Мұстафа Шоқай


Мұстафа Шоқай

 

ХIX ғасырдың соңғы ширегі Түркістан тарихының ең қараңғы кезеңдерінің бірі еді. Бұл кезеңде патшалық Ресей Түркістанды жаулап алуын толық аяқтаған. Бұдан кейін Петербург өкіметі бұл жерлердегі билігін нығайтуға күш жұмсап жатты. Сонымен қатар Түркістанның кең даласын мүмкіндігінше жан-жақты қанау шараларын жүргізді. Ресейдің ішкі аймақтарындағы жері жоқ орыс мұжықтарының Түркістанға жаппай көшулерін тездетті.

Түркістандағы жергілікті орыс билеушілері де осы саясатқа сай билік жүргізді. Меншікті жер мен мал-мүлікке ие болуға әбден құнығып алған орыс келімсектерінің Түркістанның жергілікті қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен секілді халықтарының жерлерін иемденуіне тосқауыл болмады. Мұндай әділетсіздікке қарсы халық шарасыз еді. Өйткені жерлерінің қолдарынан тартып алынуына қарсы тұрарлық күш-қауқарлары жоқ еді. Әділетсіздікке қарсы бас көтеріп, қаруланып, жерін қорғауға тырысқандар ауыр жазаға тартылды. Халық жер дауына байланысты жүгініп барған орыс сот орындарынан көбіне оңды нәтиже ала алмады. Өйткені халық жергілікті жәрежеде орыс тілі мен заңдарын білмеуші еді. Түркістан осындай саяси-әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қиын жағдайға тап болып отырған тұста Шоқай дүниеге келді.

Мұстафа Шоқай 1890 жылы 7 қаңтар күні жалпы Түркістан өлкесіне қарасты Сырдария округіндегі Ақмешіт қаласына жақын орналасқан Наршоқы ауылында дүниеге келді. Мұстафа қазақтардың қыпшақ руына жататын текті отбасының ұрпағы. Қоқан хандығында жоғары шенді әскер болған атасы Торғай Датқа Қуатбайұлы Қыпшақ ішіндегі Шашты руының биі еді.

1853 жылы генерал Перовск басшылығындағы орыс қосындары Ақмешіт қаласын басып алды. Сөйтіп, Қоқан хандығы Ақмешіт қаласынан көз жазып қалды. Бірақ Торғай Датқа қаладан кеткен жоқ. Мұның нақты себептерін білмейміз. Өзіне қарасты руымен бірге қоныс аударуға мүмкіншілігі болмаса керек. Торғай Датқаның сол аймақтағы жоғары беделін пайдаланғысы келген генерал Перовск оған өз қарамағынан қызмет ұсынды. Орысша білетін Торғай Датқа орыс әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы келіспесушіліктерді реттеу туралы кеңесші қызметке тағайындалды.

1872 жылы қайтыс болған Торғай Датқа туралы мағлұматтар тапшы. Бірақ оның Қоқан хандығындағы жоғары лауазымды қызметіне сай жан-жақты білім иесі, орыс тілімен қатар араб және парсы тілдерін жетік меңгерген сауатты адам болғандығы байқалады. Діндар болған Торғай Датқа екі рет қажылыққа да барып қайтады.

Торғай Датқаның Шоқай, Қалымбет, Әліш және Осман атты төрт ұлы болады. Торғай Датқа осылардың ішінде Мұстафаның әкесі Шоқайға ерекше бір сүйіспеншілікпен қарайды. Патшалық Ресей әкімдерінің нұсқауымен дайындалған Сырдария аймағының беделді азаматтары туралы альбомда Торғай Датқаның суретінің Шоқаймен бірге орын алуы, оның оған деген ерекше ықыласының бір көрінісі болса керек.

Әкенің Шоқайға деген ықыласын оның бойындағы игі қасиеттердің басымдылығымен түсіндіруге болады. Айналасындағыларға көмектесуді ұнататын Шоқай ақылды іс-әрекеттері, орынды пікірлері және байсалды мінезімен халық арасында зор беделге ие болды. Халық өз ішіндегі дау-дамайларда төрелік етуге келгенде, әділ де сенімді деп тапқан Шоқайға жүгінді. Халық оның төрелігіне риза еді. Сондықтан әкесі Торғай Датқадай ресми мансап иесі болмаса да, халық оған би атағын берді. Халық оны Шоқай би деп атап кетті.

Халық Шоқайға тек өз арасындағы мәселелерде ғана емес, сонымен қатар орыстармен болған дауларда да жүгінетін еді. Мұндай жағдайларда Шоқай олардың әрі тілмашы және әрі заңгері болды. Халық, әсіресе, ағылып келіп жатқан орыс келімсектерінің өз жерлерін зорлықпен тартып алуларынан зардап шекті. Орысша білмейтін халық шағымдарын жергілікті орыс әкімдеріне жеткізуде қиыншылық тартты. Мұндай жағдайларда олардың көмек сұрап баратын адамы, орыс тілін жақсы меңгерген Шоқай би еді. Шоқай би оларға әлі келгенше, жеткенінше қол ұшын беретін.

Алайда жергілікті халық пен келімсектер арасындағы даулардың көпшілігі сотта орыстардың пайдасына шешіліп жатты. Өйткені орыс тілін білу әділетсіздікпен күрес үшін жеткіліксіз еді. Сонымен қатар орыс сот орындарында жүретін заңдарды да жақсы білу қажет. Өкінішке орай, ол кезде қазақ арасында патшалық Ресей заңдарын жетік білетін заңгерлер тапшы еді.

Орыс сот орындарының келімсектер пайдасына қабылдаған үкімдеріне халық үнемі мойынсұна бермеді. Кейде әділетсіз шешімдерде бағынбай қарсылық көрсетушілер де табылды. Олар зорлықшыл келімсектерден жерлерін қайтарып алу үшін соңғы шара ретінде қақтығысқа барды. Келімсектермен қақтығысқан қазақтар сот орындарында айыпты деп табылып, Сібірге жер аударылды. Шоқай би келімсектер мен жергілікті орыс әкімдеріне қарсы айқасқа барудың пайда емес екенін түсінді, қайта жағдайды ушықтырып жіберетінін білді.

Сондықтан ауық-ауық өзі де осындай әділетсіздіктерге душар болғанда басына түскен ауыртпалыққа мойынсұнудан әріге бармады. Орыс әкімшілігі Шоқай бидің үйін мектеп пен мұғалім, қызметкерлер тұратын жатақханаға айналдыру мақсатымен ақы төлеместен екі рет тартып алды. Шоқай мұндай әділетсіздіктерге қарсы күрес жүргізуден еш нәрсе өңбейтінін білгендіктен, екеуінде де көнбістік танытып, басқа жаққа қоныс аударып, жаңадан үй салды. Ал енді бірде келімсектердің қасақана қиянатына тап болды. Олар Шоқайдың егінге дайындап, жыртып қойған егістік танаптарын тартып алды. Шоқайдың бұған да шыдап, көнуден басқа амалы жоқ еді.

Шоқай би қарапайым тіршілік кешті. Ешқандай ресми қызмет атқармаған Шоқай би табан ет, маңдай терімен күн көрді. Күнкөріс табысын қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығынан гөрі, егіс өнімдерінен шығарып отырды. Өсірген өнімдерінің бір бөлігін сатып, бір бөлігін заттай айырбастау арқылы ырзығын айырды. Шоқай би өсірген өнімдерінің бір қатарын Ыстықкөл жаққа ұзатқан қыздарына жіберіп, олардан мал алып отырды. Өнімінің қалғанын мал мен шаруашылығына керекті құрал-саймандар үшін сол маңайдағы орыстармен айырбасқа жұмсады. Осылайша Шоқай асқан бай болмаса да орташа тұрмыс кешті.

Мұстафа Шоқайдың нағашы жұрты да қазақтар арасында беделді әулет еді. Анасы Бақтының әкесі жауынгерлігімен аты шыққан кісі болды. Түркістанды жаулаушы патша әскеріне қарсы жорықтарға қатысты. Әкесі Бақтыны да өзі секілді жауынгер етіп өсірді. Сірә, жорықтардың бір қатарына Бақты да қатысты. Ат құлағында ойнап өскен Бақты сонымен қатар бірсыпыра білім де алды. Өлең жазатын және дастандарды жатқа айтатын Бақты араб тілін де білетін еді.

Бақты – Шоқай бидің тоқалы еді. Шоқай би бәйбішеден бала сүймеді. Сондықтан екінші мәрте Бақтыға үйленген болуы керек. Шоқай бидің бес баласының бесеуі де Бақтыдан. Мұстафа үйдегі төртінші бала болды. Мұстафаны үйдегілер еркелетіп өсірді. Мұстафаға туған анасымен қатар бәйбіше де ерекше ықылас пен мейірім көрсетті. Мұстафа бастауыш мектепке баратын кезде төсек тартып, ауырып жатып қалғанда бір апта бойы үлкен шешесі бақты. Шоқай бидің ел ішінде беделді болуы төңірегінің Мұстафаға ерекше ықылас білдіруіне негіз болған сияқты.

Осылайша Мұстафа балалық шағында мейірімге бөленіп өсті. Мұстафа өмірінің осы кезеңіне байланысты жұбайы Марияға айтқандарына қарағанда, балалық шағындағы бұл тәрбие оның ылғи да жұрт назарында мақтаулы жан болуға ұмтылуына негіз қалаған болса керек. Сонымен қатар, өте сезімтал және өкпешіл бір мінезге ие болуына да себеп болды.

Мұстафа алғашқы білімін анасы Бақтыдан алды. Бақты ұлының сауатын бес жасар кезінде ашты. Бұдан кейін Мұстафа ауыл балаларымен бірге ауылдағы түрік имамынан дәріс алды. Бұл дәрістер Исламның негіздерін қамтыған діни сабақтар еді. Мұстафа ауыл балаларымен салыстырғанда осы дәрістерді және Құранды үнемі үздік оқыды. Анасы мен әкесі мұны әрдайым мақтан етті. Отбасының үлкендері үйге келген қонақтардың алдында оған ауыл имамынан үйренгендерін айтқызуды қызық көретін. Мұстафа да еш тайсалмастан үйренгендерін жатқа оқып беретін.

Діни біліммен қатар Мұстафа музыкадан да сабақ алды. Бес жасында домбыра тартып, ән салатын еді. Мұнда да оның алғашқы мұғалімдері – отбасы мүшелері болды.

Мұстафа Шоқай ауыл имамынан алған діни білімін аяқтап, мектеп жасына келгенде Түркістанда ол бара алатын төрт түрлі мектеп бар еді. Олар: ескі әдістегі медреселер, жаңа әдістегі жадит мектептері, жергілікті халық пен орыс балалары білім алатын аралас мектептер және орыс мектептері еді. Бұлардың ішінде соңғы екі мектеп орыс өкіметінің демеуімен сапалы білім бере білді.

Осыған байланысты әкесі Шоқай Мұстафаны аралас мектепке беруді қалады. Бірақ бұған екі әйелі мен ауыл имамы қарсы болды. Оған қарамастан Шоқай би ұлын жергілікті халық пен орыс балалары бірге оқитын аралас мектепке беруде табандылық танытты. Мұстафаның орысша білім алуына қарсы шыққандар баламыз ұлттық және діни ерекшеліктерінен көз жазып, орыстанып кете ме деп алаңдады. Тіпті діннен безіп, шоқынып кете ме деп қорықты. Бірақ Шоқай би ондай қорқынышқа бой алдырмады. Өз перзентінің орыс мектебінен білім алса да азамат болып шығып, өз халқына қызмет ететініне нық сенді.

Бірақ Шоқайлар тұратын маңайда аралас мектеп жоқ еді. Мұндай мектеп Ташкент, Ақмешіт секілді орталықтарда ғана бар болатын. Ал Шоқай бидің ауылы болса Ташкент темір жолы бойында, Сарышығанақ станциясына бес шақырымдай жерде орналасқан еді. Шоқай би баласын үйіне жақын Ақмешіттегі мектепке жіберуді ұйғарды.

Шоқай би Мұстафаны жеті жасқа толғанда оқуға тіркеу үшін Ақмешітке алып барды. Сонымен бала Мұстафа тұңғыш рет үлкен қаланы көрді. Қаланың у-шуы мен адамдардың көптігі алғашқыда оны шошытты. Екінші жақтан өмірде бірінші рет көріп тұрған таңсық шаһар тірлігіне таңырқай қарады. Әсіресе, сөрелері әр түрлі заттарға лық толы дүкендерді аң-таң болып тамашалады. Әкесі осы дүкендерде сауда жасап жатқанда, алғаш рет ақшаны көрді. Орыс тілін тұңғыш рет осында естіді. Орысша сөздерді еш түсінбегендіктен, орыс тілін ешқашан меңгере алмайтынына алаңдады.

Шоқан би оны Ақмешіттегі бір орыс мектебіне тіркеді. Мұстафа мек 



Скачать