Мемлекеттің салық саясаты және қазіргі салық саясатының ерекшеліктері


Мемлекеттің салық саясаты және қазіргі салық саясатының ерекшеліктері

Жоспар:

1. Салық жіктемесі

2. Мемлекеттің салық саясатының мақсаты мен міндеттері, тұрпаттары

 

1. Салық жіктемесі

Барлық  өркениетті елдерде салықтардың бүкіл жиынтығы әр түрлі принциптер бойынша жіктеледі:

-   салық салу объектілері бойынша;

-   салықты алатын және салықтан жиналған сомаға билік жасайтын органға қарай;

-   пайдалану тәртібі бойынша;

-   объектінің экономикалық белгісі бойынша;

Салықтарды салу объектісі бойынша олар тікелей және жанама салықтар болып бөлінеді.

Тікелей салықтар – салық төлеушінің кірісі мен мүлкінен алынатын салықтар. Тікелей салықтардың ең соңғы төлеушісі (салық салынушы) болып мүліктің (табыстың) иесі табылады Олар өз кезегінде нақты және жеке салықтарға жіктеледі. Нақты салықтар салық төлеушілердің мүлкінің (меншігінің) кейбір түрлеріне (үй, жер, кәсіп, ақшалай капитал және т.б.) салынады. Жеке тікелей салықтар – бұл жеке адамдар мен заңды тұлғалардың табыстарына салынатын салықтар. Нақты салықтардан айырмашылығы жеке салық салу әрбір салық төлеушінің жеке табысы мен мүлкін де, оның қаржы жағдайын да ескереді.

Жанама салықтар – бағаға не тарифке үстеме түрінде белгіленген салық төлеушінің кірістері мен мүлкіне тікелей байланысты емес салықтар. Жанама салықтарға қосылған құнға салынатын салық, акциздер жатады. Жанама салықтарға сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтен түсетін түсімдер де (кеден баждары түріндегі, ішкі рынокта сатылатын тауарлар бағасы мен олардың фактуралық құнының айырмасы) жатады.

Жанама салықтар мемлекеттің фискалдық мүдделерін білдіреді. Бұл салықтардың ең соңғы төлеушісі болып тауарды тұтынушы табылады.

Жанама салық салудың мәні салықтың тауар бағасына (қызмет тарифіне) қосылатындығында. Бұл жағдайда салықты тауардың (қызметтің) нақты тұтынушысы төлейді, алайда тұтынушы мен мемлекет арасында тікелей байланыс болмайды.

Жанама салықтар салық салу объектісіне қарай төмендегіше бөлінеді:

Жеке жанама салықтар – қатаң түрде белгіленген бір тауар топтарына салынады;

Әмбебап жанама салықтар – негізінен барлық тауарлар мен қызметтерге салынады;

Фискалды-монополиялық жанама салықтар – мемлекеттік құрылымдарда сатылатын өндірістің барлық тауарларына салынады.

Кедендік баж – экспортты-импортты операциялар жасау кезінде тауарлар мен қызметтерге салынады.

Салықты алатын және оған билік жасайтын органға қарай  салықтар жалпымемлекеттік және жергілікті болып бөлінеді.

Жалпымемлекеттік салықтар – барлық элементтері мемлекеттің заңдарымен анықталатын және сол елді жалпыға бірдей біртұтас қолданылатын салықтар. Бұл салықтарды бекітіп, жүзеге асыратын – Парламент. Бұл салықтар ір деңгейдегі бюджеттерге бөлініп отырады.

Жергілікті салықтар – мемлекеттің заңдарына сәйкес жергілікті өкімет органдары жүзеге асыратын салықтар. Олар жергілікті деңгейде қабылданған шешім негізінде ғана жүзеге асырылады. Бұл салықтар толығымен жергілікті бюджетке түсіп отырады.

Пайдалану тәртібіне қарай барлық салықтар жалпы және арнаулы болып бөлінеді.

Жалпы салықтар тиісті деңгейлердің бюджеттерінде шоғырландырылады және жалпымемлекеттік қажеттіліктерді қаржыландыруға пайдаланылады. Арнаулы салықтардың нысаналы мақсаты болады (мысалы, зейнетақы төлемдерін қалыптастыру үшін пайдаланылатын әлеуметтік салық).

Объектінің экономикалық белгілері бойынша табысқа және тұтынуға салынатын салықтар болып бөлінеді. Табысқа салынатын салықтар төлеушінің салық салынатын кез келген объектіден алған табыстарынан алынады. Тұтынуға салынатын салықтар – бұл тауарлар мен қызметтер көрсетуі тұтыну кезінде төленетін шығынға салынатын салықтар.

 

2. Мемлекеттің салық саясатының мақсаты мен міндеттері, тұрпаттары

Салықтар – мемлекет егемендігін көрсетудің бір формасы. Салықтар осы ерекшелігімен мемлекеттік мүлік пен займдардан (қарыз) түскен табыстардан айрықшаланады. Салықтарды жинау құқығы әрқашан мемлекеттің егемендік құқығының бірі болып табылады. Салықтар біржақты тәртіпте белгіленеді.

Шаруашылық жүргізудің нарықтық  кезеңдерге көшуі басқарудың экономикалық әдістерін қоғамдық өндіріске пайдалануды талап етті, кәсіпорыннан бюджетке түсетін кіріс түсімдерінің жүйесі толық өзгерді. Енді ол – салық төлемдері базасында құрыла бастады; кәсіпорынның бюджетке салықтық формадағы қарым – қатынасы заңмен реттелетін құқықтық негізге көшірілді. Бұл экономикалық процесті макродеңгейде реттеуде салықтарды пайдалану концепциясын әзірлеу қажеттілігіне әкелді.

Сонымен, қаржы саясатының дербес саласы болып салық саясаты бөлініп шықты.

Салық саясаты – мемлекеттің салық салу аясындағы жүргізіп отырған шараларының жүйесі.

Салық саясатының мазмұны мен мақсаты қоғамның әлеуметтік–экономикалық құрылуымен, экономикалық саясатының жалпы бағытымен, сондай–ақ қаржы саясатының нақты әдістерімен сипатталады.

Салық саясатының мақсаты мемлекет қажеттілігін қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету болып табылады.

Салық саясатын жүргізу нәтижесінде заңды және жеке тұлғалардың табысының бір бөлігі жалпымемлекеттік шығыстарды жабуға тартылады,  яғни салық саясатын жүргізу нәтижесінде заңды және жеке тұлғалардың табысы реттеледі. Сонымен қатар салық саясаты ұдайы өндіріс процесін қамтамасыз етуге бағытталуы қажет. Бұл ұлттық табыс көлеміндегі салықтардың үлесін, салық салудың шегін белгілеуді білдіреді.

ҚР–да салық саясатын жүргізудегі басты мақсат – отандық тауар өндірушілерді мемлекет тарапынан қолдау, мемлекеттің ішкі экономикалық дамуына ықпал ететін саясат жасау, жеке секторлардың жедел дамуына жағдай жасау, шетел инвестициясын тартуда кедергілердің алдын алу, яғни мемлекет пен салық төлеушілердің талап–тілегін ортақтастыру.

Экономикалық негізделген салық саясаты қаржыны салық жүйесі арқылы орталықтандыруды оңтайландыру мақсатын көздейді.

Батыс экономистері салық саясатын бөлек алып қарастырмайды және салықтардың іс–әрекетін мемлекеттің шығыстарының жағдайын зерттеп білмей, қарастырмайды. Оны салықтардың ең алдымен мемлекеттің өз функциялары мен міндеттерін шешуге қызмет етуін қамтамасыз ететіндігімен түсіндіреді.

Жоғары дамыған нарықтық қатынастар жағдайында салық саясатын мемлекет өндіріс құрылымын өзгерту, аумақты экономикалық дамыту, халықтың табыстылық деңгейін көтеру мақсатында ұлттық табысты қайта бөлу үшін пайдаланады.

Салық саясатының міндеттеріне мыналар жатады:

мемлекетті өз функциялары мен міндеттерін орындау үшін қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету;

жалпы ел шаруашылықтарын реттеуге жағдай жасау;

нарықтық қатынас процесінде пайда болатын халық табысы деңгейіндегі теңсіздікті деңгейлестіру (тегістеу).

Салық саясатында мемлекетті салыстырмалы дербестігі көрінеді. Салық механизмі арқылы салық саясатын өзгерте отырып, мемлекет экономикалық дамуды ынталандыруға немесе оны ырықтандыруға  мүмкіндік алады. Салықтық реттеу елдің шаруашылық өмірін қамтиды, өйткені салықтық шаралар базистік қарым-қатынасты қондырмаға ықпал ететін басты әмбебап құрал болып табылады. Мұндай реттеудің мақсаты-компанияның ішкі және сыртқы, әсіресе инвестициялық қызметі үшін жалпы салықтық ахуалды жасау және капитал қозғалысының басыңқы салалық және аумақтық бағыттарын ынталандыру үшін пұрсаттылықты салық жағдайын қамтамасыз ету болып табылады.

Қорытынды

Барлық  өркениетті елдерде салықтардың бүкіл жиынтығы әр түрлі принциптер бойынша жіктеледі:

-   салық салу объектілері бойынша;

-   салықты алатын және салықтан жиналған сомаға билік жасайтын органға қарай;

-   пайдалану тәртібі бойынша;

-   объектінің экономикалық белгісі бойынша;

Салық саясаты – мемлекеттің салық салу аясындағы жүргізіп отырған шараларының жүйесі.

Салық саясатының мазмұны мен мақсаты қоғамның әлеуметтік–экономикалық құрылуымен, экономикалық саясатының жалпы бағытымен, сондай–ақ қаржы саясатының нақты әдістерімен сипатталады.

Салық саясатының мақсаты мемлекет қажеттілігін қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету болып табылады.

 


Скачать