Балалар әдебиетіндегі кейіпкер тілінің психолингвистикалық сипаты
Балалар әдебиетіндегі кейіпкер тілінің психолингвистикалық сипатыБала психологиясын зерттеушілердің тұжырымынша әрбір баланың тілдік қорының дамуы, сөздік қорының жан-жақты жетілуі, оны қоршаған ортамен тығыз байланысты. Әсіресе мектеп оқушыларының ойлау мен таным дүниесі өзара тығыз қарым-қатынастағы ортамен нақты байланыста болады. Баланың дүниетанымы ес біле бастағаннан-ақ екі түрлі негізге сүйенеді. Оның алғашқысы — машықтық дағды, яғни көрген-білгенін тез қағып алып үйрене қайталау. Балалардың кез келген нәрсеге ерекше әуес болатындығы, әр нәрсені білуге, көруге, ұстауға, естуге, тіпті, дәмін татуға әуес болатындығы да сондықтан. Екіншіден, бала жан дүниесі эмоцияға бай, әсершіл болып келеді. Бұл, әсіресе, жеткіншек жаста ерекше байқалады. Олар ересек адамның ойына келмейтін қисындар тауып, сол ойларын жүзеге асыруға талпынады. Бұл құбылыс біздің зерттеу нысанымыз болып отырған Б.Соқпақбаевтың да, М.Гумеровтың да, М.Қабанбаевтыңың да балалар тақырыбына жазылған шығармаларындағы кейіпкерлердің психологиясы мен мінез-құлқынан, дүниетанымы мен болмысынан айқын аңғарылады. Бұл қаламгерлердің қай-қайсысында да бала психологиясына тән ерекшеліктердің дәл берілуі шығарма тілінің шынайылығын танытады. Мысалы, «Менің атым Қожа» әңгімесіндегі бала танымындағы еліктеу мен ұшқыр қиялды шебер суреттеген: Жалпы үлкен ақындар өлеңді тек шабыты келгенде ғана жазатын көрінеді ғой. Ал менің шабытым қашанда қаламымның ұшында жүретін секілді. Тек уақыт тауып отырсам болды, көсілтіп жазып тастаймын. Ол ол ма, кейде тіпті жаңа бастаған дәптерді тез толтыруға асық болып, бүгін пәлен шумақ өлең жазамын деп жоспарлап алып та жазамын. Адам деген өседі ғой. Мен көпе-көрнеу шарықтап өсе бастадым. Өлеңдерім класс, мектеп қабырға газеттерінде тоқтаусыз жарияланатын болды [Б.С.] деген мысалдардан шығарма кейіпкері Қожаның өнерге, ақындыққа еліктеуін бала танымымен тығыз байланысты екенін байқаймыз. Оқушы сөйлеу әрекеті кезінде логикалық-ғылыми ұғымдар жүйесіне сүйенеді. Белгілі бір ұғымның мазмұнын құрайтын негізгі белгілерінің қайсыбірінің санада вербализациялануы бала тіліндегі лексикалық қорды дамытады. Мұндай психологиялық үрдіс «Менің атым Қожа» повесінде жиі көрініс береді. Мысалы, Мамамның Қаратайға шынымен күйеуге шыққысы келе ме? Мүмкін емес. …….. Біз, әжем үшеуміз, құдайға тәуба, онсыз да жаман тұрмаймыз ғой. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Мен әлі оқу бітіріп, ер жетемін, университетке түсем. Жазушы болам… [6.342] деген мәтінде Қожаның сыртқы ситуацияны психологиялық тұрғыда қабылдай отырып контексте сөйлеу дағдысын қалыптастыруы осының дәлелі. Себебі оқушының тілдік тұлға ретінде қалыптасуы ойлау мен таным, білімнің жинақталуы және олардың вербализациялануымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда психолингвистикада ғалымдар сөздің коммуникантқа әсерін, ақпараттардың қабылдануы мен жадта сақталуын жан-жақты зерттей отырып, тіл ғылымында синэргетика терминін қолданып жүр. Синэргетика – бұл сөздің қуатын, адам мен тілдің арасындағы байланысты қарастыратын сала деп түсінеміз. Синэргетика – құрылым элементтері мен қоршаған орта энергиясының арасындағы байланысты зерттейтін ғылыми бағыт. Синэргетика лингвомәдениеттанымдық зерттеудің әдістемелік құрылысы және тұспалдай айту белгілерінің бейнелілігін туындатудың көзі болып табылады. Синэргетика тұспалдай айту белгілерінің поэтикалық энергиясын лингвомәдениеттанымдық зерттеу әдістемесі (ментальдік сұлба және эвристикалық көзқарас) философиялық аспектісінің аса маңызды элементі болып табылады. Осыған байланысты бейнелі сөз синэргетикасын тану оның қалыптасуы мен сөйлемде қолданылу факторларын кең ауқымда қарастыруды топшылайды. Көркем шығармада кездесетін синэргетикалық тілдік бірліктерді үш топқа бөліп қарастыруға болады: 1. Жағымды энергиялық қуатты сөздер; 2. Жағымсыз энергиялық қуатты сөздер; 3. Тілек ұғымды беруші қуатты сөздер. Жағымды энергиялық қуаты бар тілдік бірліктер көркем шығармада, әсіресе, балалар әдебиетінде жиі қолданысқа ие болады. Мұндай тілдік бірліктердің бағалауыштық сипаты басым болып келеді. Мысалы, «Оқтаулы мылтық» әңгімесінде берілген: -Е, айналайын-ай, сәби кезіңді сағынған екенсің. Ал, ала ғой. Айнымай маған тартқансың. Мен де атаң отауының табалдырығын аттағанша еркекшора атанған едім. – Жадырап сала беремін. Әжем аузынан: «айнымай маған тартқансың», — деген сөз шықса, бітті, қалағаныңды алады [М.Ғ.] тәрізді мысалдағы «Е, айналайын-ай», «айнымай маған тартқансың» тіркестерінің семантикасы бала санасында «еркелету», «өзімсіну», «жақсы көру» ұғымдарын бейнелейді. Мұндай сөздердің қуаты бала санасына жылдам әсер етеді. Ал тілек ұғымды беруші қуатты сөздер көбіне жасы үлкен ересектер тарапынан бала санасына дайын код түрінде берілетін мәдени ақпараттар. Мұндай тілдік бірліктерде «жағымсыз тірліктерден аулақ болу», «үлкенді құрметтеу», «адамдық қасиетті жоғалтпау» тәрізді ұғымдардың тілдік семантикасы объективтенеді. Мысалы: -Аймаған, Қанат, бері қараңдар, — деді әжей. – Қыз бала — өмірдің гүлі. Өздерің қараңдаршы, Дәрігүл шынында да гүл сияқты ғой. Сен екеуің де Дәрігүлді құрметтеп, қорғап жүріңдер. Оған сыпайы сөйлеңдер. Сонда ол да сендерді жақсы көретін болады.Әжей осы тәріздес сөздерді күнде дерлік қайталап, күтіміндегі екі ұлдың құлағына құя береді. [М.Ғ.] қарағым, ылғи тату болыңдар, сыпайы сөйлеңдер тәрізді тілдік бірліктерден осы құбылысты айқын аңғарамыз. Кез келген адамның өзін-өзі ұстауы, сөйлеуі әр ортада әртүрлі болады. Мысалы, адам өзімен-өзі қалғанда өзін ұстауы бір бөлек те, ал белгілі ортада өзін ұстауы мүлдем басқаша болуы мүмкін. Осы тұрғыда оның тәртібі, жүріс-тұрысы, сөйлеуі, қимыл-қозғалысы ортаға байланысты болады. Танымайтын, бөгде адамдармен қарым-қатынас жасауда өзін ұстауы бір басқа да, ал өзінің құрбы-құрдастарының арасында өзін-өзі ұстауы бір басқа. Көбіне тілдік қателер осы екінші жағдайда көбірек байқалады десек, қателеспеген болар едік, өйткені адам санасына ерік беріліп, кейде сөйлеу әрекетінің барлық сатылары жүзеге асырылмайды. Ал бірінші жағдайда адам өзінің айтайын деген ойын сұрыптап, ережелерге сай, дәл, әсерлі етіп жеткізуге тырысады. Мұны жеке тұлғаны, ұжымды бағалау кезінде анық байқауға болады. Мысалы, Құм үсті ойран-топыр. Ешкімді ешкім біліп болмайды, топалаң тигендей жығылып та жатыр, алып соғып: «Күш менікі, б… сенікі», — деп, жығылғандардың басынан аттап та кетіп жатыр [М.Қ.]. Сөйткенше болған жоқ, тырмысқанына болмай үйіріп әкеліп, Садық Мұратты жерге топ еткізді. Онымен де қоймады, намысына тиетіндей тағы бір жаман ырым сөзді айтып, «….күшің маған» деп, Мұраттың басынан аттап кетті [Б.С.] деген сөйлемдердегі күш менікі, б… сенікі, күшің маған тіркестері М.Қабанбаев пен Б.Соқпақбаев кейіпкерлерінің тілдік қолданысында ғана кездеседі. Бұл баланың дүниетанымы мен тілдік ерешелігінің бір көрінісі. Көркем әдебиеттегі кейіпкер бар болмысымен, ішкі және сыртқы табиғатымен толық танылуы үшін мұндай тілдік құралдар бала дүниетанымы мен болмысына сай қолдана білу автордың тіл шеберлігі мен бала психологиясын өте жетік меңгергендігін байқатады. Қорытынды. 1. Зерттеу барысының нәтижесінде көркем әдебиеттердегі жалқы есімдерді, лақап есімдерді, прецеденттік есімдерді этномәдени және әлеуметтік, психологиялық факторлармен байланысты қарастырып, бала санасының танымдық деңгейі мен аялық білімдер жүйесін айқындайтын тілдік қолданыстар ретінде анықталды. 2. Б.Соқпақбаев, М.Қабанбаев, М.Гумеров шығармаларының тілін когнитивтік тұрғыдан қарастыру нәтижесінде мынадай тұжырым ұсынылды: концепт дүние құндылықтарын танытады; санадағы ұғымды бейнелейді, тіл арқылы объективтенеді, санада концептілік құрылымдар көмегімен репрезентацияланады, тұлғаның білім деңгейін танытады; ұлттың мәдени болмысы мен менталитетін көрсетеді деген қалыптасқан когнитивтік тұжырымдарға сәйкес зерттелеген тілдік деректер – концептілер санада танылу деңгейіне қарай метафизикалық, эмоционалды, ұлттық-мәдени концептілер деп бөлінді. Көркем мәтіндегі концепт белгілі бір концептілік жүйеде қалыптасатыны көрінді. 3. Зерттеу барысында қол жеткен нәтиженің бірі – бала санасындағы символдық ұғымдардың қалыптасуына талдау жасау. Көркем шығармадағы кейіпкерлер жас ерекшелік деңгейіне сай ақиқат өмірді эстетикалық таным межесінде қабылдап, санада символдық құрылымның өзіндік жүйесін жасай алатындығы нақты айқындалды. 4. Балалар әдебиетіндегі кейіпкер тілінің психолингвистикалық сипатына талдау жасалып, баланың әлеуметтік ортамен қарым-қатынасы, сөйлеу мәдениеті мен тілдік құралдарды қолдану ерекшелігі жан-жақты талданды. 5. Алғаш рет зерттеу нысанын айқындайтын синэргетика термині қолданылып, индивид пен тілдік ұжымның коммуникативтік қарым-қатынасы кезіндегі сөз энергиясының жұмсалымдық негізі айқындалды. Нақты айтқанда, балалар әдебиетіндегі концептілердің танылуы мен тілдік көрінісін зерттеу барысында жазушылардың когнитивтік әдістерді қатар қолдана отырып, өзінің білімін, мәдени, ұлттық, рухани, саяси танымын бейнелі түрде жеткізе білу шеберлігін танытуға көмектесетіні байқалды. Қорыта айтқанда, балалар әдебиетінде концептілік құрылымдардың көрінісі арқылы Б.Соқпақбаев, М.Қабанбаев, М.Гумеровтың қазақ баласының тілдік тұлғасының қалыптасу процесін, концепт құрылымын жаңғырту әдіс-тәсілдерін, когнитивтік модель құру жолдарын, дүние бейнесін тудыру шеберлігін, тұлғалық стилін, аялық білімін тануға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер ті |