Дүние сөзден басталады (Мұхтар Әуезов)
Дүние сөзден басталады (Мұхтар Әуезов)Мұхтар Әуезовтің бар ғұмыры ғасырлар қойнауынан жеткен қара сөз бен өлең сөздің құпия қатпарларын зерттеп, танып, көкеймен қабылдап, оның туған этносына ғана ерекше сұлу, сырлы, терең көрінетін жұмбақ қасиетіне қасиет қосып, құнарлы тілдің тұқымын егіп, жемісін сан ұрпаққа мәдени мұра етіп қалдырумен өтті. Сөзді сүюі өмірдің өзін сүюмен бірдей еді. Шынымен де, сөз – таңбалық белгі ғана емес, тіршілік символы. Біз білетін Сөз болмаса, роботқа айналамыз. Тәңірі жаратқан табиғи қалыптан айрылудың не жақсылығы бар. Ұлттар тағдыры сынға түскен қазіргі техногенді, постиндустриалды заманда көркем тіл туралы мәселенің көтерілуі – маңызды қадам. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті М.Әуезов шығармалары, М.Әуезов тілінің әсемдігін, ішкі қуатын әрдайым әспеттеді. Ол үрдістің кері шегінуі әдеби дамудағы ілгерілеу болып табылмасына сенімдіміз. Ұлы суреткер алғашқы туындыларының өзімен-ақ бүкіл тіршілігі сөз бағып, сөз өсірумен келе жатқан дала тұрғындарының дара менталитетін дәл аңдап, айтар ойына алтын айдар тағуды машық қылды. «Текшенің бауырында» атты әңгімесінде мынадай жолдар бар: «Біз жағалап келе жатқан жіңішке өзен кейде жағасы ұсақ тоғайлы болып, кейде қалың шалғынды болып, иіріліп, көлденең таудың ішін жарып өтуші еді. Соның жағасындағы жалғыз аяқ жолмен бірде шұбырып, бірде қатар жүріп келе жаттық. Жанымызда жіңішке өзен сылдыр қағып, жас жыланша сумаңдап, нәзік тілмен бір нәрсені былдырлап айтқандай болып, еріп келе жатты. Кей жерде суы кеңейіп, алаңға шығып, ай сәулесімен ақ беті жарқырап күлгендей болады. Кей жерде күлкілі жүзі өзгеріп, қоңырқай тартады» (Әуезов М.Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2-т. – Алматы: Ғылым, 1998. – 147-б.). Шығарманың тұтас контексінде алып қарасақ, бұл үзіндінің нейросемантикалық ыңғайда өз заңдылығы бар екені анық. Этномәдени құндылықтарға бай туындыда қазақ тұрмысындағы кек қуу, барымта, серілік тәрізді құптауға да, сынауға да лайық негізгі оқиғалар әңгіме ішіндегі әңгіме түрінде берілген. Жоғарыдағы мәтінде оған дейінгі автор мен кейіпкер және кейіпкер-баяндаушы субъектілерінің тығыз араласымы арқылы төңірек сипаты мен табиғат нысанының мекеншақтық бітімі суреттеледі. Ландшафт кескінін жеткізуде көзаула кеңдігі мен нақтылығы, жады назарының ширақтығы байқалады. Өзен мен жас қаһарман жанындағы психологиялық сыңарластық дүние сырын тануға, қызықтауға құштар сергек жүрек соғысын бедерлейді. Ең басты құбылту тәсілдері: метафора мен кейіптеу. Таңбаның денотаты бір болғанмен, ол, яғни өзен әр алуан маңызға ие болады. Мәселен, «жіңішке өзен» «жас жылан» мен нәрестенің тәтті тілін елестететін сәттерде, екі алуан концептілердің мағыналық қақтығысынан семиозис аясы өсіп, лексикалық, эмоционалдық драматизм өрістейді. Философиялық мәтін деңгейінде М.Әуезовтің ырықсыздық сана ағымы бойынша, іліктестік (ассоциативті) түрде түзілім табатын ой болмысы, қабылдаушы (реципиент) қаласа да, қаламаса да, жаратылыс иелерінің жаппай теңдестігін мойындауға саятын сарабдал пікір ұсынуға даярлығын түсінесіз. Бірақ бұл интутитивті үдеріс бетке қалқып шықса, мәтін көркемдік қасиетінен айрылар еді. Көп жағдайда шығарма үшін логика айқындығынан психология бұралаңдары әсерлі. «Жылан» концептін М.Әуезов «Қаралы сұлуда» нәпсіқұмарлығын амалы таусыла айыптау сарынында қолданған. «Текшенің бауырында» да осы зооморфтық атау алдағы фабула желісінде таңбаланатын эротикалық нышандағы жағдаятты, жастық желігін тұспалдау есебінде жетекші символикалық қызмет атқарады. Өзеннің ажарлы сәнін өрнектейтін сәби дағдысы болашақ көріністерде түйінделетін халықтық ұғым – көңіл мен тәннің пәктігін дәріптеу идеясымен ұласым табады. Бұл үзіндідегі таңбалық маңыздың коннотативтік сипаты басым. Нақты мәтін аясынан тыс мән таңбаланушы, яғни өзеннің тоқтаусыз өзгеріс үстіндегі өмір символына айналу мүмкіндігін сезінумен тамырлас. Ал осы әңгіме телімінің көркемдік-эстетикалық қуатын арттырып тұрған – эпитет, теңеу, метафора, кейіптеу амалдарының өзара әсерлесу үстінде табиғи және рухани, психофизиологиялық құбылыстарды мейлінше шынайылықпен кестелейтін зергер тіл мен суреткерге ғана тән жан дүние болмысы. Ендігі келтіретін үзіндіні талдап жату артық. Ол «Абай жолынан» алынады: «Ысқақ ауылында бай үйіне алғаш кірген түйеші Жұмыр еді. Аяғында сырма киіз етік, басында талай жылғы тозығы жеткен, сыбағысқан ескі сеңсең тымақ. Жыртық шапанының жеңі, жұртта бір жыл жатқан қу шүберек тәрізді. Белін құрым баудың үзіндісімен буыпты. Осы үзік бау - жоқшылықтың дарына асылып, содан үзіліп түсіп киілген шала өлікті танытқандай» (Әуезов М.Жиырма томдық шығармалар жинағы. 5-т. – Алматы: Жазушы, 1979. – 167-б.). Бұл – Мұхтар Әуезовтен басқа ешкімде, еш жерде кездеспейтін, ешқашан қайталанбайтын ауыр да, «күн астындағы Күнікейдей» сұлу да сурет. Бүгінгі күннің тірлік-тынысы күрделі өзгерістерге түскенмен, қара сөз дәстүрлі құрылымынан алшақтап кеткен жоқ. М.Әуезов тіліндегі биік өлшемдер эстетикалық, поэтикалық құндылығынан айрылар емес. Көрнекті қаламгерлер тілінде мұндай ұстаным толық сақталды десек, қателеспейміз. Олар жөнінде бірпара пікірлер қалыптасқандықтан, біздің көпке таныла қоймаған немесе жаңа ғана бағасын ала бастаған жазушыларға қатысты ой өрбітуіміз әділетсіздікке жатпас. Тәуелсіздік жылдарының әдебиетінен қазіргі нарықтық қатынастарға негізделген қоғам өмірінің түрлі қабаттары аңғарылмай қоймайды. Әсіресе кейіпкерлердің әрекет философиясын саралаған шақта қаламгерлердің ежелден келе жатқан кісілік парасатын аяқ асты қылмайтын әлеуметтік бағдары ұлттық өнердің күретамыры үзілмегенін дәлелдейді. Ұлттық мәдениет феникс сияқты жанып, тіріліп, түлеп ұшуға бейімделіп қалғандай. Мысалы, Апбаз Қаражігітовтің «Қарабет» әңгімесінде ауылдағы шаруашылықты бөліске салған кезде пысықтық жасап, түбі бір туыс ағайындарының есебінен байыған пысық жігіттің тоғышар істеріне ақсақалын алға ұстаған қалың қауым өткір тойтарыс бере алады. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды қияды», «Екі дәу Абыр мен Бабыр торға түскен аюдай қанша жанталасса да шығар есікке жете алмады», «Аяз сорған аппақ дала сықырлап кетті. Дала мүлгіп қана жатыр», «Бірінің сөзіне, дітіне түсінбей екі дүлей қараңғы зынданның түбінде кездескендей жұлқысып-ақ кетті» («Қазақ әдебиеті», 11.02.2005. – 13-б.) тәрізді бірсыдырғы тіл оралымдары автор қаламының бұғанасы мықты екенінен хабар береді. Ал «О шеті мен бұ шеті атшаптырым ауылдың бір шетінде жасы тоқсанды тоғанақтаған Сүйір қарт шәй кесенің түбіне пісте май құйып, сықсима шырақшам жағып, басы қалт-құлт етіп, ішіне жылан толып кеткендей:» – деп басталып, қаһарман монологына көшетін тұста синтаксис дұрыс болғанмен, лексикалық, стилистикалық ақаулар бар екендігін ескерту қажет. «Шеті» лексемасы артық қайталанады, «тоғанақтаған» сөзі, «пісте май» тіркестері орнын тауып тұрмағандай. «Ішіне жылан толып кеткендей» болатын сәт шындыққа жанасымы аз көріністен тұрғандықтан, драмалық жағдайды комикалық әсерге бет бұрғызып жібере жаздаған. Заря Жұманованың «Сырлы әлемге сіңген сыбызғышы» әңгімесінде жас археолог-ғалым жігіттің дәуірдің қатыгез салтына дақ қалған әсер-сезімі нанымды суреттеледі. Автордың М.Мағауиннің «Жалғыз арша», «Тұлымханның бақыты», «Қуыршақ», «Екеу» атты тағы да басқа әр кезде жарияланған шағын жанрдағы шығармаларынан орын алатын мотивтер мен айналаға таңырқай қарау, оқыс шешімге ұмтылу машығы аңғарылатынын атамауға болмас. Әйтсе де жазушының өз қолтаңбасы үтір, жақшасы жоқ, ашық лиризмі мен нәзік тіл өрнегінен көрінеді. «Ал ол ... дене мен дене, сыптай, ұзын, қара жадағайының сыртынан аппақ мойын орағышын орай сап...» немесе «ап-ауыр алтын сырғаны әрең көтеріп тұрған жұқалығынан көрінетіндей құлағы» («Қазақ әдебиеті», 4.11.2005. – 9-б.) іспетті жолдарда автор сирек қолданылатын киім аты, пішіндемелік детальдағы нақтылық арқылы суреттеу нысанына даралық сипат бере алады. «Оның шалғыны жапырылмаған жасыл арал – жан дүниесіне абайсызда баса көктеп кіргендей боламын ба деп... Желден жүйрік елік көңілін үркітіп аламын ба деп...», «...егде еркекке басқа галактикадан келген беймәлім тіршілік иесін көргендей қарап қалды да...», «Сыбызғының аққу үні’, «... аршыған жұмыртқадай аппақ көлігінен...», ‘Ашу-ызасы әбден пісіп-жетілген сыздауықтай бұрқ ете қалды» сияқты синтагмаларда дыбыс үндестігі, метафораның предикативті табиғаты, эпитеттегі зоонимдік сипатпен эмотивтік деңгейдің семантикалық сәйкестігі, теңеулердің дәстүрлі қалпы және жаңа зияткерлік таныммен төркіндес жатуы З.Жұманованың жазу стиліндегі өзіне хас нақыштарға куәгер. Көркем тіл стихиясының өмір сүру аяларының арасында диалог репликаларының мәні мол. Мәселен, Роза Мұқанованың белгілі «Тұтқын’ әңгімесінде (‘Егемен Қазақстан», 28.05.2003. – 5-б.) кейіпкер: «Сұмдық ұрысқақ – тырысқақ бола тұра, мейірбан, кеңпейіл, парасатты, дана болып көрінесіз. Тіпті солай сөйлейсіз де. Өзіңіз тумаған баланы туғанмын дей саласыз. Әйтеуір ғажап шеберсіз, өтірік өмір сүресіз. Рас па?.. Тірліктеріңізде бір шындық жоқ-ау. Ауыздарың сөйлеп тұрғанымен, ақылдарың бақи кідірісте, тұңғиықта, қара орманда шөгіп жатады», – деп тіл қатысады. Адресат басқа ұлттың өкілі болғандықтан, монодиалог та орыс тілінің синтаксис өлшеміне құрылған. Ауызекі сөйлеу интонациясы, таусылу, күдер үзу, кінә тағу, беймәлім ызаның құрсауынан шыға алмау сарыны айқын. Оқыған, білімді, тек әр нәрсенің орнын ғана ауыстырып толғанатын сырқаттың ойларында қоршаған ортаның алдамшы жамылғысын сілкіп тастап, қайғылы тағдыры үшін ырықсыз күй Скачать |