ӘЛЕМДIК ТҰТАСТАНУ


ӘЛЕМДIК ТҰТАСТАНУ

 

Бiр үлкен империяның құрамынан шығып, ұлттық мемлекетiн ендi-ендi орнатып келе жатқан Қазақстан, көз ашпастан, күллi жиһанды қоршаған һәм бопсалаған әлемдiк тұтастану барысының өтiнен шыға келдi. Бiздi қатты толғандыратын шекара, топырақ, ұлттық егемендiк, унитарлық мемлекет, ұлттық құқықтың үстемдiгi, тiл, дiн және мәдениет мәселелерi толық шешiмiн таппай жатқанда, әлемдiк тұтастанудың талаптары бүйректен сирақ шығарғандай көрiне бастады. Сондықтан, әлемдiк тұтастанудың бiзге берерi мен бiзден аларын мұқияттап есептеуiмiз, бұл жаңа һәм бiр жағынан аяусыз дәуiрдiң проблемаларына дайын болуымыз шарт. Әлемдiк тұтастанудың пайда болуы: Ағылшын тiлiндегi «globalization» сөзi дүние жүзiлiк әдебиеттерде 1980 жылдан бастап көзге түседi. Қазақ тiлiне «жиһандастыру», «ғаламдастыру» деп аударылған бүл терминдi Америкадағы Харуард, Стенфорд сияқты мәшһүр универсиеттердегi iскерлiк әкiмшiлiк, басқару, саясаттану және экономика бөлiмдерiнiң профессорлары алғаш қолданған. Ағылшын және француз тiлдерiнiң сөздiктерiне қарағанымызда, «global» сөзi тек күрәні (глобусты, сфераны) ғана емес, сонымен қатар тұтастықты, бүтiндiктi де бiлдiредi. Ал, глобализация терминiнiң сөздiк мағынасымен қатар осы барыстың саяси, экономикалық, мәдени ықпалдарын қоса салыстырғанда қазақша ең дүрыс баламасының «әлемдiк тұтастану» яки «жиһандық тұтастану», немесе қысқаша «тұтастану» екенi аңғарылады. Сондықтан, үшбу мақаламызда «әлемдiк тұтастану» тiркесiн пайдаландық. Әлемдiк тұтастанудың қалыптасуының тарихи және экономикалық себептерiне қарағанда, оның алғышарттарының сонау француз төңкерiсi мен өнеркәсiп саласындағы жаңалықтардың қауырт жиiленуi дәуiрiнен басталғаны аңғарылады. Екiншi жиһан соғысынан кейiнгi гео-саяси һәм гео-экономикалық өзгерiстер, дүние жүзiндегi инфляцияның артуы, мұнай және энергия дағдарыстары, технологиялық өндiрiстiң бұрын-соңды болмағандай көбеюi, құрлықтар арасы фибер-оптикалық байланыс жүйелерiнiң 1989 жылы iске қосылуы, жер серiктерi арқылы бұқаралық ақпарат қүралдарының кез келген жерден ақпаратты күллi жиһанға таратуы, екi блокты дүниенiң Кеңестер Одағының ыдырауымен Американың басшылығындағы бiр блокты дүниеге айналуы, ұлтасулы (транснационалдық) фирмалардың төрткүл дүниеге тармақталуы әлемдiк тұтастанудың әсерлерiн күшейткен факторлар. Аймақтық тұтастану: Әлемдiк тұтастану барысында ұлттық мемлекеттердiң өзiн-өзi сақтауды қамсыздандыру мақсатының нәтижесi ретiнде аймақтық тұтастану (regionalization) ұғымы пайда болған. Бұған мисал ретiнде аймақтық тұтастанудың ең озық формасы саналатын Еуропа Одағын айтуға болады. Оңтүстiк-шығыс Азия елдерi ASEAN (Оңтүстiк-шығыс Азия мемлекеттерi достастығы) ұйымын, ал, АҚШ, Канада және Мексика елдерi бiрiгiп NAFTA (Солтүстiк Америка еркiн сауда келiсiмi) ұйымын құрған. Ендi, бұл екi ұйым бiрiгiп, құрамына 18 мемлекет кiретiн APEC (Азия–Тынық Мұхит экономикалық әрiптестiк ұйымы) ұйымын ұйымдастыруда. Бiздiң елiмiз де ТМД, Шанхай бестiгi, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Кеден Одағы сияқты аумақтық ұйымдар арқылы аймақтық тұтастану процестерiне атсалысуда. Аймақтық тұтастану негiзiнде әлемдiк тұтастану әрекеттерiнiң табиғи жемiсi, бiр жағынан қарағанда, оған қарсы әрекет… Әлемдiк тұтастану дегенiмiз не?: Әлемдiк тұтастанудың, яғни глобализацияның нақтылы тағрифы әлде де болса жоқ. Экономистер, саясаткерлер, заңгерлер, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, философтар осы терминдi әр түрлi түсiндiруде. Әлемдiк тұтастануды жақтаушылар мен оған қарсылардың тағрифтары (сипаттамалары) да әр қилы. Мәселен, жақтаушылардың пiкiрiнше әлемдiк тұтастану – «әлеуметтiк, мәдени, саяси һәм ықтысаттық (экономикалық) құндылықтар уә осы құндылықтар негiзiнде пайда болған табыстар мен нәтижелердiң ұлттық шекаралардан асып, күллi жиһанға таралуы; алуан мәдениеттер уә сенiмдердiң танылуы һәм сiңiсуi (синкретизм); тауарлар мен қызметтердiң еркiн айналуы; халықаралық қатынастар мен ықпалдастықтың нығаюы және иделогиялық жiкшiлдiкке негiзделген айырымшылықтардың жойылуы» болып табылады. Ал, әлемдiк тұтастануға қарсылар оны былайша тағриф етеді: «Әлемдiк тұтастану дегенiмiз Батыс әлемiнiң үстемдiгiнiң дүние жүзiне таралуы; осы мақсатқа жету үшiн саяси, ғылыми һәм технологиялық әдiстердiң пайдаланылуы; Батыстың өзiнiң мәдениетi уә өркениетiн дүние жүзiне үлгi етiп, күшпен мойындатуы; ұлттық мемлекеттердiң iшiндегi алуан этнос және көп тiл мәселелерiн өз мүддесiне пайдаланып, iшкi қырқыстар мен ұлтаралық араздықтарды өршiтуi; сөйтiп, ұлттық мемлекеттердi күйрету арқылы өз мақсаттарына жетуi; Батыс экспансионизмiнiң жаңа әлемдiк сатысы; халықаралық капитал иелерiнiң дүние жүзiн бiр базарға және адамзатты тұтынушыларға айналдыруы және экономикалық iс-әрекеттердi өз монополиясында ұстауы; қысқаша айтқанда, Батыс империализмiнiң заманауи ұстанымдармен бекiтiлуi». Еуропалық ғалымдар Батыс ұғымына Еуропамен қатар осы құрлықтан шыққан Америкалар мен Австралияны, Жаңа Зеландия мен Оңтүстiк Африканы қосатынын ескерген жөн. Ал, Азия құрлығындағы Израилдiң Батыс әлемiнiң ұйымдарынан көрiнуi бiраз нәрсенi аңғартса керек…

Әлемдiк тұтастанудың бағыттары: соңғы 20 жылдық тәжiрибе бойынша әлемдiк тұтастану мынандай салаларда жүзеге асырылуда: 1. Әлемдiк экономикалық тұтастану: Дүниежүзiлiк Банктiң 1997 жылғы қорытынды есебiнде келтірілген мәлiметтер бойынша: әлем жансанының 16 пайызын ғана құрайтын 26 дамыған мемлекет дүние жүзiлiк өндiрiстiң 81 пайызын иемденген. Осы елдерде адам басына шаққанда орташа табыс 22 мың доллардан асады. Әлем халқының 28 пайызын құрайтын орташа ауқатты 58 мемлекет болса, әлемдегі өндiрiстiң тек 5-ақ пайызына ие. Бұл елдерде орташа табыс 2,5 мың доллар. Ал, әлем жансанының 56 пайызын құрайтын көпшiлiк дүние жүзiлiк iшкi өнiмнiң 16 пайызын ғана бөлiсуде. Бұл елдерде орташа табыс – адам басы 430 доллар. Тiкелей салымдар (инвестициялар) мен капитал айналымына қарағанымызда ақшаның бай мемлекеттер арасында жүретiнiн байқау қыйын емес. Соңғы 20 жылда дамыған мемлекеттер мен кедей елдер арасындағы қашықтық 3 есе артқан. Бұл деректердiң барлығы да әлемдiк экономикалық тұтастанудың бай һәм дамыған мемлекеттердiң мүддесiне ғана қызмет еткенiн көрсетедi. Тұтастанудың осы саладағы мақсаты капитализмге негiзделген еркiн базар экономикасын мойындату. 1995 жылғы GATT (Сауда тарифтерi жөнiндегi жалпы келiсiм) және Дүние жүзiлiк сауда ұйымы (ДСҰ/WTO) қатарлы көптеген халықаралық ұйымдар мен конвенциялар, Дүние жүзiлiк банк (ДБ/WB) пен Халықаралық ақша қоры (ХАҚ/IMF) сияқты қаржы институттары, халықаралық концерндер мен салымшылар (инвесторлар) ылғи да еркiн базар экономикасының енгiзілуiн талап етуде. Дүние жүзiлiк тiкелей салымдарда либерал капитализмге қарсы саналатын Қытайдың бiрiншi орынды алуының өзi әлемдiк экономикалық тұтастанудың қайшылықты жақтарының бiрi. Экономикалық даму бойынша үш алып күштiң қалыптасқаны байқалады: Америка, Еуропа Одағы және Қыйыр Шығыс (Жапония-Қытай-Корея). Долларды халықаралық айырбас һәм сатып алу құралына айналдырған халықаралық экономикалық тұтастану ұлттық ақшалардың бiрте-бiрте айналымнан тыс қалуына және даму жолындағы елдердiң тiкелей долларға тәуелдi болуына апарып соқтырғаны жасырын емес. 2. Әлемдiк саяси тұтастану: Әлемдiк тұтастанудың саяси дiңгегiн әке Жорж Бұш (George Bush) 1990 ж. жариялаған «Дүние жүзiлiк жаңа тәртiп» құрайды. Парсы шығанағындағы соғыстың басталуы уә Кеңес империясының құлауымен дүние жүзiнде жаңа тәртiп орнатқысы келген АҚШ-тың жетекшiлiгiндегi жаңа саяси, әскери жүйе. АҚШ-тың бiр жылғы әскери бюджетiнiң 2002 жылы 400 миллиард долларға жеткенi белгiлi. Тек Батыс елдерiнiң әскери шығындарын кедей елдердiң проблемаларын шешуге жұмсағанда ғана әдiлеттi әлемдiк тұтастану пайда болар едi. Кедей елдердiң ауыз су, хоректену, денсаулық, инфрақұрылым, бiлiм және өзiн-өзi қамсыздандыру мәселелерi шешiле қалар едi. Бұған қоса планетамызға қауiп төндiрген экология апаттарының алдын алуға болар едi. Бiрақ, бұған Батыс келiсер емес. Әлемдегi ең бай 352 адамның байлығы 2,5 миллиард адамның байлығына тең келетiнi табыс үлесiмiндегi әдiлетсiздiктi байқатады. Бiр миллиардтан астам адам ашаршылықпен күресiп жатқан ХХI-ғасырда, нақтылы соғыс қаупiнiн жоқтығына қармастан, Батыстың әскери бюджеттерiнiң жыл сайын еселеп өсуi көп нәрсенi аңғартса керек. Осыдан екi жыл бұрын БҰҰ тарапынан қол қоюға ашылған «Халықаралық әскери қылмыстар соты» туралы конвенцияны Германия, Франция, Британия сияқты 60 мемлекет бекiткенiмен, АҚШ-тың бұл шартқа қосылмайтынын бiлдiруi сыңаржақ ұстанымның айқын көрiнiсi. Кейбiр америкалық саясаткерлер бұл шартқа АҚШ-тың қосылмауының өздерi уағыздап келе жатқан халықаралық заңның үстемдiгi қағидасымен келiспейтiнiн айтып та үлгердi. Әлемдiк алпауыт күштiң осы сыңаржақ ұстанымы БҰҰ болашақта жойылып, оның мiндетiн Дүние жүзiлiк сауда ұйымы атқармақ деген қауесеттi растағандай… 3. Әлемдiк мәдени тұтастану: Батыс мәдениетiнiң үстемдiгi пiкiрiне негiзделген ұстанымдар. Мәдени тұтастану, әсiресе тiл және дiн салаларында айқын көрiнуде. Батыстағы еуропацентризмнiң ықпалындағы зерттеушiлер еңбектерiнде Батыс мәдениетiнiң «кереметтiгiн», ал өзге мәдениеттердiң «тұрпайылығын» дәлелдеумен әлек. Бұл күнде капитализм мен материалист либерализмнiң өрбуiне болысқан христиандықтың протестанттық бағыты Батыс мәдениетiнiң негiзiн қалаушы дiнге айналған. Протестанттық, Көне өсиет пен йаһұди (еврей) мәдениетiн әсiре мойындау һәм қорғаштау жағынан католицизмнен ерекшеленедi. Сондықтан, Батыс мәдениетiн «Judeo-christian culture» – яғни, «йаһұди-христиан мәдениетi» деп атаушылар аз емес. Мәдени тұтастанудың дiни саладағы үрдiстерiне қарағанымызда, христиандықты миссионерлiк iс-әрекеттермен демеп, күллi ғаламдық дiнге айналдыру мақсаты әшкере көрiнедi. Соңғы жылдары модаға айналған «Дiндер арасы диалог» шараларында диалог орнына монологтың бо 



Скачать