Он төрт жыл Ата Заңымызбен бірге


Он төрт жыл Ата Заңымызбен бірге

 

«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшілік азаматтық қоғам деп ұғына отыра отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз».

(“ҚР Конституциясынан”)

Ата Заң – кез келген зайырлы мемлекеттің басты тірегі. Міне, Ата заңымыздың қанат қаққанына да он төртінші жылдың жүзі болып отыр. Сан ғасыр күресіп, тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекетіміз үшін бұл жылдардың орны ерекше бөлек. Ата Заңымыздың арқасында тәуелсіз Қазақ елін әлемге паш еттік. Тоқсаныншы жылдардың ішінде болған қиындықтарды ел болып еңсердік. Соның бастысы – Қазақстан көп өтпей, әлемнің түрлі қауымдастықтары оң баға берген мемлекеттердің қатарына еніп үлгерді. Әрине, Ата Заңымыздың дүние есігін екінші мәрте ашқан тұсы, аталарымыз ғасырлар бойы сарыла күткен тәуелсіздікке қол жеткізгенімізбен, алдымызда нарық экономикасының түрлі қиындықтары күтіп тұрған болатын. Бұған қоса айтылған керітартпа болжамдар да жас мемлекетіміздің ертеңгі күнін үмітсіз етуге тырысты. Конституцияның арқасында мұндай бос сәуегейлік пен нарыққа қатысты қиындықтар біртіндеп артта қалды.

Бүгінгі тұрақтылығы мен тыныштығының қаймағы бұзылмаған елдердің қатарында тұрмыс кешуіміз де он төрт жылдық тарихы бар Ата Заңымыздың арқасы. Осы Заңның негізінде қос палаталы Парламентіміз құрылып, Жоғарғы сот реформаланды, әділдіктің нышаны іспетті өзге де оң өзгерістерге жол ашылды.

Адамзаттың арғы тарихына көз жүгіртсек, әділдікті найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен орнатқан бірде-бір адам кездеспейді екен. Есесіне, ел болып қабылдаған заң аясында орнаған әділдік тарихтан ойып тұрып орын алады. Осыған байланысты айтылған тамаша нақыл бар: «Әлем күйрегенімен, әділеттілік жасасын» деген. Өткен ғасырлардағы Әз Тәукенің «Жеті жарғысы», «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы» атты заң нормалары болғанын заңгерлер ғана емес, бүкіл халық біледі десем артықтық етпейді. Беріде Қаз дауысты Қазбек би, Төле би, Әйтеке билердің халық арасындағы қара қылды қақ жарған әділдіктері – адам тағдырын шешіп, үкім шығаратын бүгінгі соттарға үлкен үлгі мен өнеге. «Туғанды биде иман жоқ, тура биде туған жоқ» деген аталы сөз де әділдіктің нышанын көрсетіп тұр.

Сондықтан, Заң ең алдымен елде әділеттілікті орнату үшін қажет. Демек, бүгін әділдік іздеген кез келген жан алдымен Заң баптарын терең білуі тиіс. Сонда ғана іздеген әділдігі алдынан өзі-ақ шығады.

Осы Заң туралы тарихты қазбалап көрсек. Қазан төңкерісінен бері 5 Ата Заң қабылданды. Оның үшеуі – 1924, 1937, 1978 жылдары қабылданды. Бұл кезде біздің Қазақ елі Кеңестер Одағының құрамында болғандықтан, тәуелсіздікке қатысты тараулар болған жоқ. Есесіне, 1991-1995 жылдардың ішінде тәуелсіз Қазақстанның екі Ата Заңы өмірдің есігін ашты. Міне, соның екіншісі – 1995 жылғы Ата Заңымызды бүкіл ел болып, халықтық референдум негізінде қабылдадық. Ата Заңымызды екінші мәрте қабылдаудағы мақсат – президенттік басқару нышанын жетілдіру, сот билігі жүйесін, мемлекеттік меншік жүйесін өзгерту болатын. Осылайша, бүкілхалықтық референдум негізінде қабылданған Ата Заң Қазақстан халқының күнделікті өміріне дендеп енді. Демек, ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген ағылшын пәлсапашысы, заңгер Бентама Иереминнің: «Халық қабылдаған Конституция – ең үздік Конституция» дегені дәл біздің Ата Заңымызға қатысты деуге толық негіз бар. Осы Заңның баптары мен тараулары ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Қазақстанды өзінің шаңырағы санайтын ұлттар мен ұлыстардың мамыражай күй кешіп, көңілдері қалаған істерімен айналысуына жағдай жасаған.

«Біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы түрде таңдауының жемісі. Халқымыздың осы таңдауын қадірлей білейік. Ата Заңмен өмір сүру – білімі мен тәжірибесін өмір бойы үйренетін демократияның жоғары мектебі», — деп айтты тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының осы сөзін Қазақ елінің әрбір азаматы өзінің бойтұмары етіп алғаны жөн.

 


Скачать