Мағжан Жұмабаев (1893-1938)


Мағжан Жұмабаев (1893-1938)

 

Мағжан  Жұмабаев поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов: «Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай… Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазды.

Мағжанды сүйетін, еуропалығын, жарқыраған, әшекейін сүйетін Мұхтар Әуезовтің өз ойын осылай Мағжан қуғын-сүргінге ұшырап жүрген кезде ашық айтуы, бұл – Мағжанның шығармашылығына берілген баға, өсер елдің баласының сөзі ғана емес, азапты жолда жүрген ақынға ашықтан-ашық ара түсу, өз басын оққа байлағанмен бірдей нағыз ерлік еді! Мұхтар Әуезов оған саналы түрде барды. Өйткені олар ел тарихындағы ең бір жойқын да күрделі кезеңде тарихи-әлеуметтік құбылысқа сыншыл көзбен қарап, өзінше баға берген, ұлт бостандығы мен тәуелсіздгі жолындағы күресте білек біріктірген тағдырлас жандар-тын. Мұхтар Әуезов Мағжан қаламынан шыққан туындыларға әркез зер салып жүреді, «Алқа» бағдарламасымен де алғашқылардың бірі болып танысады. «Бағдарламаның кеңестік идеологияға қарай икемделіп жазылғанын Мұхтар аңғармады емес. Мұны солшыл бағытта жазылған деп түйіндеуінен байқаймыз. Негізінен ол бағдарламаны мақұлдап, нақты әрекетке көшу керектігін айтып, Мағжанға жауап хат жолдайды». (Ш. Елеукенов «Мағжан мен Мұхтар», «Жұлдыз», 1997 ж.№10, 112б.).

Мағжанның бұл еңбегінің М. Әуезовтің қолына тиюі де қызық. Мағжан қолмен көшіріліп көбейтілген санаулы ғана «Алқа» бағдарламасының бір данасын Мұхтарға өзі тапсырады. Бұл да оның Мұхтарды бағалағандығының, оған деген ықыласы мен сенімінің ерекше болғандығының көрінісі деп түсінуіміз керек.

Осы екі ұлы қаламгердің шығармашылығындағы тағы бір тоғысуға назар аударайықшы. Мағжан «Ертегі», «Оқжетпестің қиясында» дастандарында Кенесары ханның тұлғасын сомдаса, даналығын, даралығын, алғырлығын, кемеңгерлігін жырласа, Мұхтар «Хан Кене» атты пьеса жазып, оның болмыс-бітімін, ел тарихындағы ролін аша түсті. Олардың пайымдауынша, хан Кененің тағдыры ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының қасіретімен тығыз сабақтас, үндес. Осылай қос арыс қазақты қалың өрттен қайтсем құтқарам деген тілек үшін жанын құрбан етуге даяр Кеңесарыны биікке көтеріп қана қоймайды, империялық санаға, бодандық санаға қарсы күресте бірлесіп шеп құрады.

«Мағжан-ақынның ақыны». Содан да оның жырларын талдауға шеберлігін сынауға екінің бірінің жүрегі дауаламаған, бі­лімі, күші жете бермеген. Бұған қасы мен досы қатар жүрген кезде де ешкім уәж айта алмаған. Қазақтың белгілі ағартушысы Жүсіпбек Аймауытов 1923 жылы Ташкентте оқып жүрген қазақ студенттерінің алдында жасаған баяндамасында Мағжан сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқырлығымен, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті екенін айта келіп, «Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз» – дейді, Мағжанды Пушкинге теңейді. Осы арада орыс халқының үлкен ақыны, ғалым В. Я. Брюсовқа телініп жүрген «Мағжан – қазақтың Пушкині» деген сөздердің нағыз авторы кім екенін айыруға болатын сияқты.

Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатындағы Мағжан Жұмабаевқа қатысты құжаттардың арасында оның өзі тапсырған өмірбаян парақшалары да бар. Біріншісін Мағжан 1923 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеудегі жоғары көркем әдебиет институтына қабылданғанда толтырады. Туған жері, тұрағы, қайда, қандай білім алғаны, отбасы туралы қысқа да нұсқа  деректер: жоғары оқу орнына түскенге дейін Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқыған, мектепте мұғалім, газетте редактор болған, үйленген.

Ал екінші парақша бертінге дейін Петропавл педагогика техникумының мұрағатында сақталып келді, тапсырылған уақыты 1927 жылғы 1 қыркүйек деп көрсетілген. Мұнда Мағжан 1925 жылы әдебиет институтын тәмамдағанын, он жыл еңбек өтілі бар екенін, қазақ тілінен сабақ беретінін жазады. Мағжан бұл кезде:

Күннен туған баламын,

Жарқыраймын, жанамын.

Күнге ғана бағынам! –

деп өзінің туған ұлтының аспандағы Айы, көгіндегі Күні, әмсе ақыл-ойының, парасатының өлшемі, асқар биігі, мақтанышы, тағзым етер тұлғасы болуға ұмтылысын танытып үлгерген дауылпаздың нақ өзі еді.

Мағжанның дарыны ерте ашылды. Бозбала шағында балғын үнімен, сырлы да сұлу жырымен баршаны баурап, Ғ.Ибрагимов сияқты үлкен тұлғаның назарына іліккен ақын орда бұзар отызында қиянға сермеген қанаты талмайтын қыран екенін шын танытты. Алда оны не күтіп тұр еді? Басқалар тонды кең пішкенмен Мағжанның өзінің оған терең бойлап, алаңдамағаны анық. Ол тек елім, халқым деп соққан жүрегінің дүрсіліне құлақ түрді. Содан да өз бойына ұлтының ащысы мен тұщысын, қуанышы мен қайғысын, қызығы мен азабын қат-қабат қондырып, тағдырлы, тауқыметі мол, тайғағы көп жолды таңдады.

Қанатын еркін сермей алмай қапыда кетті, жақұт жырлары қаратүнек қойнауында қалды, артық-кемі жоқ, жарты ғасыр бойы тұншығып жатты десек те, солақай, содыр  саясат оның өзін де, сөзін де жоя алған жоқ. «Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар» деген ақынның өз сөзі ақиқатқа айналып, Мағжан халқымен қайта қауышты, мәңгілікке оралды. Міне, содан бері де жиырма жыл өтті.

Осы уақыт ішінде біз Мағжан туралы біраз жайларға қанықтық. Мағжанды жарыса жазу үрдісі жиырмасыншы ғасырдың 90-жылдарына дөп келді. Қазір біршама саябырлаған секілді. Бұдан, әрине, ұлттың ұлы ақынына деген сүйіспеншілігі ортайып қалды деген ұғым тумасқа тиіс. Мағжанның өзі де, жыры да мәңгілік, елімен, халқымен бірге жасай береді.

Мағжан туралы жазылған еңбектерді кезең-кезеңге бөліп қарастырар болсақ, Мағжанның көзі тірісінде, қуғын-сүргінге ұшырап, толық ақталғанға дейін жазылған дүниелердің бір төбе екенінде дау жоқ. Нақ сол кезде анық сөзін айтып кеткен­дердің қатарында Жүсіпбек Аймауытовты, Мұхтар Әуезовті, Ахмет Байтұрсыновты, Сұлтанбек Қожановты және басқаларын атауға болады. Бұлардың  мағжантануға қосқан үлесі өлшеусіз. Осы орайда есімі елімізге белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтың естелігі де аса құнды дүние десек қателесе қоймаспыз. Оның естелігі ұзақ та емес. «Бұл қарапайым естеліктің айырықша қадірлі болатын тағы бір себебі – оны авторы қайта құрудың шарапатынан әлдеқашан бұрын (70-ші жылы) жазған. Ешқандай есепсіз адал жанымен жазған» (Құлбек Ергөбеков). Айтса айтқандай, естелік иесі ерекше құрметке лайық, батылдығымен аты шыққан ғалым. Оның өзі де ұлт­шылдық қамытын киіп,  қуғын-сүргінді көп көрген.

Енді осы қоспасыз таза естелікке үңілер болсақ Мағжанның бейнесі жарқырап алдымыздан шығады. «Мағжан сұлу еді: орта бойлы, толық денелі, бұйра қара шашты, ақ құба бидай өңді еді. Бет пішіні Абайдың белгілі  суретіндегі бет пішініне ұқсайтын. Жүріс-тұрысы жарасты, сәл маңғаз еді. Осының бәрінің үстіне ол қыз  мінезді еді» – деп жазады Б. Кенжебаев.

Осы айтылғандар Мағжанның шын бейнесін ашатын сөздер. Олай болатын себебі, Бейсембай Кенжебаев Мағжан Жұмабаевты жақсы білген, 1922 жылы Мәскеуде Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқып жүргенде оның алдынан дәріс алған. Бұл кезде Мағжан Жұмабаевтың өзі де студент болатын, ол  Мәскеудегі жоғары көркем әдебиет институтында оқитын. Бейсембай Кенжебаев: «Мейлі, лекциялық сабақта болсын, мейлі, практикалық сабақта болсын, ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдер мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация  оқып тұрған тәрізді барлық нәшін, сипатын, қимылын келтіріп айтатын» деп Мағжанның білімінің тереңдігіне, алғырлығына тәнті болады.

Осы естелік Мағжанның Абайды пір тұтқанын, оған қатты еліктегенін тағы да дәлелдей түседі. Мағжан студенттерге Абай өлеңдерін оқып-үйретеді, олармен бірге Абайдың жаңа жыр жинағын талдайды. Бір кездескенде өзінің шәкіртіне аудармаға қатысты ойларын бүкпесіз білдіріп: «Басқа тілден шығарма аудару – ол шығарманы өзінікі етіп алу деген сөз, өзінікі болған соң, ол өгей бала емес, туған бала болуға тиіс. Яғни өгей бала екені мүлде білінбеске керек. Ол үшін шығарманың тұрқы, тұлғасы аударылмай, мағынасы, рухы аударылуы қажет», – дейді. Ол  осылай Абайды жүрегімен ұғынған. Олардың жырларындағы үндестік те осыны дәлелдейді. Қазақ үшін Абай қалай қайғырса, Мағжан да солай қапаланады. Өзінің ұлттық таным-тағылымы жеткен биікке ол өз халқының да орнығуын  тілейді, ботадай боздайды, аңсайды, армандайды, әйтеуір өзінің ұлтын сол асқаралы заңғардан көргісі келеді.

«Мінезі баладай, тілі балдай еді. Адамға қайырымды, кешірімді,  қалтқысыз жан еді… Білімді, алғыр, ойшыл, орысшаға, шығыс тілдеріне ерекше жетік-ті». Сәбит Мұқановтың осы сөздерінде де көп сыр жатқан жоқ па? Өмір жолы Мағжанды әр кезде заманы бір, өзі тұстас қазақтың зиялыларымен кездестіріп отырған. Сәбеңнің айтуынша, алайда, олардың идеялық жолдары бөлек болған. Кеңестік дәуірді, оның табыстарын жырламаған, ескіні, байшылдықты, ұлтты  



Скачать