Кокцидия тәрізділер класы


Кокцидия тәрізділер класы

 

Бұл класқа өздігінше тіршілік ете алмайтын, тек қана клетканың ішінде паразиттік тіршілік ететін қарапайымдылар жатады. Денелері сопақша, домалақтау не доға сияқты болып келеді. Олар адамның, сүтқоректілердің, құстардың ішек клеткаларында, бауыр, бүйрек, қан клеткаларында кездеседі. Қан споралылардың және кокцидиялардың даму кезеңдері бір-біріне өте ұқсас, сондықтан бұл екеуін кокцидиятәрізділер класына жатқызады. Бұлардың көбеюінде кезектесіп жүретін үш кезеңді байқауға болады: шизогония (жыныссыз көбею) гаметогония (жынысты) және спорогония. Көптеген кокцидиялардың бір ғана иесі болады, сондықтан спорогония кезеңі жартылай немесе толық сыртқы ортада жүреді (Eimeria magna). Басқаларының иесі екеу, жыныссыз көбеюі бір иесінде өтеді, ал жынысты көбею және спорогония кезеңі екіншісінде (Plasmodium vivax).

Бұл кластың негізгі екі отрядын атап кетуге болады: кокцидиялар отряды – Coccidiida және қан споралылар – Haemosporidia.

Кокцидиялар отряды – Coccidiida

      Кокцидиялар қоянның, ірі қара малдың, үй жануарлары мен жабайы құстардың, насекомдардың ішек эпителий клеткаларында паразитті тіршілік етеді. Кокцидиоз ауруына адамдар да шалдығады. Кокцидиялардың денесі сопақша келген, алдыңғы жағы үшкір, артқы жағы доғал пішінді болады, бұларды зоит деп атайды (спорозоит, мерозоит). Зоиттың сырты үш мембраналы қабық – пелликуламен қапталынған. Оның астында түтікшелі фибрилдер болады, олар субпелликулярлы микротүтікшелер деп аталады. Пелликуламен бірге олар зоиттың қаңқасын құрайды.

Зоиттың денесінің алдыңғы жағында екі айрықша органоидтар орналасқан. Олар спираль тәрізді фибрилді – коноид және қапшық тәрізді іші сілекей затқа толған саны 2-ден 14-ке дейін – роптриялар. Осылар арқылы паразит иесінің клеткаларының ішіне кіреді. Роптриядан шыққан сұйық зат иесінің эпителий клетка мембранасын ерітеді де, ал коноид арқылы зоит бұранда арқылы клетканың ішіне кіреді. Кокцидияларда, клеткаларға ортақ бірқатар органоидтар болады – митохондриялар, Гольджи аппараты, эндоплазмалық торы, т.б.

Кокцидиялардың даму сатысы өте күрделі. Мысал ретінде қояндардың паразиті – эймерия (Eimeria) туысының даму сатысын қарастырайық. Эймерия кезектесіп тұратын шизогония, гаметогония және спорогония жолдарымен дамиды (8-сурет).

8 -сурет. Кокцидияның () даму циклi: 1 шизогонияның  1-ші ұрпағы;

II шизогонияның 2-ші ұрпағы; III шизогонияның З-шi ұрпағы; IУ гаметогония; У спорогония;

1 спорозоит, 2 — жас шизонт, З – көп ядролы өсiп келе жатқан шизонт, 4 — мерозоитгар, 5 — макрогаметалардың дамуы, 6 — микрогаметалардың дамуы, 7 — зигота, 8 — спорогонияға кiрiсiп жатқан ооциста, 9-4 споробласты ооциста, 10 — споралардың түзiлуi, 1 1-8 спорозоиттар түзiлген ооциста.

Оцисталар су және шөп арқылы қоянның ішегіне түсіп, ооцистаның қабырғасы ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, ішінен 8 спорозоит шығады. Спорозоиттар ары қарай даму үшін ішектің эпителий клеткасына ену керек. Коноид және роптриялар арқылы спорозоит клеткаға еніп, денесі дөңгеленіп шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлінеді. Сол ядролардың бөлінуін шизогония дейді. Бұл жыныссыз көбею кезеңі. Шизогония нәтижесінде пайда болған әрбір ядроның төңірегінде цитоплазма жиналып, олар ұсақ мерозоиттарға айналады. Мерозоиттар эпителий клетканы әбден зақымдап болғаннан кейін ішек қуысына шығады да, қайтадан жаңа клеткаларға еніп, денесі дөңгеленіп шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы көпке бөлініп шизогония арқылы тағы да мерозоиттар пайда болады. Шизогония бірнеше рет қайталанып, паразиттердің саны көбейеді.

Шизогониядан кейін гаметогония кезеңі басталады. Бұл кезеңде мерозоиттар гамонттарға айналады, бұлардан гаметалар пайда болады. Макрогамонттар бөлінбей өсіп, макрогаметаларға айналады, ал микрогамонттардың ядросы көпке бөлініп, цитоплазмамен қапталынып, екі талшығы бар майда микрогаметаларға айналады. Микрогаметалар жылжып макрогаметалармен қосылады. Копуляция нәтижесінде пайда болған зигота

сыртынан тығыз қабықпен қапталып, ооцистаға айналады. Ооцисталар қоянның нәжістерімен бірге сыртқа шығарылады. Сыртқы ортада ооцистаның ішінде спорогония кезеңі өтеді. Ооцистаның ішіндегі ядро екі рет бөлініп, төрт ядро пайда болады. Оларды цитоплазма қоршап, төрт споробласт деп аталатын клетка түзіледі. Әрбір споробласт арнайы қабықпен қапталынып, спораға айналады.

Әрбір спораның ядросы екіге бөлініп – екі спорозоит түзіледі. Сөйтіп ооцистаның ішінде төрт спора пайда болып, олардан 8 спорозоиттар түзіледі. Осындай ооцисталар сау қоянның ішегіне түскенде, оның қалың қабықшасы ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, ішінднгі 8 спорозоиттар шығады да, иесінің ішек клеткаларында даму циклын бастайды.

Эймерия  (Eimeria) туысының толып жатқан түрлері адамды, жануарларды кокцидиоз деген ауруға шалдықтырады. Кокцидиоз – ішек ауруына душар етеді.

 


Скачать