Италия




Скачать

Италия

 

Италия, Италия Республикасы – Еуропаның Оңтүстік бөлігінде, Жерорта теңізі жағалауындағы Апеннин түбегінде, Сицилия, Сардиния және бірнеше ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Жер көлемі – 301,2 мың км2. Халқы – 57,5 млн. адам (1998). Халқының 94%-ы италиялықтар. Мемлекеттік тілі – италия тілі. Халқы христиан дінінің католик тармағын ұстанады. Астанасы – Рим қаласы (2,8 млн.). Бұған қоса Милан (1,6 млн.), Неаполь (1,2 млн.), Турин (1,1 млн.), т.б. ірі қалалар бар. Италия территориясында тәуелсіз 2 мемлекет (Ватикан, Сан-Марино) орналасқан. Әкімшілік-территориялық жағынан 20 облыстан тұрады. Оның 5-еуінің (Сицилия, Сардиния, Трентино-Альто-Адидже, Валле Д’Аоста, Фриули-Венеция-Джулия) ерекше автономиялық мәртебесі бар. Облыстар 94 провинцияға бөлінеді. Италия – парламенттік республика. 1948 жылы қабылданған конституция бойынша елді Президент басқарады (1992 жылдан О.Л. Скальфаро). Ол 7 жыл сайын қос палаталы парламент депутаттары мен облыстардан келген өкілдердің бірлескен жиналысында қайта сайланып отырады. Заң шығарушы орган екі палатадан: Республика сенаты (372 сенатор) мен Депутаттар палатасынан (630 депутат) тұрады. Атқарушы билік Министрлер Кеңесінің қолында. Ұлттық ақша бірлігі – лира. Ұлттық мерекесі маусымның алғашқы жексенбісі – Республиканың құрылған күні (2 маусым, 1946).

Табиғаты

Италия қоңыржай белдеудің орманды аймағы (Солтүстік) мен субтропиктік белдеуде (Оңтүстік) орналасқан. Жерінің 4/5 бөлігі – тау мен қырат. Ең биік жері – Монблан шыңы (4807 жылы) Альпі тауында ондаған ірі мұздықтар бар. Альпінің оңтүстігіндегі Падан жазығы Апеннин тауына жалғасады. Оңтүстігінің қиыр шеті – Калабрия тауы. Аралдарының көбі таулы, жанартаулы келеді. Орта және Оңтүстік Италияда жер сілкінісі болып тұрады. Пайдалы қазбалары: тас көмір, лигнит, мұнай, табиғи газ, қорғасын, темір кентасы, күкірт, т.б. Сынап кенінің табиғи қоры жағынан ел дүние жүзінде Испаниядан кейін 2-орында. Климаты, негізінен, субтропиктік: жазы ыстық, қуаң, қысы жылы. Шілдедегі орташа температура 20 – 22°С-тан (солтүстікте) 28°С-қа дейін (оңтүстікте), қаңтарда 0°С-тан (солтүстікте) 12°С-қа (оңтүстікте) дейін. Альпінің жоғарғы жағында қыста –15 – 20°С аяз болады. Жылдық жауын-шашын мөлшері 500 мм-ден (Сицилия, Сардиния) 3000 мм-ге (Шығыс Альпі, Солтүстік Апеннин таулары) дейін. Елдің басты өзені – По (ұызндығы 652 км), үлкен өзендер қатарына Адидже, Брента, Рено, Арно, Тибр, т.б. жатады. Ірі көлдерінің көпшілігі (Гарда, Комо, т.б.) Альпі тауында орналасқан. Жері құнарлы қоңыр топырақты және шалғынды. Альпінің 800 м-ге дейінгі биіктіктерінде жалпақ жапырақты (емен, үйеңкі) ормандар, ал онан жоғары қарай шамшат және қылқан жапырақты ормандар, ал ең жоғарғы бөлігінде субальпілік шалғындар өседі. Падан (По) жазығында егіншілік жақсы дамыған. Апеннин тауы мен Сицилия, Сардиния аралдарында мәңгі жасыл шық тоғайлар, емен, шамшат ағаштары өседі. Альпі және Апеннин тауларында тау ешкі, жабайы мысық, сусар, күзен, абруц аюы кездеседі. Италияда 400-ге тарта құс мекендейді. Көрші теңіздері балыққа бай.

Тарихы

Ежелгі дәуірде Италия территориясында Рим мемлекеті салтанат құрды. 4 – 5 ғасырларда Рим империясына көршілес герман, ғұн, авар тайпалары күйрете соққы берді. 476 жылы Батыс Рим империясы құлап, орнына Одоакр корольдігі (476 – 493) құрылды.

  • 488 жылы Солтүстік Италияға остготтар басып кіріп, өз корольдіктерін (493 – 544) құрды.
  • 554 жылы Италияның көпшілік бөлігін Византия империясы басып алды.
  • 754 – 56 жылы франктер Апеннин түбегіне жорық жасап, елдің орталық бөлігін бөліп алды және ол жерді Рим папасына тарту етті. Бұл қасиетті Папа мемлекетінің (Папа облысы) құрылуының бастамасы болды.
  • 774 жылы елді толығымен Ұлы Карл жаулап алды. Франктер империясының ыдырау нәтижесінде 781 жылы Италия корольдігі құрылды. Герман королі Оттон Корольдігінің басқыншылық жорықтары (951 және 961 – 62) нәтижесінде корольдік 962 жылы Қасиетті Рим империясының құрамына қосылды. Ақсүйектер арасындағы өзара қырқысулар, арабтар мен венгрлердің шапқыншылықтары халықтың тұрмысын күрт нашарлатып жіберді. Италияның басқа Еуропа елдерінен басты ерекшелігі мұнда қалалар өте көп болды және қолөнер мен сауда-саттық үнемі қызу жүріп жатты.
  • 10 ғасырдан бастап қалалардың сеньорлармен (герцог, граф, епископ) күресі нәтижесінде коммуналар (өзін-өзі басқаратын қалалық қауымдар) құрыла бастады. Коммунадағы билік қала шонжарларының, бай көпестердің қолында болды. Бірте-бірте елдің аса ірі портты қалалары (Генуя, Венеция, т.б.) Батыс пен Шығыс арасындағы басты сауда орталықтарына айналды.
  • 1154 – 76 жылы герман императоры Фридрих Барбаросса Италия қалаларын бағындыру үшін елге 5 рет жорық жасады. Дегенмен Констанц бітімі (1183) бойынша, Италия қалалары өз тәуелсіздіктерін сақтап қалды. Германдарға қарсы күрес елде ұлттың сана-сезімінің оянуына ықпал етіп, бірте-бірте италия ұлты мен италия әдеби тілі қалыптаса бастады.
  • 11 ғасырда Оңтүстік Италиямен Сицилияны нормандар басып алып, Сицилия корольдігін құрды. 1282 жылы халық көтерілісі Сицилия корольдігінің құлауына алып келді.
  • 13 ғасырдың аяғы мен 14 ғасырдың басында Сицилияны, 15 ғасырдың орта шенінде Оңтүстік Италияны басып алған Арагон корольдігі бірте-бірте бүкіл Оңтүстік Италияға испан үстемдігін орнатты.
  • 13 ғасырда Орталық және Солтүстік Италиядағы алдыңғы қатарлы қалалар мен мемлекеттерде нарықтық қатынастар тез дами бастады. Оларда банк ісі (Сиена, Флоренция), шығыс елдерімен сауда (Генуя, Венеция), шұға тоқу (Болонья, Сиена, Флоренция, Милан) кең өріс алды. Дүние жүзінде тұңғыш рет Италияда 14 ғасырда шұға шеберханалары негізінде мануфактуралар пайда болды. Осы кезде Италия мәдениетінің Қайта өрлеу дәуірі басталды (14 – 16 ғасырлар). Елдегі саяси бытыраңқылық, сауда жолдарының Жерорта теңізінен Атлант мұхитына ауысуы 16 ғасырда өнеркәсіп пен сауданың құлдырауына алып келді. Елдің бытыраңқылығын пайдаланған Франция мен Испания Италия жері үшін өзара соғыстар жүргізді (1494 – 1559). Нәтижесінде Сицилияны, Сардинияны, Милан герцогтығын, Оңтүстік Италиядағы мемлекеттерді (Венеция, Папа облысы, Совоя герцогтығынан басқаларын) Испания басып алды.
  • 16 – 17 ғасырларда Италия экономика жағынан құлдырап, өнеркәсіп орындары тек Солтүстік Италияда ғана қалды. Иезуиттер ордені құрылып (1534), инквизиция қалпына келтірілді (1542). Озық ойлы адамдар қуғынға ұшырады (Джордано Бруно, Джордано Ванини отқа өртелді, П.Кампанелла, Г.Галилей, т.б. инквизиция сотымен сотталды). Испан тағының мұрагерлігі үшін болған соғыстар (1701 – 14) Италия жерімен өтіп, халық мүлдем қайыршылыққа ұшырады.
  • 1714 жылы Италиядағы испан иелігі толығымен Австрияға өтіп,
  • 1734 жылы Австрия Сицилия мен Неаполитан корольдігін қайтадан испандарға берді.
  • 1720 жылы Савоя герцогтығы Австриядан Сардинияны алып, Сардиния корольдігі құрылды (1720 – 1861).
  • 18 ғасырдың 2-жартысынан бастап елде қайтадан экономикалық өрлеу басталып, ғасыр аяғында Италияны бір орталыққа біріктіру жолында күрес басталды. Бұл қозғалыс 1848 – 49 жылғы революцияға алып келді. Бірігу жолындағы шешуші күрес 1859 – 60 жылы Австрия-Италия-Франция соғысында шешілді.
  • 1859 жылы Австриядан Ломбардия азат етіліп, Орталық Италия герцогтықтарындағы (Моден, Парм, Тоскан) және Романьедегі халық көтерілістері жеңіске жетті. Елді біріктіруде халық батыры Джордано Гарибальдидің Сицилия мен Неапольға жасалған жорықтары үлкен рөл атқарды. Италияны біріктіру 1870 жылы Рим облысының қосылып, ондағы папа билігінің жойылуымен аяқталды. Елдің бірігуінен кейін экономика жедел дами бастады.
  • 19 ғасырдың аяғынан бастап Италия үкіметі отарлау саясатын жүргізе бастады.
  • 1889 жылы Сомали жаулап алынды, Эфиопияға басып кіргенімен,
  • 1896 жылы күйрей жеңілуге мәжбүр болды,
  • 1911 – 12 жылы Түркиямен соғысып, одан Ливия мен Додеканес аралдарын тартып алды. 1882 жылы Үштік одаққа (Германия, Австрия-Венгрия, Италия) қосылғанымен, 1-дүниежүзілік соғыста (1914 – 18) Антанта (Ұлыбритания, Франция, Ресей, т.б.) жағына шығып кетті. Осы соғыста 700 мың адамы өліп, 1 млн-нан астамы мүгедек болды, бүкіл Солтүстік Италия қаңырап қалды. Дегенмен, соғыс нәтижесінде Трентиноны, Оңтүстік Тирольді, Истрияны, Адриатикадағы кейбір жерлерді өзіне қосып алды.
  • 1920 жылы тұрмыстың ауырлығынан елде жұмысшылардың кәсіпорындарды басып алу қозғалысы басталды. Барлық металл өңдеу, машина жасау зауыттары мен фабрикалар іс жүзінде елдегі 600 мың жұмысшының қолына өтті. Оған қарсылық ретінде ірі буржуазия 1919 жылы Б.Муссолини құрған фашистік партияға қаржылай көмекті күшейтті.
  • Нәтижесінде 1922 жылы фашистер үкімет басына келді. Фашистерге қарсы партиялар (негізінен, социалистер мен коммунистер) ел парламентінен шығып кетіп, оппозициялық фракция комитетіне бірікті. Бірақ көп ұзамай фашистер шабуылға шығып, сөз бостандығына тыйым салды.
скачать работу