Иран Ислам Республикасы
Иран Ислам РеспубликасыИран (1935 жылға дейін Парсы елі), Иран Ислам Республикасы — Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Жер көлемі 1,648 млн. км2. Халқы 65,2 млн. адам (1999). Халқының ұлттық құрамы: парсылар (51%), әзербайжандар (27%), күрдтер (5%), арабтар, түрікмендер, белуджилер, армяндар, еврейлер, т.б. Қала халқы 58,3%. Астанасы — Тегеран қ. (айналасын қосқанда 12 млн-нан астам). Одан басқа Мешхед (1,5 млн.), Исфаһан (1 млн.), Тебриз (852 мың), Шираз (800 мың) сияқты ірі қалалар бар. Ресми тілі — парсы тілі. Мемлекеттік діні — ислам дінінің шиит тармағы. Иран — діни мемлекет. Елдегі саяси және діни билік аятолла Сейд Әли Хаменеидің қолында. Президент (1997 жылдан бастап Сейд Мохаммед Хатами) 4 жылға сайланады және Министр Кабинетін басқарады. Жоғарғы заң шығарушы орган — бір палаталы парламент — Ислам кеңесі жиналысы (меджлис) 4 жыл сайын сайланып отыратын 270 депутаттан тұрады. 1981 жылғы конституциясы бойынша, елде саяси және діни емес ұйымдарға тыйым салынған. Ұлттық мейрамы 11 ақпан — Революция күні (1979). Ұлттық ақша бірлігі — риал. ТабиғатыИран Армян таулы қыратының оңтүстік-шығысы мен Иран таулы қыратының батыс бөлігінде орналасқан. Шет жақтарында Солтүстік Иран (Эльбурс, Түрікмен — Хорасан), Оңтүстік Иран (Загрос, Мекран), Шығысы Иран (Серхед, Пеленган, Боран, Келат) таулары, ортасында Кухруд жотасы, Деште-Кевир, Деште-Лух шөлдері орналасқан. Солтүстік-батысын Оңтүстік Каспий және Кура-Аракс ойпаттары, солтүстік-шығысын Горган жазығы, оңтүстікн — Гермезир шөлі алып жатыр. Жері, негізінен, таулы. Климаты субтропиктік, континенттік, жазы ыстық, қысы солтүстігінде салқын, оңтүстігінде жылы. Парсы және Оман шығанақтары жағалауларының климаты тропиктік. Қаңтардағы орташа температура 2°С-тан 19,4°С-қа дейін, шілде айында 29,4 — 32,5°С. Жауын-шашынның жылдық мөлш. 500 мм. Эльбурс тауы беткейінде 2000 мм, Систан ойысында 50 — 60 мм. Жер беті суы аз. Ірі өзендері — Карун, Сефидруд, Гильменд, Қиыр солтүстігінде Атрек, Аракс өзендері бар. Таулы аудандарда көптеген көлдер кездеседі. Жері сары, қоңыр және қызғылт топырақты. Тау беткейлері орманды, өзендер бойы шалғын, ішкі аудандары шөл, шөлейт. Иран жерінде сүтқоректілердің 100-ге тарта, құстардың 400-ге жуық, бауырымен жорғалаушылардың 80-ге жуық түрі бар. Шектес теңіздері балыққа бай. Пайдалы қазындылары: мұнай, газ, тас көмір, темір, хромит, т.б. ТарихыИран жеріне адам баласы тым ерте заманнан бері қоныстанған. Б.з.б. 3-мыңжылдықта қазіргі Иранның оңтүстік-батысында алғашқы мемлекеттер құрыла бастады. Б.з.б. 2-мыңжылдықта бұл аймаққа Орталық Азиядан арий тайпалары келіп қоныстанды. Б.з.б. 673 — 672 ж. қазіргі Иранның солтүстік-батысында Мидия мемлекеті пайда болып, 616 — 605 ж. Ассирияны талқандап, аса ірі мемлекетке айналды. Б.з.б. 550 ж. өкімет билігі парсылық Ахемен әулетіне көшті (қ. Ахемен әулеті). Ахемен әулеті мемлекетінің шекарасы шығыста Үнді өзеннен батыста Эгей т-не дейін, солтүстікте Армениядан оңтүстікте Ніл өзендеріне дейін жетті. Батыс пен Шығысты жалғастыратын сауда жолдары үшін бұл мемлекет гректермен ұзаққа созылған соғыс жүргізді. Сақтар еліне бірнеше дүркін басқыншылық жорықтар жасады (қ. Кир ІІ, Дарий І). Ахемен әулеті мемлекетін б.з.б. 330 ж. Александр Македонский талқандады. Иран эллиндік мемлекеттердің билігіне көшіп, б.з.б. 2 ғасырдың орта тұсынан бастап Парфия патшалығына бағынды. 224 ж. Парфия мемлекеті құлап, орнына Сасани әулеті мемлекеті құрылды. Сасани әулеті мемлекеті Оңтүстік Арабияны, Сирияны, Палестинаны, Мысырды жаулап алды. Византияға қауіп төндірді, Түрік қағанатымен соғыс жүргізді. Бірақ Сасани әулеті мемлекеті арабтардың шабуылынан құлап, 7 ғасырдың 2-жартысында Иран Араб халифаты құрамына қосылды. 8 ғасырда Араб халифатының билеушісі Әбу әл-Аббас әс-Саффах халифат астанасын Бағдадқа көшірді. Иран аумағы ұзақ жылдар бойы Аббас әулеті билеген Бағдад халифаты құрамында болып, мәдени және экон. дамуды басынан кешірді. 9 — 10 ғасырларда елде Араб халифатына шартты түрде ғана тәуелді болған әмірліктер құрылды. Елде экономикалық және мәдени өрлеу байқалып, қалалар өсе бастады. Сондай әмірліктердің бірі Самани әулеті биліктен кеткеннен кейін Шығыс Иран Ауғанстанмен және Орта Азияның бір бөлігімен бірге түркі текті Ғазнауи әулеті билеген мемлекеттің құрамына кірді (қ. Ғазнауи әулеті). 11 ғасырда Иранға түрік-оғыздар (салжұқ) басып кіре бастады. Көп ұзамай олар Ғазнауи әулеті әскерін талқандап, бүкіл Иранды және көрші елдерді басып алып салжұқтар мемлекетін құрды. 12 ғасырда салжұқтар бірнеше сұлтандыққа бөлініп кетті де, осы ғасырдың аяғына таман бүкіл Иранды түркі қыпшақ тайпасынан шыққан Хорезм шаїы Текеш басып алды. 1220 — 56 ж. Иранды Шыңғыс хан әулеті жаулап алды. Олар елде Хулагу әулетіне қарайтын ильхандар мемлекетін құрды. 14 ғасырдың 30-жылдары ильхандар мемлекеті бірнеше иелікке бөлініп кетті де, 1380 — 93 ж. Иранды Әмір Темір әскерлері басып алды. Әмір Темір өлгеннен кейін Шығыс Иран Темір әулетінің билігінде қалып, Батыс Иранда Қарақойлы мемлекеті құрылды. 16 ғасырда Кіші Азиядан шыққан түркі тайпалары (қызылбастар) Иранға басып кіріп, 1501 — 1610 ж. елді толығымен бағындырып, Сефеви әулеті мемлекетін құрды. 17 — 18 ғасырларда Иранның экономикасы құлдырап, халықтың жағдайы нашарлап кетті. Ұсақ халықтар (ауғандар, түрікмендер, әзербайжандар, күрдтер, армяндар, грузиндер) орталықтың езгісіне қарсы жиі-жиі көтеріліс жасап тұрды. Әсіресе, 18 ғасырдың 2-жартысында елдегі үстемдік үшін екі әулеттің (Зенд және Каджар) арасындағы үздіксіз соғыс халықты әбден қалжыратты. 18 ғасырдың аяғында билікке Каджар әулеті келді. Осы кезден елдің ішкі істеріне еур. мемлекеттер (Англия, Франция) араласа бастады. 19 ғасырдың басында болған орыс-иран соғысынан кейін елде шетелдіктердің билігі күшейіп кетті. 19 ғасырдың аяғына таман Иран еур. мемлекеттердің жартылай отарына айнала бастады. 1901 ж. ағылшындар Иран мұнайын шығаруға рұқсат алып, 1909 ж. бірлескен ағылшын-парсы мұнай компаниясы құрылды. Елдің солтүстігіне Ресей, оңтүстігіне Ұлыбритания қожалық ете бастады. 1905 — 11 ж. елде шетелдіктерге қарсы ұлт-азаттық қозғалысы болып өтті. Оның барысында конституция жарияланып, меджлис шақырылды, ақсүйектік дәрежелер жойылды. Бірақ 1918 ж. ағылшындар бүкіл Иранды басып алып, 1919 ж. оны кіріптарлық шарттарға қол қоюға мәжбүр етті. Елде ағылшын үстемдігіне қарсы жаңа толқулар басталды. 1921 ж. 21 ақпанда әскерилер Реза ханның басшылығымен мемл. төңкеріс ұйымдастырып, жаңа үкімет құрды. Жаңа үкімет халықтың қысымымен 1919 ж. ағылшын-парсы шартын жойылды деп жариялады. Армияға сүйенген Реза хан Орталықтың билігін күшейту үшін сепаратистік пиғылдағы Иран ақсүйектерімен үздіксіз күрес жүргізді. 1925 ж. 31 қазанда 5-меджлис Каджар әулетін тақтан түсті деп жариялады, 12 желтоқсанда Құрылтай жиналысы Реза ханды Реза шаї Пехлеви деп жариялады. Елде нарықтық қатынастар тез дами бастады. Халықтың мәдени және тұрмыстық өмірінде көптеген өзгерістер болып өтті. Алайда, 1929 — 33 ж. болған дүниежүз. экономикалық дағдарыс Иран экономикасын тұралатып тастады. Халықтың тұрмысы нашарлап, елде толқулар басталды. Ол толқулар күшпен басылып отырды. 2-дүниежүз. соғыс жылдарында Иранға одақтастар әскерлері енгізілді (1941 ж. тамызда ағылшын және кеңес әскерлері, 1942 ж. аяғына таман АҚШ әскерлері). 1941 ж. 16 қыркүйекте Реза шаї тақтан өз еркімен бас тартып, орнына баласы Мұхаммед Реза Пехлеви шаї болды. 1942 ж. 29 қаңтарда Иран КСРО және Ұлыбритания мемлекеттерімен одақтастық туралы шартқа қол қойды. 1943 ж. 9 қыркүйекте Иран Германияға соғыс жариялады, бірақ соғыс қимылдарына араласқан жоқ. Тегеран конференциясы кезінде 1943 ж. 1 желтоқсанда КСРО, АҚШ, Ұлыбритания үкіметтері Иранға территориялық тұтастығын сақтауға әзір екендіктерін мәлімдеді. Соғыстан кейін Иран үкіметі Батыс елдерімен тығыз байланыс орнатты. 1953 ж. ел тәуелсіздігін күшейтуге тырысқан М.Мосаддық үкіметі құлатылды. Иран шаһы М.Р. Пехлевидің көмегімен АҚШ елдің ішкі өміріне белсене араласа бастады. Ел 1955 ж. АҚШ-пен әскери келісімдер жасасты, 1960 жылдан бастап Батыс үлгісінде дами бастады. Елде шет ел капиталының үстемдік алуы, ұлттық құндылықтардың аяққа басылуы 1978 — 79 ж. халықтың шаһ үкіметіне қарсы жаппай бас көтеруіне алып келді. Оны елдегі шиит дінбасылары басқарды. 1979 ж. 11 ақпанда болған революция нәтижесінде шаї үкіметі құлап, 1 сәуірден бастап Иран Ислам Республикасы жарияланды. Үкімет басына шиит дінбасыларының көсемі аятолла Р.Хомейни келді. Саяси партияларға тыйым салынды, шаһ үкіметі жойылды, Батыстың иелігіндегі барлық компаниялар мүлкі мемлекет меншігіне алынды, ел СЕАТО блогынан шығып, Блоктарға қосылмау қозғалысына мүше болып енді. 1980 — 90 ж. болған иран-ирак соғысы ел экономикасына өте ауыр (700 млрд. АҚШ долларынан астам) зардаптар әкелді (қ. Иран — Ирак соғысы). Қазіргі кезде Иран үкіметі Батыс елдері қолданып отырған оқшаулау саясаты ықпалын бәсеңдету үшін белсенді сыртқы саясат жүргізуде. ЭкономикасыСкачать |