Акционерлік қоғамның пайда болуы, орналасу жері


Акционерлік қоғамның пайда болуы, орналасу жері

 

Акционерлік қоғам – заңды тұлға. Акционерлік қоғам деп өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлғаны айтады. Акционерлік қоғам өз қатысушыларының мүлкінен оқшауланған мүлкі болады, өз міндеттемесі бойынша өз мүлкі шегінде жауапты болады және өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша жауап бермейді, сонымен қатар өзіне тиесілі акциялар құнының шегінде қоғамның қызметіне байланысты зияндарға тәуекел етеді. Заңды тұлға негізіндегі акционерлік қоғам заң құжаттары мен құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс істейтін өз органдары арқылы ғана азаматтық құқықтарға ие болып, өзіне міндеттер қабылдайды. Бұған қоса, акционерлік қоғамның тағайындалу немесе сайлану тәртібі және олардың өкілеттігі заңдар мен құрылтай құжаттарында белгіленеді.Тағы да оның басты белгілеріне, сотта талапкер және жауапкер болуын жатқызамыз. Экономикасы дамыған, капиталистік елдерде қабылданған терминология бойынша олар корпорациялар деп те аталады. Акционерлік қоғам заңды тұлғалардың ішінде коммерциялық ұйым бола тұрып, өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде табысын келтіруді көздеп, мұндай мақсат ретінде пайда келтіре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестірмейді. Акционерлік қоғамның дербес балансы немесе сметасы болуға тиіс және өз атауы жазылған мөрі болады. Корпоративтік жинақтаушы зейнетақы қорларының акционерлері аталған қорлардың міндеттемелері бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарда белгіленген тәртіп пен жағдайларда ортақтасып жауап береді. Егер акционерлік қоғам өзінің жаңа акциялар немесе акцияларға айналатын (конверсияланатын) басқа да бағалы қағаздар шығаратын ниеті туралы хабарлағанда, акционерлердің артықшылықты сатып алу құқығы ескеріледі, яғни оларға қолындағы акцияларға сәйкес бірдей жағдай ұсынуға міндетті. Уәкілетті орган акционерлерге артықшылықты сатып алу құқығын пайдалану жөніндегі ұсыныс беру тәртібін белгілеуге құқылы. Заңдарда көзделген жағдайларға орай, акционерлік қоғамда табысы тек қана қоғамды дамытуға жұмсалатын коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкін. Акционерлік қоғамның белгілері: 1) Оқшау мүлкінің болуы; 2) Мүлкіне өз міндеттемесі бойынша дербес жауапкершілігі болуы; 3) Өз атынан азаматтық құқықтарға ие болуы; 4) Сотта талапкер және жауапкер ретінде жауап қатысу мүмкіндігі; Акционерлік қоғамның оқшау мүлкі дегеніміз, шаруашылық қатынастарына дербес түсуі үшін ұйымның тек қана басқа ұйымдардың ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің мүлкінен де оқшау мүлкі болуы керек дегенді білдіреді. Азаматтық айналымда өз атынан сөйлеу қабілеті — бұл ұйымды өз атынан азаматтық құқықтар мен міндеттерге ие болу, талапкер және жауапкер ретінде жауап беру мүмкіндігі, бұл акционерлік қоғамды құқық субьектісі деп мойындауының салдары болып табылады. Акционерлік қоғам ұйымдық біртұтас болу керек. Ұйымдық біртұтас болу ұжымдық құрылымның біртұтас құрылым ретіндегі қызметін қамтамасыз етеді. Аталған белгі қоғамның мақсаттары мен міндеттерін, оның құрылымын, құзыретін, қызмет тәртібін анықтаудан көрінеді. Акционерлік қоғамның азаматтық құқықтары болып, өз қызметіне байланысты міндеттерді Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес мойнына алуы мүмкін.Оның азаматтық құқықтары болуы және заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрін жүзеге асыру үшін қажетті азаматтық міндеттерді атқаруы мүмкін. Заң актілерінде көзделген жағдайларда белгілі бір қызмет түрін жүзеге асырушы акционерлік қоғам үшін басқа қызметпен айналысу мүмкіндігі болмауы немесе шектелуі мүмкін. Акционерлік қоғам тізбесі заң актілерінде белгіленетін жекелеген қызмет түрлерімен лицензия негізінде ғана айналыса алады. Құқық қабілеттілігіне келетін болсақ, құқық қабілеттілігі ол құрылған кезде пайда болып, оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшін лицензия алу қажет болатын қызмет саласында акционерлік қоғамның құқық қабілеттілігі сондай лицензияны алған кезден бастап пайда болып, ол қайтарып алынған, оның қолдану мерзімі өткен немесе заң құжаттарында белгіленген тәртіппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады. Акционерлік қоғамның атауы, орналасу жері. Акционерлік қоғамның азаматтық айналымға дербес шығуы үшін ол жекеленуі, яғни басқа біртектес заңды тұлғадан ерекшеленуі тиіс. Оған ең алдымен оның атауымен қол жеткізуге болады. Себебі әрбір акционерлік қоғамның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкіндік беретін өз атауы болады. Қоғамның атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық құқықтық нысанын көрсетуді қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкін. Құрылтай шартында қоғамның атауы белгіленеді. Акционерлік қоғамның атауында заң талаптарына немесе қоғамдық мораль қалыптарына қайшы келетін аттарды, егер жеке адамдардың есімдері қатысушылардың есімдеріне сәйкес келмесе не қатысушылар бұл адамдардың есімін пайдалануға олардан рұқсат алмаса, олардың есімдерін пайдалануға жол берілмейді. Мұнда келесі бір есепті мысал ретінде келтіру орынды. Қазақстан Республикасының азаматшасы Аділбаева С. өзіне атасынан мұрагерлікпен өткен «Манғыстау-газ» акционерлік қоғамының атауын өзгертпекші болады. Акционерлік қоғамға өзінің сүйікті әртісі С-тің атын бермекші болады. Егер бұл мысалға құқықтық талдау жасасақ, әрине бұл заңға қайшы әрекет. Себебі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 38-бабының бірінші тармағына сәйкес, заңды тұлғаның атауында жеке адамдардың, соның ішінде атақты адамдардың есімдерін, олардың келісімінсіз пайдалануға жол берілмейді делінген. Акционерлік қоғамның тұрған жері (оның тұрақты жұмыс орны ) «оның құрылтай құжаттарында почталық толық мекен-жайы жазылып көрсетіледі» (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 38-бабы). Акционерлік қоғамның тұрақты жұмыс істейтін органы тұрған жер оның тұрған жері болып табылады. Үшінші тұлғалармен қарым-қатынаста қоғам өзінің нақты мекен-жайының бірыңғай мемлекеттік тізілімге енгізілген мекен-жайға сәйкес келмейтініне сілтеме жасауға құқығы жоқ. Бұл орайда үшінші тұлғалар заңды тұлғаға мемлекеттік тізілімге енгізілген мекен-жайына да, нақты жайына да почталық және өзге де хат-хабарлар жіберуге құқылы.Қоғамның тұрған жерінде банк мекемесінде оның есеп шоты ашылады және тұрған жерін белгілеу жауапкер болатын сот істерінің қай ведоствоға қарайтындығын анықтау үшін маңызды. Акционерлік қоғам директорлар кеңесінің шешімі бойынша заң құжаттарында көзделген тәртіппен өз филиалдары мен өкілдіктерін құруға құқылы. Ал заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкін.

 


Скачать