Балалар әдебиетіндегі кейіпкер санасындағы символдардың қалыптасуы
Балалар әдебиетіндегі кейіпкер санасындағы символдардың қалыптасуыКез келген халықтың мәдениеті сол ұлттың дүниетанымы мен талғамына тікелей байланысты болып келеді. Халық эстетикалық талғамның нәтижесінде қоршаған ортадан мол ақпарат жинақтайды. Мұның барлығы ұлттық танымның жүйесін құрайтыны анық. Соның бірі жас ерекшеліктің деңгейіне байланысты қоршаған ортаны, дүниені эстетикалық танудың мектеп оқушылары санасында объективтенуі болып табылады. Бұлай бөліп қарастыратын себебіміз, ересек адамдарға қарағанда дүниені танудың санадағы мотивтері бала санасында бастапқы деңгейде, қарапайым үлгіде қалыптасатындығында. Бала сонымен қатар, үлкендерден естіген ғажайып дүниелерді, оқыған кітаптардан алған көркем қиялын өзін қоршаған ортада іске асыру үшін еліктеу әрекетіне де жиі барады. Бұл құбылысты М.Гумеров те, М.Қабанбаев та, Б.Соқпақбаев та өз шығармаларында шеберлікпен көрсете білген. Жазушы Б.Соқпақбаев шығармаларында баланың дүниетанымына тән символдық мәндегі тіркестер жиі кездеседі. Символ – адам санасында аса дәріптеу, құрметтеу, бас ию, қадірлеу сынды санада ерекше қасиетімен танылған объектілерден туындайды. Мысалы, «Менің атым Қожа» әңгімесіндегі Қожаның хатындағы: «Ж…. Қозы мен Баян секілді болайық» [Б.С.] деген сөйлемнің символдық мәннің «махаббат» деген ұғыммен байланыстыруға болады. Себебі бұл тілдік таңбаның символдық мәні бірқатар зерттеушілердің еңбектерінде айтылып та жүр. Қазіргі таңда, қоғамның жаңа буын өкілдерінің танымында «ғашық болу», «ұнату», «махаббат» ұғымдарын тілдік емес таңбалар арқылы берудің жаңа тәсілдері жиі кездеседі. Оны бүгінгі қоғамдастық мүшелері бұл ұғымдардың символдық мәнін математикалық «+» таңбасымен немесе эстетикалық танымға сай жүректің бейнесі, қос аққуды бейнелеу арқылы бейвербалды түрде объективтендіреді. Тілдік ұжымның санасында қалыптасқан мұндай таңбалық белгілердің бала танымындағы көрінісі М.Қабанбаевтың шығармаларында айқын берілген. Мысалы: - Сенен жасыратын не бар. Саймасайдан кек алу керек болып тұр. Кезекшісің ғой, көмектесіп жібер. Тақтаға бормен «Арын+Нағима» деп жаз. Қорықпа, тасқа басқандай ғып жазсаң, сенің қолың екенін ешкім ажырата алмайды [М.Қ.]. — Мәселен, мынаны алсақ… – Бұтақ ұшы «Жанар + Алик = любовь»-тің «любовін» тырнап тұр. Мұны еріккен біреу жазды деп ойламаңыз [М.Қ.] деген мысалдардағы «+» таңбасы Арын мен Нағима, Зипа пен Төкеш, Жанар мен Аликтің арасындағы «ұнату», «жақсы көру» ұғымдарын белгілеп тұр. Тілдік символ қасиеті дүние бейнесін, аялық білім шеңберінде қарастырылатын тілдік таңба мотивациясынан тұрады. Символ өз ішінде атау беру немесе тұрақты мағыналық шарттылық мәнін сақтайды. Сондай ақ баланың тілдік тұлғасының қалыптасуына оң ықпал ететін негізгі сыртқы фактордың бірі ұлттық және әмбебап прецеденттік есімдер жүйесі. Мысалы, «Менің атым Қожа» шығармасындағы: Ахметовтың өзі де осыдан он шақты күн бұрын ғана аудандық оқу бөлімінен келген инспекторға мені: «Мынау біздің мектептің ақыны, болашақ Сәбит Мұқановымыз», — деп, дәріптемеді ме? [Б.С.] деген сөйлемде Сәбит Мұқанов Қожаның дүниетанымындағы қол жетпес биіктік, ұлы суреткер, асқан данышпан, шебер тұлға. Этностың мәдениеті мен ұлттық колоритті тану әрбір адамның санасындағы эстетикалық талғамның деңгейін нақтылайды. Бірақ бала санасында дүниені эстетикалық тұрғыдан тану барлығында бірдей бола бермейді. Мысалы, қала мен ауылдың баласы, жоғарғы және төменгі сынып оқушылары арасындағы дүниені эстетикалық, этикалық танудың деңгейі біркелкі болмайды. Бірақ, этностың болмысына, табиғатына тән ақпараттарды игеруде ортақ белгілер бар. Мысалы, «Жекпе-жек» әңгімесіндегі: Қажымұқан деген кісі дүние жүзіндегі атақты балуандардың біреуі. Французша күрестің дүниежүзілік чемпионы болған адам. Талай ірі мемлекетті аралап, даңқы шыққан [Б.С.] деп берілген Қажымұқанның бейнесі балалардың танымында «Күштіліктің» символы ретінде қабылданады. Себебі, ұлт танымында Қажымұқанның бейнесінде халықтың рухы мен мәдениетінің, қайсарлығының образы сақталған. Ал, М.Қабанбай шығармаларындағы бала танымындағы «Күштілік» символының тілдік бірліктер арқылы объективтенуі «Се ля ви» әңгімесінде былайша суреттеледі: Біраз теперіштің шет жағасын көріп қалған жетім көңіл өзін кей-кейде семсер, сауытты серілерге де санап көретін. «Өстіп жетіле келе Дон Кихот, Айвенго, Қобыланды, Ер Тарғын секілді ағалардай болсам, ауылдағы ноқай балалардың тәртібін қолға алсам, бағынбай бара жатса, маядай бақыртып, тақымға басып, жандарын көзіне көрсетсем» деген астам ойларға дейін баратын [М.Қ.]. Қаламгер шығармадағы кішкентай Мәмбеттің Дон Кихот, Айвенго, Қобыланды, Ер Тарғын тәрізді ұлт қаһарманы болсам деген қиялын баланың қоршаған ортасымен тығыз байланыстыра суреттеген. Бала танымындағы символдардың қалыптасуы оның қоршаған орта туралы түйсігі мен қабылдауына сай эстетикалық таным нәтижесінде пайда болады. Бала санасында символдың алғышарттары ұқсату мен бағалау, еліктеу құбылыстары арқылы құралады. Мектеп оқушыларының танымында санада қалыптасқан ұғымдарға баға беруді ең алдымен күнделікті іс-әрекет пен қажеттіліктің деңгейінде анықтайды. Мысалы, «Әйнектің арғы беті» әңгімесіндегі: - Айта беріңіз… - Азагүл… осы жерде дайындала ма? - Сенбей тұрсыз ба? – Күлім көз келіншек қаламын азагүлдер армиясына қарай сілтеп, кеңінен жайқады. — Өте беріңіз. Әуелі азагүл таңдап алыңыз. Айтпақшы, сәл бөгеліңіз. Міне, қалам, міне, қағаз! Қайтыс болған адамға деген арнауыңызды жазып жіберіңіз. Сіз сайлап, біз квитанция жазып жатқанда, қалыпшылар матаға түсіре берсін [М.Қ.] деген мысалда автор «қайғы» семантикасын беретін «азагүл» атауын қолданады. Бұл қазіргі тілімізде көп қолданылып жүрген «венок» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы. «Азагүл» атауы көркем шығармадағы авторлық қолданыста «қайғы» семантикасын беруде сәтті қолданылған. Скачать |