Жұбан Молдағалиев


Жұбан Молдағалиев

 

Бір естелік

86-ның ызғарлы желтоқсанындағы дүрбелең халық көкейінде әлі жаңғырып тұр. Уақыт алға жылжыған сайын кезінде айтылуға тыйым салынған шындықтар там-тұмдап болса да, оқиғаны көзбен көргендердің аузымен айтыла бастады. Жастардың зиялы қауымға деген сенімсіздігі де сол кезде қалыптасты. Ызғарлы желтоқсан оқиғасының басы-қасында болған жастар аға буынды «алаңдағы жастарды қолдамады, қорғамады, керісінше бірге жазаласты» деп әлі күнге дейін кінә артса, сол кездегі оқиғаға жаны ауырып, жастарға араша түскен бірлі-жарым зиялы қауым өкілдерін әлі күнге құрметпен еске алысады. Сол құрметке ие азаматтардың бірі – ақын Жұбан Молдағалиев. Ақынның «Желтоқсанның көргенше он алтысын, Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен» деген жүрекжарды шындығы ауыздан-ауызға жететін бүгінгінің аңызына айналғандай. Жұбан ағаның осы азаматтығын көзбен көрген ақын Ақұштап Бақтыгеерева өз естелігінде төмендегі жайттарды тебірене отырып әңгімеледі.

 

Жұбан ақынның өз сөзі

Жазушылар үйіндегі Жұбан Молдағалиевтің айтқан сөзі кейін баспасөз беттерінде, әр жерде бұрмаланып, жұмсақталып айтылып жүрді. Бірақ сондағы айтылған шын сөз менің құлағымда дәл сол күйінде әлі жаңғырып тұр. Жұбан ақын қатқыл үнмен былай деген: «Что хотите от моего народа, дорогой товарищь? Казахстан был лабораторией дружбы народов. Отняли у нашего народа все. И веру, и язык. Ваши братья поднимая целину, (топтали) тракторами степных (могил) моих предков. И это мы простили. Что еще хотите?»

 

Көзкөргеннің көңілге түйгені

Біз алаңдағы оқиғаны көзбен көрдік. Кейінгі буын оның шындығын жете білмейді. Естіген деректер, оқыған дүниелер бойынша саралайды. Сол себепті де біз, көзкөргендер, оқиғаның ағын «ақ», қарасын «қара» деуіміз керек. Менің ақын сөзінен көңілге түйгендерімнің бірі ғана төмендегідей өрбіді:

…Жаңа жылдық халыққа сәлем жолдап,

Жазушылар үйіне Колбин келді.

Біреулер бастық көрсе қуанатын,

Біреулер жүр жалпылдап сұрап атын.

Бір кезде жазушылар мінбесіне,

Барады көтеріліп Жұбан ақын.

Қазақша акцент толқыған қатал үнмен:

«…Ақынша айтсам, бұл елдің бұл мазағын,

Менің елім көтерді күллі азабын.

Тың жерін де игерген бауырларың

Тракторге таптатқан қыр қазағын.

Көнді емес пе, оған да халқым менің,

Берді емес пе байлығын, алтын, кенін?!

…Кеше алаңда сабаған – сенің тегің,

Ал таяқты жегендер – менің балам.

Ақын жүрек тартуда содан қайғы,

Шыдамаймын айтпауға жарап жайды.

Кешір мені, замандас, осы жолы –

Жұбан сізбен пікірлес бола алмайды!..

Шындығында да, Жұбан аға айтарын түгел айтты да: «Я не могу быть вашим сторонникам!» – деп, ақырын басып, мінберден түсіп кетті. Залда отырғандар сілтідей тынды да қалды. Не қол соға алмайды, барлығы тек іштей құптағаннан басқа еш әрекетке бара алмады. Өйткені бір-бір құқық қорғаушы барлығымыздың желкемізден төніп тұрған-ды. Бірақ бір кезде залдағы тыныштықты аяқ тарсылы басып кетті. Қол соға алмаған әлеумет аяқтарымен жер тепкілеген…

Құдды бір залдағылардың ішінде Жұбан – бөрі, біз – қояндардаймыз…

 

Жар сөзі

Жұбан Молдағалиев өмірден өткеннен кейін ол кісінің жары София апай бір әңгімесінде Ақұштап Бақтыгерееваға Колбиннің келуіне ақынның қалай дайындалғанын айтып беріпті: «Колбин келерден бір күн бұрын ол кісіге Орталық Комитеттен телефон соғылады. «Сіз «Мен – қазақпын» деп жырлаған ақынсыз. Ертең бірінші басшы келеді. Соның алдында бүкіл зиялы қауымның атынан сөз сөйлейсіз. Жақсылап дайындалыңыз» дейді. «Жарайды» деп уәдесін беріп алған соң ол кісі түнімен сөз жазып дайындалды. Ары бір, бері бір жүріп, бөлмені кезіп кетті. Бір кезде таң қылаң бере түнімен қиналып жазған қағаздарының бәрін жыртып тастады да, сыртқа шығып кетті. Содан артынан жиналыста айтқаны елге мәлім»…

 

ЖҰБАН МОЛДАҒАЛИЕВ 

(1920—1988)

 Жұбан Молдағалиев 1920 жылы Батыс Қазақстан облысында Сайқұдық деген жерде туған. Мектептен кейін Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқыған.

1940—1947 жылға дейін әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әскерден оралғаннан кейін түрлі қызмет атқара жүріп, шығармашылықпен айналысады. «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз» журналы редакцияларында жұмыс істейді.

Тұңғыш жинағы «Жеңіс жырлары» деген атпен 1949 жылы жарық көреді. Адуынды жырларымен ұлттық әдебиет әлемінде тез танылады.

Жұбан — өзінің атақты «Мен — қазақпын» деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын. Ол — Ұлы Отан соғысы жылдарында келген ұрпақтың ірі талантты өкілдерінің бірі. Бұл жылдары жыр әлеміне келген ақындар шығармашылығында Отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім жатты. Сондай-ақ азаматтық намыс, кек, елге, жерге деген сағынышқа толы болды. Осы ерекшеліктер Жұбан Молдағалиевтің 1949 жылғы «Жеңіс жырлары» кітабында анық байқалады.

Ж. Молдағалиев туған жері — Жайық бойы жайлы әдемі жырлар қалдырды. Ал 1914 жылы жазылған «Сағындым, Жайық» өлеңінде ақын өзінің суреткерлігімен көрінеді.

 

Сағындым сені, Жайық, алма бақты,

Өткізгем өз бойыңда жастық шақты.

Сүюші ем төңкерілген толқыныңды,

Солқылдап соғып жатқан жарқабақты.

Суына қармақ салып, ілгем талай,

Күмістей жалтыраған ақ шабақты!

 

Мұнда ақын туған, өскен жерге деген сағыныш сезімін өзен, толқын, «күмістей ақ балық», т.б. нақты дәл берілген суреттер арқылы оқырманның көз алдына келтіреді. Жайықтың әсем көрінісі өрнектеледі.

 

Алғашқы жырларынан-ақ Жұбан жалаң ұраншылдыққа берілмей, адамның шынайы көңіл күйін, сезімін қоршаған ортаның шындығымен астастыра жырлайды. «Алматы тау өзені» өлеңінде:

 

…Тау текедей бір ұсталмай

Тастан-тасқа атылды.

Темір тиген хрустальдай

Шытынайды, уатылады, — деген жолдарда ақын толқындардың шатынауын естіртеді, өзен ағысының күштілігі көз алдымызға келеді. Өлеңнің әсерлілігі, өлең ерекшелігі келесі шумақта бір-бірімен байланыста жымдаса түседі.

 

…Тау бұйырса, сыз бұйырса,

Желе  жортар желі даяр,

Кұз құласа, мұз құйылса,

Сең-сең тасы, селі даяр… —   деп, ақын тау өзенінің жан-жақты тағы бір қыр-сырын аша түседі.

 

«Қазақ тілі» өлеңінде алдымен халқымыздың көне дәуірден бергі тарихына үңіле келіп:

 

…Жерленген әсем қалалар,

Мүжілген, шөккен

Таулар да

Шұбарлап түзді.

Алалап

Шеру сап өткен жаулар да…

Жау тисе сырттан өріске,

Салыпты бүлік бәрі іште,

Пана да түскен бөліске,

Ана да түскен бөліске… — деген жолдарда ауыр тауқымет, жау ойраны, азап тартып бәрін көтерген, басынан кешірген ана мен жер, іштегі бүлік, бөліске түскен мал мен жай тағдырына үңілдіре түседі. Осындай қиын кезеңді басынан өткізген бүкіл халық тағдырына ортақтаса түсеміз; келесі шумақтар оқырманды өзіне тарта түседі…

 

…Бүтіндік, бірлік

Ерсі боп,

Жақында мал-жан енші боп.

Тіліміз ғана тұрьш та

Емші боп, әрі елші боп.

Сол ғана қалған бөлінбей

Бөліске түсер кезде ондай

Сол ғана қалған бөлінбей—

Жүректей,

Күндей,

Ождандай … — деп, жау ойранында бөліске түспей, қадір-қасиетін сақтап қалған тіліміз ғана болғанына еріксіз куанасың. Ана тілінің құдіретін танытуда ақынның ең алдымен қиын асуларды суреттеуінде үлкен мән жатқанын байқауға болады. Қандай қиыншылықта да тілдің сақталуы өз оқушысын ойландырмай қоймайды.

«Бокс заңы бойынша» өлеңінде ақын алдымен оқырман назарын бокс заңына аударып, өмірдегі кездесетін күншілдікті, нағыз талантты көре алмаушылықты сынап, әшкерелейді.

 

Жекпе-жек — заңы бокстың

Бірге — жүз қарсы тұру жоқ.

Желкеден періп оқыста,

Кіндіктен төмен ұру жоқ…

…. Тұрмыста, әттең, қарсы жақ

Бетпе-бет келе бермейді — деп өкініш білдіре отырып:

Жүгінсін бокс заңына,

Ар-ұят деген сотты ұқсын,- деген жолдар арқылы адамдыққа, адамгершілікке үндейді. Өлең көпшіліктің көкейіндегісін тап басуымен әсерлі.

 

Жұбан Молдағалиев өзінің кейбір лирикалық өлеңдерінде: «Аққу», «Махаббатты жырласаң», «Аққуым аспанда емес, жер бетінде», «Көзімде қалды суретің», т.б. сияқты жырларында адамды сүю, бағалау, жар сүю, ана махаббатын аялау, Отан сүю сезімдерін сабақтастыра жырлайды. Мәселен, «Махаббат ерлігі» атты өлеңінде махаббаттың құдіретті күші нені болса да жеңетінін паш етеді, екі мүгедектің (соқыр мен ақсақ) бірін-бірі демеп, сүйеп жүріп өнер көрсетуі өмір мен тіршіліктің өлмес күші екенін танытады.

Ақын «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деген белгілі ө 



Скачать