Батыс Қазақстан облысы
Батыс Қазақстан облысы«Ана тілі» газеті бұған дейін «Ұлы дала атаулары» айдары бойынша «жер жаннаты» атанған Жетісу өңірі, яғни Алматы облысы және кербез сұлу Көкшетауымен көз тартқан Ақмола облысы аумағындағы жер-су атауларымен таныстырған болатын. Ендігі кезек сұлу Жайығымен жалпақ жұртты тәнті еткен Батыс Қазақстан облысына келді. Ендеше, осы өңірдің жер-су атауларын зерттеп жүрген филология ғылымдарының кандидаты Ұлдай Ержанованың «Батыс Қазақстан облысы жер-су атауларының сөздігі» (Орал: «Полиграф-Сервис» баспасы, 2001) атты еңбегіне сүйене отырып, жер-су атауларымен танысуды басталық. 1932 жылдың 20 ақпанында құрылған Батыс Қазақстан облысы 14 әкімшілік-аумақтық бөліктен тұрды. Кейіннен, яғни 1997 жылдың 1 маусымда ҚР Президенті Жарлығына сәйкес облыстың әкімшілік-аумақтық құрамы өзгеріп, облыс құрамында 12 аудан болды. Облыс орталығы – Орал қаласы. Батыс Қазақстаннан бір кездері Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен болатын. Қаланың қазіргі атауы 1775 жылдан бері қолданылып келеді, Патша үкіметі Е.Пугачев бастаған көтерілісті қатыгездікпен басқаннан кейін, шаруа көтерілісі кезіндегі көріністерді халық жадынан жойып жіберу үшін ІІ Екатеринаның әмірімен Яик өзенінің атауы Орал болып өзгертіліп, ал Яицк қалашығы Орал атауына ие болды. Ақжайық ауданы Ауданның алғашқы атауы – Ілбішін, кейін, яғни 1939 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Ілбішін ауданы мен кенті Чапаев есімімен аталды. 1997 жылы Тайпақ ауданының қосылуына байланысты аудан атауы Ақжайық ауданы болып өзгертілді. Ақжол. Бұл – бұрынғы Ілбішін ауылы. Символды топоним. Азынабай Тайпақ. Азынабай Тайпақ – бұрынғы Тайпақ ауданындағы жер атауы. Азынабай Тайпақ атауының «азына» түбірі «маң даладағы жел, боранның өті» мағынасымен байланысты берілген. Аққайраң. Бұл – бұрынғы Тайпақ ауданындағы су атауы. Аққайраң – тұқы тұқымдас балық аты. Қазақстанның батыс аймағында өзен-көлдің түбі көрініп жататын, тайыз бөлігін «қайраң» деп атайды. Аққайраң – өзеннің тайыз әрі табаны құмды келетін тұсы. Мұндай үзіктер Жайық өзенінің бойында көп кездеседі. Ақтомар. Ақтомар – Ақжайық ауданындағы тоғайдың аты. Базаршолан – Ақжайық ауданындағы елді мекен. Базартөбе атауына ұқсас қалыптасқан. Облыс топожүйесінде кездесетін «сарай», «шолан» сөздері елді мекен, тіпті қала ұғымын білдіреді. Базаршолан – «қақпа алдындағы елді мекен», «сарай» деген сөз. Дөңгелек. Дөңгелек – Ақжайық ауданындағы су қоймасы және елді мекен. Көшім бассейніне кіретін Дөңгелек атауы су қоймасының сыртқы пішініне байланысты қойылса керек. Бөкей ордасы ауданы Бөкей ордасының тарихта құрылуы 1801 жылы Ресей патшасы І Павелдің Жарлығымен бекітіледі. «Бөкей» атауының шығуы Кіші Жүз ханы Әбілхайыр ханның ұрпағы, Бөкей ордасының ханы — Бөкейдің есімімен тікелей байланысты. 1808 жылы патша Жарлығы бойынша Бөкей ордасы екі жаққа – Астрахань әскери губернаторына және Орынбор шекаралық комиссиясына бағындырылады. 1920 жылы 12 қазаннан бастап Бөкей ордасының аумағы Астрахань губерниясынан бөлініп, «Бөкей губерниясы» деп атала бастайды. Ал 1925 жылы 18 мамырда Бөкей губерниясы уезд ретінде Орал губерниясына беріледі. 2000 жылы 10 наурызда ҚР Президентінің Жарлығымен және Мемлекеттік ономастика жөніндегі комиссияның ұйғарымымен Орда ауданы «Бөкей ордасы» ауданы деп аталды. Орда. Орда – Бөкей ордасы ауданындағы елді мекен. Орда – түркі тіліндегі көне атаулардың бірі. Батыс Қазақстан облысы топонимдері құрамында кездесетін Орда атауы тарихта аты қалған атақты Бөкей ордасына байланысты қалыптасқан. Ертедегі түркі тектес көшпелі тайпалар бірлестіктерінің хандары мен бектерінің, ұлықтарының билік жүргізіп тұрған жері «орда» деп аталған. Хан қыраты. «Хан қыраты» деп Жәңгір ханның құрметіне қойылған. Саралжын. Саралжын – елді мекен. Саралжын атауының шығу тарихы төңірегінде бірнеше пікір бар: 1). «Саралжын» өсімдігінің атына байланысты қалыптасқан. Саралжын – суы тартылған өзен арналарында өсетін жусан тектес шөп. 2). Саралжын – топонимі моңғол тіліндегі «сиралджин» (қурай) сөзінің негізінде қалыптасуы мүмкін. 3). Сар (сары) сөзі моңғол тілінде «сұр» мағынасын беріп, қазақ тіліндегі құла, сұр түстерімен мағыналас келеді. Ал «алжын» – сын есімнің шырай категориясының көне жұрнағы. Сары сөзінің жер-су атауларының құрамында келіп үлкен қызмет атқаратыны белгілі. Сондықтан шөптің түсіне байланысты берілген бұл пікірді де жоққа шығаруға болмайды. Бірақ Саралжын атауының шығу төңірегінде пікірлердің арасында бірінші пікірді жақтайтындар көп кездеседі. Нарын. Бұл – аудандағы үлкен құм мен өзен атауы. Нарын – қазақ даласына кең тараған атау, моңғол тілінен енген топоним. Алайда атаудың моңғол тілінен енгендігін толық мойындай отырып, ғалымдар оның этимологиясы төңірегінде ортақ пікірге келе бермейді. «Моңғолша –қазақша» сөздікте «наран» – «күн», «күнгей» ұғымын береді» деп түсіндіріледі. Э.Мурзаев оны моңғолдың «нарийн» – «жіңішке», «нәзік» сөзінен шыққан» деп топшылайды. Расында да, Нарын сөзінің беретін мағынасы көп: 1). Жіңішке, нәзік; 2). Жинақты, ұқыпты; 3). Шебер, қу, айлакер; 4). Сараң, қатты. Бұлардың арасында Нарын топониміне жақын келетіні – біріншісі. Өйткені Нарын құмының көлемі Қарақұм, Қызылқұмдарға қарағанда кішкене, шағын және сусыған нәзік құм. «Нарын сөзі «күн», «күнгей» мағынасын береді» деген пікірден гөрі, аумақ, көлем өлшемін білдіретін моңғолдың «нарийн» сөзінен шыққан деген жорамал дұрыс. Сейітқали. Сейітқали – елді мекен. Батыс Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан, белгілі қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешовтің атына байланысты қойылған антропотопоним. Шымқұдық. Шымқұдық – аудандағы жер аты. Түбі шыммен өрілген құдық ұғымын білдіреді. Бөрлі ауданы Ақбұлақ. Бұл – аудандағы өзен және елді мекен атауы. Батыс Қазақстан облысы топонимдері құрамында келетін «ақ» сөзі кейде «құм», «су» сөзімен тіркесіп келіп, «сусымалы», «көшпелі», «ақпалы», «ағынды» ұғымын білдіреді. Қарашығанақ. Қарашығанақ – Бөрлі ауданындағы жер аты. Топоним құрамындағы қара сөзі жер бедерін сипаттау үшін, өзінің тура мағынасында қолданылып тұр. Қойтоғыт. Қойтоғыт – елді мекен. Қойды қырқып болғаннан кейін жылына бір рет өзеннен өткізіп отырады. Оны тоғыту деп атайды. Этнотопоним осы кәсіпке байланысты қойылған. (Жалғасы бар) Дайындаған Молдияр СЕРІКБАЕВ, өлкетанушы Скачать |