МӘДЕНИ МҰРА ҚҰНДЫЛЫҒЫ: МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ ЖӘНЕ ҰЛТ РУХАНИЯТЫ
МӘДЕНИ МҰРА ҚҰНДЫЛЫҒЫ: МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ ЖӘНЕ ҰЛТ РУХАНИЯТЫБүгін тәуелсіз Қазақстан Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын іс жүзіне асыру арқылы ұлт тарихын түгендеп жатқаны белгілі. Осы ретте біз тарихи тұлғаларымыз бен олардың атқарған істерін бүгінгі елдік мұраттар қажетіне жарата алсақ, маңызды болмақ. Алаш тұсындағы қоғамдық-саяси iсте Әлихан мен Ахмет сапынан табылған, осы екi тұлғаның әлеуметтiк-рухани қызметiне тыныс болған азаматтың бiрi – Мiржақып Дулатұлы. Ұлттық манифеске баланған “Оян, қазақ!” пен тұңғыш қазақ романының авторы жаңа руханият ғимаратын тұрғызу шарасының жуан ортасында жүрдi. Әдеби бiлiмдi өз бетiнше алған Мiржақып: “Адам ғылым мен өнер үшiн жаратылған емес, ғылым мен өнер – адам үшiн шыққан, адамның өзi тiршiлiгiне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер. …Тiршiлiк – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үлестiрушi. Озғанға қарай бәйге бередi. …Дүниенiң iсi осылай болған соң, адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейдi”,-деген көзқарасты ұстанып, елге қызмет жасауға жұмылған жаңа руханияттың деңгейiн көтеруге атсалысты. Қаламгердiң әдеби-эстетикалық ой-тұжырымы ХХ ғасыр басында жетекшi күшке айналған – ұлтты ұйыстыру және өркендету идеясын тиянақ етушi ағымды байытты.
Мiржақыптың көркемдiк туралы пайымдарын сөз еткенде, мына жайды ескеру керек тәрiздi: бiрiншiден, ол – поэзия мен проза тiлiнде үйлесiмдiктi сомдауға талап қылған туындыгер; екiншiден, ол әсемдiк пен әдебиет миссиясы туралы пiкiр бiлдiрушi қаламгер. Бұл мәселеде оның позициясы Ахметтiкiне ұқсайды. Екеуi де “шабыты тасығаннан” қолына қалам алмағанын жазады. Мысалы, Мiржақып “Оян, қазақта!”:
Бұл сөздi жазғаным жоқ ақын болып, Халық тентек, жалғыз өзiм мақұл болып. Қайғы мен хал мүшкiлiн бiлдiргенiм – Ұйқыда жұрт жатқан соң ғафыл болып,- дейдi. Яғни, М.Дулатұлын Алаштың ауыр жағдайы ақын еткен. Осы жағдай және өмiрдi шынайы көрсететiн қазақтың “ұлы әңгiмесi” жоқтығы оны романшы жасаған. Алайда Мiржақып азамат (жауапкершiлiктi сезiнетiн) ақын-жазушы болуға тырысқан. Бұл оның — үлкен қайраткерлiгi едi. Сондықтан М.Дулатұлы – саясатта да, әдебиетте де қайраткер. “Оян, қазақтың” “сөз ақырында” (қорытынды) қаламгер Абай, Ахмет, Әбубәкiр, Ақмола, Қыпшақбай, Нұржан, Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсiптердiң ел алдыңдағы еңбегiн Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Крылов, Тургенев, Толстойлардың орыс халқының алдындағы еңбегiмен пара-пар дей келе, ақын-жазушының қоғамдағы орнын былайша парықтайды:
Бұлардың әрбiр сөзi пайдаға асқан, Өнерiн хатқа жазып, халыққа шашқан. Мақтап өлең айтпаған нәрсе алуға, Ғажайып хикметтiң кiлтiн ашқан.
Осы өлең жолдарын жазып отырған Мiржақып әсемдiктi қаперiне алмады деу қате. Азамат-ақын үшiн елдiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған шын өлең — әсем өлең. Жанмен жазылған өлең — көркем өлең. Сондықтан да ол “Шағым” атты өлеңiнде:
…Қалғанша жарты жаңқам мен сенiкi – Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш! …Қаламнан жылап аққан қара бояу, Жазылып қағазға сен, жұртқа қыл паш,-
дейдi. Расында бұл – күрес жылдарының көркем өлеңi. Бұдан күрделi уақыттың ойы мен бейнесi анық аңғарылады. ХХ ғасыр басындағы iлгерiшiл руханият үшiн Абай – сапалық деңгейге көтерiлудiң рәмiзi болғандықтан, Мiржақып та бұл құбылысқа өзiнше қарады. 1908 жылы татардың “Уақыт” газетiне жазған “Ибраһим ибн Құнанбаев” атты мақаласында ол Ресей құрамындағы түрiк халықтарын ұлы ақын мұрасымен, ғұмырбаянымен таныстырады. Қаламгер мұнда Абайды елшiл ақын ретiнде көрсете алған. “Тiлi (бiздiңше, татаршадан аударушы “сөзi” дегендi осылай алған – Д.Қ.), оқушыларын оятатын өлеңдерi оны бүкiл атырапқа машїүр еттi. …Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды (“милләтшiл” болар – Д.Қ.), елiн-жерiн сүйген кiсi едi”,-дей отырып, Мiржақып ақынның осы қасиетiн көрсететiн өлеңiнен мысал келтiредi (“…Тәуекел мен батыр ой, Өткiр тiлдi найза етiп, …Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар…”). М.Дулатұлының Абай туралы екiншi мақаласы Абай қазасының он жылдығын еске алу орайында 1914 жылы “Қазақ” газетiнде жарық көрдi. Мұнда қаламгер Абайдың шағын ғұмырбаянын, ол туралы еңбек жазғандар мен мұрасын құнттағандарды сипаттап өтiп, әдебиет пен ұлт, әдебиет пен тұлға арақатынасы проблемасына нақты тоқталады. Мiржақыптың бiрiншi мәселе бойынша пайымы: “Тарихы, әдебиетi жоқ халықтың дүниеде өмiр сүруi, ұлттығын сақтап iлгерi басуы қиын. Әдебиетi, тарихы жоқ халықтар басқаларға сiңiсiп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны — әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес”. Екiншi мәселе бойынша пiкiрi: “Әдебиетiмiздiң негiзiне қаланған бiрiншi кiрпiш – Абай сөзi, Абай аты боларға керек. …Ең жоғары, ардақты орын – Абайдiкi. …Зәредей шүбә етпеймiз, Абайдың өлген күнiнен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз”. Бұдан шығатын қорытынды: ағартушы М.Дулатұлы әдебиетке және оның биiк тұлғасы Абайға ұлт тағдыры, ұлт мүддесi тұрғысынан қараған. Мiржақып үшiн жан таза болса — әдебиет те таза, тұлға арлы болса – сонынан ергендер де арлы. Мiржақып жалпы тұлға мәселесiне жиi оралып отырған. 1914 жылы ол Шоқан Уәлиханов туралы көлемдi мақала жазады. Дара тұлғаның “ата тегiн”, “шеше тегiн”, “оқуын” зерделеген М.Дулатұлы “Қазақ” бетiнде қаймана халыққа қаратып: “Қылышынан қан тамған батыр болмаса, Қарымбайдай ертегi болып қалған бай болмаса, оқушысы жоқ бiздiң қазақ ғылым жолында еңбек сiңiрушiлердi тез ұмытқыш келедi. Бiрақ заман өткен сайын халықтың көзi ашылып, әдебиетi гүлденiп, матбұғаты жайыла бастаған кезде естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзiн қайта тiрiлтiп, кiм екендiгiн бiлдiрмей қоймайды”,-дейдi. Осы тұжырымнан ағарған ел өз мүддесiне сәйкес тұлғаны “тауып” алатыны, яғни ұлтты ұлт ету жолында еңбек сiңiрген азамат жоқтаусыз қалмайтыны аңғарылады. Бұл әдебиеттен сырт түсiнiк емес. М.Дулатұлы жаңа әдебиеттiң зәулiм шаңырағын көтеруге жан-тәнiмен кiрiстi: Абай бастаған игiлiктi iстi салаландыруға, дараландыруға жәрдемдестi. Мұны ол оқыған азамат ретiнде және қолына қалам ұстаған жазушы ретiнде өзiнiң парызы санады. Қаламгер аталған проблеманы былайша көрсеттi: “Әдебиетiмiздiң жаңа дәуiрi ендi басталды: әлi жас, түсi солғын, еркiн төселiп кеткен жоқ. Тұрмысымызды, салтымызды айнадай ашып түгел көрсетерлiк суреттi әдебиет әлi туған жоқ. Проза (қара сөз) әлi дәуiрлей алмай тұр. Әдебиетiмiздiң байырақ жағы — өлең. Бiрақ … соңғы жылдары шыққан ақындардың көбi бiрiне-бiрi елiктеп, бiрiнiң iзiн бiрi басып, өз бетiнен жол сала алмай, кестесiз, сұрықсыз “ұйқасты сөз” шығаруды таңсық қылып кеттi”. Ендi оны қалай жолға қоюға болады? Сапалы әдебиет қайткенде өмiр жүзiне орнығады? Осы сұрақтарға Мiржақып өз тарапынан жауап берiптi. Жауабы мынау: “Күйсiз көңiл жүгiрмейдi” деген бар. Дүлдүлге де күй керек, бұлбұлға да жайлы орын, көңiлдi бақша керек. Адам баласы бәрiнен де артық күй таңдайды (Мiржақыптың өзi мұны күрес заманында айтып отырғанын ескерiңiз – Д.Қ.). Туысында қанша зеректiк болса да, ғылымсыз, тәрбиесiз кемелiне жетпейдi. Кiмде-кiм өзiнiң табиғатында не нәрсеге шеберлiк барлығын сезiп, өз жолына түссе ғана, көзге көрiнедi. …Табиғатындағы зеректiгiне жол ашатын ғылымды оқыса, сонда ғана әр бiлiмдi адамдар шықпақшы. … Жазушы да – суретшi. Жақсы суретшi адамның сыртқы түрiн айтпай сала бiлсе, жақсы жазушы да адамның iшкi сырын, мiнезiн, әдетiн бұлжытпай көрсете бiледi”. Ағартушының бұл пайымы — әдебиеттiң сыры мен сынын қаншалықты түсiнетiнiне айғақ. Отаршылдық режим мен ұлт зиялыларының текетiресi жағдайында әдебиеттiң биiк қызметi, эстетикалық қуаты жөнiнде осындай тұжырымдама жасай алу – шаң баспас рухани мұраға адалдық, өскелең әдебиетке тiлектестiк, азаматтық және зеректiк. Мiржақып — қазақ әдебиетiнде ХХ ғасыр басында ғана қаз-қаз басқан драматургияға да ниеттес болған қаламгер. К.Төгiсұлының “Надандық құрбаны” пьесасын сынайтын еңбегiнде ол: “Театр кiтабы — әдебиеттiң бiр мүшесi екенiн, оның өз алдына мағынасы, пайдасы зор екенiн бiлушi кем. …Қазақ театры, қазақ әртестерi болуға әлi ерте екендiгi әркiмге белгiлi болса да, театр кiтабының керектiгiн де ерте деуге болмайды. Әдебиет кештерiн түрлендiру, толықтыру һәм қызықтырақ қылу үшiн бiрер театр кiтабы керек”,-деп жазады. Сынның 1916 жылы жарыққа шыққанын ескерсек, пьесаны қал-қадерiнше жазған К.Төгiсұлын да, сапаны талап еткен М.Дулатұлын да түсiнуге болады… Дәл осы тұста бiзге Мiржақыптың сыны қадiрлi. Ол жоғарыдағы жалпы әдебиет туралы ойын осы еңбегiнде айтқан-ды. Қаламгер “пьеса да — өмiрдiң көркем айнасы” дегендi байыптаған. Сөйтiп, Көлбай туындысын — сәтсiз тәжiрибе деп тапқан. Халқының бар керегiне жарай бiлген М.Дулатұлының ұлт руханиятына қатысты тұжырымы, жалпы алғанда, төмендегiге саяды: - әдебиет пен мәдениет – елдiң жаны, ендеше жаны әзiз, рухы мықты жұрттың руханияты да әзiз һәм мықты; - көркем сөздi өрiстету мен тағлымды етуде тұлғаның орны айрықша; - биiк дәрежелi руханияттың тууына еркiндiк (күй), бiлiммен суарылған зеректiк керек. Міржақып серпінді ағартушы Скачать |