Ұлттың ортақ ұраны: отан, тәуелсіздік, тұрақты даму


Ұлттың ортақ ұраны: отан, тәуелсіздік, тұрақты даму

 

Бүгінгі күні жеке тұлғаны Қазақстандық патриотизм мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу барысында Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ съезінде еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев: “Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орындарына дейінгі орталықтарда, барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы” – деген сөзіне үңілсек, онда Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, дербес мемлекет болуы және өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады. Оның басты құндылықтары – ана тілі, ұлттық рух, діни наным сенімдермен тығыз байланысты. Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Президенттің Жолдауында ең мықты 50 елдің қатарына кіру туралы керемет ой айтылды. Бұл – ұлттың ортақ ұраны. Қазақстанды Отаным деп таныған әр азаматтың осыған өз әлінше үлес қосуы – бұның басты шарттарының бірі. Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан – 2030 ” атты еңбегінің “Қазақстан мұраты” деп аталатын бөлімінде: “…біздің балаларымыз бен немерелеріміз… бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады” – деп, үлкен үміт артты. Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында “Білім беру жүйесінің міндеттері: …азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу” десе, ал орта білімді дамыту тұжырымдамасында “…тәрбиелік жұмыстарды қазақстандық патриотизм, азаматтық, ізгілікті интернационализм негізінде құру” – керек екендігі көрсетілген. Егемендік алған бастапқы күндерден-ақ патриотизм ұғымы, оның мазмұны төңірегінде пікірталас жүріп келеді. Одан “ұлттық патриотизм”, “қазақстандық патриотизм” деген екі ұғымның туындағаны белгілі. Бірақ өсіп келе жатқан жас буындарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде бұл екі ұғымның қайсысын ұстанған жөн, олардың мазмұндық құрылымы қандай ой-тұжырымдар жүйесінен тұрады, бұдан былайғы кезде мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеуде бұрыннан қалыптасқан әдіс-тәсілдердің формалары мен мазмұнын қолдануға бола ма деген сияқты көптеген мәселелер толық зерделенбей отыр. Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білгеқаған, Тоныкөктен бастап жерін, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі ырымдар. Халқымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады. Бұған дәлел көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: “Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді” – деген көне жазу қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап, дамып келе жатқан қасиет деуге болатындығын көрсетеді. Күлтегін жазбасында тағы да мынадай жыр жолдарын кездестіруге болады: Кедей халықты бай қылдым, Аз халықты көп қылдым… Түркі иелігінен айырылған халықты Ата-баба мекеніне орнатты… – делінген. Жазбадан патриотизмнің – халықты көбейтіп, байыту үшін еңбек ету, ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан аямау, діл бірлігін қорғау екендігін аңғарамыз. Жоңғар сияқты алып империямен алысуға, Ресей патшалығының зеңбірегіне жалаң қылышпен қарсы шабуға жетелеген де осы Отанына деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің қуатты күші. Туған жерге деген ыстық сезім, атамекенге деген құрмет пен қадір қасиет тұтуды Ұлы дала ойшылдары Қорқыт Ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, т.б. айтқан болатын. Ықылым заманнан бізге жеткен “Қорқыт Ата кітабында” тәлімдік мәні күшті, қанатты сөздер мен ұстаздық ұлағаттар көптеп кездеседі. Мысалы: “Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе. Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік өрге баспайды, өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық” – деген екен. Бұл өсиет сөздерден ақыл-парасат, өтірік айтпау, атаның атын былғамау туралы ойлар мен шығарманың өн бойынан ұлы даланың байтақтығын, әдемілігін көреміз, бұл әр түріктің бойында осы далада туғаны үшін мақтаныш сезімін тудырса керек. Әл-Фараби өзінің “Азаматтық саясат”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу”, “Риторика”, “Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері” атты трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелермен бірге көркемдік, сұлулық, мейірбандық, білім категорияларының бетін ашып, олардың негізгісін дәлелдеп берген. Ақын-жыраулар халыққа өнегелі сөздерімен ықпал етіп, оларды іргелі ел, берекелі жұрт болуға шақырды. Жыраулар жаугершілік заманда хандар мен бектердің ақылгөй кеңесшісі болып, жорықтарға бірге аттанды, ру тайпаларға басшылық етті, сұрапыл қанды майдан көріністерін жырға қосты, ерлікті мадақтады, шейіт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлісті. Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халықтың береке бірлігін, Отанға адалдығын сақтау, намысты қолдан бермеу, өз Отанын жаудан аянбай қорғау – ат жалын тартып мінуге жарайтын қазақ баласының қасиетті борышы екендігін Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақынның өлең-жырларынан көре аламыз. Бұқар жырау: Ер жігітке жарасар Қолына алған найзасы, Би жігітке жарасар Халқына тиген пайдасы – деген екен. Ал Ақтамберді жырау болса: Жауға шықтым ту байлап, Шепті бұздым айғайлап. Дұшпаннан көрген қорлыққа, Жалынды жүрек қан қайнап Ел-жұртыңды қорғайлап, Өлімге жүрміз бас байлап – деген жыр жолдарымен халықты батырлыққа, батылдыққа шақырған. Қазақтың айбынды ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлы қазақ шаруаларын бостандық үшін күреске шақырып, қара халықты бақытқа жеткізуді армандап өткен. Ол өзінің үзеңгілес серігі Исатай мен халықтың ерлігін, олардың адамгершілік қасиеттерін жыр етті. Өз халқына, ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев шығармаларынан да көруге болады. Қазақ тарихын зерделеу барысында олардың табиғаты, әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты патриот халық екенін айқын аңғаруға болады. Бұны қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі Ш.Уәлиханов жақсы зерттеген және өзінің патриоттық сезімін: “Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай (матрешка сияқты бір сандықтың ішінде бір сандық, оның ішінде тағы бір сандық) мен ең алдымен өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртым, руластарымды, одан соң халқымды, одан соң Сібір орыстары, Ресей жұртын қадірлеймін”, – деген екен. Бұл тұжырымнан патриотизм отбасынан бастау алып әулет, тумаластарға деген сүйіспеншіліктен барып халыққа деген махаббат және сол кездегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі Ресейді атап көрсетуі де патриотизмнің халықаралық мәдени қатынастардың да негізі екенін көрсетеді. Қазақта ең алғаш қазақ балалары үшін халық мұрасына, салт-дәстүріне, ерлік, адамгершілік тәрбиесіне негіздей отырып, оқулық жазған Ы.Алтынсарин болды. Ол көшпенді елдің баласына ғылым-білім, өнер үйретуді армандады. Абай Құнанбаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, жастарды ерлік рухта, патриотизмге баулып, намысын, ар-ожданын, адамгершілік қасиеттерін тудыратын жыр жолдарын кездестіреміз. Оның “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген сөзі, барша жұртшылықты жауласу, күш көрсету дегенді білместен, тек тату-тәтті өмір сүруге шақырады. Қарап отырсақ, қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге уағыздау, адамгершілікті, адал шыншыл болуға, өз Отанын сүюге, отаншылдық, отансүйгіштік қасиеттерді әр адамның бойына дарытуға ұмтылған. Бұл бүгінде Қазақстанның, Елбасымыз Н.Назарбаевтың “әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық  туғызбау” деген бағытымен үндесіп жатыр. Отанға деген сүйіспеншілік, ұлтына деген ыстық сезімді Алашорда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Т.Рысқұлов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай т.б. еңбектерінен де кездестіреміз. А.Байтұрсынов: – Қазағым елім! Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып. Талауда малың, Қамауда жаның, Аш көзіңді оянып… – десе, М.Дулатов: “Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты” – дейді. Ал.С.Торайғыров: Қараңғы қазақ көгіне Өрмелеп шығып күн болам! Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда кім болам? – деп, жастарды өнер-білім алып, жарыққа талпыну Отанға пайдалы азамат болу екендігін сан қайталап еске салады. Алаштың осы – біртуар ұлдарының бұратана халық болмаймыз, өз алдымызға тәуелсіз ел боламыз деп қазақ елі, қазақ жастарына қалдырған өсиеттері өз иесіне енді-енді ғана жетіп жатыр. Сонымен қатар, қай заманда болсын адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесін келешек қоғам қамын ойлау  



Скачать