АЛПАМЫС БАТЫР


АЛПАМЫС БАТЫР

 

Бұл – қазақ халқының қаһармандық эпосы. Терең мазмұны, көркемдігі мен тарихи шындықты қамтуы жағынан «Одиссея», «Манас», «Калевала», «Қобыланды батыр» т.б. секілді әлемге танымал жыр. «Алпамыс батырда» халықтың басынан өткен қаһармандық оқиғалар эпикалық әсірелеу заңдылығымен берілген. Жырда түрік қағандығы дәуіріндегі (V-VIIғғ.) азаттық үшін күрестің  сарындарынан бастап, қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығына қарсы қаһармандық ұрыстарының нақтылы елестері де сезіліп отырады. Жыр дәл қазіргідей классикалық бүтіндікке ғасырлар бойы жетілу, толығу арқасында жеткен. Әсіресе жырдан батырлық ертегілердің жігі айқын байқалуы эпосты көне туындылардың бірі деп есептеуге мүмкіндік береді. Мысалы, жырда қарт ата-аналардың жаратқаннан перзент тілеп әулиелерге түнеп мінәжат етуі, болашақ батырды зарығып көруі, жас қаһарманның жедел ер жетіп, айрықша қайрат танытып жүйрік ат мінуі; жау шапқыншылығына ұшыраған елінің кегін қайтарып, туған елін бақытқа кенелтуі, өзіне өмірсерік болатын сұлу жар таңдап бақытты өмір кешуі секілді ежелгі батырлық ертегілерге тән тұрақты сарындар мейлінше анық және толық көрсетіледі. Қаһармандардың туып-өскен, өмір кешкен елі – Жиделібайсын, нақтылы тайпасының аты – қоңырат болып көрсетілгені көптеген ғалымдардың дастанды қоңыраттардың тайпалық эпосы деп айтуына мүмкіндік берген. Дегенмен, эпоста сипатталатын оқиғалар, адамдардың іс-әрекетінің молдығы, сан дәуірдің наным-сенім ерекшілігін танытатын тұстары эпостың шеңберін бүкілтүркілік және бүкілқазақтық деңгейге көтереді. «Алпамыс батыр» жырының халықтың есінен мәңгілік ұмытылмай орын алу себебі тарихи әлеуметтік шындықтың биік көркемдікпен жырлануында. Мұндағы бейнеленетін көріністердің бәрі де қазақтың көшпелі өміріне тән мейлінше етене жәйттер. «Алпамыс батыр» жыры ел арасында ғасырлар бойы айтылып келгенімен баспа жүзін алғаш рет 1899 жылы көрген. Кеңес одағы құрылғанға дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан. Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп, орысша мазмұнда бастырған – атақты фольклоршы Ә.Диваев. Кеңес жылдарында өзге де батырлық жырлары мен қатар «Алпамыс батыр» сан рет қайта басылды.

Тәуелсіздік туын көтерген түркі халықтары егемендік алған заманда бұл елдердің ерте кездегі өнер байланысын, тағдырластығын, мүдделерінің ортақтығын, көркемдік ойлау мәдениетінің жақындығын көрсететін этникалық туыстықты дәлелдейтін нағыз қымбат куәліктің бірі «Алпамыс батыр» жыры болуы – оның халықаралық деңгейдегі мәнін арттыра түседі. «Алпамыс батырдың» түп негіздерінің пайда болғанына 1200-1300 жыл толды деп тұжырымдауымызға да осы мысалдар айқын себеп. Жырдың үлкен, көркем поэзиялық нұсқалары туысқан қарақалпақ, өзбек халықтарында да кездеседі.

Д.Мәсімхан

 


Скачать