Сорғыш инфузориялар класы


Сорғыш инфузориялар класы

 

Сорғыш инфузориялар тұщы суларда және теңіздерде субстратқа сабақшасымен тіркеліп тіршілік етеді. Кірпікшелері, ауыз тесігі, жұтқыншағы жоқ, тек дамуының алғашқы кезеңдерінде ғана кірпікшелері болады, кейін олар жойылып кетеді.

Денесінде сорғыш таяқшалары немесе қармалауыштары болады, бұлар ұзын, жиырылғыш, қуыс түтіктер.Осы таяқшалары арқылы басқа кірпікшелі инфузорияларды ұстап қоректенеді.Таяқшалары өте сезгіш. Егер кірпікшелі инфузория сорғыш таяқшаға тиіп кетсе, олар сол сәтте оған жабысады. Ұсталған кірпікшелі инфузорияға таяқшалардың бірнешеуі бұрылып келіп, жабысқан жерінің пелликуласын ерітіп жіберіп ішіндегі цитоплазманы сорып алады

Таяқшалары денесінде радиальды түрінде (Sphaerophrya) шоғырланып немесе арнайы өсінділерінде “қолдарында” тарамдалып орналасқан ұзын немесе қысқа. Таяқшаларының осындай құрылысты болуына байланысты оларды сорғыш және ұстағыш таяқшалар деп атайды. Сорғыш таяқшалар қоректену, ал ұстағыш таяқшалар жемді ұстау және өлтіру қызметін атқарады.

Сорғыш инфузориялардың 500-ге жуық түрі бар. Субстратқа ұзын немесе қысқа сабақшасымен бекініп тіршілік етеді. Дене пішіні сопақша, шартәрізді немесе бұтақталған. Ядросы екеу: вегетативті-макронуклеус, көбеюден басқа денедегі барлық зат алмасу қызметтерін реттейтін және генеративті-микронуклеус тек қана көбею қызметін атқаратын. Тұщы суда тіршілік ететін сорғыш инфузорияларда жиырылғыш вакуолі жақсы дамыған және ол зәр шығару, осмос қысымын реттеу, тыныс алу қызметін атқарады.

Сорғыш инфузориялар жыртқыштар, кірпікшелі инфузориялармен қоректенеді. Кейбіреулері эктокомменсалдар, айрықша дамыған аяқшалары немесе табаншасымен басқа жануарларға, әсіресе шаянтәрізділерге жабысып тіршілік етеді, мысалы Tocophrya cyclopum. Кейбір түрлері инфузориялардың паразиттері, мысалы Sphaerophrya stentor және  S.sol.

Сорғыш инфузорияларды кірпікшелілер типіне жатқызу себебі бұлардың макронуклеусінің болуы, жынысты – конъюгация жолымен көбеюі және дамуының алғашқы кезеңінде кірпікшелерінің болуы.

Сорғыш инфузориялардың жыныссыз көбеюі сыртқы немесе ішкі бүршіктену арқылы өтеді. Пайда болған бүршіктер анасының денесінен үзіліп, біраз уақыт кірпікшелері арқылы суда еркін жүзіп, содан кейін кірпікшелерін жойып, сабақша арқылы судың түбіне бекініп, сорғыш қармалауыштарын шығарып ересек түріне айналады. Жынысты көбеюі конъюгация жолымен өтеді, бірақ конъюгация процесі жақсы зерттелмеген.

 


Скачать