Жүрегі жүз жыл жырлаған(Жамбыл)


Жүрегі жүз жыл жырлаған(Жамбыл)

 

Жүрегі жүз жыл жырлаған

Менің пірім — Сүйінбай...

Қазақ халқы табиғатынан ақын халық. Есте жоқ ескі замандардан бергі ел тарихының көркем шежіресін жасаушылар да, оның сақтаушылары да сөз зергерлері – ақындар.

Ғасырдан ғасырға жалғасып, атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ сөз өнерінің айшықты бір саласын телегей-теңіз жыр тудырған жыраулар құрайды. Олар: Йоллығ-тегін, Тоныкөк, Сыпыра, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Шө­же, Майкөт, Марабай. Қазақ жыраулары тарихты түптен таратып айтатын шежірешілер, миллиондаған жыр жолдарын жадында сақтай алатын ұлы даланың көшпелі академиясы еді. Байтақ қазақ даласын жырға кенелткен, осы бір теңдесі жоқ өнерді биікке көтерген, ілгері дамытқан даңғыл жыраулардың ең соңғы үздігі – Жамбыл. Ол – эпик әрі айтыс ақыны, абыз жырау, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы заңғар поэзияны жасаушылардың ерен ұлысы. Жамбылдың құдіреті оның осындай асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған даралығымен де әлемді таңғалдырған.

Жамбыл Жетісудың төрінде, жырдың тұнып тұрған шағында туды. Бұл кезде Жетісу ән мен жырдың бесігінде болатын.

Жамбыл дүниеге келгенде Жетісу Қоқан хандығының қол астында еді. Құдияр ханның датқалары елге лаң салып, жұрттың аузына қақпақ, басына тоқпақ болып, қазақты оңынан да, солынан да доптай домалатты. Шапқыншылықтан, қысымнан әбден ығыр болған ел ығысып, сынаптай сырғып, жел айдаған бұлттай жөңкіліп көше берген. Үдере көшкен сондай бір боранды қыста Ұлдан ана көш-жөнекей түйе үстінде толғатып, болашақ ақын Байғара, Хан Жамбылдың етегінде, ықтырмада дүниеге келеді. Шапырашты – Екей осында қыстап, жаз Алатаудың баурайын, Құлансаз, Суықтөбені жайлаған. Ата қонысын қорғамаққа Сұраншы батыр мен Сарыбай би қол жинап, Ұзынағашта Қоқанның биі Қанатшаны талқандап, өз елін, өз жерін азат етеді. Әулиеатаны да босатып, Ұлы жүз батырларының Қоқанға қарсы соғысында Сұраншы 1864 жылдың шілдесінде Сайрамда ерлікпен қаза табады. Сарыбай аяғынан жараланып, Ташкентке дейін барады.

Сайрамнан Сұраншының сүйегін әкеліп ауылына жерлеген, жан-жаққа бытырап кеткен Екейдің басын қосып ел еткен осы Сарыбай еді. Жаугершілік заманда Екейдің бір ауылы Найман арасына, енді бірі Іле бойындағы Сарыүйсінге, біразы Албанға, бір бөлегі Ыстықкөлдегі қырғызға сіңісіп кетеді. Осыншама бытыраған Екейді біріктіріп, ел етуде Айдос баласы Сарыбай бидің орны бөлек. Өкініші, Жетісу, Оңтүстік өлкесін Қоқаннан азат еткен Сұраншының да, Сарыбай бидің де осы уақытқа дейін есімдері еленбей келеді. Мұны ескеретін мезгіл жеткен тәрізді.

Сұраншының өлімін елдің игі жақсылары түгел жиылып естіртсе керек. Сонда анасы аңырап көп жылапты деседі. — Бәйбіше, бір күндері сауыны келген биедей едің, бұл күндері ботасы өлген түйедей болдың. Кедейбайың Сұраншыдай болмай ма? Орта құрсағың толмай ма? Кедейбай да ер жетер, көп жыласаң ел кетер, сабыр ет! – деп Бердібек шешен көпшіліктің атынан басу айтқан екен. Кедейбай бертінде болыс болған. Міне, Жамбыл осындай қарбалас кезеңде, аласапыран заманда, керең дүние кедейдің үнін естімейтін кезде өмірге келген.

Өлең кірген түсіне Жөргегінде мен болам,

– деп өзі айтқандай, Жамбыл өмірге өлең болып туған. Ылғи ақын әрі батыр Шапыраштыдан Сүйінбайдай, Жамбылдай ақындардың туылмауы мүмкін емес еді. Жарық дүниеге көзін ашқанда алдында Сүйінбайдай ақынның болуы Жамбылдың ең ұлы бақыты еді. Жамбыл батаны Сүйінбайдан алды, отыз бес жыл ұлы ақынның өнегесін үйренді.

Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай, – деді.

Сүйінбайды пір тұтты, Сүйінбайсыз сөз бастамады. Бір ғана Жамбыл емес, Ұлы жүз ақындарының бәрі де Сүйінбайды ұстаз тұтты.

Ұстаз өнегесін жанымен сезініп, өсиетін өзінің ақындық мұратына айналдырған Жамбыл балалық пен даналықтың арасындағы барлық шығармаларында ұстазы секілді халық өмірінің ақиқат шындығын, елінің асыл арманын, мұратын жырлады, елдікті, ерлікті дәріптеді. Сөйтіп, ол Сүйінбай дәстүрін өзінің жауһар жырларымен суарып, одан әрі дамытты, тереңдетті, жаңа биікке көтерді. Мұның айқын мысалын ақынның айтыстарынан, “Домалақ ананы”, “Көрұғлыны”, “Өтегенді”, “Жеті дастанды”, Сұраншыны жырлағанынан көреміз. Сөйтіп, Сүйінбай Жамбыл өмірінде шыншылдықтың, азаматтықтың, халық мүддесі үшін күресудің үлгісіне айналады.

Шынында да, Сүйінбай – ақындықтың асқар шыңы, айтыс өнерінің ең үздігі, оның Қатағанмен айтысы айтыс атаулының эталоны. М.Әуезов Сүйекеңді айтыс өнерінің алтын діңгегі деген. Сүйінбайдай ақынның болмысын, табиғатын біз әлі аша алғанымыз жоқ. Сүйінбай – қынаптағы қылыш, аспаннан түскен жасын, соғып тұрған құйын, ескен қызыл жел. Күніне шауып жараған, айтысқанның басынан өлең асырып, миын шайқаған жырдың боранды ақпаны, қияқты сұңқары. Шешендікті де, жырдағы көсемдікті де, кесіп шындықты айтуды да, халықтың қорғаны болуды да, әділеттің туын жықпай, жоғары ұстауды да – бәрін де Жамбыл Сүйінбайдан үйренген, сөйтіп өзі де ақындықтың ұлы тұлғасына айналған. Ұстазының: “Шындықты айт, әділдікті жырла. Көне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа, даңғыл жолға түс. Өлеңің бүкіл халық сүйсініп тыңдайтын өлең болсын. Сенің көңіліңнің асылы патшаның қазынасынан да бай болсын”, — деген өсиетін бұлжытпай орындады, сөйтіп ұстазының орнын басты.

Қазақта сәуегей даналар көп болған ғой. Қолын алып, сәлем берген бала Жамбылға Бөлтірік: — Қай баласың, атың кім, шырағым? – депті. — Атым Жамбыл, – депті бала. — Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар, шырғанақтан сөз келсе, шырқаушының өзі боларсың түбі, – деген екен Бөлтірік сонда. Қалай таныған, не деген көрегендік, не деген даналық десеңізші! Айтқаны айнымай келді.

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінен елге оралған Жамбылға жүзден асқан бір ақсақал: — Жамбыл, сен аспанға мұнан ары ұшпасаң, енді түспейсің. Осыдан он бес жыл бұрын түс көріп ем. Жібек жолымен біреу отыз жорғаны айдап барады екен, соның ішіндегі ең әдемісіне көзім түсіп, қызығып сұрап едім, айдаушы: “Бұл – Сүйінбайдың Жамбылға берем деген жорғалары, аманатын өзіне тапсырамын”, — деп жүріп кетті. Сол ескі жолмен айдаған жорғалар жарықтық Сүйекеңнің жырлары еді, ол енді сенің маржандай тізілген сөздерің, саған Сүйінбайдың бағы қонды. Сүйінбай сияқты майталман жорғасың. Өкімет сені дәл тапты, жолың ашылды, жаңа заманың құтты болсын, – депті.

Бір ғасырдан асқан өмірінде талай жырды естіген жарықтық әлгі қария Жамбылдың Сүйінбайдың орнын басатындығын, алып ақынға, құбылысқа айналатындығын дәл жорыған ғой. Айтса айтқандай, шынында да Жамбыл адам айтса нанғысыз қиял адамындай құдіретке айналды, оның есімі әлемге аңыз болып тарап жатты.

Жамбыл бір ғана Сүйінбайдан үйренген жоқ. Ол ел өнерінің қайнар көзінен, мөлдір тасқынынан туған, сол өнердің бөлеуінде өскен, халық жырауларынан үйренген. Жамбылдың өнеге мектебі – бір ғана Сүйінбай емес, Қабан, Шөже, Майлықожа, Құлыншақ, Майкөт, Жанақ, Түбек, Бақтыбай, Қуандықтай ақындар; Кебекбай, Ноғайбай, Байсерке, Бөлтірік, Қылышбай, Сарыбай, Қосай секілді билер, шешендер; бұған ақындығын сайыса жүріп шыңдаған Құлмамбет, Сарбас, Шашубай, Досмағамбет, Сара, Айкүмістерді; кезінде жиын-тойларда бас қосқан үзеңгілес Әсет, Жүсіпбек қожа, Тілеміс, Әлмейін, Балқыбек, Орақбай, Төребай, Балқы Базар, Нұралы, Мәулімбай, Молда Мұса, Орынбай, Өзбек, Қарабектерді; қырғыздағы Қалмырза, Тоқтағұл, Мұраталы, Шөйке, Сағынбай, Қара Ырчы, Төкпе, Османқұл, Алымқұл, Атай, Халықтарды; шәкірттері Мақыш, Шүкітай, Бармақ, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Саяділ, Өмірзақ, Әбдіғалиларды қоссақ: “Жамбылдың өз айналасына келгенде қоюланған қалың үйір, үлкен шоғыр, ордалы өлеңді көруге болады”, — деген М.Әуезовтің сөзі расталады.

Қаздай қалқып ерінбей, Өлең тердім жасымнан. Майкөт ақын, Құлмамбет Орын берді қасынан. Майлықожа, Құлыншақ – Пірім еді бас ұрған. Айтқандары нұсқа еді, Жаралған сөзі асылдан –

деп ақынның өзі айтқандай, Жамбыл олардың біразынан үйренген, қайсы бірімен тең, қатар жүрген, кейбіріне ұстаз болған.

Жамбыл ана құрсағынан жарық дүниеге ақын болып туған, халық әдебиетінен өнген, ел өнерінің бөлеуінде, алтын бесігінде өскен. “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Қамбар батыр”, “Ер Төстік”, “Манас”, “Шаһнама”, “Ерназар мен Бекет”, “Шора батыр” эпостарын дамытып, өз жанынан қосқан оқиғалармен, толғаулармен байытып, нұрландырып жырлаған. “Қыз Жібек”, “Мұңлық-Зарлық”, “Көрұғлы”, “Ер Қосай” эпостарының сюжеттерін дамытып, өзінше толғаған. Көлемді эпостармен қатар халық жырларын да, қара өлеңді де жете білген. Ауыз әдебиетін көп білу, халық эпостарын бірнеше күн бойы толғау Жамбылдың кемел ақындық өнерін қалыптастырды. Ақын эпостарды ғана жырлап қойған жоқ, өзіне дейінгі дәуірдің, өз заманының құбылыстарын да эпос үлгісіндегі тамаша толғау өнеріне дейін көтерді. Жадындағы асыл үлгілерді адам таң қалғандай жатқа айтты, үнемі жаңғыртып жырлады. Кейбір эпостарды күймен астастырып отырған. “Ақсақ құлан”, “Көрұғлы” күйлерін тартқанда, олардың тарихына қатысты аңыздарды қара сөзбен емес, жырмен айтады екен. “Көрұғлы” күйі мен “Көрұғлы” эпосын сабақтастырып орындайды екен. Алма-кезек орындап отырып, эпосты да, күйді де тың сарындар­мен, жаңа сюжеттік желілермен байытқан. Мәселен, “Көрұғлы сұлтанды” өмір бойы жырлап, айтқан сайын байытып отырыпты. “Көрұғлыны” әуелі Сүйінбайдан, кейінірек Сарыбайдың асынан соң арнайы барып Майкөттен үйреніп, толы 



Скачать