АҚША АНАТОМИЯСЫ
АҚША АНАТОМИЯСЫАДАМ ЖӘНЕ АҚША Ақша – адамның дербес шығындаған энергиясы, жұмсаған қуатының қайтарымы. Адам еңбек етіп, күш-жігерін шығындап, орнына ақшалай ақы алғанды ұнатады. Өйткені, ақша – қалаған затыңды қолыңа түсіруге мүмкіндік беретін бірден-бір айырбас тауары. Оның басқа тауарлардан айырмашылығы: жанасу қабілеті өте күшті. Ақшаның пайда болуына себеп: адамның жаратылуы емес, қоғамның қалыптасуы. Ең алғашқы адам жаратылғанда оған тиын-тебеннің қажет болмағаны анық. Қалаған азығына қол созып-ақ ие болды. Алайда ақша қажеттілігі қалай пайда болды? Ақшаның адамзатты мойындатқан қасиетіне экономикалық тұрғыдан терең ойланып, ғылыми көзқараспен зер сала бойлайық. Алғашқыда қауымдар топ құрап тікелей айырбас (бартер) жүргізе бастады. Мысалы, А мырзада жүгері, Б мырзада киім бар. А мырза жүгерісін Б мырзаға айырбастады. Өйткені, А мырзаға киім, Б мырзаға жүгері керек. Егер А мырзаға егін сақтайтын қамба салдыру керек болса, ол жұмысшыларына не төлеуі керек, қамбаның құрылыс материалдарын ба? Тұтынымның сәйкессіздігі орын алды. Жұмысшылар құрылыспен айналысқанымен, оларға керегі басқа төлем. Сонымен бірге, А мырзада бидай бар, Б мырзада арба бар. Б мырзаға бидай қажет болғанмен, А мырзаға арба керек емес, оған бидайға қойдың етін айырбастайтын адам керек. Осыны ескерген Б мырза арбасын С мырзадағы қой етіне (егер оған керек болса, керек болмаса, тіпті қиын) айырбастайды. Қойдың етін алып, А мырзаға береді де, одан Б мырза бидайын алады. Бұл жерде Б мырза қой етін өзіне тұтыну үшін алған жоқ, бидай алып беруге қабілеті болған соң ғана алды. Қой еті тұтыну қасиетінен бұрын айырбас қасиетке ие болып тұр. Қосымша сұраныс қой етінің айырбас рөлін арттырды. Егер белгілі бір тауар оңай сатылса, ол үлкен айырбас қасиетті иеленіп, басқалармен салыстырғанда кең сұраныста болса, оны айырбас құралы ретінде пайдалануға болады. Талғам – әлемдегі ең өзгермелі, айнымалы және әртүрлілікке ие зат. Сондықтан тауар айналымы халықтың талғамына тәуелді. Кейбір тауарлар бөлікке бөлінсе де құнын жоғалтпайды, кейбір тауарлар кең сұранысқа ие, енді біреулері оңайлықпен тозбайды, тағы бірі тасымалдауға қолайлы. Аталған қасиеттер тауардың айырбас қабілетіне артықшылық береді. Осы артықшылыққа халықтың көзі жеткеннен кейінгі орын алатын сұраныс тауардың айырбас қасиетін тіпті арттырады. Тауарлар жарыса келе, ең соңында жоғарыдағы қасиеттерді бойына жинай білген бірнеше тауар ғана әмбебап айырбас өлшемі болып іріктеледі де, ақшаның рөлін атқара бастайды. Мұндай тауарларға отарлау кезінде Вирджинияда қолданылған темекі өнімі, Вест-Индиядағы қант, Абиссиниядағы тұз, Ежелгі Грециядағы мал, Шотландиядағы шеге, Ежелгі Египеттегі бал өнімдерін жатқызамыз. Кейін бұлардың орнын алтын мен күміс теңгелер басты. Қазір қағаз ақшалар қолданылады. Бұл мәселеге егжей-тегжей тоқталуымыздың себебі: ақша – күрделі операцияларды жеңілдетуші күнделікті тұтыну тауарларының бір түрі ғана, бірақ ол ең өтімді тауар. Осы өтімділік адамдарды өзіне тартты және сол өтімділік пенделердің бойына даңғойлық болып егілді. Ақша табу күнкөріс қамы ғана емес, өнердің түріне айналды. Табыс түсірудің қыр-сырын тәптіштеп түсіндіретін ақыл үйретушілердің саны күн санап көбейді. Бірталай қаржы жинап үлгерген қара халықтың көңіл күйі қор биржаларындағы курс бағамдарына кіріптар болып қалды. Өмірінің мәнін мол қаражатқа ие болумен өлшеп, оны таппаса, ғұмыры босқа өтіп бара жатқандай күй кешіп, өзін-өзі құрметтеуден қалғандарды да көзіміз көрді. Қомақты қаржы тауып жүрмегені үшін адам неге өзін-өзі кінәлауы керек? Сөйтсек, атпалдай ұл-қыздарымызды жер шұқытып, жүзін төменшіктететін қате ойлар мыналар екен. Біріншісі, «Ақшалы болу – ақылдылықтың белгісі. Олай болса, сен неге кедейсің? Неғұрлым адам ақылды болса, соғұрлым ақшаны көп күрейді», -деп іштен мүжіген сорақы ой жұмыр басты пендені аяусыз сабылтты. Өзін айналасындағыларға мойындату – ақылы кемел жанға жат. Ол мойынсұнып табынғандарға сол мезетте тойтарыс береді. Құрмет, ғизат ғұламаның ғақыли жетістігіне қиянат жасайды. Ойшыл тапқыр ойға жетсе, сонысымен мәз-мейрам. Сол себепті тұнық ойға ақша мәселесін араластыруға да зауқы жоқ. Келсе ертеді, келмесе тебеді. Ақылсыздың да қалталы азаматқа айналуы оның саналы немесе санасыздығында емес. Өйткені ақша туфли сүртетін шүберек сияқты кез келген адамның қолында жүреді және қай жерден жыртып алғаныңды да, қайда тастағаныңды да білмейсің. Бұл жерде «көрінбейтін қол» жұмыс істейді. Кедейлік пен бай болу жақсы-жаман, адал-арам сияқты бір-біріне қарама-қарсы ұғым емес. Себебі, кедейлік қу тақыр, түк жоқ дегенді, бай болу болды-толды, асты-тасты дегенді білдірмейді. Бай баршылықтың, кедей жоқшылықтың шегіне әлі жете қоймаған. Екеуінде тұтас өзгертіп жіберуге қабілетті «саңылау» бар, яғни байдың тоқырап кедейленуі, кедейдің озып байлыққа кенелуі әбден мүмкін. «Бай бір жұттық, кедей бір құттық». Екіншісі, «Ақша бостандық әкеледі, ақша бақыт, денсаулық, тыныштық ұғымдарының синонимі», — деп сенетіндер. Қате түсінік. Өйткені ақшаға ұмтылғаныңның өзі талғамыңа бағынудан туған еріксіздік. Нәпақа табуға бостандығыңды айырбастайсың. Талғамның өте құбылмалы зат екенін жоғарыда атап өттік. Қазақтың «Басымды тауға да ұрып, тасқа да соғып» деп қайғыратыны осы талғамнан жәбір көргендіктен шыққан сөз. Ақша көбейгенде адамның талғамы да жоғарылайды. Оны тез қанағаттандырған сайын, құбылмалылығы жылдамдайды. Талғамның тоюын қазақ жалығу дейді. Ішкі қажеттіліктің үздіксіз жедел өзгеріп отыруы ақша иесін ішкі тыныштығынан айырады. Бұл бір сөмке ақша арқалаған адамның жүйткіген пойызға міне алмай тұрғаны сияқты нәрсе. Нью-Йорктің Михель Гофман деген журналисі былай деп жазыпты:«Бүгінгі уақытта таза ауа мен таза суға, химиялық қоспасыз таза өнімге, таза табиғат аясында серуендеуге ақша төлеуің керек. Қандай да бір әлеуметтік топқа мүше болып кіруің үшін және сол жерде жайлы қарым-қатынас орнатуың үшін де қаржы шығындауға мәжбүрсің. Қаржыгерлік мәртебесіз көптеген әлеуметтік орталардың есігі жабық». Орынды уәж. Алайда мұндай таза қорек пен дауа іздеп таза ауада саябақ кезу – пенденің ақшаға деген құштарлағының ізінше пайда болған рефлекс ғана. Өзгермелі талғамның келесі «сұранысы». Адам бұл мұқтаждықтарын қанағаттандырып болғаннан кейін де кезекті қажеттілік оянады. Одан кейін тағысын тағы… Мысалы, Америка елінде әлемге танымал Гейдж деген миллиардер өткен. Қаржы салмаған, қарпымаған өндіріс саласы кемде-кем. Мың сан халықтың кумиріне айналған бақытты адам еді. Голливуд киножұлдыздарының ішіндегі көңілі қалаған қыз-келіншектермен төсектес болып, өмірдің рахатын армансыз татқан адам. Бірақ өмірінің соңғы он-он бес жылында мерез ауруына ұшырап, ауыр азаппен тіршілік етті. Ақыл-есі ауытқып қуыс-қуыс бөлмелерінің түкпіріне тығылып, сақал-шашы өскен күйінде, кірқожалақ қалпында адамдарға лағнет айтып, жан тапсырғанын әлем журналистері жарыса жазды. Қоғамды көкала қағаз жауламай тұрып адамзаттың қоспасыз қорек пен тамылжыған табиғатқа жету мүмкіндігі мол еді. Өкініштісі, қоғамда нарық орнап, өндірістер қоршаған ортаны ластап, ал былғанбаған бөлігі жекешеленді. Бұл процес қоғамды тапшылыққа ұшыратып, ақшаға одан сайын кіріптар қылды. Үшіншісі, «Ақша адамдардың басын біріктіреді, ынтымақтастықпен өмір сүреді» деген пікірді ғалымдар да айтып жүр. Жоғарыда Михель Гофман жазғандай, ақша шығындап әлеуметтік топқа мүше болу күлкілі жағдай. Себебі, ақша қайраттың күшімен қолға түседі. Қайрат бірде қайтады, бірде күшіне мінеді. Кейде жоғалады, кейде бойыңа сыймай тұрады. Оған тым қатты сенім артуға болмайды. Сондықтан қаржының қайратымен бас қосқан топтың ыдырап кетуі бильярд шарларының шашырауынан да тез. Үмітке сүйенген достық қана мәңгілік. Халқымыз: «Саудада достық жоқ», — деп бекер айтты дейсіз бе?! Бірлік – өте үлкен құрбандықпен келетін құдірет. Тарихта бірлік үшін адамдар туған ұлын, өмірін, тыныштығын, бір сөзбен айтқанда, ең қимасы мен қымбатын құрбан еткен. Мемлекеттердің құрылуына және олардың шаңырағы шайқалып, іргесі сөгіліп жатқанда қайта ту тігуіне ержүрек тұлғалар күңірене тағдырын айырбастаған. Ал ақша соңында жүрген адамдар әріптесінен қаржылай пайда көрмесе, онымен серіктес бола алмайды. Корпоративті басқару мен акционерлік қоғам құрудың жаңа тәсілдері қылмыс пен алаяқтықты, сатқындық пен жемқорлықты тыя алмай келеді. Адамдар бойындағы қан-сөлін сығып, күндіз-түні қоржын қампитудың қамымен жүр. Қайратын төгеді. Ақша біртұтастылықты сақтауға ғана жұмсалуы тиісті жоғарыда айтқан адамның қымбат әрі қимас қасиеттерін өзінің «құзіретіне» тартып алады. Даналар: «Ақшаң жоғалса – ештеңе жоғалтпағаның, уақытың жоғалса – көп нәрсе жоғалтқаның, бірлігің жоғалса – бәрін жоғалтқаның», -дейді. Ал адамзат баласы ақша үшін бірлігін жоғалтуда. Демек, ақша – бірліктің жауы. АЗЫҚ ПЕН АҚША Азық – №1 қажеттілік. Аш адамның алдына кітап, нан, ақшаны қатар қойсаң, бірінші нанға қол созады. «Ораза, намаз тоқтықта» демекші, пенде кітап пен ақшаға қарын тойғанда ғана бет бұрады. Бұл екеуін қатар қойып отырған себебіміз экономика саласындағы ғалымның: «Егер кітап ақша табуды үйретпесе, ол кітапты оқудың керегі жоқ», — дегені бар еді. Сөйтіп, бүгінгі таңда кітап пен ақша бірегейленді. Ақиқатын айтқанда, кітап ақшаның алдына «тізе бүкті». Көкала қағазға жетуді насихаттайтын қызыл-жасыл мұқабалы кітаптар қаптады. Діттегені біреу – ақша арқылы мақсаттарын орындау. Ал азық…. Оған да ақша арқылы жетуге бола ма? Адамзат тарихындағы дүркін-дүркін ашаршылықтар ақша саясатының дұрыс жүргізілмегендігі салдарынан ба? Жоқ, әрине. Ақша сенің еншің болғанмен, азықтың қай түрі болмасын, қара жер мен аспанның еншісінде. Екеуара келісіммен ғана айырбас жүреді. Бірақ саған азық керек болғанмен, қара жерге ақшаң керек бо Скачать |