Экономика – елдік тұғыры
Экономика – елдік тұғыры«Құбылған заманда құбыланамасынан жаңылмаған Қазақстан дамудың өзіндік даңғыл жолына түсті. Аз уақытта айбыны асқан алаш жұрты әлеуеті асқан, дәулеті тасқан, іргесі берік, беделі зор айбынды елге айналды». Президент Нұрсұлтан Назарбаев инаугурациялық сөзінде осылай деп айтты. Бұл биікке біз қалай қол жеткіздік? Қазақ елінің өз тәуелсіздігінің жиырма жылдығына толайым табыспен келуінің басты сыры, әрине, экономикалық дамуда. Академик Кенжеғали Сағадиевтің осы тақырыпқа кеңінен көсіле ой толғаған мақаласы күні кеше бүкілхалықтық қолдаумен ел тізгінін қолға қайта алған Елбасымыздың басшылығымен экономикалық реформалардың қалай жүзеге асырылғаны жайында. Көшелі сөзімен көпке танымал қоғам қайраткерінің мақаласын зер сала оқып шыққан адам қазіргі асуымыздың қандайлық қиындықпен алынғанын айқын көреді, елді осы биікке бастаған Азаматтың бөлекше қадір-қасиетін сергек сезіне түседі деп ойлаймыз. ЕЛЕҢ-АЛАҢДА Иә, тәуелсіздігімізге 20 жыл. Қоғам тұрғысынан алсақ бір ғана жаңа ұрпақ өмірге келіп, бой көтеретін кезең. Тарихпен салыстырсақ қас-қағым шақ. Үкілі үмітімізбен өлшесек тәуелсіздік деп ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманымыздың орындалғанының алғашқы мерзімі. Басынан өткізген оқиғалар шоғырымен бір емес, бірнеше ғасырға пара-пар жылдар. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «төбе де, төре де» өзгерген жылдар. Қазақ деген халықтың есімін барша әлемге танытқан кезең. Тек қана танытып қоймай, әлем елдерінің алқалы жиынының төрінде қазақ перзенті отырып, айшықты ойлар, аталы сөздер айтылған жұлдызды сәт. Ел болып еңсеміз көтерілген, рух биіктеген мерейлі белес. Президент Жолдауында айтылғандай, егемен еліміздің іргесі бекіп, талай асулардан өтіп, әрі қарай жүретін бағыт-бағдарымызды, шығатын биіктерімізді анықтадық. Бүгінгі таңда нысанада әлемдегі ең жан-жақты дамыған елдердің санатына қосылу тұр. Осыларды айта келіп, тәуелсіздік біздің елімізге ешқандай қиындықсыз, аспаннан бақыт құсы болып қона қалды деген пікірден аулақпыз. Қай елге болса да азаттық, бостандық, тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біздер де солар үшін тар жол, тайғақ кештік. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің астарында қазақ халқының отаршылыққа, бодандыққа қарсы бірнеше ғасырға созылған күресі, оның ішінде Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күрестер, Алаш арыстарының азаттық ұраны, өткен ғасырдың басында Торғайда, Меркіде, Созақта, Қарқара-Албанда, басқа да өңірлерде болған кеңес өкіметіне қарсы үлкенді-кішілі көтерілістер, сол ғасырдың соңында азаттық аңсаған қазақ жастарының Алматыдағы қанға боялған шеруі, осылардан туған ыза-кек, оларды енді болдырмаймыз деген намыс пен жігер жатыр. Тәуелсіздіктің біз үшін ерекше қастерлі, қасиетті болатыны да сондықтан. Олар бізді егемендік алған ұлт ісіне белсене кірісуге, ел бірлігін сақтауға, қандай қиыншылық болса да оны төзімділікпен өткізуге шақырады. Ал қиыншылықтар, әсіресе, егемендігіміздің алғашқы жылдарында, аз болған жоқ. Ең үлкен қиыншылықтар халықтың тұрмысы мен көңіл-күйіне тікелей қатынасы бар экономика саласында туды. Бұрын біз жүрмеген, біздің тарихи санамызда тіпті сүрлеуі де жоқ нарық жолына түстік. Экономиканы ырықтандыруға, қоғамдық мүлікті жекешелендіруге, колхоздар мен совхоздарды таратуға кірістік. Бағаны шектемей, тізгінін ағытып жібердік. Нәтижесінде бұрынғы қалыптасқан шаруашылық жүйесінің күл-талқаны шықты, аз ғана уақыттың ішінде ұлттық өнімнің 40 пайызына дейін жоғалттық. Ауылда да, қалада да халық тұрмысы күрт төмендеді, елде жұмыссыздық етек жайды. Әрбір заттың бағасы он-жүз еселеп өсті. Өз ішімізде, басқа да елдермен қалыптасқан экономикалық байланыс үзілді, көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға немесе жартылай жұмыс істеуге мәжбүр болды. Экономика саласындағы реформалардың алғашқы жылдардағы көрінісі осылай болды. Қазір жағдай мүлдем басқаша, бірақ егемен еліміздің бастапқы кезеңде басынан өткізген осындай қиыншылықтарын айтуымыз, естен шығармауымыз керек. Алдымызда ұзақ даму сапары тұр, тек тәуелсіздігіміздің өзін жан-жақты – саяси, рухани және экономикалық тұрақтандыру үшін, шет елдер тәжірибесіне сүйенсек, жарты ғасырға жуық уақыт керек екен. Сондықтан да өз басымыздан өткен қиыншылықтардан қорытынды жасап, оларды естен шығармай отырсақ, соғұрлым оларды болашақта тудырмауымыз кәміл. Аталмыш қиыншылықтардың себебі неде деген сұрақ туады. Ең алдымен тарап кеткен Кеңес одағынан нәтижесі төмен, заман талабынан артта қалған шаруашылық жүйесі еншімізге тигенін айтуымыз керек. Одақ тарау барысында барлық республикалармен қалыптасқан қатынастар үзіліп, экономика саласына жалғыз бізде емес, басқаларда да күйреу қаупі туды. Осындай жағдай көп ойласуға мүмкіндік бермеді. Тәуекелге сүйеніп не де болса таңдаған жолмен жүріп кету керек болды. Осыған қоса нарық экономикасы бізге жат құбылыс, оның ішкі сырын, жұмыс істеу тетігін егжей-тегжей білетін мамандарымыздың болмағанын, жалпы халық та экономика саласындағы түбірлі жаңалыққа алғашқыда үрке қарағанын айтуымыз керек. Және басымыздан өткізіп отырған тарихи кезең де онша қолайлы болмады. Әлем тарихында капитализмнен социализмге өткен елдердің тәжірибесі бар, ал кері қайтқан, яғни социализмнен капитализмге көшкен бір де бір ел, оның тәжірибесі болған жоқ. Осы бағыттағы алғашқы қадамды біздер, Кеңес одағының құрамында болып, оны таратып егемендік алған республикаларға жасауға тура келді. Нарық жолына дайындықсыз, жеделдете түсуіміздің тағы бір басты себебін айтуымыз керек. Ол – осы жолды таңдау барысында әлемдегі дамыған елдердің, беделі жоғары халықаралық экономикалық ұйымдар мен бірлестіктердің бізге жасаған зор ықпалы. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары бұрынғы Кеңес одағының республикалары және оның ықпалында болған мемлекеттер, жалпы саны 28 ел, социализмнен капитализмге өту көшін бастадық. Осыған байланысты АҚШ, басқа да дамыған Батыс елдері, Халықаралық валюта қоры, Бүкіләлемдік банк оларға нарыққа өтудің екі тетігін ұсынды. Біріншісі – «шоковая терапия» (есеңгірету емі), яғни мемлекеттің экономика саласындағы құзырын барынша шектеу, экономиканы ырықтандыру, қоғамдық мүлікті жеделдете жекешелендіру, бағаны босатып жіберу, экономикалық байланыстар мемлекет тарапынан реттелмей, әрбір кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің өз еркіне беру тетіктері. Екіншісі – «Вашингтонский консенсус» (Вашингтондық бәтуа), яғни Халықаралық валюта қоры, Бүкіләлемдік банк және АҚШ-тың қаржы министрлігі қосылып, нашар дамып келе жатқан елдерге нарық жолына өтуіне жасалған ұсыныстары. Олар: жаппай жекешелендіру, тіпті экономиканың бәсекеге қатыспайтын салаларын да жекешелендіру; әлеуметтік көмек бағдарламаларын мейлінше шектеу (мысалы, ақшасыз немесе арзан денсаулық сақтау жүйесін, осындай білім беру саласын, арзан үй салу бағдарламасын, қоғамдық көлікті, т.б.), бюджет тапшылығын барынша азайту, ұлттық ақшаның тұрақтылығын оның долларға байланысымен есептеу, еңбекақыны үнемдеу, т.б. Нарық жолына өтуге атбасын бұрған елдерге аталмыш шаралар деректі түрде ұсынылды. Тек ұсынылып қойған жоқ, реформа бастап жатқан елдерге, оның ішінде біздерге де, халықаралық ұйымдардың жәрдемі осы ұсынылған шараларды іс жүзінде жүргізу немесе жүргізбеумен тікелей байланыстырылды. Бастапқы жылдары елдегі реформаларды жүргізу үшін біз қаржыға өте мұқтаж болдық, оны алу үшін Халықаралық валюта қорына өтініш жасадық. Оның эмиссарлары Қазақстанға бірінен кейін бірі келіп, біздерде қоғамдық меншік таратылып жатыр ма, баға ырқына жіберілді ме, сыртқы сауда ырықтандырылды ма, басқа да олар ұсынған шаралар орындалып жатыр ма, жоқ па, осыларды мұқият тексеріп барып, елімізге қаржылай жәрдем (несие) беруге шешім шығаратын. Нарық идеологиясын өздері ұсынған шаралар негізінде әлем елдеріне, әсіресе осы саладағы реформаларын жаңа бастап жатқан елдерге тарату жолында Халықаралық валюта қорының, Бүкіләлемдік банктің миссионерлік рөлі ерекше болды. Олар айтылған ұсыныстарын орындатуға барлық мүмкіндіктерін жұмсады. Ал ол мүмкіндіктер аз болмады, өйткені кімге де болса керек миллиардтаған қаржы тек осылардың қолында болды, лауазымы жоғары, әлем елдеріне ықпалы зор және дамыған Батыс мемлекеттерінен тікелей қолдау тауып отырған бұлар империя іспеттес ұжымдар. Ал империя болған соң оның империялық амбициясы да қоса жүрді. Ал енді осы ұжымдар ұсынған шаралар кімге қалай нарық жолына көшуге жәрдемдесті, соған көшейік. Шындығын айтсақ, «Вашингтон консенсусындағы» идеялар ең алдымен Латын Америкасы елдеріне, олардың біраз жылдар қолданыстарында болған нарық экономикасын жетілдіруді, кейбір тетіктерінің сапасын арттыруды көздеген еді. Осы саладағы әлем деңгейіндегі ірі мамандардың айтуы бойынша, аталмыш ұсыныстар Латын Америкасы елдерінде айтарлықтай оң нәтиже бере қойған жоқ. Дәлірек айтсақ, Халықаралық валюта қоры ұсынға Скачать |