Балалар әдебиетіндегі жалқы есімдердің қолданыс аясы


Балалар әдебиетіндегі жалқы есімдердің қолданыс аясы

 

Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, М.Қабанбаев қазақ балалар әдебиетінде ерекше қолтаңба қалдырған тұлғалар. Аталмыш жазушылардың шығармаларындағы кейіпкерлер мен олардың лақап аттары,  жер-су атауларының мәні ұлттық таным мен болмысқа, психологиялық танымға негізделген. Балаларға арналған әңгімелері мен повестерінде дүниені танудағы жас ерекшелік психологиясы мен танымның когнитивтік санадағы көрінісі айрықша рең беріп тұрады. Мысалы: «Менің атым – Қожа» шығармасының тілдік жүйесі Қожаның  психологиялық қабылдауы  мен оның  когнитивтік санасындағы дүниетанымы  деңгейінде құрылған. Шығарманың басты кейіпкері Қожаберген өз есіміне деген танымдық көзқарасты психологиялық тұрғыдан былай көрсетеді: Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер [Б.С.] т.б. Бұл жерде Қожаның пікірін пайымдау үшін алдымен оның таным деңгейін түсіне білу қажет. Мұндағы ең басты әсер етуші фактор қоршаған орта, қоғамдық сана. Егер  индивид  өзінің жеке ойы мен қабылдауын әлеуметтік сананың пікірімен байланыстыра алмаса, онда мұндай логикалық құрылым болмаған болар еді. Ұлттың болмысына қатысты мұндай  құбылыс «Ортаншы ұл»  шығармасында былай суреттеледі: Тақыр бас бала тақылдап біраз сөйледі. Алмастың ұққаны: Өлместің шын аты Өлкебай екен. Көршісіндегі бір келіншек қайынағасының атын атамау үшін, оны ойнап жүрген балалардың көзінше ылғи «Өлмес» дей беріпті. Бұл сөз бірте-бірте балалардың құлағына сіңіп, ақыры олар оны «Өлмес» деп атай бастапты [М.Ғ.]. Мұндағы бір көрініс, қазақ халқындағы отбасына келіп түскен келіндердің жаңа түскен үйдегі адамдардың атын атамай, астарлап жеткізудің әсерінен болғанын байқатса, халқымыздығы ырым-тыйым сөздердің әсері де болғанын көрсетеді. Сонымен бірге, «Қала және қыз бала» әңімесінде де адамға ат қоюдағы ырымға сену құбылысы анық байқалады. Мысалы: Елубір деген бала ылғи мені сыртымнан бағып жүреді дедім ғой. Өзі аппақ шөлмектей жүдеу, артқы партада отырады. Әке-шешесі ұзақ жылдар перзент көрмей, елу бір жасында осы бала дүниеге келіпті. Елубір деп  сол себептен атапты [М.Қ.]. Мұның өзі адамзаттың, оның ішінде қазақ халқы, қай кезеңде өмір сүрсе де ұлттық таным мен ойлаудың ежелгі дәстүрлі тәжірибесіне сүйенетінін байқатады. Жалпы, жалқы есімдер өз бойында белгілі бір кезеңге, тіпті тұтас бір елдің тарихына қатысты ақпараттарды жинақтай отырып, көркем мәтіндегі қолданыста ерекше маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Жазушы шығармаларындағы жалқы есімдер қаламгердің өскен ортасы мен дүниетанымы тұрғысынан ұлттық болмысқа негізделген. Мысалы, Б.Соқпақбаев Қостөбе топониміне  қатысты қызықты мәліметтер келтіре келіп, оны Текес гидронимімен тығыз байланыста алып қарайды. Мысалы. Қазақстан картасынан Алматыны көзіңізді жұмып тұрып тауып алатыныңызға мен дауласпаймын. Астанаға дәл барып тірелген саусағыңызды енді тау сілемімен шығысқа қарай сырғытыңыз. Тоқтаңыз! Мен әңгіме етіп отырған үркердей шағын ауыл Қостөбе, міне, осы арада, шекараның дәл түбінде, менің Қостөбем, менің Текесім! [Б.С.]. Сондай-ақ бұл атаулар денотаты, топографиялық  мекен-жайы нақты, Қазақстанның топонимдік кеңістігінде  кездесетін реалды нысандар.

Машқар Гумеров өз шығармаларында ономастикалық атауларды талғаммен қолдана отырып, оған тән мәдени ақпараттарды бала санасында қалыптастыруға ерекше көңіл бөлген. Яғни,  әрбір атауды бере отырып, оның шығу тарихына тоқтала кетуді мақсат еткен. Әсіресе, қаламгердің Шұңқыртомар, Қорасал  атауларына берген түсініктемелері осыған дәлел. Мысалы: Ауылдың шығыс жағындағы осы бір үлкен көлдің аты Қорасал. Бұлай аталған себебі: көлдің орта тұсына таман екі арал бар. Тұрмысқа қолайлы көлді жағалай үш ауыл қоныс тепкен. Соның бірі- осы Қорасал, екіншісі- теріскей жақта, бір жарым шақырым жердегі Жалтыр. Колхоз орталығы да жеті жылдық мектеп те сонда [М.Ғ.].

Б.Соқпақбаев шығармаларындағы тағы бір жиі кездесетін атаулар – ру атаулары. Бұл атаулардың барлығы да қаламгердің дүниетанымы мен өскен ортасымен тығыз байланысты. Автор бұл атауларға қатысты көркем мәтінді образды түрде бере отырып, кейбір ру аттарына қатысты этимологиялық этюдтерді сәтті ашып көрсетеді. Мысалы: Беснайзалар ежелден жауынгер, ұры ел болған. Рудың Беснайза атануы да тегін емес. Бір үйдің шаңырағынан сорайған бес найзаның ұшы шығып тұрыпты, содан Беснайза атаныпты деген сөз бар [Б.С.]. Осы берілген мысалда Беснайза руына қатысты мәдени ақпараттарды жазушы шеберлікпен бере білген. Сондай-ақ: Қостөбеде, негізінен, Құрмандар тұрады. Құрманның «Киікбай», «Найза» деп аталынатын екі руы. Біз Найзамыз, Дұрысы Беснайза. Беснайза екіге бөлінеді: Байқазақ, Жолыш. Біз – Жолышпыз. Барлығы Алаштың балалары ғой [Б.С.] т.б. деген сөйлемдер арқылы Қостөбедегі этникалық құрамды нақты көрсетіп кетеді

Жалпы, балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілінде жалқы есімдердің қолданылуында айтарлықтай ерекшеліктер жоқ. Себебі, балалар әдебиетінің негізгі кейіпкері де, оқырманы да – бала. Сол үшін автор әрбір жалқы есімдерді қолдануда оған байланысты мәдени ақпараттарды – аңыз-әңгімелер, тарихи оқиғалар, қоршаған ортаға тән белгілерді балаға ұғынықты, қабылдауға ыңғайлы етіп қолданады.

 


Скачать