Камерун Республикасы


Камерун Республикасы

 

Камерун Республикасы (Republіc of Cameroon) – Орталық Африкадағы мемлекет. Жер көл. 475440 км2. Халқы 15,4 млн. адам (1999). Халқы тілдеріне қарай банту (дуала, балунду, баса, батанга, т.б.) шығыс банту (бамилеке, бамум, тикар, т.б.), хауса (бата, мандара, т.б.) топтарына бөлінеді. Ресми тілдері – ағылшын және француз тілдері. Тұрғындары христиан дінінің католик 35%, протестант (18%) тармақтарын ұстанады. Дәстүрлі нанымдарына сенушілер (25%) мен мұсылмандар (22%) да бар. Астанасы – Яунде қаласы. Елді президент басқарады (1982 жылдан П.Бийя). Ол 5 жыл сайын төте сайлау негізінде сайланып отырады және үкімет басшысы да болып саналады. Заң шығарушы орган бір палаталы парламент. Ұлттық мерекесі 1 қаңтар – Тәуелсіздік күні. Ақша бірлігі – Камерун франкі.

Табиғаты.

Камерун экваторлық және субэкваторлық белдеулерде орналасқан. Жерінің көпшілігі таулы үстіртті және қыратты. Климаты экваторлық (оңтүстігінде) және экваторлық-муссондық. Ең ыстық айлары ақпан мен наурызда 24 – 28С, салқын айлары шілде мен тамызда 22 – 24С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 500 мм-ден (солтүстікте) 3000 мм-ге (мұхит жағалауларында) дейін жетеді. Басты өзендері – Санага, Ньонг, Нтем, Бенуэ, т.б. Жерінің 1/3 бөлігі (15 – 13 млн. га) орман және саванна. Қызыл ағаштар мен темір ағаштардың көптеген түрлері кездеседі. Жануарлар түрлеріне өте бай: ормандарында піл, гиппопотам, қолтырауын, саванналарда буйвол, жираф, арыстан, қабылан, т.б. кездеседі. Пайдалы қазындылары – темір, алтын, боксит, табиғи газ.

Тарихы

Камерун жеріне адам баласы өте ерте заманда қоныстана бастаған. Бұл елдің ежелгі халқы пигмейлер болған деп есептеледі. Дегенмен олардың ертедегі тарихы жөніндегі мәліметтер бізге жетпеген. 15 – 16 ғасырларда Мандара тау бөктерлерінде Мандара сұлтандығы құрылды. 1472 жылы Камерун жеріне португалдар келіп, елді Рио-душ-Камаруш деп атады. Олар бұл жерде құл саудасын дамытты. 17 ғасырдың басында шығыстан дуала тайпалары басып кіріп еуропалықтар (ағылшындар, португалдар, голландықтар) мен жергілікті тайпалар арасындағы сауданы өз қолдарына алды. 19 ғасырдың бас кезінде елдің солтеңізіне Нигериядан фульбе тайпалары басып кіріп, Мандара сұлтандығын жаулап алды. Оған қоса елдің басқа аймақтарында да ұсақ мұсылман мемлекеттері өмір сүрді. 16 ғасырдың аяғында Камерунға голландиялықтар, 18 ғасырда француз, ағылшын, неміс саудагерлері мен миссионерлері келді. 1884 жылы Германия елге өз үстемдігін орнатып, какао, кофе, банан плантацияларын өсіруге кірісті. 1916 жылы Камерунды ағылшындар мен француздар бөлісіп алды. Жергілікті халық отаршыларға қарсы бірнеше рет (1922, 1928 – 29, 1931) бас көтерді. 2-дүниежүз. соғыстан кейін ұлт-азаттық қозғалысы күшейді. 1960 жылы француздар өз иеліктеріндегі Шығасыр К-ға тәуелсіздік беруге мәжбүр болды, ал Оңтүстік-батыста көтеріліс басталады. 1961 жылы көтеріліс басылып, БҰҰ бақылауымен референдум өткізілді. Нәтижесінде ағылшындар бақылауындағы өңірлердің Оңтүстік Камерунға, Солтүстік Нигерияға қосылды. 1961 жылы Камерун федерациялық республика болып құрылды. Ел 1960 жылы БҰҰ-на, 1963 жылы Африка бірлестігі ұйымына қабылданды. 1972 жылы елде жаңа конституция қабылданып, Камерун унитарлық мемлекетке айналды. 1982 жылы үкімет солтүстіктегі мұсылман-офицерлер бүлігін басып тастап, оппозицияны қуғынға ұшыратты. Бірақ халық толқулары нәтижесінде 1992 жылы саяси амнистия жарияланып, оппозиция өкілдері сайлауға жіберілді.

Экономикасы

Елдің жылдық ұлттық табысы 9,1 млрд. АҚШ доллары, сыртқы қарыз 9,5 долл. көлемінде, халықтың 70%-і а. ш-нда, 9%-і – өнеркәсіпте, 21%-і қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Жұмыссыздар халықтың 25%-ін құрайды, барлық жердің 12,8%-і а. ш-на қолайлы. Елде қазба байлықтар (мұнай, табиғи газ, боксит, темір кентасы, уран, алтын, т.б.) қоры көп. Экспортқа, негізінен, шикі мұнай мен мұнай өнімдері, ағаш және ағаштан жасалған заттар, кофе, алюминий, мақта, банан шығарылса, импортқа машиналар, құрал-саймандар, химия өнімдері, жанар май, т.б. әкелінеді. Негізгі сауда серіктестері: Франция, Испания, Италия, Германия, Нидерланд, Бельгия, АҚШ.

Сілтемелер

“Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы”, 4 – том

 


Скачать