Ирак Республикасы


Ирак Республикасы

 

ИРАК, Ирак Республикасы (өзд. атауы — әл-Жумхурия әл-Иракия) — Оңтүстік-Батыс Азияда, Тигр және Евфрат өзендері бойында орналасқан мемлекет. Жер көлемі 444 мың км2. Халқы 22,4 млн. адам (1999). Тұрғындарының 75%-ы арабтар, 20%-ы — курдтар, қалғандары түрікмендер, ассириялықтар, парсылар, армяндар, т.б. Қала халқы 68,1% (1997). Мемлекеттік тілі — араб тілі. Халқының 62%-ы — ислам дінінің шиит бағытын, 34%-ы сунит бағытын ұстанады. Астанасы — Бағдад қ. (3 млн-нан астам). 1970 ж. қабылданған конституциясы бойынша Революциялық кеңестің төрағасы елдің Президенті және Жоғарғы Бас қолбасшы қызметін қатар атқарады. Заң шығарушы орган — бір палаталы Ұлттық кеңес, 250 депутаттан тұрады. Елдің ұлттық мейрамы — 17 шілде, Ұлттық Республика күні және Тәуелсіздік күні (1958). Ирак 18 провинциядан (мухафаз) тұрады. Ақша бірлігі — Ирак динары.

Табиғаты

Жерінің көбін Жоғары Месопотамия және Төменгі Месопотамия жазықтары алып жатыр. Солт. және солт.-шығыс жақтарын Армян және Иран таулы қыраттары алып жатыр. Ең биік жері — Боздаг тауы (3612 м). Пайдалы қазбалары: мұнай мен газ, фосфорит, күкірт. Климаты — жерортатеңіздік (елдің солт.) және тропиктік (оңт.). Қаңтардағы орташа темп-ра 7 — 11С, шілде айында 34С, тамыз айында 50С-қа дейін көтеріледі. Жауын-шашын мөлш. 500 мм-ден 1000 мм-ге (оңт.-шығыста) дейін. Басты өзендері — Тигр мен Евфрат (екеуі қосылып Шатт әл-Араб өз. деп аталады). Жерінің көпшілігі шөгінді және шалғынды топырақты, батыс жағы сары топырақты келеді. Ел территориясының негізгі бөлігі дала, оңт.-батысы — шөл және шөлейт, тау беткейлері мен өзен жағалары бұталы, сирек орманды келеді. Газель, жабайы есек, қасқыр, қабылан, т.б. аңдар мен көкқұтан, бірқазан, қоқиқаз т.б. құстар мекендейді.

Тарихы

Қазіргі Ирак аумағы — ежелгі мәдениет ошақтарының бірі. Осы жерде б.з.б. 4-мыңжылдықта шумер-аккад мәдениеті пайда болып, қала-мемлекеттер (Ур, Урук, Ашшур, Лагаш, Умма, т.б.) өркендеді. Б.з.б. 2-мыңжылдық басында Оңт. Месопотамияда Вавилон мемлекеті (қ. Вавилон), Солт. Месопотамияда Ассирия мемлекеті (қ. Ассирия) құрылды. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың ортасынан бастап бұл аумақ парсы патшаларына бағынышты болып, кейін ұзақ уақыт Иран, Парфия, Рим империялары арасында, артынан Иран мен Византия арасында таласқа түсті. 630 ж. Месопотамияны арабтар жаулап алды. Сөйтіп, ол 661 ж. Араб халифатының бір аймағына айналды (қ. Араб халифаты). 762 ж. Бағдат қ-сы салынды (қ. Бағдат). И. жерін 11 ғ-да салжұқтар, 13 ғ-да Шыңғыс хан әулеті, 14 ғ-дың аяғында Әмір Темір басып алды. Әмір Темір мемлекеті ыдырағаннан кейін бұл аумақ түркі билеушілеріне кезек-кезек бағынып, 16 ғ-дың басында парсылардың Сефеви әулетінің қол астына өтті. Көп ұзамай Иран мен Осман сұлтандығы арасында Ирак үшін күрес басталып, 17 ғ-да түріктер Месопотамияны толығымен бағындырды. 17 ғ-дың орта тұсынан бастап елге ағылшын саудагерлері келе бастады. 18 ғ-да Англияның ықпалы күшейіп, 1779 ж. Бағдад және Басра қалаларында Ост-Индия компаниясының агенттіктері ашылды. 1860 жылдан бастап Ирак дүниежүз. саудаға тартылып, шетке арпа, бидей, құрма шығарып тұрды. 1869 ж. Суэц каналы ашылғаннан кейін елге шет ел капиталы ағылып, барған сайын еур. мемлекеттерге тәуелділігі күшейді. Енді Месопотамия үшін Ұлыбритания мен Германия арасында күрес басталды. 1918 ж. Иракты Ұлыбритания жаулап алды. Ағылшындар елде әскери әкімш. орнатты да, жер-жерде көтерілістер басталды. Ағылшын армиясы ол көтерілістерді басып тастады, бірақ елге өзін-өзі басқару билігін беруге мәжбүр болып, 1920 ж. “ұлттық үкімет” құрды. 1930 ж. Ирак үкіметі Ұлыбританиямен шарт жасасты. Шарт бойынша ол формальді түрде тәуелсіздік алып, Ұлттар Лигасына мүше болды, бірақ оған ағылшын үкіметінің саяси, әскери, экон. бақылауы сақталып қалды. 2-дүниежүз. соғыс басталысымен Ирак Германиямен дипломатиялық қатынастарды үзді (5.09.1939), бірақ 1941 ж. оңшыл топтар Германияның қолдауымен мемл. төңкеріс жасады. Дегенмен, төңкерісті көп ұзамай ағылшын әскерлері басып тастады. 2-дүниежүз. соғыстан кейін халық толқулары қайтадан күшейді. Елде ағылшындардың ықпалы төмендеп, оның орнына АҚШ-тың ықпалы артты. 1954 ж. И. үкіметі әскери көмек жөнінде АҚШ-пен, 1955 ж. 24 ақпанда Түркиямен шарт жасасты. Сөйтіп, Бағдад пактысының негізі қаланды. Халық көтерілістері одан әрі күшейді. Нәтижесінде 1958 ж. 14 шілдеде монархия құлап, республика жарияланды, 1958 ж. 24 наурызда ел Бағдад пактысынан шығатынын жариялады және өз территориясындағы шет елдің әскери базаларын жойды, агр. реформа жүргізіле бастады. Бірақ, халықтың тұрмысы жақсарған жоқ, ел ішінде көтеріліске шыққан күрд әскерлеріне қарсы әскери қимылдар жасалынды. 1968 ж. 8 ақпанда елде мемл. төңкеріс болып, үкімет басына Араб социалистік қайта өрлеу партиясы (БААС) келді. Шет елдің мұнай компанияларының бұрынғы кәсіпорындары халық меншігіне айналып, 1974 ж. 11 наурызда Иран Курдстанына автономия берілді. 1980 ж. қыркүйекте И. пен Иран арасында соғыс басталды (қ. Иран — Ирак соғысы). 1988 ж. 20 наурыздан бастап әскери қимылдар саябырсыды да, 1990 ж. 15 тамызда екі жақ келісімге келді, 17 — 22 тамыз аралығында Ирак өз әскерлерін Иран территориясынан шығарып әкетті. Екі ел өзара соғыс тұтқындарын алмастырып, қазан айында дипломатиялық қарым-қатынастарды қалпына келтірді. 1 тамыз күні түнде (1990 ж.) И. әскерлері Кувейтке басып кірді (қ. Ирак — Кувейт соғысы). 1994 ж. 10 қарашада И. өзінің Кувейттің тәуелсіздігі мен терр. тұтастығын толық мойындайтынын мәлімдеді. Осыдан кейін Ирак пен АҚШ арасы күрт шиеленісіп кетті. 1998 ж. 2 рет (ақпан және қараша айларында) екі ел арасындағы жағдай соғыс қаупіне алып келді. Осы жылы желтоқсан айында АҚШ және Ұлыбритания Иракты ракетамен бомбылады (“Шөлдегі дауыл” операциясы). Әскери қақтығыстар мен экон. құрсау елді аса қиын әлеум.-экон. жағдайға алып келді. Халықтың тұрмыс жағдайы күрт төмендеп кетті, азық-түлік, қаржы, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі күшейді.

Экономикасы

Ирак — экономикалық әлуеті үлкен ел. Елде аса ірі мұнай (65 млрд. т-дан астам), табиғи газ, фосфат қорлары бар. Ирак — Иран соғысына дейін ел тек мұнай экспортынан ғана жыл сайын 21 — 26 млрд. АҚШ долл-ы көлемінде пайда тауып отырды. Ол ақша елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға, жаңа индустрия мен инфрақұрылымдарды дамытуға жұмсалды. Мұнай шығару, мұнай өңдеу, газ өндіру, цемент, электрэнергетика, машина жасау, т.б. өндіріс салалары жақсы дамыған. Ауыл шаруашылығы ұлттық табыстың 20%-н құрайды. Астық (бидай, арпа, күріш) өнімдері, өсімдік майлары, көкөніс, құрма, т.б. өсіру жақсы жолға қойылған. Мал шаруашылығы жақсы дамыған (15 млн-нан астам қой мен ешкі, 2,5 млн мүйізді ірі қара бар). 1998 ж. Ирак үкіметі БҰҰ-ның арнайы комиссиясын жұмыс істеткізбей тастады. Сондықтан елге экон. байкот жариялау әлі күнге жалғасып келеді. 2001 — 2002 ж. АҚШ үкіметі Ирак террорлық қастандықтарды қолдайды, “зұлымдық ұясы елдеріне” жатады, сол себепті Ауғанстаннан соң оны соққының астына алып, ел басшысы С.Хусейннің көзін жою керек деген пікірді әлем халықтарына жариялап келеді.

Әдебиеті

Ирак әдебиеті араб тілінде дамыған. Оның шарықтап дамыған дәуірі — орта ғасырлар. Ол кезде Бағдад шаїары мәдениеттің, ғылым мен әдебиеттің ортасы болған (қ. Бағдад). Алайда, жиі-жиі болған соғыстардан халық есін жия алмай, Ирак әдебиеті құлдырап кетті. 19 ғ-да және 20 ғ-дың басында елде экономика дамып, ұлт-азаттық қозғалысының күшеюіне байланысты мәдени өмір де ілгері басты. Бұл кезде Абу әл-Мухсин әл-Казими (1865 — 1935), Жемәл Сидки әз-Захави (1863— 1936), Мааруф ар-Русафи (1875 — 1945), т.б. ақын-жазушылар өз шығармаларына ұлт бостандығы үшін күрес тақырыбын арқау етті. Әсіресе, ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі (1920) Махди әл-Басири, Мұхаммед әл-Бәкір әл-Хилли, Хейри әл-Хиндави, Хабиб Адиди, т.б. ақындар шығармалары осы тақырыпты терең қозғады. 20 ғ-дың 50-жылдары Ирак әдебиетінде орыс, Еуропа әдебиетінің ықпалымен прозалық шығармалар жазылып, роман жанры қалыптасты. Бірақ көпшілік романдарда схематизм басым болды. Елдегі 1958 жылғы төңкерістен кейін Ирак әдебиеті жан-жақты дами бастады. Солардың ішінен шығармалары халық арасына кең тараған Мұхаммед Махди әл-Джавахири, Бахр әл-Улюм, т.б. ақын-жазушылардың есімін атауға болады.

Өнері

Ирак территориясынан б.з.б. 4-мыңжылдыққа жататын мәдениет пен өнердің көне ескерткіштері табылған. Ежелгі өркениет орталықтарының бірі — вавилон-ассирия мәдениетінің (Вавилон, Ур, Ниневия, т.б.), Парфян патшалығы (Хатра), Сасани әулеті өнерінің (Ктесифон) көптеген мұралары ашылды. И. араб мәдениетінің қалыптасуында елеулі рөл атқарды. 7 ғ-да Куфа, Басра, 8 ғ-да Уасит, 762 ж. Мадинат ас-Салам (қазіргі Бағдад) қ-лары салына бастады. Аббас әулеті халифатының гүлдену дәуірінде Самаррада күрделі сарайлар ансамблі, зәулім мұнаралы мешіттер, кесенелер тұрғызылды. 12 — 13 ғ-ларда Бағдадта Мустансирия медресесінің кешені, Мосулда Жами әл-Кабирдің үлкен мешіті, т.б. салынды. 13 — 15 ғ-лардағы Шыңғыс хан империясы шапқыншылығынан кейін құрылыс салу ісі тоқырады. 20 ғ-ға дейін тұрғын үйлер салу ісі дәстүрлі жобамен жүргізіліп келді. 20 ғ-дағы ұлт-азаттық қозғалыс пен 1958 жылғы көтеріліс жаңа сипаттағы архитектураның дамуына жағдай жасады. Аббас әулеті дәуіріндегі Ирак бейнелеу өнері қабырғаға, ағашқа ойып салынған бейнелер мен бедерлер арқылы белгілі. 12 — 13 ғ-ларда Бағдад пен Солтүстік Иракта кітап көркемдеу ісі дами бастады. Орта ғасырларда тұрмыстық бұйымдарды оймыштап, өрнектеп жасау кең өріс алды. И-та кескіндеме 



Скачать