Ямайка
ЯмайкаЯмайка – Орталық Америкадағы мемлекет. Кариб тезіндегі өзі аттас арал мен оған таяу шағын аралдарда орналасқан. Жер аумағы 11 мың км2. Халқы – 2,7 миллион (2004 жылы). Халқының 77%-ы зәңгілер, 15%-ы мулаттар, қалғандары үндістер, қытайлар, еуропалықтар. Ресми тілі – ағылшын тілінің жергілікті диалектісі (“креоль”). Тұрғындары негізінен протестанттар. Ямайка – конституциялық монархия. Британ Достастығы құрамына кіргендіктен, ағылшын королевасы мемлекет басшысы болып саналады. Елді королева тағайындаған генерал — губернатор басқарады. Генерал — губернатор жанынан кеңесші орган ретінде құпия кеңес құрылған, оның 6 мүшесін генерал — губернатор (премьер — министрдің кеңесімен) тағайындайды. Жоғарғы заң шығарушы органы – екі палаталы парламент (өкілдер палатасы және сенат). Атқару билігі премьер — министр басқаратын үкімет қолында. Астанасы – Кингстон қаласы. Әкімшілік — аумақтық жағынан 3 графтыққа бөлінеді. Ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күні, тамыздың бірінші дүйсенбісі (1962 жылы). Ямайка БҰҰ-ның (1962 жылы), Америка мемлекеттері ұйымының (1969 жылы), Кариб қауымдастығының (1973 жылы) мүшесі. Ақша бірлігі – Ямайка доллар. Ямайканың солтүстік жағасы жартасты, түзу, оңтүстік бөлігі едәуір тілімделген. Жағалауларында маржанды рифтер түзіледі. Аралдың көпшілік бөлігін әктасты таулы қыраттар алып жатыр. Батысынан шығысына қарай жас шөгінділерден және кристалды жыныстардан түзілген қатпарлы таулар кесіп өтеді. (ең биік жері Блу — Маунти, 2256 метр) Оңтүстік және батыс жағалауы – аллювийлі ойпат. Ыссы, родондық бұлақтар көп. Пайдалы қазбалары – боксит, темір кентасы, қорғасын, марганец, гипс, әктас, мрамор. Климаты тропиктік, ылғалды. Қаңтардағы орташа температура 24 – 250С, шілдеде 280С-ға жуық. Жылдық жауын-шашын мөлшері 1800 – 2000 метр, оңтүстігінде 800 мм, солтүгіндегі таулы өңірлерде 5000 мм. Ара-тұра дауылдар, жер сілкінісі болып тұрады. Жауынды маусымы мамыр – маусым – қыркүйек – қазан айлары. Құрғақ маусымы қаңтардан сәуірге дейін. Ірі өзені – Блэк — Ривер, төменгі ағысында кеме жүзеді. Аралдың орталығында және таудың солтүстік — шығыс беткейінде мәңгі жасыл тропиктік орман өседі. Жазықта саванна өсімдігі басым. Жері күлгінделген қызыл (тауда), қызыл қоңыр топырақты (жазықта). Жарқанаттар, жыландар, үй қояны, қолтырауындар мен ламантиндер, тасбақа, игуана кесірткесі, мангустар, майндар, құстардың 256 түрі (оның 46 түрі тек осы жерде ғана) мекендейді. Хелтшир-Хилс фауналық резерваты, ландшафты және орманды қорықшалар, 2 теңіз саябағы ұйымдастырылған. ТарихыЯмайканың ең көне тұрғындары алғашқы қауымдық құрылыстағы өмір сүрген үндістер болған. Олардың негізгі кәсібі – егіншілік, оған қосымша аңшылық пен балықшылық болды. 1494 жылы аралды Х.Колумб ашып, оны Сантьяго деп атаған. Кейін Ямайка (үндістің “Хаймека” – бұлақтар аралы деген сөзінен) атанып кеткен. 1509 жылдан Испанияның отарлауы нәтижесінде үндістер жаппай қырғынға ұшыратылды (1611 жылы 74 үндіс қалды). 1513 жылдан бастап қант құрағы, кофе плантацияларына Африкадан құлдар әкеліне бастады. 1670 жылы Мадрид шарты бойынша Испания Ямайканы Англияның билігіне берді. Осы кезден бастап қант құрағы, кофе, индиго бұрынғыданда артық өндіріліп, Африкадан құлдар көп әкелінді. 18 ғасырда Ямайка шикі қант өндіруден дүние жүзінде 1-орынға шықты. Аяусыз қанау құлдардың наразылығын туғызып, 17 ғасырдың 2-жартысында олар 5 рет, келесі 130 жылда 27 рет көтеріліс жасады. Аралдың қойнауында қашқын құлдар мен олардың ұрпақтарының – марундардың тәуелсіз қауымдары жүздеген жыл бойы отаршыларға қарсы қарулы күрес жүргізді. Гаитиде революцияның жеңуі (1804), Оңтүстік Американың кейбір республикаларында құлдықтың жойылуы Ямайкада құлдардың жаңа қозғалысын туғызды (1806, 1808, 1809, 1815, 1823 – 24, 1831 – 32 жылдары). Соның нәтижесінде 1833 жылғы заң бойынша құлдық біржолата жойылды. 1884 жылы Ямайкалықтар Заң шығару кеңесі мүшелерінің біразын сайлауға құқық алды. 1867 жылы Солтүстік Америка компаниялары Ямайкада банан плантациясын ұйымдастырып, көп ұзамай Ямайка сыртқа банан шығарудан 1-орын алды. 20 ғасырдың 1-жартысында елде саяси қозғалыстар күшейді. Соның нәтижесінде 1938 жылы қыркүйекте саяси партиялар құруға рұқсат етілді. 2-дүниежүзілік соғыс кезінде Ұлыбританиямен арадағы шарт бойынша АҚШ Ямайкада соғыс базасын салды. 1943 жылы Ямайка халқы жалпыға бірдей сайлау құқығын алды, ал 1944 жылы жергілікті парламент шақырылды. 1954 жылы “Бостандық жолындағы халық қозғалысы” партиясы қалыптасып, елдің тәуелсіздігі жолындағы күрес күшейді. Соның нәтижесінде елде референдум өткізіліп, 1962 жылы 6 тамызда Ямайка тәуелсіздігін жариялады. 1963 жылы Ямайка АҚШ-пен келісім жасап, одан әскери, экономикалық жәрдем ала бастады. 1970 – 90 жылы ел экономикасына америка капиталы енді. Осыдан кейін Ямайка халықаралық шиеленістерді бәсеңдетуді, Кубамен арадағы қарым — қатынасты қалпына келтіру саясатын қолдады. 1976 жылы елде боксит өндіру қолға алынды. Ел экономикасына нарықтық қатынастар еніп, реформалық бағдарлама жүзеге асырылды. Бірақ табиғи апаттар мен қылмыс пен зорлық — зомбылықтың өсуі елдегі экон. жағдайдың төмендеуіне алып келді. ЭкономикаЯмайка – агралық — индустриялы ел. Ауыл шауашылығының негізгі саласы – өсімдік шауашылығы Қант құрағы, банан, кофе, имбирь, какао, темекі, ямайка бұрышы, үнді кендірі, цитрустық жемістер, ямс, көкөніс, сонымен қатар ішкі қажетті өтеу мақсатында жүгері, күріш, маниок, батат, жемістер, картоп, нан ағашының жемісі өсіріледі. Мал шуашылығы нашар дамыған. Мүйізді ірі қара, ешкі, шошқа өсірледі. Су айдындарынан балық, малюскілер ауланады, теңіз өнімдері өндіріледі. Экономикасының негізгі саласы тау — кен өндірісі. Боксит өндіріледі және экспортқа алюминий тотығы шығарылады (әлемде алдыңғы орында, жылына 3 миллион. тонна). Сонымен қатар гипс, мрамор, әктас, цемент, ақ кірпіш өндіріледі. Жеңіл индустрия, оның ішінде тамақ өнімдері, қант, ром, мата тоқу, қағаз, темекі өнімдері, химиялық және фармацевтік тауарлар, киім тігу, сыра қайнату, копра дайындау өндірісі дамыған. Елде шет елдік компаниялардың ірі кәсіпорындары жұмыс істейді. Олар импорттық шикізат негізінде химиялық өнімдер, машиналар, станоктар, әйнек, цемент, металл бұйымдар, электроника шығарады, боксит пен мұнайды қайта өңдейді. Туризм ұлттық табысқа үлкен кіріс кіргізеді. Басты теңіз порттары – Кингстон және Монтего — Бей. Осы қалаларда халықаралық әуежай орналасқан. Экспортқа боксит, алюминий тотығы, гипс, тоқыма, қант, темекі, ром, банан, сусындар, цитрустық [[[жеміс|жемістер]], кофе, какао шығарылады. Импортының негізін шикізат, минералды отын, ауыр машина жасау, химия өнеркәсібі өнімдері, көлік құрал-жабдықтары, тұтыну тауарлары, негізгі өнеркәсіп тауарлары, азық — түлік, мал құрайды. Ұлттық табыстың жан басына шаққандағы мөлшері шамамен 3470 АҚШ долларына тең. Негізгі сауда серіктестері: АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Венесуэла, Мексика, Германия, Норвегия. [1] Сілтемелер
Пайдаланған Әдебиет
Скачать |