Эстония
Эстония(Eestі), Эстония Республикасы – Шығыс Еуропаның солт.-батысында орналасқан мемлекет. Балтық т-нің Финн және Рига шығанақтарының суларымен қоршалып жатыр. Эстонияның құрамына 1500-ден астам (оның ішінде Моонзунд топаралы да бар) арал кіреді. Аум. 45,1 мың км2, халқы 1,48 млн. (2003), оның 63,9%-ы – эстондар, 29%-ы – орыстар, 2,7%-ы – украиндар, 1,6% – беларусьтар, 1%-ы – финндер, т.б. Дінге сенушілердің басым бөлігін лютеран дініндегілер құрайды, православие дініндегілер де бар. Халқының 70%-ы қалаларда тұрады, неғұрлым ірі қалалары: Таллин, Тарту, Нарва, Кохтла-Ярве, Пярну. Астанасы – Таллин қ. Ресми тілі – эстония Әкімш.-аумақтық жағынан 15 уезден (маакондтан) және орт. бағыныстағы 6 қаладан құралады. Конститутция бойынша мемлекет басшысы президент, ал жоғары заң шығарушы органы – Рийгикогу (бір палаталы парламент). Ұлттық мерекесі – Эстонияның тәуелсіздік күні, 24 ақпан (1918). Эстония БҰҰ-ның (1991), Еур. Кеңестің (1993), Еуроодақтың (2004) мүшесі. Ақша бірлігі – эстон кронасы. Табиғаты.Эстония аум. Шығыс Еуропа жазығының солт.-батыс бөлігіне орналасқан. Эстония жағалаулары әсіресе батысында және солт.-батысында қатты тілімденген. Көптеген шығанақтары мен қойнаулары (Таллин қойнауы, Хара, Колга, Лахепере, Матсалу, Пярну, т.б. шығанақтары) бар. Батыс жағалаулары – ойпатты, солт. жағалаулары тік жарлы. Ең ірі аралдары: Сааремаа, Хийумаа, Муху, Ворсми, т.б. Жерінің басым бөлігі ойпатты жазық (орташа биікт. 50 м-дей). Эстония ның батыс бөлігі мен Батыс Эстон топаралында, сондай-ақ қиыр шығысында ойпатты жерлер басым, Батыс Эстон жазығында шымтезекті батпақтар көп. Солт. және орт. бөлігін биікт. 166 м-ге дейінгі (Пандивере биіктігі) толқынды ойпат алып жатыр. Выртсъярв көлінен оңт.-шығысқа қарай аум-ның неғұрлым көтеріңкі жерлері – Отепя биіктігі (217 м-ге дейін) мен Хаанья (биікт. 318 м), батысқа қарай Сакала биіктігі (145 м-ге дейін) жатыр. Биіктіктер негізінен түпкі жыныстардан (әктастар, құмтастар) қалыптасып, мұздану шөгінділерімен жабылған. Солт. және орт. бөлігінде мореналық шөгінділер басым. Эстония аумағы Шығыс Еуропа платформасының солт.-батыс бөлігінде, Балтық қалқанының оңт. беткейі мен Балтық синеклизасының солт. беткейінде орналасқан. 110 м (солт-нде) – 600 м (оңт.-батысында) тереңдікте жатқан платформаның кристалданған іргетасы күшті шоғырланған архейлік және протерезойлық гнейстерден, мигматиттерден, кристаллды тақтатастардан, кварциттер мен граниттерден қалыптасқан. Негізгі кен байлықтары – жанғыш тақтатастар, фосфорит, шымтезек, мұнай, янтарь, құрылыс материалдары. Климаты теңіздіктен континентікке қарай ауыспалы. Жағалауларындағы аудандарда климат неғұрлым жұмсақ; шығыс және оңт.-шығыс бағыттарда оның континенттігі артады. Ақпандағы орташа темп-ра –6С, шілдеде 17С-қа тең. Эстонияда ұз. 10 км-ден асатын 420 өзен бар. Неғұрлым маңызды өзендері: Пярну, Эмайыги, Нарва-Казари. 1000-нан аса көл мен су қоймалары бар (бүкіл ел аум-ның 4,8%-ы). Ең ірілері; Чудь (эстон. Пейпси), Выртсъярв, Суурлахт. Топырағы негізінен қыртысты-күлденген, қыртысты-карбонатты, батпақтанған. Аумағының 50%-дан астамы батпақтанған және батпақты топырақтар. Эстония аралас ормандар аймағында орналасқан, ел аумағының 50%-на жуығын ормандар алып жатыр. Ормандарының басым бөлігі – қылқан жапырақты (қарағай, шырша) ағаштардан тұрады. Эстонияның жануарлар дүниесі үшін тайгалық және жалпақ жапырақты ормандардың, сондай-ақ теңіз жағалауы фаунасының өкілдері тән. Сүт қоректілерден бұлан, елік, жабайы шошқа, қоян, ақ қоян, қасқыр, түлкі; құстардан – құр, шіл, сандуғаш, т.б. мекендейді. Теңіз жағалауын мекендейтін жыл құстары көп. Негізгі қорықтары – Вийдумяэ, Вильсанди, Маатсалу, Нигула. Лахемаас ұлттық саябағы ұйымдастырылған. Тарихы.Қазіргі заманғы Эстония аумағын адамдар мезолит кезінде (б.з.б. 8 – 4-мыңжылдық) қоныстанған. Б.з.б. 3-мыңжылдықтан бастап Эстония аумағына финн-угор тайпалары келіп орналаса бастады. Б.з.б. 3-мыңжылдықтың соңында Э-ның аумағына балтық тайпаларының арғы ата-бабалары келді. Олар мал ш-мен және егіншілікпен айналысты. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың ортасында балтық бойы – финн тайпаларының (эсттер мен ливтер) қалыптасып, күшеюі болып өтті. Шаруашылықтың басты саласы – мал ш., б.з. алғашқы ғасырларынан бастап – егіншілік болды. 11 ғ-дан бастап қара бидай өсіріле бастады. Тоқымашылық, ұсталық ісі мен қыш ыдыстар жасау дамыды. Құрғақтағы жолдармен, теңізбен жүргізілген сауданың көлемі артты. Сауда орталықтары мен айлақтары: Таллин, Тарту (Юрьев), т.б. пайда болды. Ежелгі тайпалардың аумақтық бірлестіктері – кихелькондтар мен олардың одағы – маакондтар (жерлер) қалыптасты. Эстон халқының қалыптасуы басталды. Скандинавиялық деректерде викингтердің 1-мыңжылдықтың соңы – 2-мыңжылдықтың бас кезінде Эстонияның жағалауларына, ал 11 ғ-дан бастап эсттердің Дания мен Швецияға жорық жасағаны айтылады. 13 ғ-дан бастап Эстония бастапқыда неміс, кейіннен дат басқыншыларының нысанына айналды. 13 ғ-дың 2-жартысы – 16 ғ-дың ортасында Эстония аум-н неміс кресшілері жаулап алып, Ливонияның құрамына қосты. 16 ғ-дың соңында Э-ны Швеция (солт.), Речь Посполита (оңт.) мен Дания (Сааремаа аралы) өзара бөлісті. 17 ғ-дың ортасына қарай Э-ның бүкіл аумағы шведтердің қол астына өтті. Шведтер мен орыстар арасында болған Солт. соғыстан кейін Ништадт бітімі бойынша 1721 ж. Эстония Ресейдің құрамына өтті. 19 ғ-дан бастап Эстонияда капит. қатынастар жедел дамыды. Ұлттық буржуазия күшейіп, Ресей өкіметіне әр түрлі саяси талаптар қоя бастады. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін эстондар өз мемлекетін құра бастады. 1917 ж. қазан айының соңында елде кеңес өкіметі орнағанымен көп ұзамай ішкі және сыртқы күштердің қысымымен құлатылды. 1919 ж. 19 мамырда Құрылтай жиналысы Эстон республикасының құрылғанын жариялады. 1934 ж. наурызда Эстонияда мемл. төңкеріс жасалып, диктатура орнатылды. Парламент таратылып, барлық саяси партияларға тыйым салынды. 1939 ж. тамыз – қыркүйек айларында болған кеңес-герман келісімшартынан кейін 1940 ж. шілдеде Эстонияға кеңес әскерлері енгізіліп, Эстон КСР-і құрылды (1940 жылдың тамызынан КСРО-ның құрамында). Эстондықтардың бір бөлігі КСРО-ның ішкі аудандарына, негізінен Сібірге күшпен жер аударылды. 1941 ж. желтоқсанда Эстон КСР-інің аумағын неміс әскерлері басып алды, 1944 ж. Эстонияны Қызыл Армия азат етті. 1990 жылдан Эстония Республикасы деп аталады. 1991 ж. республиканың тәуелсіздігі жарияланды (КСРО Э-ның тәуелсіздігін 1991 ж. қырқүйекте таныды). Тәуелсіздік алған күннен бастап Эстония өзінің сыртқы саясатын Батыс Еуропаға қарай бағыттады. Ел экономикасы жедел түрде нарықтық қатынастарға көшіріліп, 2004 ж. Эстония Еуропалық Одаққа толық мүше болды. Экономикасы.Эстония– өнеркәсіпті-а. ш-ты ел. Өнеркәсібінің жетекші салаларын тақтатастар өндіру мен өңдеу, жеңіл (негізінен тоқыма) және тағам, ағаш өңдеу, машина жасау мен металл өңдеу кәсіпорындары құрайды. Жылына 9,1 млрд кВт. сағ. электр қуаты өндіріледі. Тақтатастарды өндіру мен өңдеу республиканың солт-нде (Кохтла-Ярве), фосфорит өндіру – Маардуда жүргізіледі. Машина жасау салаларының ішінен неғұрлым дамығандары – электр және радиотех. өнеркәсіп, аспаптар жасау мен кеме жөндеу. Минералдық тыңайтқыштар, күкірт қышқылы, бензол, формалин, антисептиктер, жуушы құралдар, т.б. өндіріледі. Құрылыс материалдары, целлюлоза және қағаз шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Тағам өнеркәсібінің негізгі салалары – ет-сүт және балық өнімдерін, кондитерлік бұйымдарды өндіру. Қолданбалы өнер: былғары, металл бұйымдар, тоқыма бұйымдарын жасау кең тараған. А. ш. етті-сүтті ірі қара мал мен етті шошқалар өсіруге маманданған. Ел аум-ның 27,1%-ы егіншілік мақсатына пайдаланылады, жайылымдар 7,4%-ды құрайды. Құс, бал арасын, қымбат терілі аңдар өсіру ш. дамыған. Дәнді дақылдардан қара бидай, бидай, қара сұлы, тех. (зығыр) және азықтық дақылдар өсіріледі. Картоп пен көкөніс өсіру жақсы дамыған. Негізгі шипажайлары: Пярну, Хаапсалу, Нарва-Йыэсуу, Курессааре. Ұлттық табысы жан басына шаққандағы жылдық мөлш. 5010 АҚШ долл-на тең (2003). Сыртқа азық-түлік, мал ш. өнімдерін, тоқыма, ағаш, металл, минералдық шикізат, ауыр машина жасау өнімдерін шығарады. Импортының негізін ауыр машина жасау өнімдері мен көліктік құрал-жабдықтар, азық-түлік, минералдық шикізат құрайды. 1992 ж. 27 мамырда Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасы арасында дипломат. қарым-қатынас орнатылды. 1995 ж. шілдеде Қазақстанның Латвия, Литва мен Эстония үшін біріккен елшілігі, 2001 ж. қазанда Эстонияда [[Қазақстан] Республикасының Құрметті консулдығы жеке ашылды. 1994 ж. маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Эстонияда ресми сапармен болып қайтты. 2005 ж. Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы 151,7 млн. долл-ды құрады. Қазақстанда эстон капиталының қатысуымен 8 біріккен кәсіпорын тіркелген. Эстонияның негізгі сауда серіктестері: Финляндия, Швеция, Германия, Ресей. Әдебиеттер.:
Пайдаланған әдебиет
Скачать |