Мұхтар Әуезовтың Абай жолы романының әдеби көркемдігі
Мұхтар Әуезовтың Абай жолы романының әдеби көркемдігі Алаш қайраткерлері ішінде коммунистік террордан тірі қалған жалғыз қазақ Мұхтар Әуезов еді. Ол ұлы толқынның рухани аманатын көркем әдебиетте толық қалдырған бірден-бір қаламгер. Бұл идея ең алдымен оның басты шығармасы “Абай жолы” романында жүзеге асты. Қазақ әдебиетінің тарихындағы дала тағдырын мұхит тектес тереңдікпен толғаған “Абай жолы” роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің көпке дейін, дәлірек айтқанда, қырықтың үстіне шыққанша, ұлы ақынның өмірі, туған-өскен ортасы туралы шығарма жазу жоспары болмағанын ескерткені бар. Абай өлеңдерін бастыру, ғұмырбаянын жасау, зерттеу еңбектер жариялауды романға барар жол деп санамаған екен. Сондықтан үлкен шығарма идеясы әбден піскен кезде, қажетті уақытты өткізіп алғанына бармақты шайнаған. Дегенмен, ескі жұртта әлі де көп естелік бар-ды. Абай заманының сан-салалы сырларын, дәуірдің қат-қабат тартыстарын, дәлді оқиғалар, аңыз-әңгімелерді даланың жезтаңдай, ескі көз, құйма құлақ адамдары кейде саф таза күйінде, кейде мың құбылтып жеткізген. Абайдың мінезіне қанықтырған қасындағы жары – Әйгерім, ұлы – Тұрағұл, інісі – Шәкәрім, шәкірттері – Көкбай, Қатпа, Баймағамбеттер. Көп нәрсенің түбіне, түкпірлі табанына үңілу керек болған. Ел аузы Қамқа мен Қодар нәпсі үшін қылмысқа барған деседі. Абай үш әйел алған кісі: Ділда, Әйгерім, Еркежан. Дәрмен деген ақын болмаған. Жазушылық мақсатқа орай автор өмірлік дәлді деректерді қажет жерінде өзгерткен, керекті орайда жаңа кейіпкерлер, оқиғалар ойлап тапқан. Романда қаламгердің бұрынғы шығармаларындағы әуен-сарындар жалғасып, тереңдеп, байып, жаңа сападағы көркем ойлар, кемел бейнелер туған, қазақ тілінің адам психологиясын, әлеуметтік қайшылықтарды ашып берудегі орасан зор байлығы көрініп, жанрдың ең жоғары талаптарына жауап беретін мол мүмкіндіктері ашылған. М.Әуезов тұрмысы, моральдық институттарының өмірлік материалдары негізінде қатал реализм, сұлулық, әсемдік талаптарына дөп келетін тарихи роман тудыру арқылы қазақ әдебиетінің деңгейін биік әлемдік дәрежеге көтеріп, жаңа эстетикалық игіліктер дарытып, қаламгерлік ерлік жасады. Төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық, ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымдарының төрт мезгіліне бірдей, тәуліктің әртүрлі сәттерінде, күн демей, түн демей, толассыз өтіп жатады. Аталар буыны Құнанбайлар өмірінің соңғы кезеңі, орта буын Абайлар өмірі түгелдей дерлік, жаңа буын Әзімбайлар өмірінің тал түсі, жас төл Рахымдар өмірінің басы – бірімен-бірі жалғас, үзілмейтін тіршілік көшінің керуені іспеттес, бірін-бірі қуалай жосыған дария толқындары секілді сабақтас, жалғас қалпында көрініс табады. Бұл бір мәңгілік толас таппас жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнеленеді. Романдағы негізгі соқталы оқиға, бас майдан өтетін орта – тобықты рулары мекендеген Шыңғыстау аймағы. Көршілес елдер қаракесек, уақ, керей, матай авторлық баяндау барысында, кейбір тартыс, дау-дамай кезінде ғана айтылып отырады. Шыңғыстаудың айналасы, іші-сырты, Хан, Орда, Машан, Доғалаң, Семейтау секілді әйгілі биіктер, Шаған, Ащысу, Қарауыл, Бақанас, Ертіс өзендері, белгілі күзеу, көктеу, жайлау, қыстаулар, толып жатқан адыр, шоқы, бел, асу, төбе, құдық, бастау-бұлақ, көл, ши, қорық, зират, қорым, шатқал, сай, аңғар, тоғай, үңгір, сүрлеу-соқпақ, жолдар алақанға салғандай ап-айқын көркем суретке айналған. Жазушы бір рулы ел жайлаған ортаны бейнелеу арқылы қазақ тұрмысын, тұтас алғанда көшпелілер мәдениетін түгел көрсетіп беретін биік деңгейге көтеріледі. Көші-қонның бүге-шігесіне дейін анықтап, шаруашылық орайына байланысты, мал жаю талабына сәйкес жер отын тиімді пайдалану үшін шаруа қазақтар қолданған кәсіби әрекеттердің әлеуметтік тамырлары ашылады, теңсіздік, зорлық-зомбылық, тіршілік үшін күрес сарындары сабақтас жүреді, осы арнадағы адамдар тағдыры бар. Бір рулы ел жайлағанмен, жалпы көлемі отырықшы шағын мемлекет сыйып кететін аймақтың негізгі қатынас-құралы – ат. Шығарма кейіпкерлерін көп ретте ат үстінен көреміз. Ат пен адам бір тұлға іспеттес. Жалғыз жолаушы сирек. Қатал далада топтасып жүрмесе болмайды. Көшпелі елдің перзенті көбіне ат үстінде. Аттың жасы, түсі, жүрісі, ер-тұрманы, мінез-машығы, аяңдау, желу, жорту, жорғалау, шабу – осының бәрін автор әр ситуацияға орай дөп басып, баяндап отырады. Көшпелі өмірдің көбесі сөгіліп, қазақ елі патша өкіметінің отарлық табанына түскеннен кейін, бекіністер, қалалар салынып, ендігі биліктің түп қазығы сол шаһарларда қағылған. Сондықтан қырда басталған дау-шар, бітімсіз күрес, лап еткен өрт түптің түбінде ұлық кеңсесіне тұмсық тірейді. Соңғы шешім сол жерде. Сол себептен романдағы бірқыдыру оқиға Қарқаралы, Семей, Алматы қалаларында өтеді. Әсіресе, Абайдың бала кезінде оқыған, кейін білім қуған, әділет іздеген, достар тапқан күндерінің куәсі – Семей. Жазушы негізінен өмірдің табиғи ағымын, уақыттың ілгері жылжу құбылысын көрсетеді. Абайдың он үш жасынан бастап дүние салғанына дейінгі қырық алты жылда оны қоршаған ортада өткен басты оқиғалар тізбекті сабақтастықта, бірінен-бірі туып, өрістеп, тарамданып, асқынып, шорт сынып, тағы бастау алып, шығандап, қатарласа дамып, лаулап барып өшіп, қайта жанып, құбылып, өзгеріп, осы арнада ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры шешіліп жатады: жас шынар гүл шашады, кәрі бәйтерек құлайды. Кейіпкерлердің қазіргі өміріне тікелей қатысы жоқ, бұрын өткен бірен-саран оқиғалар ғана еске түсіру арқылы белгілі болады. Жарты ғасыр уақытты қамтитын кең тынысты, сан арналы ұлы шығарманың барлық тарау, бөлімдерінде көшпелі қазақ тұрмысына етене көрініс, сурет, тартыстармен астарлас жалпы адам баласына тән қайшылық күрес, қасиеттер мол қамтылып, кең көлемде терең де сенімді бейнеленген. Роман бірінші бетінен бастап соңғы жолына дейін сұсты өмірдің қатал шындығына суарылған. Әдемі, таза шаһарда үлкен ұстаздардан білім алып жатқан он үш жасар шәкірттің оқуын еріксіз үзіп, қырдағы күрес майданына салмақшы әке әрекеті зорлық емей немене? Ауылға деген сағыныш тағы бар. Қодар-Қамқа трагедиясының үстінен шыққан соң, екіұдай көңілдегі Абайдың мұрттай ұшуы тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып бейнеленеді. Жас жүректі отқа қарығандай болған осы қанды өлімнен кейін бала көңіл айнала қоршаған ортаға, үлкендер әрекетіне шошынған көзбен қарап, бірте-бірте суық та қатал шындықтарды сезіп қана қоймай, олардың әлеуметтік, философиялық астарлы мәндерін ұға бастайды. Содан барып, әуелгі үнсіз қарсылық, ішкі наразылық ұлғая келіп, саналы күрес жолына қарай беттетеді. Абайдың азамат, қайраткер ретіндегі өсіп-толығуы ақындық дарынының түйін тастап, бүршік атып, гүл шашып, жапырақ жаюымен қатар егіз отырады. Көне жыр, ескі әңгіме, аталы сөзді жадында тұтып, көңілге тоқып; Шығыс, Батыс әдебиеттері теңіздеріне құлаш ұрып барып, поэзияның ұлы айдынына шыққан Абай талантының небір тылсым сырларын, шығармашылық психологиясын терең бейнелеген Әуезов өнегесі – әлемдік прозадағы жаңа бір дәстүрлерге мұрындық болғанын, оны өз тәжірибелерінде пайдаланғанын көптеген қаламгерлер айтқан. Кейіпкерлерін бір жақсылық, бір жаманшылықта сынау – Әуезов поэтикасындағы ерекше шебер қолданылатын өнімді көркемдік тәсілдердің бірі екенін, әсіресе, Абай характерін сомдау принципінен көреміз. Қараңыз: жылы сөз айтып, маңдайдан бір иіскемейтін қатал әке, мейір-шафқат төгіп, елжіреп, еміреніп отырған әже мен ана, жаттан бетер жауығып кеткен туған аға, қоң етін кесіп берсе, қыңқ етпейтін туған іні, ата дәстүрімен қосылып, балаларына ана болып отырған құшағы суық әйелі. Бұл бір шаңырақ астындағы кереғар жәйттер. Ал енді бұдан сыртқа шығып көріңіз. Кеше ғана тізе қосып, ел тізгінін қатар ұстаған Құнанбай мен Бөжей бүгін Ырғызбай мен Жігітекті соғыстырып, кісі өліміне дейін барып отыр. Бұл екі қошқардың басы бір қазанға сыймағаннан туған бақастық, күншілдік кикілжің емес, алыс түкпірлі ниетті тіршіліктің қамы, өз нәсілі үшін қоныс кеңейту, жер алу мақсатынан шыққан арпалыс. Шындап келгенде, бұл ауыз бірліктің жоқтығынан өршитін таза қазақы рулық қақтығыс емес, жалпы адам баласының мәні бар, әулет пен әулетті, ұрпақ пен ұрпақты, халық пен халықты, ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті соғыстыратын мәңгілік майдан. Сол үшін шекара күзетіледі, қару-жарақ жасалады, елшілік жүреді, ұйымдар құрылады. Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған ру басылары, билер, мансап ұстаған адамдар кескін-келбеттерімен, мінез қалыптарымен, сөйлеген сөздерімен арғы-бергі замандардағы небір іргелі елдердің басшыларынан патшалардан, корольдерден, хандардан, дипломаттардан асып түспесе, кем соқпайды. Аспан, зәулім, биіктік, шыңырау, тереңдік. Іштерінде алтын ертоқымды арғымақ жатса да титтей сыр бермейтін беріктікке, бір ауыз әділ сөзге тоқтайтын мәрттікті, қажет жерінде руымен у ішетін ынтымақты қосыңыз. Қас-қабақ, ым-жым, емеурін, жүріс-тұрыс, киім киіс, сөз саптау, билік айту, ел басқару – мұның бәрінде мыңжылдық көшпелі мәдениет қалыптастырған тапжылмайтын, әбден орныққан берік салт-дәстүр бар. Дүниежүзінде болып жатқан ұлы әлеуметтік өзгерістер, отаршылық атты алапат қозғалыстар, Батыс пен Шығыстың мәңгілік шарпысуы, темір құрсанған болат тұяқ капитализмнің қанды шеңгелі сияқты ғаламат дүмпулер көшпелілер әлемін де іріте бастаған. Бұрынғы игілік, кәсіп амалдары, тіршілік қалпы, адамгершілік мұраттары енді басқа арнаға түсіп, өзгере бастаған. Жаңа өріс, соны нысана, өзгеше байлық тумақ. Мұны көшпелілердің ескі қауымы түсінбейді, келешекпен туыса табысатын жаңа төл енді келе жатыр. Мұхтар Әуезов осындай планеталық мән-мағынаға ие, қауымдар, мәдениеттер ауысуы тұсындағы сан-алуан отбасылық, әулеттік, ру-тайпалық, халықтық қақтығыс, шайқас, тартыстар үстінде адамдық мінез қалыптарымен ашылатын исі түркілік, шынайы қазақылық исі аңқыған әрі тың, әрі ғажап көркем қаһармандары бар тұтас сұлулық әлемін алып келді. Бұл Скачать |