Санкт-Петербург


Санкт-Петербург

 

Санкт-Петербург (орыс. Санкт-Петербург, Питер) — Ресейдегі қала. Ленинград облысының орталығы.

Санкт-Петербург, 1914 — 24 ж. Петроград, 1924 — 91 ж. Ленинград — Ресей Федерациясындағы қала. Федералды субъект мәртебесіне ие. Ленинград облысындағы Нева өзенінің Фин бұғазына құяр сағасында орналасқан. Тұрғындарының саны 4,7 млн-ға жуық (2004).

Санкт-Петербург аумағынан 45-тен астам өзен, 40-қа жуық канал өтеді. Портты қала, әуе, автомобиль жолдарының және темір жолдың ірі торабы.

Ресей ҒА-ның ғылыми орталығы, 43 жоғары оқу орны, 120 музей, 18 театр, Салтыков-Щедрин атындағы Ресей ұлттық кітапханасы, машина, станок, прибор, кеме жасау зауыттары, тоқыма фабрикасы, химиялық, түсті және қара металургия комбинаттары бар. Метрополитені 1955 ж. іске қосылған. Қаланы 1703 ж. Петр І салдырған. 1712 — 1918 ж. Ресей астанасы болды. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарында бірқатар қазақ интеллигенциясының өкілдері оқыды. Б.Қаратаев, Б.Сыртанов, Ж.Ақпаев, С.Лапин, М.Шоқай, Б.Құлманов Санкт-Петербургтің Императорлық университетінде, Ә.Бөкейхан Санкт-Петербург Императорлық орман институтында, М.Тынышбаев Санкт-Петербург Императорлық жол қатынасы институтында, С.Аспандияров пен Х.Досмұхамедов Санкт-Петербург Императорлық әскери медициналақ институтында білім алды. Қазақтың алғашқы баспасөздерінің бірі саналатын “Серке” газеті Санкт-Петербургте жарық көрді. Бүкілресейлік мұсылмандардың екінші съезі Санкт-Петербургте өтті. Бірінші орыс револяциясы, Ақпан революциясы және Қазан төңкерісі Санкт-Петербургте басталды. 1918 ж. астана Санкт-Петербургтен Мәскеу қаласына көшірілді. 2-дүниежүзілік соғыс кезінде қала 29 ай бойы неміс фашистері әскерлерінің қоршауында болды. Сол тұста Санкт-Петербург тұрғындарына Қазақстан халқы көп көмек көрсетті. Қаланы жаудан қорғауда көптеген қазақстандықтар ерлікпен шайқасты (Ленинград шайқасы). Ж.Жабаевтың “Ленинградтық өренім!” атты жалынды жыры жауынгерлерді жаумен күреске жігерлендірді. Қазіргі кезде Санкт-Петербургте Ж.Жабаев пен Ә.Молдағұлова есімімен аталатын көшелер бар. Петропавл қамалы, Қысқы сарай, Биржа ғимараты, Исаакий соборы, т.б. сәулет өнері ескерткіштері ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізілген. 2003 ж. Санкт-Петербургтың 300 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Санкт-Петербургтегі қазақ диаспорасы 2 мыңға жуық адамды құрайды. Қалада қазақтардың ұлттық орталығы жұмыс істейді

 


Скачать