Батыс Қазақстан облысы


Батыс Қазақстан облысы

 

Қаратөбе ауданы

Айбаршағыл. Бұл – аудандағы ойпат пен елді мекен атауы. Шағыл термині Батыс Қазақстан топонимдері құрамында жиі кездеседі. Бұл географиялық термин Қазақстанның кең-байтақ өлкесінде түрлі мағынада айтылады. Аққозы – аудандағы көл және елді мекен. Атау Қобыланды батырдың қол бастаған батырларының бірі, Алаша тайпасының барамық руынан шыққан Аққозы батырдың құрметіне қойылған. Барамық руының бір бөлімінің ұраны да Аққозы батырдың атымен аталады. Қобыландының баласы Бөкенбай қалмақтардан көлді тартып алып, оны батырға сыйлаған екен. Осы көл Аққозы деп аталған. Аққозы туралы деректер бізге Қоржын ақын арқылы жетті. «Қобыланды батыр» жырының Қоржын жырлаған нұсқасында беріледі: Қияқтан шыққан бес батыр, Қарақозы, Аққозы – Қатардан асқан қос батыр. Жырда кездесетін Аққозы, Қоскөл, Аққұм, Шыңғырлау топонимдері облыс аумағында әлі күнге өзгермей сақталған. Аққозы кеңшарының бір бөлімшесі «Қоржын» деп аталады. Осы жердегі үлкен төбені халық «Аққозы батырдың бейіті» деп көрсетеді. Аққұм – аудандағы құм атауы. Аққұм – тарихи жер. «Бұрын осы жерде қала болған, онда Алшағыр ханның ордасы орналасыпты» деген аңыз бар. «Қала ХІІ-ХІV ғасырларда өмір сүріп, кейін шапқыншылықтан қираған» деген жорамал да жоқ емес. Ел арасындағы әңгімелерге сүйенсек, Аққұм шаһарын Алшағырдан өшін алған Қобыланды қиратқан екен дейді. Аққұм туралы «Қобыланды» батыр» жырының Марабай ақын жырлаған нұсқасында да кездеседі. Бұл аңыздың негізсіз емес екендігін археологтардың зерттеулері де растайды. Олар жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде көне ақшалар, көптеген алтын білезік, сақиналар, көне қару-жарақтар – қайқы қылыштар, садақ жебесінің ұштары, қорамсақтар, темір сынықтары, үй тұрмысына керекті заттардың сынықтары табылған. Аққұм өңірін Қобыланды батыр жырындағы сюжеттермен байланыстыратын деректер аз емес. Аққұмнан 60-70 шақырым жерде Қобыланды мазары, Қобыланды ауылы дейтін жерлер бар. Аққұмның тылсым сырын тануда онымен қатарлас орналасқан Хан орны, Шәр, Оқ атқан, Шымылдық, Едіге тоғайы, Қаратал, Қарауылтөбе атауларының мәні зор. Аққұм – тылсым сырға толы жер. Оның ортасында Жұмбақкөл деп аталатын да көл бар. Оны кез келген адам көре бермейді. Себебі Аққұмның ортасындағы осы көл бірде жарқырап көрініп жатса, бірде көзден тасаланып жоқ болып кетеді екен. Көлдің Жұмбақкөл атануы да сондықтан. Аңыз желісіне негізделген осындай жер-су атауларының қалыптасу себептері мен жолдарын тану терең, салыстырмалы, кешенді зерттеуді қажет етеді. Ақтайсай – аудандағы гидроним және елді мекен. Бұл ауылды ел ішінде «Таздар ауылы» деп те атайды. Қызылқоға ауылын мекендеген еті тірі бес жігіт – Шегіре, Өтеп, Жақыпалды, Алақай және Ақтай баймен келісе алмай, өздері бөлек қоныстанады. Ақтай – Шегіренің тұңғыш баласы. Ақтай жорықта жараланып, еліне жете алмай, жолда өліпті. Әкесі Шегіре баласын қазіргі Ақтай сайының жағасына аманаттап көмеді де, жайлаудан қайтарда қазып алып кетеді. Кейін осы сай Ақтай атауына ие болады. Ақшолақ өзегі. Өзек деп өзендерге су қуатын аңғарды айтады. Ақшолақ өзегін ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген Жымпиты уезі Соналы болысының аға сұлтаны, Алаша тайпасының Кенжеғара руынан шыққан Ақшолақ бай қаздырыпты. Қалдығайты өзенінен осы өзек арқылы өзінің жайлауына су бұрғызып, оған жылқысын суарса керек. Ақшолақ ХХ ғасыр басындағы Батыс Қазақстандағы аса дәулетті байлардың бірі болған. Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толған тойына арнап 300 текежәуміт арғымақ апарып, орыс патшасының мейіріміне ие болған. Патшаға жақын қызметі үшін кезінде суреті шай қағазының бетіне басылыпты. Бармақ – аудандағы жер аты. Бармақ Алты ата әлімнен тарайтын кете руының маңдайалды батыры болған. Көршілес жатқан Ақтөбе облысының жерін мекен етсе керек. Бармақтан сескенгендіктен ешкім оның елінің малына тиісе алмаса керек. Бармақ туралы, оның орасан батырлығы туралы әңгіме Дәуқара батырға жетіпті. Дәуқара Ақжайық ауданының Қырыққұдық, Өлеңті ауылдары маңын қоныстанған Байбақты руының Әлтеке тайпасының маңдай алды батыры болатын. Дәуқара қырық жігітімен Бармақ ауылына бағыт ұстайды. Ара қонып Бармақ ауылының жылқышыларына тиіседі де, жылқыны бөліп айдап алып жүре береді. Төтеп бере алмаған жылқышылар жылқының барымтаға түскенін иесіне хабарлайды. Хабарда жылқыны бір дәу қараның айдап бара жатқанын айтады. Сол кезде Бармақтың жасы жетпіске таяп қалса керек. Бірақ соған қарамастан барымташыларды өзі қуып береді. Қазіргі Бармақ деп аталатын оба тұсында Дәуқара оны өзі жеке күтіп алады. Осы жер ұрыс салған екі батыр бірін-бірі ала алмай, ең соңында найзаларын бір-біріне қатар салыпты. Жасаңдай Дәуқара біраз жүріп барып Қалдығайты өзенінің бойындағы қырат басында жан тапсырыпты. Ал Бармаққа топырақ ұрыс даласына бұйырыпты. Ол кезде қазақтар мола тұрғызбайтын. Батырлар мен билердің зиратына ғана оба үйілетін болған. Нөкерлері екі батырдың басына да оба үйіпті. Ол обалар бүгінгі Қаратөбе ауданының жерінде. Осы обалар «Бармақ», «Дәуқара» деп аталған. Батпақкөл – Қалдығайты бассейніндегі су жайылып шығатын көл. Жаз айларында суы кеуіп, көл табанына қалың қамыс шығатын. Ол қамысты жергілікті шаруашылықтар құрылыс материалы ретінде пайдаланды. «Көлді шабындық ретінде пайдаланамыз» деген солақай саясатпен 1970 жылдардың басында оның қамысы өртелді. Алайда қамыс орнына қара қоға шығып, көл пайдасыз болып қалды. Қандыөзек. ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Азамат соғысы кезінде Орынбор бекініс маңында жеңіліске ұшыраған ақ казактардың шағын отрядтары Калмыков бекінісіне қарай шегіне бастайды. Орал қаласы қызылдардың қолында, Жайық өзенінің бойы В.Чапаев дивизиясының қолында болғандықтан олар Шыңғырлау, Жымпиты, Қаратөбе ауданындағы Ақмешіт ауылына келіп қонады. Ауыл адамдарын зәбірлеп, ұрып-соғып, аттарын тартып алады. Араққа өлердей тойған казак-орыстар көп кешікпей ұйқыға кетеді. Сол кезде пештің мұржасын бітеу арқылы түтінге әбден тұншықтырып, ауыл адамдары оларды ат-тұрманымен қоса Қалдығайты өзеніндегі ойыққа батырып жібереді. Өзеннің осы жері қазір Қандыөзек деп аталады. Мұхит – аудандағы кеңшар орталығы. Қазақ халқының атақты әншісі, сазгер Мұхит Мерәліұлының құрметіне берілген антротопоним. Ауыл «Саралжын» деп те аталады. Бұл ауыл – белгілі әдебиеттанушы-ғалым, академик Қажым Жұмалиевтің, қазақ халқынан шыққан саяси қайреткер, заңгер, орыс Думасының делегаты Бақытжан Қаратаевтың, «үш жүзден ән оздырған» Мұхит Мерәліұлының туған жері. Әншінің зираты да – осы жерде.

Дайындаған Молдияр Серікбаев, өлкетанушы

 


Скачать