Махамбеттің жыр жебесі
Махамбеттің жыр жебесіКез – келген тарихи, яки болмаса шығармашылық тұлға тек өз халқының інжу – маржаны ғана емес, жалпы адамзаттық бастау ретінде «әлем азаматы» санатында болып әр кезеңдегі, әр алуан халықтың мәдениетін тоғыстыратын буын болатыны қақ. Міне, осы пікірге әлемдік қауымдастық ЮНЕСКО шеңберінде 200 жылдығы тойланып отырған дара тұлға, қазақтың ұлы ақыны, бостандық пен еркіндік үшін күрескер Махамбет Өтемісұлы да тұтастай жатады. Поэзиялық мәдениет, өлең – жыр құрастыру өнері, ұшқыр суырып салмалық, сөз сайыс – түркі көшпенділерінің ұрпақтан – ұрпаққа беріліп келе жатқан көне дәстүрі, ол ғасырлар бойы классикалық жанрлар мен олардың нұсқаларын, өмірдің идеялық жан тебіренісінің бағамын, көркем түрлерін, этникалық біргейлігін т.б. канондарын айқындап, бойына сіңірді. Міне, осы байламдар, жетістіктер мен тұжырымдар әрине өзге де этностардың, халықтар мен ұлтардың өнері мен мәдениетіне елеулі ықпал етіп, оларды жан – жақты толықтырып отырды. Дала поэзиясының ғұмыр кешкен әр дәуірінде қысқаша тарихи шолу, онымен таныстықты, оны оқып - үйренуді былай қойғанның өзінде кез – келген адамға әсер етіп, оны асқақтатады … Сонау Ежелгі Грекия, кезінде дала жырауы, әрі шайыры Анахарсистің ой ұшқырлығы мен тапқырлығына тәнті болған. Сөз саптасының айырықша өрнегі, жырындағы тұжырымның жымдастығы оны Солон, Фалес, Биант, Клеабул, Эзоп т.б. сынды ұлы грек ойшылдарынан ерекшелеп, пікірталастарда озық шығып, көпшіліктің назарына ілікті, даңққа ие болды. Батырлықтың поэзиялық пафосы түркі қағандарының Орхон – Енисей жазбаларында көктелген. «Мәңгі таста» қашалған осы «іргелі жазбалар» сол халықтың дүниетанымы, діни көзқарасы, патриотизімі, езгіден құтылу жолында төңкерісшіл рухының күшін, еркі мен қайрат – жігерін мәңгілікке өрнектеп, Л. Гумилев жазғандай бабаларымыздың «сөз құдіретін» бейнелеген. Иә, сонау дәуір мен орта ғасырларда көшпенділердің поэзиялық мәдениеті, құндылықтары мен идеалдары жинақталған қаншама дереккөздер із – түссіз беймәлім болды десеңізші. Тіпті тасқа қашалған жазбалардың өзі күн мен жаңбырдың әсерінен бүлініп, «от пен қылыштың» салдарынан жоқ болды. Сансыз санасыз соғыстардың зардабынан қалалар күлге, қирандыға, жабайы шөп басқан өлі далаға айналды. Солармен бірге жәдігерлер, ескерткіштер, кітаптар, жазбалар, шежірелер т.б. рухани игіліктер де тып – типыл етілді. Бәлкім, осы себептер түркілердің ауыз әдебиетінің өркендеуіне түрткі болған шығар? Фольклордың оқиға желісін таңдау, жаттау және қайталау арқылы жеке бастан табиғи әрі қауымдық жадқа сүйене отырып жеткізу жазба тілдің алдында белгілі бір артықшылығы болды. Кітаптарды, олар сақталатын ғимараттарды жағып жіберуге болады, бірақ ауызша дүниелерді құрту ешкімнің де қолынан келмейді. Музыкалық сүйемелдеуге келетін, өзінің тартымдылығымен, өзіндік сипатымен баурап алатын ауыз әдебиеті, оның ішінде поэзия көшпенділердің жанына жақын тұрды. Түркілерге ортақ осы заңдылық қазақ поэзиясында, оның ішінде Махамбет поэзиясында тұтастай көрніс тапты. Ол оқи да, жаза да білетін, әйтсе де өзінен бұрын ғұмыр кешкен Асан Қайғы (ХІV - ХV), Доспамбет жырау (ХVІ), Шалкиіз ақын (1456-1560) т.б. шығармаларын арқау ете отырып ауызша шығармашылыққа ден қойды. Даланың батыр – сайыпкерлері бір мезгілде әрі өлең құрастырушы, әрі поэтикалық жыршы да бола білген. Халық осы сарбаздарды, ақындарды, композиторларды, ойшылдарды жақсы көрді, кездесуге құштар болып, оларды моральдық жағынан демеп, қошемет көрсетіп отырды. Осы дәстүрді жалғастыра отырып Махамбет толығымен дала серісінің үлгісіне әрі идеалына сәйкес келді, ол тек сарбаз – ақын ғана емес, өз шығармаларын орындаушы музикант – композитор да болды. Өзінің алдындағы поэтикалық дәстүр сабақтастығымен бірге, Махамбет музикасының ғұмыр кешкен дәуірге әрі өзінің жеке басына байланысты қайталанбас та жеке – дара ерекшеліктері бар. Дәстүрлік пен сыр – сипаттың қос бірлігі дала жыршысы шығармашылығының өзегіне айналды. Махамбеттің барлық жырлары даралығына қарамастан, ортақ рухпен, асқақ та драмалық патетикамен, проблематикамен, идеялық – көркем мазмұнмен өрнектелген. Махамбеттің жырларында эпос, драма мен лирика бір – бірін алмастырып қана қоймай, өзара жымдасып жатады. Ерлердің (1835-1837 жылдарда Бөкей ордасы қазақтарының антифеодалдық көтерлісінің басшысы Исатай Таймановтың, оның үзенгілес әріптесі Махамбеттің де) ерлігі, олардың ерліктерінің асқақ көрнісі, өзін - өзі құрбан ету (эпикалық) Махамбетке өкінішпен, торығумен, үмітсіздікпен (драмалық), адам тіршілігінің мәні, ажал мен мәңгілік, адамның алатын орны, оның идеалдары, рухани құндылығы (философиялық лирика) туралы ойлармен ұштасып, астасып жатады. Ақын шығармашылығының мән – мағынасы, басқаша айтқанда, оның шығармаларының тақырыбы әр жырының тұтастығын, гармониялық бірлігін сипаттайды. Таным мен сипаттың осы мән – мағынасы Махамбетке жалпы түрде адамдардың әлеуметтік мінез – құлқының сыртқы күштерге, ішкі жан дүниеге қатысты, сондай – ақ ойы мен көңіл күйінде айналшықтап отырады. Осы сипаттар қоғамдық өмірдің, оның сұранысы мен қажеттілігінің айшықты белгілерінің дербес жүзеге асуы түрінде байқалады. Махамбет жырларындағы кейіпкерлер кездейсоқ емес, ол сол дәуірдің шынайы қажеттілігінен, әр түрлі әлеуметтік мүдделердің қарсы тұруынан туындаған. Ақын тарих сахнасына шыққан ерлердің жауапкершілікті, жаугершілік ауыртпалықты өзіне алуының, ізгіліктен бас тартуының заңдылығы жайлы терең де ойлы ойды зергерлей отырып негіздейді. Ал, өз мүддесінінің өзегіне әлеуметтік қайта құру, қоғамдық қатынастарды түбегейлі өзгертуді мақсат етіп қойғандықтан Махамбет поэзиясы осы түпкілікті мақсат пен міндетке бағындырылған. Оның шығармашылығының ерекшелігі де осы да. Ақын ықтиярсыз да, парасаттылықпен де тақырып таңдауда өзін - өзі шектейді, әртүрлі – тақырыпқа, табиғат пен қоғамның мәнділігі жайлы абстрактілі пайымдауда кез келген дүниеге бас ұрмайды. Міне, сондықтан да оның жырларында қызыл сөзге үйір болу, ақылгөйсу, жырлар үшін өз жырына рахаттану, өзінің алдындағы әріптестермен ашық сайысқа бару, оларды қайткен күнде де басып озу т. с. с. атымен жоқ. Махамбет өзінің болмыс – бітімін ең алдымен ел мүддесіне қызмет етуге бағытталған ер – сарбаз ретінде тиянақтады; сөз құдіретін, өзінің поэтикалық дарынын біле әрі игере отырып, төңкерісшілердің қаруына, идеологиялық үніне бейімдеді. Махамбеттің жыр-жебелерінің тақырыбымен айқындалған әлеуметтік сипатта, әрине, жан-жақты һәм күрделі де, шым-шытырық қоғамдық байланыстар мен қатынастарға бойлау басым. Сол себепті кез келген шығармашылық иесі оларды тек жалаң жазумен ғана шектелмейді. Ол кейіпкерлердің басты қасиеттерін, маңызды ерекшеліктерін айқындауға ұмтылып, жеке басының жарқын жақтарын жақсартатын, көлеңке жақтарын көлегейлеп, олардың артықшылығы мен кемшілігін қақтығыспен суреттей образдарды контраст бойынша ашуға ұмтылады, бұл шығарманың өзекті мәселесіне айналады. Мәселенің тереңдігі мен түйіні бейнелеп отырған шындықтың қаншалықты маңыздылығына, сондай-ақ автордың ұстанына, оның дүниетанымына, мақсаты мен міндетіне саяды. Шашақты найза шалқар күй Әбіш Кекілбаев, халық жазушысы Қай халықтың да қадір тұтары - өзінің сөзін сөйлеп, кегін қуар ақыны мен батыры. Екеуі де тек халықтың ғана бойынан табылар сарқылмасжігер мен шабыттың, сана мен сабырдың, тәуекел мен арманның түлегі. Екеуі де жұртын елдікке бастаса, қайсыбір жұмыр басты пенденің болсын өресі жетпес ерен ерлікке, кемел кісілікке бастары хақ. Екеуі де тасқындаған қайраттың ғана емес, ең алдымен, кең толғап, кемсіз пішер кемеңгер ақылдың көрінісі. Ал, осы екі қас қасиет бір адамның басына сыйып, бағына бітсе ше… Онда таңданатын не тұр! Тек батыр бас тігер көзсіз ерлікке алдымен ақынның дәті барып, қарымдас халқына жар салса, тек ақынның асқақ шабытына лайық нар тәуекелге тек батыр ғана бел буар болса, одан жарасымды, одан ғанибет не болушы еді! Сондықтан да, ол табиғаттан қалаған уақытында табыла бермейтін асылдай аса сирек кездесетін құбылыс. Махмбет те сол асылыдң, сол сиректің бірі. Ондай құбылыс тек қазақ түгілі барша адамзаттың ғұмырында да көп кездесе бермеген. Махамбет кәдімгі он екі жілік, бір мығым жұмыр басты пенденің ертегідегідей аңызға айналуының, тек ертегіде ғана кездесетін ғажайып ерлердің қайтадан шындыққа айналуының таптырмас бір мысалы. Бұрын кез-келген қазақ жырын жатқа білетін ақын Махамбет, атының әрбір әрпі атой салып тұрғандай естілетін батыр Махамбет кейінгі жылдары табылған бұлтартпас дәйекті деректер көрсеткендей күйші де екен. Қапелімде, қай құлаққа да таңсық естілер бұл дерекке де таң қалатындай ештеңе жоқ сияқты. Батырдың найза ұстамауы миға қандай қонбаса, ақынның домбыра ұстамауы да сондай ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ, бұл екеуінде ақынды да, батырды да желпіндірер халық басындағы тасқын күш, топан ашу, толағай тағдыр болғанымен, кез-келген көк найзалы батырдың қызыл сөзге суырылып тұрған ділмәр шешеннің семсерін жарқылдатып қан майданға шыға бермесі қандай ақиқат болса, қолына домбыра ұстаған кез-келген ақынның сөзді қысып, сазды сөйлетер аруақты композитор бол бермейтіні де сондай ақиқат. Ал, Махамбеттің адам таң қалатын жері де, сол бола берместің бәрін болдырта білгендігінде ғой. Алдымен Махамбет болу қиын, ал Махамбет болғасын батыр болу да, күйші болу да оп-оңай сияқтанып тұратындығы да осыдан шығар. Сол бір туар Махамбеттің қайда салсақ та саф алтындай жарқылдап, ақ алмастай қиып түсіп, шыны майдай шыжғырынды шындықпен көкірегіңді өртеп түсер құдіреті неде? Батыр болса кез келген тымақты шоқпар ұстаған сотқар заманда екіленген есер болмай, еңіреген ер болуының, ақын болса – бардың алдында байпақтап, жоқтың алдында шайқақтап шыға келер өзге әріптестеріндей мақтаушы болмай, жоқтаушы болуының сыры неде? Міне, гәп қайда жатыр? М Скачать |