Қазақстан ғарыш технологиясын бейбіт мақсатта пайдалануға ұмтылуда


Қазақстан ғарыш технологиясын бейбіт мақсатта пайдалануға ұмтылуда

 

Қазақстан ғарыш кеңістігі мен ғарыштық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылуда, деп ҚР ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті. Бұл туралы ол сейсенбі күні «Қазақстан: 20 жыл тұрақты даму, инвестиция мен ынтымақтастықтың жаңа белестері» атты KazEnergy-дің VI Евразиялық форумында сөйлеген сөзінде мәлім етті. Т. Мұсабаев ғарыш саласын зерттеу бағытында елде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып кетті. «Жерде қажет инфрақұрылымдар жасалып жатыр, ғарышқа ұшырылған «Қазсат-2» жер серігі жақында іске қосылады, ғарыштық зымыран ұшыратын жаңа «Байтерек» кешенін салу жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр, Астанада ұлттық ғарыш орталығын салу жұмыстары жүргізілуде, Алматы облысында ұшырылуды басқаратын резервтік орталық құрылуда», — делінген оның сөйлеген сөзінде. Сонымен қатар «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» акционерлік қоғамы («ҰҒЗмТО» АҚ) өздерінің таратқан ақпараттық баянында орталық құрамына кіретін институттардың берген мәліметтерін көптеген мемлекеттік органдар, ірі компаниялар мен білім ордалары пайдаланып отырғанын айтады. «Әсіресе Жерді зерттеу нәтижелері, оның геодинамикалық және геофизикалық мониторингі ауыл шұаруашылығы мүддесі үшін, төтенше жағдайлардың алдын алу, навигацины дамыту және коммуникациялық желілерді дамыту т.б үшін қызық болып отыр», — делінген хабарда. Конференция барысында Қазақстандағы ғарышты зерттеу жұмыстарының қыр-сырлары талқыланбақшы. Конференцияға Қазақстаннан, Ресейден, Әзербайжан, Бельгия, Германия, Украина, Чехия, Франция, Жапония мен т.б. мемлекеттердің белді ғалымдары мен Ұлттық ғарыш агенттігі мен ҚР білім және ғылым министрлігінің басшылары қатысуда.

 


Скачать