Қызылша көбейсе өтпейді, аз жинасақ, жетпейді


Қызылша көбейсе өтпейді, аз жинасақ, жетпейді

 

Соңғы күндері қант зауыттарының иелері барлық жерде дабыл қаға бастады. Егер мемлекет бізге көмектеспесе қант зауыттары жұмыстарын тоқтатып, жабылып қалатын болады деген ескертулер жасап келеді. Бұл туралы соңғы бірінші болып Қант қызылшасы және қант өндірісшілері ассоциациясының президенті Тимур Сейтмұратов баяндады. Бір-екі экономистер де қылтың етіп, Сейтмұратовтың айтқан сөздерін жақтап, газеттерге сұхбат берді. Бұдан қант өндірісшілерінің лоббистік әрекеті анық байқалып тұр. Бұл бір шетінен дұрыс қой. Қант стратегиялық өнімдердің қатарына кіреді. Сондықтан әр елдің өзінің қант өндірісі болуы керек. Себебі қант та нан сияқты әрбір үйдің дастарханында болуы шарт азық түліктің бір түрі. Бұл ұлттық азық түлік қауіпсізідігінің бір бөлшегі.

Кеңес дәуірінде қант зауыттары қант қылшасын өңдеу үшін құрылған болатын, солай жұмыс істеп те келген. Алайда кеңес дәуірі ыдырағаннан кейін, бөрігімізді аспанға лақтырғанымыз сонша, жақсы нәрселерді сақтап қалуды да ұмытқан едік. Соның салдарын міне тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қарсаңында қатты сезініп жатырмыз.

Ауыл шаруашылығындағы жүйесіздік, майдаланған шаруашылықтар, егін технологиясын сақтамаушылықтың салдарынан жыл сайын құнарсызданған жер алқаптары, жұмыссыз ауылдар және жастардың қалаларға көшуі. Мектептеріміз бен университеттеріміздің білім деңгейі, мұғалімдеріміздің білім деңгейімен бірге құлдырады.

Жә, бұл мәселелер тақырыптан сыртқа шығарып жібермей тұрғанда қантымызға қайта оралайық. Қант зауыттарының байбалам салып отырғандағы себептері мынау: Ресейдің ішкі қант тұтынымы жылына 5,6 млн. тонна. Биыл болса қант қызылшасын көп жинағандықтан қызылшадан өндірілетін қант – 4,5 млн. тоннаны құрамақ. Ал қант шикізатынан (қант қамысынан) өндірілетін қант көлемі – 2,4 млн. тонна. Бұл 1,3 млн. тонналық қант артықшылығы бар деген сөз. Енді осы артық қанттардың барлығы біздің Қазақстанға арзан бағамен келеді, себебі Ресейде баға қазір құлдырап жатыр-мыс.

Бұндай дәйектерге кімнің сенетінін білмеймін, өз басым сене алмадым. Біріншіден қант бағасы арзандамайды. Инфляциясы бар, арадағы алып сатарлары бар, қант бағасы қымбаттамаса, арзандамайды. Ресейдің Қазақстаннан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бізде тауарлардың бағалары арзандапты дегенді соңғы кездер естуден қалдық, керісінше күн сайын баға өсіп кетті дегенді естиміз. Екіншіден, Ресейде арзандаса бізге келгенше, бәрібір жол шығынын, алып сатарлардың маржасын қоса есептегенде бағаға баға қосылуы керек. Сосын ішкі бағадан төмен бағаға тауар әкелетін мейірімді алып сатарлар көп емес шығар.

Жарайды, оны қойшы. Мемлекет оларды не үшін қорғауы керек, мен соны түсінбедім. Қант зауыттары өз өндірісінде 90% икспорттық шикізат (қант қамысы) қолданады. Бұл шикізат сонау Америка құрлығындағы Бразилия, Венесуэла, Куба сияқты елдерден келеді. Өткен жылдың кедендік деректері бойынша жылына қант шикізатына жұмсалатын қаражат 200 – 300 млн. АҚШ долларын құрап отыр.

Қазақстанның ішкі нарығы – 400 мың тонна. Бұның 20-30 мың тонналық бөлігі ғана қант қызылшасынан өндіріледі. Қалғаны импортталған шикізаттан өндіріледі. Қазақстан Кедендік Одаққа кірмей тұрып, бұл қант қызылшасын импорттық баж салығынан жеңілдіктер беріліп келген. Ол ішкі қант өндірісін сақтап қалу бағытында қабылданған бір шара. Бірақ осы шара арқылы өзіміздің ауыл шаруашылығымыздың белін жазбай келгенімізді қалай ұмытқанбыз. Ал Ресей керісінше импортталатын қант шикізатына кедендік баж салығын жоғары ұстап келген. Себебі оларда қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар бар және біздікілермен салыстырғанда жақсы шарттарда жұмыс істеп келеді.

Қазақстанда қант қызылшасының өндірісте қолданылуы ішкі нарықтың 10% құраса, импорт шикізаты 90% құрайды. Ресейде болса 67% қант қызылшасы болса, 33% қант шикізаты. Еуропада қант өндірісінде қант қызылшасы 25% құрайды. Мысалға, 1995 жылы қант қызылшасының еліміздегі қант өндірісіндегі көлемі 36% құрған. Ішкі нарықтағы өндірісімізде қант қызылшасының көлемін ұлғайту негізгі стратегиялық мақсат болуы керек. Халқымыздың көпшілігінің ауылдық жерде тұратынын ескерсек және ауылдағы жастарды жұмыспен қамтамасыз етуді ойласақ, біз осындай нақты мақсаттары қоюды үйренуіміз керек.

Жамбыл облысында кеңес дәуірінде 42 мың гектар жерде қант қызылшасы егілген, және әр гектардан 300 центнер (30 тонна) егін жиналған. Қазір кейбір дерек көздері Жамбыл облысында қазіргі таңда 290 гектарлық алқапта егіледі дейді. Жалпы Қазақстан бойынша, Алматы облысы мен Жамбыл облысын қосқанда қант қызылшасы 2 000 гектардың шамасындағы бір алаңда егіледі.

Осы мақаланың авторы бұл тақырыпты жайдан-жай көтеріп отырған жоқ. Оның себебі бар. Менің балалық шағым Жамбыл облысы Шу ауданында өтті. Нағашыларымның ауылының негізгі кәсібі (Шу ауданындағы басқа ауылдардың да кәсібі сол болатын) қант қызылшасын егу болатын. Жазда ауылға барғанда жеңгелеріммен, нағашы әкпелеріммен бірге басқа балалармен бірге ілесіп таңғы сағат бесте тұрып, ауылдың жүк машинасының кузовына отырып қант қызылшасы егілген егіндерге баратынбыз. Қолымызда кептен ұстап, азаннан кешке дейін қызылша арасындағы арам шөптерді шауып шығатынбыз. Кешке машинаға мініп ауылға қайтамыз. Үйге келген соң тамақ ішіп отырып, қалай ұйықтап қалғанымызды білмейтінбіз. Нағашыларымның ауылының бүкіл тұрғындары осы егінде жұмыс істейтін, әйелдер арам шөп отайды, еркетер тракторларды, машиналарды күзгі науқанға дайындайды. Күзде қызылшаны жинауға бүкіл мектеп болып баратынбыз. Қызылшаларды жинап жүк машинасының кузовына салып аудан орталығы Шу қаласына жібереміз, қант зауытына. Ауыл тұрғындары бір жыл ішінде үш ай қыста ғана жұмыссыз отырады. Қалған уақыттың барлығында егін басында.

1994-1995 жылдары Шу қант зауыты жабылды. Сосын егіндердің барлығын жекешелендіріп ауыл тұрғындарына таратып тастады. Егін техникаларының бәрі ұстағанның уысында, тістегеннің тісінде кете берді.

Қазір ауылда әркім өз білгенін істейді. Біреуі шөп егеді, біреуі қауын, қарбыз, біреуі дұнғанға пияз егуге жалға береді. Әйтеуір білгенінше күн көріп жатыр.

Бұл бір ғана ауыл, ал осындай ауылдар қаншама? Шу ауданында 6-7 ауыл бар. Меркі ауданында да осы шамада. Талдықорған жақтағы Ақсу, Көксу, Сарқанд аудандарындағы ауылдар да осындай күй кешуде. Дастарханымызға келіп жатқан қантымыздың өндірісінде қанша адамның еңбегі, маңдайы тері бар бүгіндері? Айдаладағы Бразилияның егіншілерін байытқан қант зауыттарымыз, еліміздің егіншілерін неге ойламайды?

Иә, әрине, бұл олардың міндеті емес. Олар коммерсанттар ғой. Бұл міндет мемлекеттің мойнында. Олай болатын болса, бұл мемлекеттен пайдалары азайған сайын байбалам салып, көмек сұрауға, қорған тілеулеріне қандай хақтары бар?

Соңғы айта кетерім, 2008 – 2012 жылдары қант қызылшасын өндіруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған болатын. Бұл бағдарлама бойынша 2012 жылы елімізде қант қызылшасы егілген егін көлемі 12 000 гектарды құрауы керек. Бағдарлама келесі жылы аяқталады, бірақ соңғы екі-үш жыл аталған бағдарлама туралы еш сыбыс жоқ. Қағаз жүзінде барлық бағдарлама әдемі көрінеді. Мақсатты және өте орынды.

Бірақ, кез келген бағдарламаның артында жүзеге асырылуды талап ететін үлкен еңбек жатқанын көп ескере бермейміз. Ең басты мәселе – ауылдық жерлердегі ауыл тұрғындарын кеңес дәуіріндегідей бір жүйеге жұмылдыру ғой. Бұл үшін сол ауылға күнара барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғандарымен ақылдаса отырып жұмыс істеу керек. Қысқасы бағдарламаны жазған мемлекет қызметкерлері, жылы креслоларынан тұрып, ауылдарға жиі барулары керек. Ауылда жүріп, олардың проблемаларын тыңдап, олармен ақылдаса отырып жұмыс істемейінше, ешбір бағдарлама жүзеге аспайды, көзделген мақсатқа жетпейді. Бекжан Толыбай

 

 


Скачать