Әлеуметтану ғылымының негізгі тарихи даму кезеңдері


Әлеуметтану ғылымының негізгі тарихи даму кезеңдері

 

Әлеуметтану ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары өз алдына дербес ғылым болып қалыптасты. Оның негізін салушы Огюст Конт (1798-1857ж.ж) болды. Оның әлеуметтану тұжырымдамасының негізінде қоғам дамуының сатыларға жіктелуі туралы идея жатыр. Жалпы, О.Конттың тұжырымдамасы бойынша, әрбір қоғамды ақыл-сана, жалпы идея басқарады деген идеалистік ой жатыр.Сондықтан О.Конт жалпы қоғамның дамуын адамдардың интеллектуалды ақыл-ойының, санасының бір ізгілікпен дәйекті дамуының 3 кезеңі, яғни теологиялық, метафизикалық және позитивистік сатыларын тұжырымдау арқылы түсіндіреді. Бірінші, яғни теологиялық сатыда адам қандайда бір құбылыс, процесс, зат болмасын, оларды діни тұрғыдан түсіндіруге тырысты, оларға табиғат пен өмірге байланысты жоқ ғажайып, абстрактілі ұғымдарды қолданды. Екінші, яғни метафизикалық сатыда адам табиғаттан, өмірден тыс абстрактілі ұғымдардан бас тартты,ендігі жерде құбылыстарды, процесс, олардың мәні мен себебін философиялық абстракциялы ұғымдардың негізінде түсіндіруге тырысты.Бұл кезеңнің басты қызметі – ол қандай да бір затты, құбылысты, процесті алмайық, оларды сын тұрғысынан өткізіп қарауды қажет етеді. Сөйтіп екінші кезең адамның интелектуалды дамуының ғылыми түрін, яғни позитивизмді дайындайды. Ал, үшінші, яғни позитивистік кезеңде адам құбылыс, процестердің, заттардың абстрактылы мәндері мен мазмұндарынан, себептерінен бас тартады.Ол тек қана құбылыстарды бақылап, олардың арсындағы тұрақты байланыс пен қатынастарды белгілеп отырады. О.Конттың пікірінше, ғылым позитивтік сипатта болуы керек, ол үшін нақты фактілерді оқып, үйрену керек.Нақтылы фактілер – бұл әлеуметтік құбылыстар мен процестер. Ғылымдардың дамуы, бір кезеңнен екінші кезеңге өтуі ретпен болады, бірақ, ол бір уақытта болмайды.Бұл арада басшылыққа алатын бір қағида – ғылымға қарапайымнан күрделіге, төменнен жоғарыға қарай даму тән.Обьект қарапайым болған сайын одан алынатын позитивтік білім жеңілірек, тезірек болды.Осыған орай позитивтік әдіс алғаш рет математика, физика, астрономия, химия, биология ғылымдарында қолданған.Ал, әлеуметтану жағымды,оң білімнің ең жоғары шыңы, өйткені ол құбылыстарды, процестерді зерттегенде «позитивтік » әдістерге сүйенеді.Позитивтік әдіс теориялық әлеуметтік талдауларда бақылау, салыстыру, эксперимент, т.б. арқылы алынған эмпирикалық (яғни, тәжірибелік) факторларға сүйенеді. Әлеуметтанудың шығуына екінші бір үлкен себеп болған оқиға, ол О.Конттың өзі ашқан еңбектің бөлінуі және оны кооперациялау туралы заң болды. Бұл фактілердің адамзат қоғамының тарихында үлкен маңызы болды, өйткені бір жағынан осылардың негізінде қоғамда әлеуметтік және маманданған топтар пайда болды, қоғамда адамдардың әл-ауқаты, материалдық тұрмыс жағдайы біршама жақсара бастады. Екінші жағынан, бұл факторлар қоғамға кері әсер етті, өйткені бұлар байлықтың бір қолға, немесе кішігірім топтардың қолына жиналуынан әкелді, сөйтіп қанаушылыққа жол берді. Әлеуметтік сезім бір мамандықтағы адамдарды топтастырды. Осыған орай адамдардың түрлі корпоративтік бірлестіктері, одақтары шықты, олардың ішінде корпоративтік эгоисттік мораль пайда болады. О.Конттың пікірінше, осы адамдардың арасындағы ынтымақтастықты, келісімді тек әлеуметтану ғылымы реттеп отырады. О.Конттың әлеуметтану тұжырымдамалары әлеуметтік статика және әлеуметтік динамика деген бөлімдерден тұрады. Әлеуметтік статика қоғамдық өмір сүру жүйенің шарты мен даму заңдылықтарын зерттейді. Бұл салада О.Конт әлеуметтік институттардың негізгі түрлерін, яғни отбасын, мемлекетті, дінді алып қарайды.

 


Скачать