Мұхтар Әуезов әңгімелеріндегі тартыс
Мұхтар Әуезов әңгімелеріндегі тартыс ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі рухани серпіліс қазақ сөз өнеріне аса дарынды үлкен шоғырды сыйлады. Алаш қозғалысы, оның тәуелсіздікке ұмылған қарқынды қадамдары, ұлт санасын оятудағы игілікті істері, жігерлі ұрандары – қазақ әдебиетінің даму бағытына да оң ықпал жасағаны баршамызға мәлім. Қоғамдағы алаштық идея – жаңа мазмұндағы сөз өнерін қалыптады десек, соны сипаттағы әдебиеттің аса дарынды өкілі ретінде Мұхтар Әуезовті атайтынымыз кәміл. Қазақ сахарасы қашан да өзіндік өшпес орны бар таланттарға кенде емес. Соның бірі – бойында қаламгерлік таланттың, шалқыған шабыттың жалыны бар тұлға – Мұхтар Әуезов. Оның туындылары өз заманының келбетінен сыр береді және сол дәуірдің ағымымен түрлі тағдырды арқалаған адам өмірін сипаттайды. Мұхтар Әуезов туындыларына уақыт өзі өлмейтін нұр дарытқан, себебі әрбір шығарма халқына деген ерекше махаббатынан туған. Суреткер шығармаларындағы қорғансыздар тақырыбы – ең негізгі тақырып. Байырғы қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық, отаршылдық, жалпы айтқанда қорғансыздар күні жазушы шығармаларының өзекті мәселесі. Алайда жазушы тәуелсіздікке ұмтылған халықтың қаншама қорғансыз болғанмен, рухтары мықты, намысқор екенін әр шығармасында көрсетіп отырған. Негізінен Мұхтар Әуезов әңгімелері трагедияға құрылған. Шығарма тақырыбы, оқиға барысы, сюжеттік желісі, кейіпкерлер арасындағы тартыста қарама-қайшылықтар кездесіп отырады. Аталмыш әңгімелерінде зұлымдық, жауыздық, озбырлық үстемдікке шығады. Бас қаһармандар қайғылы халге ұшырап, оқиға трагедиямен аяқталады. Жазушылық жолын драматургиядан бастаған және оны өнерінің өзге салаларымен қатар жарыстыра, өмірінің аяғына дейін дамыта жетілдіріп, құбылта құлпыртып әкелген Мұхтар Әуезов 1921 жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесін жазды. «Қорғансыздың күні» оқырманның көз алдына байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-тереңінен қопарып әкеліп, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі баяндайды. Қорғансыздар тұрмысы неткен ауыр! Егер бүгінгілер өз отандастарының күні кешегі осы халін білмесе, қазіргі жайын да жете бағалай алмас еді. Бұл ретте «Қорғансыздың күнінде» зор тәрбиелік мән жатыр. Әңгіме аса әсерлі табиғат суретінен басталады: «С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп дәмелендіріп тұрады. Жолдың аузында созылып жатқан көлденеңі он шақырымдай, бірақ ұзыны тәуір болғанмен енсіз кереге сықылды жалғыз жал. Не бауыр, не сыртында ықтасын жер жоқ. Арқалық жағадай жалғыз болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да панасы болмайды. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды» [1, 5]. Жазушы даланы соншама қатігез етіп суреттеуі тегін емес. Қазақтың жадау күйін, оған жаны ашымастық қыстан жаман қысып жіберген хал-ахуалын бейнелеуге бұл сурет оқушыны даярлайтындай. Алыстан қарағанда да бұдыры жоқ жалаңаш, көруге аса көңілсіз Арқалықтың осы түрі оқырманды бірден-ақ бір түрлі оқыс, оқшау сезімге салып, сүреңсіз табиғаттың әлдеқандай бір беймәлім сырынан секем алғызады. Құлазыған құла тұз, жалаңаш жон, қаһарлы қыс, бұрқаған боран... Бұл өңірдегі табиғаттың осы көрінісінің өзі-ақ әлдебір жұпыны, жоқ-жітік халдің хабаршысындай адамға ауыр ой салады. Сонда бұл сурет тек қана табиғат көрінісі емес, сол кездегі заман сипаты, адам тағдыр-тірлігінің түрі тәрізденеді. Күшікбай туралы аңыздан кейін әңгіменің негізгі арқауы басталып, өріле береді: қаңтар айының батар күні дүниені қызыл сәулесіне бөліп, тағы да оқырман көз алдына өзгеше сурет жаяды: «Күнге жақын тұрған ұзынша жұқалаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған темірдей қып-қызыл» болса, одан алысырақ тұрғандары «асыр нұрдың буын ғана жалатқандай». Бұл бұл ма, «күннің қызыл сәулесі даланы да, тауды да өз өңіне кіргізген», тіпті «күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн астында қызғылттанып көрінеді». Енді міне, «Күшікбайдан асатын қара жолдың үстінде Арқалықты бетке алып, қала жақтан бір пар атты келе жатыр. Жайдақ сары шанаға биіктеп салған жеңіл жүгі бар, жақсы киінген екі жігіт» [1, 7]. Екі қоңыр аттың қажығандығын білдірмей көшір божы қаққан сайын «ығыса жөнеліп, сар желіп» келе жатқанын суреттеген жерлерді оқығанда, дәл осы шана үстінде бейне өзіңіз отырғандай боласыз. Қар үстінде жайлы жылжыған жайдақ шананы қос қоңырдың божы қағылғанда жылдам тартып, ызғыта бере «жөнелгені» соншалық түйсіндіреді. Мұндағы сурет те жадағай емес, дәл жазушы өзінің кенеулі ойын, керек суретін беретін орамдар мен детальдарды ғана таңдап алған. Бұл панасыз жерді мекендеген Күшікбай батырдың ұрпақтары кедей-кепшік қонысы бес-алты үйдің қыстауы. Жазушы осы ауылға бет бұрған екі жолаушыны суреттейді. Біреуі болыс Ақан мырза, екіншісі оның жандайшабы Қалтай. Екеуі де оңып тұрған жандар емес. Ақан мырзаның бойын құмарлық билеген. Қалтай соны біліп алған, кезекті жемтігі етіп он екіде бір гүлі ашылмаған Ғазизаның үйіне әкеліп түсіреді... Осы кім, қандай адам? Білу қиын емес, мына үзіндідегі жанды портретте бәрі сайрап тұр: «Бұл жігіттің жасы отыз шамасында. Орта бойлы, дөңгелек денелі, қысқалау мұрынды, шоқша сақалды сұрғылт беті дөңгелек, жалпақтау. Суық қарайтын қисық біткен кішілеу өткір көзінде және түксиген қабағында өзгеше қаталдық бар. Кішкене мұрны көз-қабағына үйлеспейді. Бұл адамның күлгендегі пішіні құмарлыққа көп салынғандығын білдіріп тұрады». Ақан болыстың сыртқы пішінінен ішкі сыр-бітімі ап-анық көрініп қалады. Қасына ерткен серік қосшысы Қалтайдың мінезі мен ісі де Ақанға ұштастырыла көрсетілген: «Ақанның түндегі жүрісіне өте ыңғайлы, әрі жылпос, әрі тілді ер жігіт еді». Сырты жылтыраған Ақан мырзаның мінез-құлқы осылай ашыла келе тіпті тірі адамдай тұлғаланып, дараланады. Ақанға сыртқы түрімен де, ішкі сырымен де қарама-қарсы образ – Ғазиза-ақ уыс бұл секілді жүгенсіз нәпсі, көзсіз құмарлық құлынан. «Сыпайы, нәзік өскен Ғазиза жіңішке, сұңғақ бойлы, аз ғана секпілі бар, дөңгелек ақсұр жүзді. Ғазиза көрген көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас. Жалғыз-ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынған, кірбіңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу. Жас басына орнаған қайғы, жүреген жеген дерт сыртына шығып тұр». Уыз жас Ғазиза, оның басындағы қайғы-қасірет оқырманға ерекше әсер етеді де, оқырманның ықылас-назары осынау жас қызға ауады, онымен қалтқысыз ұғысқан сыралғы дос, оны есіркейтін қорғаныш, оған қамқор серік боп кетеді. Ғазиза басындағы ауыр уайым не? Жазушы оны да жан-жақты ашып, енді оқырманды Ғазизаның сыртқы түрінен ішкі сырына алып енеді: Ғазизаның «уайымы осы үйдегі үш әйелге ортақ болған жесірлік, жетімдік. Бұлардың басынан тағдырдың дауылы жаңада ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас бейіттер сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабірге өліктермен бірге көмілген. Ол қабірде жатқан Ғазизаның әкесі Жақып және жаны туысқан жалғыз кішкене бауыры Мұқаш... Иесіз қорада қуатсыз, қорғансыз үш әйел құлазып зарлап қалғанда, маңайына жиналған көрші-қолаң ғазиздердің сүйегін суық қабірге бергенін ойлағанда, әрқашан Ғазизаның жүрегі шаншып, өңі қашып, көзінен ыстық жасы тамшылап кетуші еді» [1, 11]. Жан түршітер ауыр хал, қатал шындық. Адам бұл тұста алуан сезімге түседі, сан түрлі ойға шомады. Тағдыр неткен қатал? Қорғансыздар тұрмыс-тіршілігі неткен ауыр? Тағдыр талқысы қандай шытырман!.. Осы аянышты халге кеудесінде жүрегі бар адам бір тебіренбей өтпес еді. Ал, Ақан болыс ше? Ақан болыс бұған міз бақпайды. Сексеннен асқан кәрі кемпір, соқыр келіннің қасында отырып, «тақырлау сұйық қабақтың астынан көрінген кішкене өткір көздерін қажыған салқын жанармен жалтылдатып» қойып, өздерінің адам айтқысыз ауыр тағдырын шешіле баяндағанда Ақан түк шімірікпейді, ойы құла далада: «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей... «Жас күнінен бір үйдің түгелімен еркелетіп, алақанына салған баласы. Еш уақытта қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытқан емес. Жүрегінде ар-ұят та, жігер-намыс та бірге өскен. Кедейлігінен, қорғансыздығынан басқа міні жоқ, салмақты, таза тәрбиелі бала бұл күнде сол не көріп отыр?» Жас қыздың Ақан әлеміне қарсы күші жетпейді. Соның құрбаны болды. Бар қарсылығымен намыс оты билеген қыз бұл өмірден өлім арқылы қоштасты. «Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақтүтегінен адасып, өлімі мәңгі толас тапқандай» [1, 22]. ...Ғазиза әкесі мен бауырының қабіріне барып үсіп өледі . Өмірінің соңғы сағатында Ғазиза – мына қорлық сұмдыққа қандай қылығы үшін тап болғанын – көк аспанға, адамдарға ашына сұрау салады. Сонда да өмірінің ақтық минуттары да ол сұм тағдыры зұлымдығын кешірген секілді. Балалық жүзінде «Менде жазым жоқ, мен тазамын», - деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар», - деп аяқталады әңгіме. Тегінде, шын мәніндегі нағыз үлкен талант өзінің өнер өрісінде жаттығу жасап, онша ұзақ күйбеңдейтін болса керек. Әуезовтің осынау алғашқы әңгімесінің өзінде өзгеге ұқсамайтын өзіндік мәнер-машығы бар; кібірткісіз көсіле жөнелген жорға қаламның ізі сайрап атыр. Мұндағы шұрайлы тіл, шырайлы стиль, дараланған адам характерлері, нәзік лиризм, терең психологизм нәтижесінде, нақты әлеуметтік ортаның айқын сипатын беретін таза, мөлдір шындық Сәбит Мұқановтың дәл айтылған тұжырымын сөзсіз растайды: «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесін Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерді» [2, 255]. Әңгімені оқып шыққан оқушы үлкен ойға шомады. « Скачать |