ҚАРЖЫ САЯСАТЫНЫҢ МАЗМҰНЫ, МІНДЕТТЕРІ, МАҚСАТТАРЫ МЕН ПРИНЦИПТЕРІ


ҚАРЖЫ САЯСАТЫНЫҢ МАЗМҰНЫ, МІНДЕТТЕРІ, МАҚСАТТАРЫ МЕН ПРИНЦИПТЕРІ

 

Қаржы саясаты – мемлекеттің өз міндеттері мен қызметін қаржы саласында іске асыру үшін жүргізетін нысаналы іс – шараларының жиынтығы. Қаржы саясаты – экономикалық саясаттың құрамдас бөлігі. Қаржы саясаты, басқа барлық саясаты сияқты қондырмаға жатады.

Жалпы алғанда экономикалық саясат сияқты, мемлекет қаржы саясатын да экономикалық заңдардың – қоғамның экономикалық өмірінің құбылыстары мен процестерінің мәндік, ұдайы қайталанып отыратын, объективті байланыстары мен өзара тәукелділіктерінің талаптарын басшылыққа алып әзірлейді.

Қазақстан жағдайында қаржы саясатының міндеті экономиканың экономикалық өсудің траекториясына көшіру, ұлттық шаруашылықтың құрылымын одан әрі жетілдіру негізінде шаруашылық өмірді тұрақтандыру, кәсіпкерлік қызметті дамыту, мемлекттік бөліктің үлесін оңтайландыра отырып, меншікті реформалау, сырқы экономикалық қызметті ұлғайтып, жандандыру, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру жөнінде шаралар жасап, оларды қаржы механизмі арқылы іске асыру болып табылады Қаржы механизмі мемлекет белгіленген қаржы шараларын және нақты, мекен – тұрақты шын нәтижелері қайта түрлендіреді, өзгертеді. Ұдайы өндіріс нәтижелерінің сан алуандығы экономикалық (шаруашылық ) механизмінің формалары мен әдістерінің тиісті сан алуандығын туғызады; қаржы механизмі оның құрамдас және ажырамас бөлігі болып табылады.

Қаржы саясатының мақсаты - қоғам дамуының аса маңызды қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажет қаржы ресурстарын толық жұмылдыру.

Сондықтан тәуелсіздікке ие болған республиканың қаржы саясатының міндеті – экономиканы дағдарыстан шығару, халық шаруашылығы құрылымын өзгерту негізінде шаруашылық өмірді тұрақтандыру, кәсіпкерлік  қызметі, бағаны ырықтандыру, мемлекеттік бөліктің үлесін біртіндеп кеміту жолымен меншікті реформалау, сыртқы экономикалық қызметті кеңейту және жандандыру жөнінде шаралар әзірлеп, оларды қаржы механизмі  арқылы іске асыру болып табылады.  Республика экономикасының дүниежүзілік  шаруашылықпен тоғысуының механизмін жасау міндеті тұр. Сонымен қатар қаржы саясаты мен механизмі нарық қатнастарына ену барысында инфиляциядан, жұмыссыздықтан, табыстан айырылып қалудан халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуі тиіс.

Экономикалық дағдарыстан шығу және одан әрі серпінді даму мемлекеттің сындарлы және негізгі саясаты арқылы болуы мүмкін. Жүргізіліп отырған қаржы саясатының басты субъектісі мемлекет болып табылады. Ол қоғамның ұзақ перспективаға арналған қаржысын дамытудың басты бағыттарының стратегиясын жасайды және алдағы кезде арналған міндеттерді, қаражаттарды және оған жетудің жолдарын анықтайды.

Мемлекеттің қаржы саясатының мазмұны экономикалық заңдылықтардың іс — әрекетін   ескере отырып және қоғамның даму міндеттеріне сәйкес қаржыны жоспарлы ұйымдастыру болып табылады. Қоғамдық дамудың  әрбір кезеңінде қаржы саясатының өзіне тән белгілері болады, ол экономиканың жай-күйін, қоғамның материалдық және мәдени өмірінің тоғағы жеткен қажеттіліктерін және басқада факторларды ескере отырып, түрлі міндеттерді шешеді.

Мемлекеттің қаржы саясатының мазмұны айтарлықтай күрделі, өйткені ол шаралардың ауқымды кешенін, оны дәйекті жүзеге асыру стадияларын қамтиды, олар:

1)экономикалық заңдардың әрекеті, экономиканың жай күйі, қоғамның әлеуметтік – экономикалық дамуының перспективалары негізінде елдегі қаржының ғылыми негізделген тұжырымдамасын әзірлеу;

2)экономикалық саясаттың тиісті мақсаттары мен міндеттерін негіздей отырып, қаржы саясатының стратегиялық және тактикалық шараларын тұжырымдау;

3)белгіленген іс-әрекеттерді қаржы механизмі (экономикалық қайта құрудың түбегейлігіне қарай оны жаңғырта және түзете отырып) арқылы іс жүзінде жүзеге асыру.

Осы негізгі үш буынның бірлігі қаржы саясатының мазмұнын анықтайды. Демек, экономикалық заңдардың іс- әрекетін есепке ала отырып, қоғамды дамытудың міндеттеріне байланысты қаржыны ұымдастыру мен пайдалану мемлекеттің қаржы саясатының мазмұны болып табылады.

Қазіргі кезде қаржы саясатының көмегімен шешілетін басты міндеттердің қатарына мыналарды жатқызуға болады:

а) елдің дамуының әрбір нақты кезеңінің ерекшеліктері негізінде қаржы ресурстарының неғұрлым мүмкін болатын көлемін жасаудың жағдайларын қамтамасыз ету;

ә) қаржы ресурстарын қоғамдық өндірістің сфералары арасында, ұлттық шаруашылықтың секторлары арасында ұтымды бөлу және пайдалану, ресурстарды белгілі бір мақсаттарға бағыттау;

б) экономикалық дамудың белгіленген бағыттарын орындау үшін тиісті қаржы механизімін жасап, оны үнемі жетілдіріп отыру.

Елдегі жүргізіліп жатқан реформаларға сәйкес мемлекеттің қаржы саясаты мен қаржы жүйесінің қызметі нарық  жағдайында қажетті қаржы ресурстарын жұмылдыруға, оларды бюджетке толық және дер кезінде түсіріп  отыруға, әлеуметтік — экономикалық дамудың мемлекеттік бағдарламаларында қаралған шараларды үздіксіз қаржыландыруға және материал, еңбек және ақша ресурстарын мақсатты әрі ұтымды пайдалануға бақылауды күшейтуге бағытталған. Бұл мақсаттар Қазақстан Республикасының әлеуметтік экономикалық дамуының, қоғамдық өмірдің барлық салаларын қайта құрудың стратегиясын қаржымен қамтамасыз ету қажеттілігінен туындайды.

Таяудағы мақсат ретінде – мемлекеттік бюджет теңгерімділігіне жету және экономиканы тұрақтандырудың негізінде ұлттық шаруашылықтың қаржы жағдайын сауықтыру проблемасын шешу.

Қаржы саясатын жүзеге асырудың негізіне жалпы және жеке (өзгеше) қағидаттардың толып жатқан қатары қойылуы тиіс.

Қаржы саясатын жүргізгенде оның мына қағидаттарын жүзеге асырудың зор маңызы бар:

1) қолда бар нақты қаржы ресурстарын негіздей отырып, бюджеттерді жасау, бекіту және атқару кезінде қоғамдық өндірістің барлық қатысушыларының, әлеуметтік, ұлттық және кәсіби топтардың мүдделерін сақтау;

2) қаржы қатнастарының жоспарлы ұйымдастырылуын қамтамасыз ету;

3) қаржы жүйесінің барлық сфералары мен буындарында кірістер мен шығыстардың теңгерімділігі;

4) қаржы резервтерін жасау (бюджет жүйесіндегі кірістердің шығыстардан және салалық қаржыларда қаржы резервтерінің асып түсуі);

5) мемлекет пен шаруашылық жүргізуші  субъектілерінің арасында қаржы ресурстарын  оңтайлы бөлу.

Қаржы саясатының тиімділігін қамтамасыз ететін жалпы қағидаттарға мыналар жатады:

1) объективті экономикалық заңдардың іс- әрекетін есепке алу;

2) нақты тарихи жағдайларды есепке алу;

3) өткен жылдардың өзіндік тәжірибесін  және дүниежүзілік тәжірибені есепке алу.

         Жеке  қағидаттарға  мыналарды жатқызуға болады:

1)қоғамда қаржы жүйесінің ұтымды құрылымын , қаржы қатнастарын жоспарлы үйымдастыруды және қаржы механизміннің дұрыс құрылуын қамтамасыз ету;

2) қаржы жүйесінің  барлық салалары мен буындарындағы кірістер мен шығыстардың тепе — теңдігі;

3)бюджеттегі кірістер мен шығыстардан асып түсетін қаржы резервтерін жасау;

4) салық жүйесін ұтымды  құру арқылы экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды бағыттарына қаржы ресурстарын шоғырландыру;

5) негізгі қаржы ресурстарын мемлекет қарамағына жұмылдыру, оларды мемлекет пен шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында тиімді бөлу;

6) қаржы және ақша- несие  саясатының тепе — теңдігі.

 


Скачать