Қазіргі саяси картаға тарихи-географиялық шолу


Қазіргі саяси картаға тарихи-географиялық шолу

 

Қазіргі саяси картаға тарихи-географиялық шолу. Қазіргі заманғы, яғни саяси картаның қалыптасуындағы ең жаңа кезеңнің басталуы Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен тұспа-тұс келіп, ол бүгінге дейін созылуда.

XX ғасырдың басында жер шарында тәуелсіз дербес мемлекеттер саны 55 болса, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары олардың саны 81 -ге жетті. Бұл елдердің Исландиядан басқасы өз саяси тәуелсіздіктеріне қол жеткізе алған Азия құрлығының жас мемлекеттері болды. Олардың қатарында осындағы аса ірі елдер — Үндістан, Индонезия, Пәкстан, Филиппин, т.б. бар (қосымашдағы 2-кестені қараңдар). Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар аралығы мен одан кейінгі уақыт казіргі саяси картаның бірінші немесе алғашқы кезеңі деп аталады. Бұл кезең Ресей, Австрия-Венгрия, Осман империяларының ыдырауымен, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО), т.б. мемлекеттердің құрылуымен және социалистік жүйе елдерінің саяси картада пайда болуымен сипатталады. Сонымен бірге осы кезең аймактың қақтығыстар мен дүниежүзілік соғыстарды болдырмай, ауыздықтау сипатында құрылған халықаралық ұйым — Ұлттар Лигасының (ҰЛ) (1920 ж.), әсіресе қазіргі кездегі аса беделді Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) (1945 ж.) құрылуымен ерекшеленеді.

1950 жылдардың соңында егеменді мемлекеттердің саны 92-ге жетті. Енді Азия елдерімен қатар Африка құрлығындағы елдер де саяси бостандық алды. Ең алдымен, оның солтүстігіндегі араб елдерінің көп бөлігі, оның артынша тропиктік Африкада — Гана (1957 ж.) ең бірінші болып, ал келесі жылы Гвинея өз тәуелсіздіктерін алды. 1960 жыл «Африка жылы» болып есептелінеді. Өйткені тек осы жылы аталған материктің 17 елі өз егемендіктеріне ие болды. Отаршылдықты жою процесі басқа материктерде де қарқынды түрде дамыды.

Осы заманғы саяси картаның алғашкы кезеңі мен 1980 жылдардың соңғы межесіне дейінгі уақытты шартты түрде оның екінші кезеңі дейді. Бұл кезеңде отарлық империялар ыдырап, олардың орнында ұлт-азаттық қозғалыстар нәтижесінде дамушы елдер деп аталынатын жүзден астам жас тәуелсіз мемлекеттер саяси картада пайда болды.

1990 жылы планетамызда егеменді ел 171-ге жетті. Алайда осы жылдың мамыр айында, ұлттық-этникалық құрамы негізінде екі Йемен — Солтүстік жәнеОңтүстік Йемен Араб мемлекеттері қосылып, Арабия түбегінде жаңа мемлекет — Йемен Республикасы пайда болды. Ал қазан айында екі Герман — Батыс және Шығыс Германия мемлекеттері бірікті. Келесі жылы Берлин қаласы Германия Федерациялық Республикасының астанасы болып жарияланды. Осы себепті 1991 жылдың қаңтары карсаңында дүние жүзінің саяси картасында егеменді мемлекеттердің саны 169-ға дейін қысқарды.

1991 жылдың қыркүйек айында Балтық маңы елдері — Литва, Латвия және Эстония тәуелсіздіктерін алды. 1991 жылдың соңында КСРО ыдырағаннан кейін, оның орнында егеменді, жас тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Олар: Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Молдова, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Армения және Грузия республикалары. Осы аталған мемлекеттер енді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құрды.

Югославия Социалистік Федеративтік Республикасында басталған саяси науқан қарулы қақтығыстар мен соғысқа айналып, ақырында оның ыдырауына әкеліп соқтырды. Югославияның құрамындағы бұрынғы одақтас республикалардың орнына келесі тәуелсіз мемлекеттер пайда болды: Словения, Хорватия, Босния және Герцеговина, Македония. Тек Сербия мен Черногория республикалары ғана алғашқы — Югославия Одағына бірікті, кейіннен федеративтік құрылымдағы аталмыш республикалар атауымен қайта жаңғарды. Бірақ осы екі республика арасында, әсіресе Сербияның Косово және Метохия аймағында саяси даудамайлар әлі де өршіп тұр.

Сол сияқты Босния және Герцеговинадағы үш қауымдастықтың бір-бірімен қарама-қайшылықтары (серб, хорват және мұсылман қауымдары) мен екі жақты саяси кереғарлықтар (хорват мұсылман және серб топтары арасындағы) осы уақытқа дейін толық шешуін таппай отыр. Ал Македонияға келсек, оған Грекия үкіметі іштей өзінің қарсылығын өлі білдіруде. Оның басты себебі — елдің «Македония» деп аталуына келіспеушілігі. Жалпы, Македонияның Югославия құрамына ену кезінен қалған Болгариямен арадағы өзара түсініспеушіліктері тағы бар. Осы екі мемлекеттің Македонияның БҰҰ-ға мүше болып кіруінде дауыс беруде қалыс калуына байланысты Югославия құрамында болған басқа республикаларға қарағанда оның БҰҰ-ға мүшелікке енуі біраз кешеуілдеді.

1993 жылдың қаңтарында Чехо-Словакия Федерациялык Республикасы өзінің бірігіп өмір сүруін тоқтатып, оның орнында тәуелсіз екі мемлекет: Чехия және Словакия республикалары құрылды. Дүние жүзінің қазіргі саяси картасының осы үшінші кезеңіне өзіміз куә болып отырмыз. Біртұтас Кеңес Одағы, Югославия және Чехо-Словакия Федерацияларының бұрынғы республикаларының егемендік алуы, социалистік жүйенің ыдырауы мен басқа да тәуелсіз мемлекеттердің (Эритрея, Палау, Шығыс Тимор) пайда болуы және бүгінгі таңдағы дүние жүзі картасындағы кептеген саяси өзгерістерді осы соңғы кезеңге жатқызамыз.

Қазіргі кезде дүние жүзінің саяси картасында 200-ден астам егеменді тәуелсіз мемлекеттер бар. Бүгінгі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымына 194 мемлекет мүше (қосымшадағы 1-кестені қараңдар). Жоғарыдағы жаңадан құрылған мемлекеттер БҰҰ-ның құрамына, оның Бас Ассамблеясы сессиясының шешімі бойынша қабылданды. Мысалы: бұрынғы КСРО мен Югославия республикаларын БҰҰ-ға қабылдау рәсімі 1992 жылдың көктемінде жүзеге асты.

 


Скачать