СПОРАЛЫЛАР ТИПІ
СПОРАЛЫЛАР ТИПІСпоралылар буылтық құрттардың, моллюскалардың, буынаяқтылардың, омыртқалы жануарлардың және адамдардың ішегінде, дене қуысында, қан клеткаларында паразиттік тіршілік ететін бір клеткалы қарапайым жәндіктер. Паразиттік тіршіліктің әсерінен ас қорыту, жиырылғыш вакуольдері жойылған, қоректік заттарды бүкіл денесі арқылы сіңіріп алады, ешқандай қозғалыс органоидтары болмайды, тек жынысты клеткаларында – микрогаметаларында – талшығы болады. Споралылар жыныссыз, жынысты және спорогония жолымен көбейеді. Жыныссыз көбеюі ядроның көпке бөлінуі арқылы жүзеге асады, бұны шизогония процесі деп атайды, нәтижесінде мерозоиттар деп аталатын жас особьтар шығады. Жынысты жолы – гаметогония деп аталатын, гаметалардың пайда болуы. Копуляция нәтижесінде түзілген зигота қалың қабықшамен қапталынып ооцистаға айналады. Осыдан спорогония кезеңі басталады. Ооцистаның ішінде, спорогонияның нәтижесінде, ең алдымен споробластар – бұлардан майда спорозоиттар пайда болады және олар споралардың ішінде орналасады. Споралылар типі екі класқа бөлінеді: Грегариналар – Gregarinina және кокцидиятәрізділер – Coccidiomorpha. ГРЕГАРИНАЛАР КЛАСЫ – GREGARININA Грегариналар омыртқасыз жануарлардың паразиттері, әсіресе олар насекомдарда көп кездеседі. Бір ядролы сопақша келген денесінің ұзындығы 10-15 мкм-нан бірнеше миллиметрге дейін жетеді. Цитоплазмасы екіге бөлінеді: эктоплазма және эндоплазмаға. Эктоплазмасында ұзына бойы және көлденең жатқан фибриллалары (мионем жіпшелері) кездеседі. Сол фибриллалардың қысқаруы нәтижесінде грегариналар өз еркімен қозғалады. Басқалары алға қарай сырғуы арқылы жылжиды немесе мүлде жылжымай бір жерге жабысып тұрады. Бұл класқа нағыз грегариналар отряды жатады. Нағыз грегариналар отряды – Eugregarinida Бұл отрядтың өкілдері буынаяқтылардың ішегінде паразиттік тіршілік етеді. Денесі сопақтау, ұзындау, сыртын қалың қабықша – пелликула қаптап тұрады. Оның астында денесін бойлап эктоплазма жатады, ол плазмалық перделер түзеп, грегаринаның бір клеткалы денесін үш бөлікке бөліп тұрады. Бірінші – эпимерит, бұнда жіңішке ілмешектері не қармақшалары болады, солар арқылы грегарина ішек клеткаларына бекініп тұрады. Екінші – протомерит, цитоплазмаға толған, ядросыз бөлік. Үшінші – дейтомерит, ядро орналасқан үлкенірек болып келген бөлік Грегариналар жынысты жолмен көбейеді. Екі грегарина бір-біріне, яғни біреуінің протомериті екіншісінің дейтомеритіне жабысып, сизигия түзейді. Содан кейін әрқайсысының денесі жұмырланып, екеуінің төңірегінде қалың қабықша бөлініп шығады. Екі грегаринаның ядросы митоз жолымен бірнеше рет бөлініп, көптеген ядролар түзіледі. Бұл ядролар дененің шет жағына қарай жылжып, цитоплазмамен қапталынып, гаметаларға айналады. Алдыңғы грегаринадан макрогаметалар пайда болады, оны примит деп атайды, артқы грегаринадан микрогаметалар – ол сателлит. Гаметалар қосылып зигота құрайды. Әрбір зигота қалың қабықшаға оранып, ооцистаға айналады. Ооцистаның ішінде спорогония процесі өтеді. Ядро бөлініп 8 ядроға бастама береді. Бастапқы екі бөліну мейоз жолымен жүреді, 8 ядро түзілгеннен кейін, әрбір ядро цитоплазмамен қапталынып, ооцистаның ішінде спорозоиттар пайда болады. Спорогония процесі осылай бітеді. Ооцисталар ауру жануарлардың ішегінен сыртқа нәжіспен бірге шығып, ары қарай даму үшін басқа жануарлардың ішегіне түсуі керек. Онда ооцисталар ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, спорозоиттар шығып эпимерит бөлімі арқылы ішек клеткаларына бекініп өсе бастайды. Скачать |