ЖАМИҒ АТ-ТАУАРИХ
ЖАМИҒ АТ-ТАУАРИХҚадырғали Қосымұлы Жалайыри (1555-1607жж.) – ғұлама ғалым, белгілі би. Жалайыр тайпасынан шыққан. Қадырғали Жалайыр хан ордасында жас бекзадалардың ақылгөйі, тәрбиешісі, ханның қарашасы (ақылшы, кеңесші) болған. Қадырғали Жалайыри ана тілімен қатар араб, парсы тілдерін жете игеріп, Шығыстың классик әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең меңгерген. Қадырғали Жалайыри 1598 жылға дейін Мәскеуде, патша сарайында тұрған. 1600 жылы орыс патшасы Б.Годунов Оразмұхамедті Қасымов хандығының ханы етіп тағайындағанда Қадырғали Жалайыри оның 4 уәзірінің бірі болады. Осы кезде Қадырғали Жалайыри тікелей ғылыммен шұғылданған. Ол 1600 жылы өзінің «Жами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы» деп те аталады) атты шежіре кітабын жазуға кірісіп, оны 1602 жылы аяқтаған. Шежіренің көлемі – 157 бет, қытай қағазына аса ұқыптылықпен жазылған. Қадырғали Жалайыри осы шығармасын Шығыс ғұламаларының дәстүрі бойынша орыс патшасы Годуновқа арнаған. Ол жырақта жүрсе де қазақ хандарының саяси-әлеуметтік жағдайларын, Қазақстанда рулық, патриархалдық-феодалдық қатынастардың қалыптасуы, хан төңірегіндегі сұлтандар мен қарашалар, бектер мен хафиздер т.б. жайлы деректі мәліметтер жазып қалдырған. «Жылнамалар жинағында» Шығыс елдеріне, оның шаһарларына шолу жасап, қазақ сахарасын мекендеген жалайыр, арғын, қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, алшын т.б. түркі тайпаларына тарихи анықтама берді. Ол Рашид әд-Диннің парсы тіліндегі «Жами ат-тауарих» шежіре кітабына сүйене отырып, Шыңғыс хан әулеті және оның өзі жайында аса мол деректер келтіреді, қазақ хандарының өмірбаяндарына тоқталады. Онда қазақ жері, оның қалалары, ХІІІ-ХVI ғасыр аралығындағы қазақ жеріндегі оқиғалар, қазақ хандарының ішкі-сыртқы жағдайлары, әлеуметтік топтар мен қазақ жерін мекендеген ежелгі рулар бірлестігі жайында да деректер бар. Қадырғали Жалайыридың шежіресі – ертедегі қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығарма. Ш.Уәлиханов бұл кітаптың аңыздан гөлі ақиқаты молырақ екендігін атап өткен. Тарихнамада оның есімі Әбілғазы, Бабыр, Бенаи сияқты ғұлама тарихшылармен қатар аталды. «Жамиғ ат-тауарихтың» екі нұсқасы белгілі. Оның бірін Н.И.Березин 1825 жылы Қазан университетінің қызметкері Ибрагим Халфиннен алып, 1854 жылы Қазанда бастырған. Бас-аяғы толық емес. Бұл басылыммен Ш.Уәлиханов, көптеген татар, қазақ ғалымдары таныс болған. Ал 1922 жылы Қазан молдасы Г.Галеевтің Орталық шығыс кітапханасына мұраға қалдырған кітаптарының ішінен «Жамиғ ат-тауарихтың» екінші толығырақ нұсқасы табылады. Шығарманың жазылған мерзімі жөнінде деректер берілумен қатар, екінші бөлімде кейбір толықтырулар бар. Оның ең ақырғы тарауында қазақ тарихының ХVI ғасырдағы оқиғалары, қазақ хандары мен сұлтандарының генеологиясы берілген. Шежіре қазақ тілінде алғаш 1989 жылы, одан соң 1991, 1997 жылдары жарық көрген. Д.Мәсімхан Скачать |