таңы.- 2003. — 6-12 мамыр. — Б. 4,15 Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. Т. 5. Мақалалар. Зерттеулер / Қ. Мұхамедханов.-Алматы: Ел-шежіре, 2007.- 344 б.-(Алаш мұрасы) Семей өңірінің ақын-жазушылары [Мәтін]: био-библиографиялық көрсеткіш / ќұраст: З.Мағауина ;Абай атындағы ғылыми әмбебап кітапхана, хабарлама — библиографиялық бөлім.- Семей: Талант, 2005.- 96 б. Серікбаев Н. Төгемін сөз маржанын сауылдатып:[Халық ақыны С.Әлімбетовтың туғанына 110 жыл]// Дидар.- 1998.-7 тамыз Сапарғали Әлімбет (1888-1956)// Рауан — Восход.- 2003. — 14 ақпан . — Б. 5 Скачать |