Ілияс Есенберлин романындағы Алаш рухы


Ілияс Есенберлин романындағы Алаш рухы

 

І.ЕСЕНБЕРЛИН РОМАНЫНДАҒЫ АЛАШ РУХЫ

Халық ғұмыры – тарихи дамудың диалектикалық заңдылығын құрайтын жалғыз нысана. Дәуірлер сипатынан табиғи дамудың бел-белестерін, алған асу, шыққан биігін пайымдап, кешегі мен бүгіннің арақатынасын ажыратуға, өзгенің өресі жетпес жорамал деректердің жанды-жансыз жобасын жасауға болады. Осы ретте көз жетер тарихын қаламен аттап, қағазға тақтап қойған елге қызыға да, қызғана да қарайсың. Хаттаулы тарих – халық болмысының рухани, мәдени өрісіне берілген төлқұжат. Ондай елдің әлемдік дамудағы кімнің-кім болғанын сарапқа салар тұста алдына жан салмай кететіні де сондықтан. Қазақ қауымының қолына қалам алған санасы сардар азаматтарының қай-қайсысы болсын, әсіресе ХХ ғасырдың алғашқы шеңберінен бастап тарихи деректерге ден қоя бастауының себебін біз осы жайдармен байланыстыра қарауымыз керек. Өйткені «Алаш қозғалысына қатысып, «Алаш» партиясын құрысып, Алашорда үкіметін жасаған қайраткерлер ішінен қазақ әдебиетінің алтын діңгек, сом тұғырлары шықты. Отаршылдықпен шайқас, артта қалушылыққа қарсылық, надандықты мансұқ ету, азат, тәуелсіз демократиялық, дербес мемлекет құруды биік нысана ету, белгілі бір тап мүддесі емес, жалпы ұлт мақсаты үшін күресі, өркениетті нысана ету – бұл ағымда болған ұлылы-кішілі азаматтардың баршасының дүниетанымына ортақ, ерекше қасиет» [1,424-б] болды. Ұлт тарихының мәнді тұстары А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ж.Досмұхамедов, С.Сейфуллин, М.Әуезов шығармаларында қамтыла бастаған. Қазақ елі тарихының әдебиеттегі көрінісі сол дәуірдегі қазақ әдебиеттануының көрнекті өкілдерінің еңбектерінде көрініс тауып, әр қырынан сөз болды. Бұл ежелден-ақ көркем әдебиет пен тарихтың арақатынасы сөз боп келе жатқан қазақ әдебиеттану ғылымында да түбірлі мәселе екенін көрсетеді. Алайда түбірі терең, түбегейлі шындықты жүйелеп, ұлттық ғұмырнаманың әлемдік дамудағы дара тұстарын ашып көрсетудің алғашқы талпыныстарына талағы тар заман тұсау салып бақты. Ұлт тарихының шындығынан жасқанудың коммунистік идеологияның күшті қаруларының біріне айналуы да сол ХХ ғасырдың болмысындағы танымдык кереғарлықтың керемет мысалы болып қала бермек. Солай дегенмен халық зердесі бұғауға да, бұрауға да көнбейтін қуат. Халық зердесі ешқашан да ұмытшақтық кеселіне ұшыраған емес. Ал зерденің зерлі нұсқаларына зер сала қарап, қара қылды қақ жарар әділет биігінен пайымдау – сол халықтың қанатты перзенттерінің парызы болған. Бізге тұстас дәуірде, алғашқылардың бірі болып, осы үдеден шыққан жазушы Ілияс Есенберлин болды. Оның алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың, әдебиеттегі алаштық мақсат пен ұлттық рух көрінісінің үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазушының туғанына 80 жыл толуы қарсаңында «Ақиқат шындық темір шымылдықтың ар жағында тұтқындалып, ата тарихының «ақтаңдақтарын» зерттеу тыйым салынған жылдары Ілекең қазақ қаламгерлерінің алғашқысы болып қиын да күрделі тақырыпқа – Қазақ хандығының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресі тақырыбына қалам тартып қана қойған жоқ, өзінің эпикалық құлашы, халық өмірінің сан алуан қырын кең қамтуы, қазақ тарихының кемеңгер көсемдерінің қайталанбас бейнелерін сомдауы жағынан өзге туындылардан оқ бойы алда тұрған талантты шығармасы – «Көшпенділер» тарихи трилогиясын дүниеге әкелді. Бүгінде дүние жүзінің көптеген халықтарының тіліне аударылып, әлденеше рет басылған жазушының осы еңбегін хандық дәуірдегі қазақ өмірінің энциклопедиясы десек артық бола қоймас» [2,3-б] - деп жазғанындай бұл шығарманы қазақ халқының баға жетпес көркем туындысы әрі ешқандай шығармамен теңестіруге болмайтын орны бөлек тарихи, ғылыми жағынан кең қамтылған кесек дүние дегеніміз орынды. Рас, Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазылған романдарынан бұрын да одақ көлемінде фундаментальді тарихи шығармалар жарық көрген. Алексей Толстойдың «Бірінші Петр», Василий Янның «Шыңғысхан», Г.Гамсахурдияның «Давид IV Строитель» тағы басқа романдар сөз жоқ тарихта үлкен орны бар, олардың авторлары да өте талантты танымал тұлғалар. Бірақ олар өз шығармаларындағы кейіпкерлерін қай қырынан көрсетем десе де, ашығын айтқанда «жоқтан бар жасап, болмағанды болды» десе де шек қойылмады. Роман қалай жазылса, баспадан солай жарық көрді, барынша ерік берілді. Идеология тарапынан ешқандай қысым, ешқандай кедергі болмады. Міне осыны жоғарыдағы кітап авторлары қажетінше пайдаланды. Ал Есенберлинде мұндай еркіндік жоқ екені белгілі. Қазақтан шыққан батырларды, атақты хандарды, от ауыз, орақ тілді билер мен шешендерді насихаттауға, олардың батырлығы мен ерлігін өнері мен өткірлігін, ұйымшылдығы мен бірлігін қалың оқырманға жеткізуге партиялық цензура тарапынан қатаң тыйым салынатын кез. Керек болса, партиялық идеология қазақ халқының ғасырлар бойғы бай тарихын жылы жауып қойып, қазақ тарихы «Ұлы октябрь революциясынан бастау алады» дегенге дейін барды. Ал коммунистік партияның сол кездегі көшбасшысы Л.Брежнев бір сиезде «Қазақстанда қайдағы бір Кенесары Қасымов дегенді шығарып алды» деп ашуланып, сес көрсеткені бар. І.Есенберлинің «Көшпенділер» трилогиясы партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырларының, хандарының, шешендерінің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсынуы жай ерлік қана емес, талантты жазушының, саяси жеңісі еді. «Көшпенділер» ұлт тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағылып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмалағандығын көркем тілмен бейнелеп берді. Есенберлиннің осы трилогиясынан нәр алып, көп нәрседен мағлұмат алған көпшілік оқырман ондаған жылдардан соң тоталитарлық жүйеге қарсылық білдіргенін дүние жүзі біледі. Бірақ қылышынан қан тамған Горбачевтік-Колбиндік баскесерлер әділдік іздеп, бой көрсеткен жастарды қалай қуғындап, қалай түрмеге жапқанына тарих куә. Қазақ халқының бұрмаланған тарихын зерделей білген Есенберлин ұлт тағдырының дәуірлер бедеріндегі болмысын өнер тілімен өрнектеп баяндау мақсатында қолына қалам алып, «Көшпенділер» трилогиясын жазуға кірісті. Әсіресе Қазақстанның өз еркімен Ресейге қалай қосылғандығын, оның пайдалы және зиянды тұстарын нақты дәлелдермен оқырман алдына ұсынды. Әбілқайыр хан мен Абылай ханның әр кезеңдердегі осы мәселелерге байланысты іс- әрекеттерін көрсетуге тырысты. Қазақ халқының ержүректілігін, қандай жағдайда болсын елін, жерін сыртқы жаулардан қорғай алатындығын көрсетіп берді. Қазақ қандай халық, олар қашан және қалай қалыптасты, жеке ұлт ретінде танылуға қандай мүмкіндіктері бар? Романда осы сұрақтарға нақты жауап берілген. Бұл тоталитарлық жүйе билік құрған кезеңдегі ұлтты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір қадам болатын. Бүгінгі күнді сол өткеннің нәтижесі ретінде таныған Есенберлин қоғамның түрлі қабаттарындағы жасырын қалған күрделі оқиғаларды, аса мәнді тарихи кезеңдерді әлемдік тарихтағы ұлы оқиғалармен салыстыра отырып, небір тар, қысылтаяң замандарда өз бойынан қуат тапқан халық күшінің құдыретін көркем бейнелеуге ұмтылады. Ол көне тарихқа бүгінгі заман талғамы тұрғысынан өлшеп үңіледі. Негізгі өзегі сол кезең үшін аса маңызды болған нақты тарихи тартыстарға құрылған І.Есенберлин романдарының сюжеттік желісінде тарихи-документтік сипат пен романтикалық леп аралас келіп отырады. I.Есенберлин – тарихи деректерді терең меңгерген сөз зергері әрі сол заманға сай тарихи сипатты нақты көре білген зерделі қаламгер. Оның шығармаларында суреттеліп отырған заманның ерекшеліктері мен өзіндік келбетін танытатын поэтикалық қуат тарихи тұрғыдан нанымды. Есенберлин қаһармандарының мінез ерекшеліктерінен қоршаған ортаның жағдайынан туындап отыратын поэтикалық қиял, ойдан шығарған оқиғалар шынайы сипатқа ие екендігін көреміз. Жазушылық қабілет пен үлкен зерттеушілік ізденістің нәтижесінде дүниеге келген «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогиялары ғылыми ой мен творчестволық қиялдың тамаша синтезі деуге болады. Халықтың қай кезең болсын езгіге, бұғауға, қорлыққа шыдамай, бостандық, теңдік, еркіндік үшін соңғы күшін сарқып күресе беретіндігін кең тыныста суреттейтін трилогияда күрескерлік идея бой оздыра көрініп отырады, оптимистік күрес жолы көркем хикаяланады. Халықтың жеке ел болуындағы ең үлкен және соңғы қуатты тегеуріні қазақ халқының жоңғардың жойқын шабуылына төтеп беріп, елдігі мен жерін сақтап қалуы болды. Бұл нағыз Ұлы Отан соғысы, сол отан үшін шайқастағы тұтас халықтың ерлігі еді. Бұл сипат, Отан іргесін сақтап қалу үшін болған ұлы шайқас романда бар болмысымен жан-жақты көрінеді. Тарих оқулықтарында «өз еркімен қосылды» деп түсіндіріліп келген Россия империясына қазақ даласының бағындырылу процесінің қиын да күрделі сипаты «Жанталас» романында Әбілқайыр, Барақ, Абылай сияқты әртүрлі көзқарастағы ел билеушілерінің іс-әрекет, айла шарғылары арқылы көрініс табады. Қандай тығырықтан да халық өзін-өзі шығарады. Трилогияның алтын желісі, негізгі өзегі – қазақ халқының саясат бұғауы, шовинизм құрсауымен беймәлім болып келген тарихын өзіне таныту. «Адамзаттың нағыз шын тарихын тарихшы емес, суреткер жазады», - дейді М.Горький. І.Есенберлин осы принципті ту етіп ұстап, ғылымда да осы уақ 



Скачать