Инновациялық ғылым игіліктері
Инновациялық ғылым игіліктеріЕліміз интеграциялық, инновациялық жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Дамыған ғылым мен білім негізінде 20 жылдық даму даңғылында қарышты экономикамыз қалыптасты. Осыған орай кеше Президенттік мәдениет орталығында “Қазақстандағы ғылымның дамуы және қазіргі заманның ғылыми жетістіктері” атты ғылыми форум өтті. Бұл форум ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашақты бірге жасаймыз!” атты халыққа Жолдауында айтылған жоспарлы жобаларды жүзеге асыру мақсатында қолға алынып отыр. Ғылыми кеңеске сарапшы ғалымдар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар және үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік ұйымдар өкілдері көптеп жиналды. “Жамбыл облыстық шағын кәсіпкерлік орталығы” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған ғылыми форум ұлттың интеллектуалды әлеуетін дамытуға, мемлекеттік саясаттың, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың қол жетімділігін кеңінен талқылауға арналды. Күн тәртібінде аймақтарда технологиялық парк құру және оны іске қосу, Инновациялық жобалар: инновацияны қолдаудың аспаптары, Технологияларды коммерциализациялау жүйесі деген тақырыптар төңірегінде ғылыми ойлар айтылды. Бүгінде қазақ елі әлемнің дамыған 50 елінің қатарынан табылу мақсатында халықтың әл-ауқатын көтерудің дара даңғылына түскені белгілі. Келешекте де қоғамды демократияландыру мен халықаралық байланыстарды дамыту мәселелеріне орай пікір алмасылып, инновациялық технологияларды қолдану барысында ІТ-компаниялардың және демеушілердің назарын аудару мәселелері қарастырылды. Ел экономикасын индустрияландыру бағытындағы жаһандық тәжірибелерді отандық ғылыммен ұштастыра отырып дамыту бүгінгі қоғамның ең басты талабы. Демек, қазақ қоғамын ғылыми негізде дамытудың маңызын қаузаған ғылыми форум үміт үдесінен шығары сөзсіз. Гүлмира ӘБДІРАХМАНОВА Скачать |