Кирибати


Кирибати

 

Кирибати, Кирибати Республикасы – Тынық мұхиттың батыс жағындағы Солтүстік Тарава атолласы мен Гильберта, Лайн, Феникс, Банаба (Ошен) аралдарында орналасқан мемлекет. Жер көлемі – 717 км2. Халқы – 81 мың адам (1998). Негізгі тұрғындары полинезиялықтар мен микронезиялықтар, сондай-ақ, қытайлар мен еуропалықтар да тұрады. Ресми тілі – ағылшын тілі. Халқы христиан дінінің католик және кельвиншілдік тармақтарын ұстанады. Астанасы – Баирики қаласы. Елді президент басқарады (1998 жылдан Тебуроро Тито). Кирибати – Британ Достастығына мүше. Заң шығарушы органы – Ассамблея палатасы. Ұлттық ақшасы – Австралия доллары.

Табиғаты.

Кирибати орналасқан аралдар кейін пайда болған. Мұхиттан 80 м-ге дейінгі биіктікте орналасқан. Климаты экваторлық. Жыл бойғы орташа температура бірқалыпты (26 – 28оС). Жыл бойғы орташа жауын-шашын мөлшері 1000 – 3000 мм. Аралдарда, көбінесе, бұталы өсімдіктер, ал солтүстіктегі аралдарда орман өседі.

Тарихы.

Б.з.б. 1-мыңжылдықта Кирибати жеріне оңтүстік-батыстан австронезия тілінде сөйлейтін тайпалар келіп қоныстанады. 1606 ж. аралдарға тұңғыш рет испан жиһанкездері келді. 18 ғ-дың аяғында Кирибати территориясына ағылшын теңізшілері қоныстана бастады. 1857 ж. елге христиан миссонерлері келіп, өз діндерін уағыздады. 1892 ж. Гильберта (Кирибати) және Эллис (Тувалу) аралдары, 1916 – 39 ж. бұрын адамдар тұрмаған Феникс, Рождество, Банаба, Лайн аралдары Ұлыбритания отары болып жарияланды. 1942 – 43 ж. Кирибати жерін жапондар басып алды және АҚШ пен Жапония әскерлері арасында қызу шайқастар жүрді. 1950 ж. Рождество аралында Ұлыбритания ядролық қару сынады. 1963 ж. аралдарда заң шығарушы орган құрылды. 1975 ж. негізгі халқы меланезиялықтар болып саналатын Эллис аралы Ұлыбританиядан бөлініп, Тувалу мемлекетін құрды. 1977 ж. микрозиялықтар тұратын Гильберта аралы өзін өзі басқаруға қол жеткізді. 1977 ж. аралдардың барлығы бірігіп Британ Достастығына кіретін тәуелсіз Кирибати республикасы атанды.

Экономикасы.

Халқы, негізінен, ауыл шаруашылығында жұмыс жасайды. Ұлттық байлығы – жылына 76 млн. АҚШ доллары, жан басына шаққанда 980 доллар. Экспортқа балық, теңіз өсімдіктері, банан, нан ағашы өнімдерін, таро шығарады. Өнімдерін, негізінен, АҚШ-қа шығарады. Шеттен азық-түлік, машиналар мен құрал-саймандар, шаруашылық тауарларын алады. Негізгі сауда серіктестері: Австралия, Бангладеш, Жапония, АҚШ, Франция, Жаңа Зеландия, Қытай, т.б.

 


Скачать