Балалар әдебиетінің лингвоконцептуалдық құрылымы
Балалар әдебиетінің лингвоконцептуалдық құрылымыЖалпы ғалымдардың кейбірі когнитивтік талдауда ақиқат пен бейақиқат мәселелеріне қатысты көзқарасты қайта қарау қажеттігін, өйткені оның нақты ғылымдарда алынатын тәжірибелік деңгейдегі нанымды нәтижелер алуға, жеке адамдар мен әлеуметтік топтардан үздіксіз алынып жататын жаңа мәліметтер арқылы үнемі өзгеріп отыратын «ішкі әлемнің» үлгісін жасауға мүмкіндік беретінін, оның адамдар арасындағы қарым-қатынастарындағы келісімдер мен қайшылықтарды, саяси және идеологиялық жүйелер негізін анықтауда таптырмайтын әдіс екенін ерекше атап өтеді. Яғни тілді мәлімет беру мен мәлімет қабылдаудың когнитивтік жүйесі ретінде бағалайды. Сол себепті біз өз жұмысымызда аталмыш қаламгерлердің балалар тақырыбына жазылған көркем дүниелеріндегі кейіпкердің тілдік тұлғасын қарастыруды мақсат тұттық. Жалпы, тілдік тұлға дегеніміздің өзі ұлттық тіл ортасында, ұлттық құндылықтар арасында тәрбиеленген, ұлттық рух пен ұлттық тілді толық меңгерген жеке адам, бүкіл ұлттық болмысты бойына жинақтаған индивид. Тілдік тұлға мәселесіне қатысты ресей ғалымдарымен қатар, қазақтың тілші ғалымдары да нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Дегенмен ұлттық тілдік тұлға мәселесін орыс ғалымдары арасында Ю.Н.Караулов кеңінен зерттесе, өз тілші ғалымдарымыздың қатарында Ф.Терекованың зерттеуінде Қ.Қ.Жұбановтың тілдік тұлғасына жан-жақты сипаттама берілген болатын Ю.Н.Карауловтың пікірінше [5,671], тілдік тұлғаның құрылымын мына деңгейлер құрайды: Нөлдік немесе вербалды-семантикалық деңгей; бірінші немесе лингво-когнитивтік деңгейді ұғымдар, концептілер, идеялар сияқты бірліктер құрайды. Қазіргі таңда көркем әдебиет тілін таным тұрғысынан қарастыру, қаламгерлердің сөз қолдану ерекшелігі мен автор бейнесі ретінде ғаламның тілдік бейнесін жасаушы жазушының тілдік тұлғасын талдау бүгінгі күні өзекті мәселе болып отыр. Қазақ тіл білімінде соңғы уақытта жүргізілген зерттеулердің ішінде Ш.Ниятова Махамбеттің тілдік тұлғасын, Ш.Елемесова байырғы ұлттық танымның көркем прозадағы тілдік бейнеленуін, Ж.Б.Саткенова көркем шығармадағы кейіпкер тілінің когнитивтік мәнін, тілдік тұлға мәселесін тереңінен зерттеп, Ф.Қожахметованың Тұрамағамбет Ізтілеуовтың, А.Жуминова Олжас Сүлейменовтың тілдік тұлғасын жан-жақты қарастырған еңбектері бар. Зерттеуші Ж.Сәткенова өз еңбегінде концептілерді жеке тұлғалық, адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты, жалпыұлттық деп бөліп қарастырады [6.26]. Яғни зерттеуші Б.Соқпақбаевтың тілдік тұлғасын жан-жақты талдап, автор шығармаларындағы концептілік құрылымның 25 түрін көрсетеді. Ал біз өз жұмысымыздың нысаны ретінде М.Гумеров, М.Қабанбаевпен қатар Б.Соқпақбаевтың да шығармаларын алғанымызбен, біз бұл қаламгерлердің балаларға арналған шығармаларын, оның кейіпкерлерінің тілдік ерекшелігі мен таным деңгейін арнайы қарастырамыз. Бала ұғымына қатысты білімдердің концептуалдық жүйесін сонау ауыз әдебиеті үлгілерінен бері қарай топтастырсақ, онда халқымыздағы бесік жыры, ертегілер, аңыздар, батырлар жырынан бастау алып, бүгінгі біз сөз етіп отырған ақын-жазушылардың шығармаларымен тығыз байланысып жатыр. Оның ішінде поэтикалық мәтіндер мен прозалық шығармалардың тілдік тұлғасындағы бірегейлік пен концептуалдық ұқсастық анық байқалып тұрады. Ал біз қарастырып отырған қаламгерлердің шығармаларындағы «Жалғыздық» концептісі де ұлттық таным тұрғысынан айқын көрсетілген. Біз зерттеу нысаны етіп алып отырған қаламгерлердің қайсысын алып қарасақ та бір ерекшелігі сол, шығармаларындағы кейіпкерлердің негізі ата-анасының жалғызы болуында. Мысалы: Әке-шешесі ұзақ жылдар перзент көрмей, елу бір жасында осы бала дүниеге келіпті. Елубір деп сол себептен атапты [М.Қ] деген мысалдардан осы құбылысты байқауға болады. Жалпы М.Қабанбаевтың балалар тақырыбына жазылған қай шығармасын алып қарасақ та онда қаламгердің бала психологиясын жетік меңгергендігін байқаймыз. «Жалғыздық» концептісін беруде Б.Соқпақбаев қай шығармасында болмасын айтылар ойды суреттеуге ерекше мән беріп отырған. Мысалы, Енді міне көптен қалған сарқыттай олардың көз алдарында қалқиып жүрген Мұрат қана.... Өткеннің қайтып оралмасына, өшкеннің жанбасына көздері жеткен екі қарт енді соны медет етіп, тілеуін тілейді. «Құдай, енді осыма, қарайған осы шыбыныма өмір бер, қызығын көрсет», — деп таңды мінажат етумен атырады, күнді мінажат етумен батырады [Б.С.] деген мәтінде менталды дүниедегі ақиқат болмысты, бала мен ата-ана арасындағы нәзік байланысты, жалпы отбасы психологиясын керемет суреттеген. Концептік талдаудың басты мақсаты – ғалам туралы білім моделін құру және ғаламның тілдік бейнесін түсіндіру. Қаламгердің халықтық мәдениет пен өмірлік тәжірибесінің барынша жетік меңгергеніне орай және ұлттық болмыс пен ерекшелік туралы білімі шыңдалған сайын тілдік білімі де өзгеріске түсіп отырады. Балалар тақырыбына жазылған шығармаларда жазушының танымдық білімдер жүйесін зерделейтін концептінің бірі – «Бала» концептісі. Аталған концептілік құрылым жоғарыда айтылған үш қаламгердің тілінде ерекше сипатқа ие. Мысалы, «Қала және қыз бала» әңгімесінде Кіріп барсам, өңкей үпір-шүпір ұсақ бала бөлмені басына көтеріп, у да шу. Кейбірі асыр салып, қым-қуат ойнап жүр. Екеу-үшеуі шекісіп үлгерген бе, ұрттары салбырап, бұрыш-бұрышта томсырайып отыр [М.Қ.] деген мысалдан, «Мен…Менікі…Маған!» әңгімесіндегі. Баланы ұрсып-зекіп немесе ұрып-соғып тәрбиелеу Тоты әжейдің әдетінде жоқ-ты. Өйтіп қорқытып тәрбиелеген бала өсе келе жасқаншақ, жағымпаз адамға айналады, әйтпесе, керісінше, кектеніп жауыз болып өседі [М.Ғ.] деген мысалдарда берілген көркем әдебиет стилін қай тұрғыдан қарасақ та автордың айтпақ ойын, сезімін, санадағы түсінігін таныту үшін қолданылып тұрғаны белгілі. «Менің атым Қожа» әңгімесіндегі Әсіресе, «балам» деген сөздің зәрі күшті-ақ еді. Өйткені жайшылықта мамам менің атымды атайтын. «балам» деген мынау ресми үні «үлкендердің сөзіне тыңшылық істемек болған бұл сасық қулығыңды таста» деп, жекіргенмен бірдей еді [Б.С.] деген үзіндіден шығармадағы «Бала» концептісіне тірек тілдік бірліктердің мазмұны сәтті ашылғанын байқаймыз. Балалар тақырыбына жазылған көркем шығармалардағы кейіпкердің тілдік тұлғасын қарастыра отырып, жазушылардың тақырыптық, мазмұндық және концептілік жүйенің құрылымы жағынан стилі бір-біріне өте жақын екенін байқадық. Мысалы, «Достық» концептісінің вербалдануын мына мысалдардан көруге болады: Сабақтан Мұрат пен Шәкір бірге қайтып келе жатыр. Бұлардың үйлері де бір көшенің бойында, аралары жақын. Ал өз аралары одан да жақын, көңілдес достар. Шәкірді Мұрат жолдастарының бәрінен артық көреді [Б.С.]. Осы тектес сауал Сабаздың өзін де мазалап келе жатқан-ды. Досы мұның ойының үстінен түсіп отыр. Егер өстетін болса, бұлар өздерінен бірер жасы кіші Тоғайдың обалына қалады ғой [М.Ғ.]. Сол күні аула түкпірінде ең жақсы көретін «Робинзон Крузо» кітабының мұқабасына алақан басып тұрып, кесір баламен қайта достаспауға ант еттім. Шыңғысхан сырт айнала бере жолдастықты бар болғаны екі көгершінге балап сатса, басқа не шара? [М.Қ.]. Балалар әдебиетіндегі кейіпкердің таным мәселесін концепт тұрғысынан қарастыру арқылы ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілері мен ұлттық құндылықтар жүйесін, халықтың танымдық, этика-эстетикалық категорияларын, рухани мәдениетін тану, олардың қызметі мен орнын анықтау деп түйіндеуге болады. Осы орайда когнитивтік лингвистика пәнінің зерттеу объектісінің ауқымы ұлттық мәдениеттің және рухани құндылықтардың тілдегі көрінісі көркем шығармаларда берілуі арқылы кеңейе түсетіні байқалады. Мысалы, «Достық» концептісін құрайтын Қыстақтың су жақ шетінде өзіммен бірге оқитын Сыдықжан досымның үйі бар. Мен сонда келдім. Сыдықжанмен ойнап, уақыт өткізіп қайтам [Б.С.]. «Ел құлағы елу», «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дейді халық. Әркімнің-ақ сырын ашатын үш-төрт жақын адамы, сендерше айтқанда досы болады. Ол достарының да сыр шешетін үш-төрт досы бар емес пе? [М.Ғ.]. Арада ай өтті. Бұл күнде ол екеуміз кәдімгідей доспыз. Мектепке бірге барып, бірге қайтамыз. Өте тапқыр бала [М.Қ.] деген сөйлемдерде достық туралы тілдік ақпараттар берілгенімен, негізгі мазмұн толық көрсетілмеген. Оның себебі шығарма толықтай достық тақырыбына құрылмаған, тек кейбір фрагменттер беріліп отырған. Мектеп жасындағы бала танымында «екі», «үш» — жаман деген мәнді, «төрт» пен «бес» — жақсы деген ұғымды жинақтайды. Біз жұмысымызда мұны «Баға» концептісі деп қарастырдық. Бұл жас ерекшелік психологиясына сай, бала санасындағы «жақсы», «жаман» ұғымын қоса білдіреді. «Баға» концептісін ашуда Б.Соқпақбаев шығармаларынан ерекше қолтаңбаны байқауға болады. Жазушы шығармаларынан алынған: Міне осыдан кейін Майқанова маған қымс етсе, қаһарын тігіп тұратын болды. Қанша рет қыс бойы директордың алдына сүйреп алып барды. Ақыры жыл аяғында тәртібіме «төрттік» баға қойып берді [Б.С.]. Отыр, Тұрсынбаев. Осымен, міне, екінші рет |