Азқылтандылар класы


Азқылтандылар класы

 

Олигохеттердің 3400-ге жуық түрі бар. Топырақта, түщы суларда тіршілік ететін гермафродитті буылтық қүрттар. Жыныс жүйесі денесінің алдыңғы сегменттерінде жинақталган. Құрылысы мен физиологиясы. Денесі созылыңкы, ұзындығы 0,5 мм-ден 3 метрге дейін (Megascolides australis-ta). Сегменттері біркелкі (гомономды), саны 30-дан 600-ге дейін, кейде 7-9 болады. Бас қалақшасында — простомиумда көздері, антенналары, пальпалары дамымаған. Сегменттеріндегі параподиялары жойылып, тек сирек орналасқан қылтандары сақталған, сондықтан құрттарды азқылтандылар деп атайды. Әрбір сегменттінде 8 дана қылтаны болады, олар бүйір және құрсақ жағында жұптасып жатады. Денесінің соңында аналь бөлімі — пигидиум орналасқан. Жіңішке созылмалы кутикуланы түзетін тері эпителиясы кілегейлі без клеткаларына бай. Бұлар әсіресе белдеу төңірегінде көбірек. Эпителидің астында жақсы жетілген сырты сақина тәрізді, іші — тығыз орналасқан ұзына бойы бұлшықеттерден құралған тері-бұлшықет қапшығы жатады. Кең, жақсы дамыған целом қуысы диссепиментпен және құрсақ мезентериімен бөлінген. Арқа мезентериясы жоқ. Іш қуысы целотелимен астарланған.

Ас қорыту жүйесі дененің простомиум сегментінде орналасқан ауыз тесігінен басталып, ауыз қуысынан, жұтқыншақтан, өңештен (кейде жемсаудан), бұлшық етті қарыннан, ортаңғы және артқы ішектен, аналь тесігінен тұрады. Жауын құртының (Lumbricus terrestris) өңешіне үш жұп ерекше ізбесті бездер (моррен бездері) ашылады. Олар қан тамырларымен тығыз байланысты және қандағы жиналған карбонаттарды шығару қызметін атқарады. Ізбест  безінің сұйығы өңешке өтеді де, гумин кышқылдарының әсерін әлсіретеді (нейтрализациялайды).

Ортаңғы ішектің арқа жақ қабырғасында ішегіне терең енген тифлозоль деп аталатын қатпарлар ұзына бойлай орналасқан. Олар ішектің бетін ұлғайтып, қорек сіңіргіш қызметін жақсартады. Олигохеттердің негізгі қорегі өсімдік қалдықтары және детрит.

Зәр шығару жүйесі метанефридиялы, сегменттеліп орналасқан нефридиялардан тұрады. Құрылысы көпқылтанды құрттар жүйесіне ұқсас.

Ортаңғы ішектің және қан тамырларының сыртқы бетін жауып тұратын хлорагогенді клеткалар да зәр шығару қызметін атқарады.

Жауын құртының (Lumbricus terrestris) құрылысы: А — тері-бұлшықет

қапшығының құрылысы; 1 — эпителий қабаты, 2 — сақинатәрізді бұлшықеттері,

3 — ұзына бойы бұлшықеттері, 4 — соматоплевра; Б — ішкі құрылысы;

1 — жұтқыншақ, 2 — өңеш, 3 — сақина қан тамыры, 4 — жемсау, 5 — қарын,

6 — метанефридия, 7 — ортаңғы ішек, 8 — арқа қан тамыры, 9 — тұқым қапшығы,

10 — тұқым қабылдағышы, 11 — диссепимент, 12 — жұтқыншақ үсті ганглиясы

Хлорагогенді клеткалардың ыдырау өнімдері бір-біріне қосылып, жабысып «қоңыр денешіктерді» түзейді, бұлар целом қуысына өтеді де, ерекше арқа поралары арқылы сыртқа шығарылады.

Тыныс алуы бүкіл денесімен өтеді. Терісіндегі капиллярлар тығыз тор түзейді де, газ алмасуды қамтамасыз етеді.

Қан айналу жүйесі көпқылтандылардың жүйесіне ұқсас: арқа және құрсақ қан тамырларынан тұрады. Әрбір сегментінде осы негізгі тамырларды жалғастыратын сақиналы тамырлары болады. Дененің алдыңғы бөліміндегі сақина қан тамырлары жуандау болып келеді және олар бұлшықеттің жиырылуы арқылы арқа тамырындағы қанды денесінің артқы жағынан алдыңғы бөлігіне айдап отырады, сондықтан, оларды бүйір немесе «сақиналы жүрек» деп те атайды. Негізгі қан тамырларынан және сақиналы тамырларынан капиллярлар тарайды. Олар ішекті торлап жатады. Ішектен қорытылған заттар капиллярлар арқылы қанға өтіп бүкіл денеге таралады. Қан айналу жүйесі тұйық. Жауын құртының қанында еріген гемоглобин болады, сондықтан оның қаны қызыл түсті.

Нерв жүйесі барлық буылтық құрттарға тән жұп жұтқыншақ үсті, жұтқыншақ асты ганглиядан, жұтқыншак айналасындағы коннективтен және құрсақ нерв тізбегінен құралған. Нерв түйіндерінен денесінің бөлектеріне нервтер таралады.

Сезім мүшелері нашар жетілген, көздері болмайды, бірақ жауын құрттар терісінде жеке шашырап орналасқан сезгіш клеткалары арқылы жарықты сезеді.

Жыныс жүйесі гермафродитті. Жыныс мүшесінің құрылысы, орналасуы, сан мөлшері жағынан бірқатар ерекше өзгешеліктері болады.

Олигохеттердің жыныс жүйесінің құрылысын және дамуын жауын құртын (Lumbricus terrestris) алып қарастырайық. Жыныс жүйесі денесінің 9-15-шы сегменттер аралығында орналасқан. Аталық бездері ұсақ денелер түрінде 10-шы және 11 -ші сегменттерінде капсуланың (қабығы) ішінде жұптасып орналасқан. Капсуланы диссепименттен түзілген үш жұп аталық қапшығы орап жатады. Аталық безінде қалыптасқан сперматозоидтар капсула арқылы аталық қапшығына өтіп, онда пісіп жетіліп, қайтадан капсулаға түседі. Сперматозоидтардың сыртқа шығуына арнайы тұқым жолдары қатысады. Олардың бір ұшы кірпікшелі воронка тәрізді кеңейіп капсуланың ішіне ашылады, ал екінші ұшы 15-ші сегментте жыныс  тесігімен аяқталады. Аналық жүйесі тұқым бездерінен және түқым жолдарынан қүралған. Екі аналық безі 13-ші сегментте орналасып, тұқым жолы 14-ші сегментте жыныс тесігімен сыртқа ашылады.

Аналық жыныс жүйесіне ұрық қабылдағыш қапшығы да жатады. Олар екі жұп терең тері ойығы түрінде 9-10-шы сегменттерінде орналасқан. Шағылыс кезінде басқа құрттың сперматозоидтарын жинайды. Жыныс жүйесіне белдеудің де жанама қатысы бар. Жауын құртының белдеуі 32-37-ші сегменттер аралығында орналасқан. Ұрықтану кезінде осы аймақтағы топтасқан бір клеткалы кілегейлі бездер ісініп сыртқа кілегейлі заттарды шығарады. Олар белдеуді айнала қоршап тұратын муфтаны түзеді. Кейін муфта денесінен бөлініп жұмыртқа пілләсіне айналады.

Жауын құртының ұрықтануы айқасу нәтижесінде іске асады. Екі құрт бас жағымен біріне-бірі қарама-қарсы жылжып жақындасады. Бір құрттың белдеуі екіншісінің ұрық қабылдағышына қарсы орналасады (9-10-шы сегментке). Екеуі де белдеу жағынан ұрық шырышын бөліп шығарады да, соған сперматозоидтарын (15-ші сегменттен) қүяды. Осы кезде ұрық қабылдағыштар шырышқа түскен сперматозоидтарды ішіне тартып алады: бір құрттың ұрық қабылдағышы екінші құрттың сперматозоидтарын ішіне тартады. Ұрықтарын алмастырып болғаннан кейін екі құрт бір-бірінен ажырайды. Біраз уақыттан кейін әрбір құрт денесінің белдеу бөлігінен кілегейлі заттарды шығарып, белдеуді айнала қоршап тұратын муфтаны түзейді. Сонан кейін құрт бас жағымен қозғалып, муфта дене қимылының арқасында бірте-бірте алдыңғы жағына қарай жылжи бастайды. Муфта 14-ші сегментке жеткен кезінде, тұқым жолынан жұмыртқалар шығып муфтаға өтеді. Муфта жоғары жылжып 9-10-шы сегменттерге жеткенде, ұрық қабылдағышта жиналған екінші қүрттың сперматозоидтары муфтаға құйылады да, осы жерде ішіндегі жұмыртқаларды ұрықтандырды. Осыдан кейін муфта бас бөлімінен сырғып топыраққа түседі. Оның ашық ұштары жабысып муфта пілләға айналады.

Пілләнің ішінде жұмыртқа спиральды детерминативті жолымен бөлшектеніп, жас құрттар қалыптасады. Олар пілләні жарып, сыртқа шығып, өсіп, ересек жауын құртына айналады. Личинкалық даму сатысы болмайды.

Олигохеттердің регенерациялық қабілеті кұшті дамыған, әсіресе жыныссыз жолымен көбейетіндерде. Мысалы, Lumbriculus туысының өкілдері 9-13 үзілген сегменттен, тіпті бір сегменттен де қайтадан жетіліп, тұтас организмге айналады.

 


Скачать