Украина мемлекеті


Украина мемлекеті

 

Украинаның 24 облысы және Қырым автономиясы бар. Өте ірі мемлекет. Жер көлемі – 600 мың шаршы шақырым. 50 миллиондай халқының 74 пайызы украиндықтар. Одан басқа поляк, словак, румын, венгрлер бар, олар елдің батыс жағында қоныстанған болса, ал орыстар негізінен шығысында тұрады. Жері өте құнарлы. Бір мысал келтірейін. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс басқыншылары Украина жерінің өте құнарлы қара топырағын вагондарға тиеп, Германияға жіберіп тұрған екен! Жерінің бәрі көк жасыл алқап. Жолдарының екі беті тұтасқан көк терек.

Экономикасы жағынан алсақ, әуелден қалыптасқан өндіріс орындарының технологиясы озық үлгіде. Мәселен, ғарыш кемелері мен зымырандарды жасайды, су астында жүзетін сүңгуір қайықтар, мұхиттарда жүретін ірі кемелерді шығарады. Атом және энергетика саласы жақсы дамыған. Шикізат өндірісі, темір жол, автокөлік жолы саласы көп ілгері басқан. Әсіресе, ғылыми-зерттеу орталықтары дамыған. Патон атындағы институты темірді дәнекерлеу ісінде дүниежүзіне аты шыққан.

 

Ауыл шаруашылығы саласын алсақ, олар бидай егіп, астық өндіреді, мал өсіреді. Ірі қара, құс өсіру саласында озық технологияларды пайдаланады. Жалпы ет, сүт өнімімен өздерін толық қамтамасыз етумен қатар, шет елдерге де өз өнімдерін шығарып отыр. Олар тұрмысқа қажетті тауарларды өте көп өндіреді және оны да экспортқа шығарады.

 

Алуан түрлі өндіріс орындары елдің шығыс жағында орналасқан болса, батыс жағында ауыл шаруашылығы өнімін өндіру өркен жайған.

 

Мәдениет саласының дамуы да айтарлықтай. Әрбір облыс, ауданның қалыптасқан өнер ұжымдары бар. Сурет салу, бейнелеу өнеріне, поэзияға құрметпен қарайтын ел.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін меншікті өзгертіп, олар да нарық экономикасына көшкен. Алайда, көптеген өндіріс орындары мемлекет меншігінен шығарылғанымен, ұжымдық негізде қалып, бұрынғы жүйені сақтап қалған. Өзінің өнімін өндіруге мүмкіндігі жетпейді. Жағдайлары өте мүшкіл еді. Оның үстіне аурухана, мектеп, бала бақша, кітапхана және тұрғын үйлер, яғни, әлеуметтік саланың объектілері бұрынғы күйінде қалып қойған ғой. Коммуналдық шаруашылық саласының барлық қызметі үлкен қаражатты талап етеді. Сондықтан ол кезде елдің экономикасы тежеліп қалған екен. Украинада 1999-2000 жылдары коммуналдық реформа жасаймыз дегенде халық оған қарсы болды.

 

Сондай-ақ, елге шетелден келетін инвестицияның да ролі зор екені анық. Тәуелсіз 13 жылдың ішінде Украинаға 6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция келген. Ал Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция көлемі 30 млрд АҚШ долларын құрады! Міне, қандай айырмашылық! Қазақстанда 1993 жылдан бастап тиісті заң қабылданып, инвестиция тартуға өте қолайлы жағдай жасалды. Ал Украинада ондай заңның қабылдануы кешеуілдеп қалған. Сондықтан шетелдік инвестор келуі үшін ол өзінің салатын қаражатын кері тиісті пайдамен қайтарып алып кете ала ма, жоқ па, заң жүзінде толық сенімділігі болмаған соң, қауіптенеді. Сол секілді шағын және орта кәсіпкерлік те өз деңгейінде дами алмаған. Оның себебі кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын, жауапкершілігін айқындайтын тиісті заңдар жүйесі де жетілмеген.

 

1999 жылы Президенттік сайлауы өтіп, елі Леонид Кучманы сайлады. Сол кезде Жоғарғы Рада төрағасынан бастап Парламенттің 14 депутаты Президент боламын деп сайысқа түсті. Ол таластың тигізген зияны да аз емес. Парламент спикері бастаған депутаттар сайлауға дейінгі бір жыл бойы ашық қарсылық білдіріп, заңдардың қабылдануына тосқауыл жасаған. Соған дейінгі 5 жыл, яғни, бір шақырылым бойы депутаттар Үкімет ұсынған заң жобаларының тек 60 пайызын ғана қабылдапты. Ең маңызды деген заңдары қабылданбаған. Ал біздің бір ұтқанымыз 1995 жылы Парламент таратылғаннан бастап келесі жоғарғы заң шығарушы орган қызметіне кіріскенге дейінгі уақытта Қазақстан Президенті өзінің заң күші бар Жарлығымен 140-тан астам заңды қабылдады. Соның арқасында заңға келіп тіреліп, тоқырап тұрған көптеген мәселелер шешімін тапты. Араға санаулы жылдар салып, нәтижесінде Қазақстан ТМД елдерімен салыстырғанда нарық экономикасы бағытында дамуы жолында алда келе жатыр. Ал заңдары дер кезінде қабылданбаған елдерде инвестиция тарауы нашар болды, кәсіпкерлік саласының дамуы артта қалды. Әйтпесе, Украина сияқты елдердің мүмкіндігі өте мол еді. Және бұрынғы қалыптасқан байланыстары үзіліп қалды. Олардың экономикасының және бір қиындық туғызатын тұсы бар, мемлекетке қажет өздерінен 12 пайыз ғана мұнай өнімі, 15 пайыз ғана газ өндіріледі. Қалғанының барлығын Ресей, Қазақстан, Түрікменстан т.б. елдерден алады. Сондықтан мұнай мен газ үшін, әсіресе, Ресейге тәуелді. Екіншіден, Ресейден Еуропаға қарай тартылған мұнай-газ құбырлары Украина жері арқылы өтеді. Оған кедергі жасаса, Ресей өз өнімдерін шығарудың басқа бағыттарын қарастырады. Сондықтан бұл мәселенің шешілуі көрші елге тікелей байланысты.

 

 

Саяси мәселені де реттеп алу керек. Қазір Украина НАТО-ға, Еуропалық одаққа қарай бет бұрып отыр. Ал бергі жағында Ресей. Отын, энергетика өнімдерін, әсіресе, жанар-жағармай, газды, басқа да құрал-жабдықтардың көбін Ресейден алады. Бірлескен кәсіпорындары көп. Егер саяси мәселелері реттелмесе, тығырыққа тірелуі мүмкін

 

                                Қазақстанмен қарым-қатынасы

 

1999 жылдың қыркүйегінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинаға жасаған ресми сапары екі елдің қарым-қатынасына үлкен дем берген елеулі оқиға болды. Сол кезде мемлекетаралық келісім-шарттардың саны 60-тан асты. Соларды басшылыққа ала отырып, жүзеге асыру бағытында жұмыс істедік.

 

1999 жылы бірінші жарты жылдықта Қазақстан мен Украина арасындағы сауда айналымы 50 млн АҚШ долларын құраған болса, 2003 жылы тауар айналымы 800 млн долларға дейін жетті. Қазір екі елдің арасындағы тауар айналымы жылына 1 млрд. доллардан асып кетті. Бұл – кезіндегі және одан кейінгі атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Жалпы, Қазақстан мен Украина арасында мықты бір оң ниетті ізгі тілектестік байланыс бар.

 

Сонымен бірге біз 2001 жылы Қырымда, 2002 жылы Украинаның батысындағы 8 облысты қамту үшін Львовта Қазақстанның құрметті консульдығын ашылды. Сондай-ақ, шығыс жағындағы 5 облысқа арнап Запорожьеде, одан кейін оңтүстікте үш облысты қамтитын Одессада консульдық ашу мәселесі келісілді және дайын болды. Соның нәтижесінде ел мен елдің байланысы, экономикалық қарым-қатынасы арта түсті. Сонымен бірге  Украинаның ғана емес, Молдованың да елшісі қызметін қоса атқаруміндеттелгендіктен, Кишенеуде де Қазақстанның құрметті консульдығын ашылды.

 

Украинаға жанар-жағармай, газ керек. Ол бізде бар. Ал бізге Украина жағынан атом, энергетика, мұнай-газ саласынан, ауыл шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтар, техника түрлері қажет. Бізде өндірілмейтін тауардың көбі Украинада шығарылады. Оларда жоқ нәрсе біздерде бар. Сондықтан Біртұтас экономикалық аймақ жөніндегі келісімге қол қойылса, Ресей, Украина, Қазақстан, Беларус мемлекеттерінің аумағында осы елдердің шығарған тауарының тасымал тарифының бағасы бірдей болуы мүмкін. Мысалы, темір жолмен Атырау облысының Теңіз кенішінен Қара теңіздің жағасындағы Одесса портына дейін жеткізу үшін мұнайдың бір тоннасының бағасы 33-45 долларға дейін қымбаттайды. Мәселен, 1 тонна мұнайдың тасымалына Қазақстан жерінде 7-8 доллар, Ресейде 17-25 доллар, Украинада 9-12 доллар қосылады.

 

Яғни, барлық тауарлардың мемлекетаралық сыртқы сауда айналымында көлік тарифі кедергі келтіріп тұр.

 

Еркін сауда аймағы болғанын қалап отырған Украина жағы егер Еуроодақ пен Дүниежүзілік Сауда ұйымына кіруге кедергісін келтірмейтін болса, Біртұтас экономикалық аймаққа кіруге келісуі ықтимал.

 


Скачать