Есенберлиннің Көшпенділер романындағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәні
Есенберлиннің Көшпенділер романындағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәні Көру теңеулеріне негіз болатын заттардың екінші белгісі – олардың қимыл-әрекеті. Мұның да жалғыз жолы бар. Ол бүкіл Дәшті Қыпшақты өзіңе бағындырып, жылқыдай жусатып, қойдай өргізуің керек [3,226 б.]. Теңеудің бейнесі де, заты да – деректі, нақты. Теңеу затының, яғни, Дәшті Қыпшақтың қимылы бейненің, яғни, жылқының деректі, нақты қимылына ұқсатылып отыр. Салыстырудың, теңеудің нәтижесінде предметтің (Дәшті Қыпшақтың) қимылы нақтылы сипатқа ие болып, эмоционалды-экспрессивті бояуы қанық көркем бейне жасалған. Жазушы қалың бұқараны ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстады, халыққа дегенін істеткізді деген мағынаны осындай әшекейлі-кестелі теңеу арқылы жеткізген. Көру теңеулеріне негіз болатын заттардың үшінші белгісі – олардың түр-түсі, бояуы. Бұл теңеулердің мәні – заттардың құр бояуын хабарлап қана қоймай, олардың бояуларының түсін қанықтыру, заттың реңін ашып, көріктендіре түсу болып табылады. Мәселен, жазушы Ал біз тайлы-таяғына дейін айдап алдық десек, арғы түбекте әлі де үш мыңдай кілең ақ шағала асаулары қалыпты [5,134 б.] деген сөйлемдегі теңеудің затын, яғни асау жылқылардың түсін әншейін ғана ақ немесе боз емес, кілең ақ шағала(дай) деп суреттеу арқылы өте бір әсем, тіл жетпес сұлу картинаға айналдырған. Ал Сөз айтпай үш жүз мақпал қара, асыл жылқысын айдап беріп, өзін ажалдан алып қалған құлды босатып алады [3,123 б.] деген сөйлемде мақпалдай қара дәстүрлі теңеуі қолданылады. Жылқыға қатысты есту теңеулері болғанмен (Ағайын алыста жүрсе, кісінеседі, жақында жүрсе, тебіседі), шығармада сирек кездеседі. Олар дыбыстың көмегімен адамның мінез-құлқын, түрлі әрекеттерін бейнелейді. Тұтқын қыздың сұлулығына күйіндім бе, “сен нәзік сұлусың ғой, бауырыңды құлындай шыңғыртып жатқанда сенің сұлу түрің қандай болады екен, көрейін” деп жігітке қыл бұрауды тұтқын қыздың көзінше салғыздым [3,350 б.]. Теңеуде асау құлынды бұғалықтап ұстағанда, я қасқыр тартқанда шошып, қиналғанда шығаратын үні арқылы теңеу затының мәні ашылады. Жазушы қыл бұрау салынған жігіттің қиналып шығарған үнін басына ноқта түсіп, шошынған асау құлынның шыңғыруына ұқсата отырып, эмоционалды-экспрессивті әсері мол картина жасап, оқырман көңіліне жол таба алған. Жылқыға қатысты сезім-күй теңеулері үш топқа бөлінеді: 1) бейнесі де, заты да деректі теңеулер; 2) бейнесі нақты, заты дерексіз теңеулер; 3) бейнесі нақтылы қимыл-әрекетке негізделген теңеулер. Бейнесі де, заты да деректі сезім-күй теңеулерінің бейнесіне де, затына да көзге көрінетін, қолмен ұстауға болатын деректі заттар негіз болады. Бірақ ақиқат өмірде зат пен бейнеге негіз болған заттар мен құбылыстардың бір-біріне еш ұқсастығы болмайды: Қалың ойға шомып кетіп, басын төмен салып, үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды [3,55 б.]. Бірақ өр мінезді, жалын жанды Қазтуған Қотан толғауынан мойымады. Қамшы тиіп, ырши түскен жүйріктей енді тіпті долданып кетті [3,55 б.]. Бейнесі деректі, заты дерексіз сезім-күй теңеулері рухани заттарды материалдық заттарға ұқсату арқылы жасалады. Бұлардың заты абстракциялық ұғымдардан тұрады, дәлірек айтқанда, бұл теңеулердің затына адамның жан-дүниесінің түрлі күйін бейнелейтін ұғымдар алынады. Әдеби тілдегі ұшқыр жылқыдай (қиял), ит қуған тайдай қаша жөнелген (арман), тұсаған жылқыдай (ой) теңеулерінде қиял, арман, ой тәрізді адамның жан-дүниесіндегі психологиялық құбылыстар, дерексіз заттар ұшқыр жылқыға, ит қуып, қаша жөнелген тайға, тұсалған орнынан ұзай алмайтын жылқыға баланып, рухани құбылыстар материалдық сипатқа ие болған. Осылайша, көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын абстракциялық құбылыстарға жан бітіп, бейнелене түседі, белгілі бір қасиеттерге (ұшқыр қиял) ие болады. Былтыр өзі айтқан жоқ па еді, “мінез деген бір асау байтал ғой, талай асауды үйреткенде өз сезімімді өзім үйрете алмаймын ба” деп [3,235 б.]. Мұнда адамның мінезі байталға, асау байталға ұқсатылады. Шығарма жылқыға қатысты теңеулерге өте бай. Шығармада көру теңеулері мен бейнесі нақты қимыл-әрекетке негізделген сезім-күй теңеулерінің молдығы анықталды. Жазушы жылқыға қатысты теңеулерді қолдану арқылы халық танымына жақын, ұлттық менталитетімізге сай, әсем де көркем бейнелер жасап, шығарманың көркемдік, психологиялық, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтуге қол жеткізген. 2.1.1 Кейбір жылқы атауларының этимологиялық табиғаты. Жұмыста Ә.Қайдаров, С.Исаев, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Р.Сыздықова, А.Салқынбай, С.Шүкірұлы сынды ғалымдардың ой-пікірлері басшылыққа алынды. Жылқының жиі қолданылатын атаулары ат, айғыр, құлын, тай, жұнт, жылқы, жорға, сәйгүлік, жүйрік, ту бие, шал құйрық, ереуіл ат т.б. сөздерінің шығу тегі жөніндегі ғалымдардың пайымдауы берілді. 2.2 Жылқы малына қатысты атаулардың рухани мәдениеттегі орны. Қазақта нәресте дүниеге келгенде ұл баланың кіндігін “ат құлағында ойнасын” деген тілекпен, аттың жалына байлап қоятын дағды бар. Баланы бесікке саларда “Тақымынан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз болсын” деген тілек айтады. Бала ес біліп, етек жия бастаған кезінен-ақ нағашылары жиендерін баулып, үйірлі жылқының ішінен таңдап жүріп, тай мінгізеді. Ол жиеннің бәсіресі, бәсіре тай немесе “жиенқұрық” деп аталады. Көшпенділердің өмірінде жылқыға байланысты сан қилы қуаныштар кездесіп, оған ел-жұртын ортақтастырып жатады. Атап айтсақ, атқа (ашамайға) мінгізу тойы, ашамайдан шығып үзеңгілі ерге міну, жайдақ тайға міну, бәйгеде тайға, құнанға, атқа мініп шабу, тоқымқағар, сайысқа түсу, асау үйрету. Бұл дәстүрлер баланы азамат болып, атқа мініп, ел қорғауға қамдандыру мақсатын көздейді. Бұлардан басқа биебайлар (қымызмұрындық), сіргежияр (сіргемөлдіретер) сияқты салт-дәстүрлер халқымызда көптеп саналады. Қазақ біреуге ат мінгізгенде я сатқанда, ноқта-жүген бермейді. Малдың құты, бағы басында, жылқының басына пайдаланған ноқта мен жүгенде де құттың демі бар, бұлар атпен қоса берілсе – үйдің байлығы, бағы еріп кетеді деп ырымдалады. Үйірлі жылқысынан мал бергенде сол жылқының жалынан бір тал қылды жұлып алып, ырыс бірге кетпесін деп қылға оның сілекейін жағып, қалтаға салып сақтап қояды. Бұл – “сілекей сірне” деп аталады. Қазақтар жылқыны ұрып-соғу былай тұрсын, киесі атады деп, желіден, жылқышы ұстайтын құрықтан, бақанның үстінен аттап өтпейді. “Бақан аттаған байымайды, балта аттаған жарымайды” деген сенім бар. Сүрінген атты да ұрмайды. Сайтан аттың көзін басып тұрса, қашып кетсін деп, көзін оң қолымен сүртіп, тазалайды. Жолаушы келе жатып, атының сауырынан ұрмайды. Жапанда жалғыз келе жатқан жолаушыны қолдап, жебейтін Қызыр пайғамбар аттың сауырында отырады деп жорылады. Сондай-ақ, халқымыз түске сенгіш. Жақсы түс көрсе балаша қуанып, жаман түс көрсе, мән бермеуге тырысса да, көрген түсін жоруға шебер-ақ! Түсіңде ақ боз ат көрсең, ісің оңалады, қара ат көрсең сәтсіздікке ұрынасың, жылқы сатып алып жүрсең, жаңа хабар аласың, жылқы мініп жүрсең, қуаныш деп жориды. Шығармада Бұқар жырау Абылай ханның түсін былайша жориды: Жалынқұйрыққа мінгенің – хан тағына мінгенің [5,182 б.]. Жалынқұйрық – Абылай ханның жорыққа мінетін аты. Қазақ халқы біреуге алғысын білдіруде де алдына жан салмайды. Мысалы, Жайлауың байсалды болсын, Айғырың байталды болсын! Атыңның басы ойнақты болсын, қораңның іші торпақты болсын! Құлынды желіге алғаш байларда Желі тартарың көбейсін! – дейді. Қарғыс мәнді фразалар да кездесіп қалады: Атың арып, тулақ болсын, ерің арып, аруақ болсын! Ат қадірін білмесең, Жаяушылық берсін сазаңды! Көшпенді халықтың өмірінде жылқының маңызы зор болғандықтан, жылқыға байланысты салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдары өте көп. Олар шығармадан да орын алған. Рухани мәдениетіміздің қайталанбас, қайтып келмес асылы жылқы бағу дәстүрі сипатталады [3,231 б.]. 2.3 Романдағы жылқыға қатысты халықтық өлшем атаулары. Халықтық өлшем атаулары халықтың күнделікті өмірімен, күн көрісімен, шаруашылығымен байланысты пайда болады. Олардың көпшілігі көшпенді халық үшін зор маңызы бар – жылқы шаруашылығымен байланысты. Жылқыға қатысты уақыт өлшемдері: бие байлар кезде, биенің бас сауымында, бие ағытарда, бие сауым уақыт. Шығармада автор бие сауымы өлшемін асқан шеберлікпен, сан құбылта пайдаланады. Жылқының дене мүшелері қатысқан өлшем бірліктері де баршылық. Мысалы, қазақтар ертеде қыстыңгүні жауған қардың қалыңдығын: шашадан қар кешу, аттың қара тұяғынан келу, тұсардан, тізесінен, қара қапталынан, аттың қабырғалығынан келу (биіктік, қалыңдық өлшемі) деген сөз орамдарымен жеткізсе, су тереңдігін ат бойымен өлшеген. Мәселен, аттың шашасынан, толарсақтан, тілерсектен, үзеңгіден, қабырғалықтан, ат кекілінен (құлағынан, бауырынан, бойынан) асады (келеді) деп мөлшерлеген. Шығармада автор шаштың ұзындығын: Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр, - деп суреттейді [5,42 б.]. Шөптің биіктігі былайша бейнеленеді: Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана: - Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке, - деді Ожар [5,16 б.]. Бір шеті мен бір шеті ат шаптырым күміс толқынды Ақкөлдің кең алқап жазира даласы ат бауырынан келген көк шалғынға бөленген [3,46 б.]. Ал құмның көлемін төмендегі сөйлеммен береді: Бұрынғы тақыр дала енді аттың шашасына дейін көмілген құмға айналып, жайылысқа үйренген жүйріктер жүдеп-жадап, сегізінші күн дегенде Сырдың теріскей тұсына Ақмешіттен бір күндік жерге кеп тоқтады [3,356 б.]. Қашықтық өлшемінің атаулары: ат тұяғы жетер жер, ат (құнан, тай) шаптырым жер, ат жетер (ат жетпес) жер, бие бауындай жер, бие сауым жер, желі (тұсау, құрық) бойы. Дарияның сол жағында ат шаптырымдай жерде Ақсақ Темір уақытында салынған Қаңғыт руының дихасы – Маңғыт, одан әрі бір күндік жерде Үргеніш шаһары жатқан [3,153 б.]. Шығармада жазушы ат жетер жер, ат тұяғы жетер жер өлшемдерін түрлендіріп, былайша қолдана Скачать |