Замбия Республикасы


Замбия Республикасы

 

Замбия Республикасы – Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Жер көлемі – 752,6 мың км2. Халқы – 9,5 млн адам (1995). Тұрғындарының 99%-і банту тілінде сөйлейтін жергілікті тайпалар (бемба, тонга, лози, лунда, малави, т.б.). Елде 100 мыңға жуық еуропалықтар мен азиялықтар тұрады. Мемлекеттік тілі – ағылшын тілі. Тұрғындарының 80%-ке жуығы жергілікті діни сенімдері мен христиан дінінің протестант тармағын ұстанады. Астанасы – Лусака қаласы (1,6 млн). Елдің 1996 жылы қабылдаған Конституциясы бойынша жалпыхалықтық сайлауда 5 жылға сайланатын президент жоғары заң шығарушы (Ұлттық ассамблея) және атқарушы (Министрлер Кабинеті) билікті, армияны тікелей өзі басқарады. Заң шығару президент пен бір палаталы Ұлттық ассамблеяның (сайлауда жеңіске жеткен 150 депутат және президент бекітетін 8 депутат пен спикер) қолында. Сондай-ақ, аймақ көсемдерінен тұратын өкілдер палатасы президент жанындағы кеңесші орган болып табылады. Ел 9 әкімшілік аймаққа бөлінеді. Ақша бірлігі – квача. Ұлттық мерекесі– Тәуелсіздік күні – 24 қазан.

Табиғаты

Замбия жері таулы, үстірт болып келеді. Ең биік жері – Мумису тауының солтүстік бөлігі (1893 м). Климаты субэкваторлық: ең жылы айындағы (қазан) орташа темп-ра 23 – 27С, салқын айы – шілдеде 15 – 20С. Жылдық жауын-шашын мөлш. 600 – 1400 мм. Жері қызыл латарит және қызыл топырақты. Территориясының жартысынан көбін құрғақ тропиктік “миомбо” орманы алып жатыр. Аумағы өзендерге бай. Ең үлкені – Замбези өзені (басты салалары – Луангва, Кафуэ). Замбези өзенінде Виктория, Гонье, Нгамбв су құламалары (сарқырама) бар. Орман және саваннада африка пілі, буйвол, керік, зебра, антилопа, арыстан, қабылан, шибөрі, т.б. жануарлар мекендейді. Жерінен мыс, мырыш, қорғасын, ванадий, кадмий, марганец, тас көмір, т.б. пайдалы қазындылар өндіріледі.

Тарихы

Замбия жерін адам баласы ерте замандарда қоныстанған. 17 – 18 ғасырларда жергілікті тайпалар алғашқы мемлекеттік бірлестіктерге біріге бастады. 18 ғ-дың аяғынан бастап Замбиғаға еуропалықтар (алдымен португалдар, кейін ағылшындар) келді 1880 жылдың аяғында ағылшындар қазіргі Замбия аумағын толық жаулап алып, “Британия Оңтүстік Африка компаниясының” иелігіне берді. 1911 – 64 жылдары Замбия Солтүстік Родезия деп аталды. 1924 жылы бұл ел ресми түрде Ұлыбритания протектораты болып жарияланды. Мыс кендері ашылуына байланысты жергілікті халық кен орындары мен шұрайлы жерлерден қуылып, жалдамалы жұмысшыларға айналды. II-дүниежүЗамбия Соғыстан кейін елде ұлт-азаттық қозғалысы күшейіп кетті. Қозғалысқа 1948 жылы құрылған Африка ұлттық конгресі (АҰК) партиясы басшылық жасады. 1964 жылы 24 қазанда Замбия Тәуелсіздікке қол жеткізді. 1972 жылы елде бір партиялы саяси жүйе құрылып, 1990 жылдан бастап көп партиялыққа көшті. 1996 жылы жаңа конституция қабылданды. Замбия БҰҰ-на, Британ достастығына, Африка бірлігі ұйымына, т.б. көптеген халықаралық ұйымдарға мүше.

Замбия экономикасы

Замбия – экономикасы кенжелеп дамыған ел. Жылдық ұлттық табысы жан басына шаққанда 400 АҚШ доллары шамасында. Өнеркәсібінің негізгі салалары: мыс, кобальт, т.б. кендерді өндіру. Бұған қоса мұнай өңдейтін, автомашиналар құрастыратын, дөңгелек (шина) шығаратын, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары бар. Тұрғындарының 60%-ы ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Бірақ елде бұл сала нашар дамыған. Тамақ өнімдері (негізінен, жүгері), көбінесе, сырттан әкелінеді. Экспорттың 90%-і тау-кен өнімдерінен (негізінен, мыс) құралады. Шет елдерден машиналар, құрал-жабдықтар әкелінеді. Замбия жері өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесіне бай және мұнда әлемдегі ең ірі Виктория сарқырамасы орналасқан. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты елде туризм нашар дамыған. Негізгі сауда серіктестері: Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Германия, Оңтүстік Африка Республикасы, Зимбабве, т.б. Замбия мен Қазақстан арасында 1996 жылы 25 наурызда дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған. [1]

Пайдаланған әдебиет

  1. ↑ «Қазақ Энциклопедиясы», 4 том 3 бөлім
 


Скачать